ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН АЙРЫЛУ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН АЙРЫЛУ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН АЙРЫЛУ
ашық дереккөзі
209

Кремль Түркiменстан газымен қош айтысатын сыңайлы

Өткен жұманың соңында бiрсыпыра телеарналар Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң әлдебiр әскери-өндiрiстiк кешендi аралап, жұмысымен танысқанын көрсеттi. Мәртебелi қонақ сапар соңында Бiрiншi дүниежүзiлiк және Азамат соғысы жылдарында майдан даласында кеңiнен пайдаланылған әйгiлi "Максим" пулеметiнен нысанға дүркiн-дүркiн оқ жаудырып, Ресей президентi мен оның соңынан iлескендердiң жүзiнен мейлiнше қанағаттанғандық, еркетотай баланың ерекше әрi қымбат ойыншыққа мәз болғанындай өзгеше шаттық сезiлiп тұрды. Iле-шала өткен дүйсенбi күнi НТВ телеарнасы осы елдiң премьер-министрi В.В.Путиннiң Воронежге сапары барысында әскери өндiрiс ошағын аралап, жаңа қару үлгiлерiмен мұқият танысқанын, соғыс қаруы өндiрiсiнiң алпауыттарына әдетiнше қатаң тапсырма бергендiгiн жаһанға жариялады.

Әсiлi, бұрынғы КГБ қызметкерi Владимир Владимировичтiң әскери ұшақпен ұшуына, атом сүңгуiр қайығын басқарып, танкiлерге екi бүктелiп мiнетiндiгiне ресейлiктердiң де, өзгелердiң де көзi әбден қанығып алған. Ал осынау PR-көрсетiлiмдер атаулыдан әлдебiр ортаңқол театрдың қойылымдарынан анық аңғарылатын жасандылық байқалады. Бұндай әрекеттерге әлемдiк қауымдастықтың да етi әбден үйренген. Соңғы жылдарда Кремль басшылары орыс қаруының құдiретi мен жойқын күшiне ең әуелi өз елiнiң соғысқұмар топтарын шүбәсiз сендiрудi басты мақсат етiп, орыс адамдарының бойында Ресейге деген мақтаныш, даңғойлығын ояту жолында әуре-сарсаң болып жүр.

Ресей президентi мен премьер-министрi балалық шақтың атыс-шабыс ойындарына құмартып, жұрт атын да ұмытқан "Максим" пулеметiн қызықтап жүргенде, әлемдiк деңгейдегi экономикалық, саяси сарапшылар Ресей Орталық Азиядағы басымдық ықпалынан бiртiндеп айрыла бастағаны жөнiнде пiкiр өрбiтiп отыр. Олардың пайымдауынша, Орталық Азия елдерiнiң экономикасы мен саяси өмiрiне Қытай дендеп әрi тереңдеп ене бастаған. Және бұл қысқа мерзiмдiк ұстаным емес, ұзақ жылдарға бағытталған, аймақтағы күштердiң арасалмағын түбегейлi өзгертуге әкелiп соғатын жаңа саясат болмақшы. Әрине, Кремль ежелден қатаң бақылауда ұстап, назардан тайдырмай отырған Қазақстанда Орталық Азиядағы қалыптасқан жаңа жағдай онша аңғарыла қоймауы да ықтимал, бiрақ жел тұрмаса шөптiң басы неге қимылдайды?

Әлемдiк экономикалық сарапшылардың Орталық Азиядағы өзгерiстер туралы сөз қозғауына өткен жылы Ресейдiң Түркiменстан газынан бас тартуы түрткi болып отыр. Жоқ, Кремль Ашхабадтың арзан газынан түбегейлi бас тартқан жоқ, тек өздерi осыған дейiн қол қойған келiсiмдердiң бәрiнiң күшiн жойып, бұдан былай түрiкмен газының азғантай бөлiгiн алуға ғана мүмкiндiктерi бар екенiн мәлiмдедi. Желтоқсан айында Ресей президентi Дмитрий Медведев пен түрiкмен елiнiң басшысы Гурбангулы Бердiмұхамедов Алматыда кездесiп, келелi әңгiменi одан әрi Ашхабадта жалғастырған болатын.

2003 жылы Еуропа елдерiнде газ, жылу жетiмсiздiгi байқалғанда Ресейдiң алпауыт компаниясы "Газпром" Түркiменстандағы көгiлдiр отынды 25 жылға түп көтере сатып алып, кәрi құрлыққа өзiнiң экономикалық үстемдiгiн жүргiзуге үмiттенген. Әу бастағы долбар бойынша Ресей 2010 жылы Түркiменстаннан 80-90 млрд. текше метр газ сатып алады делiнген болатын. Және мұның бәрi халықаралық НАБУККО газ құбырын салуға қарсы бағытталған жымысқы әрекеттер екенi бесенеден белгiлi едi.

Алайда, өмiр Кремльдың құпия жоспарларына жаңа өзгерiстер енгiздi және Ресей ұстанған бiржақты саясаттың түбегейлi қате екенiн көрсетiп бердi. Өткен жылы Еуропа газды үнемдеп пайдалануға көшкен соң және көгiлдiр отынды пайдалануды анағұрлым азайтқан кезде көгiлдiр отын сақтайтын резервуарлар аузы-мұрнынан шығып, Ресей осы уақытқа дейiн ашкөздiкпен Орталық Азия аймағынан сатып алған газды қайда жiберерiн бiлмей қатты абдырады. "Газпром" Қазақстаннан алып отырған 17,2 млрд. текше метр және Ташкенттен саудалаған 14,5 млрд. текше метр газ көлемiн азайтуға батылы жетпегенмен, Түркiменстаннан келетiн "Орталық Азия-Орталық-4" (САЦ) құбыры ешбiр ескертусiз әрi бiржақты түрде жауып тастады.

Осының кесiрiнен аса маңызды халықаралық газ құбырында 9-сәуiрде жойқын жарылыс болып, САЦ газ құбыры өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты. Әрине, халықаралық екiжақты келiсiмдердi бұлжытпай орындауды онша сақтай бермейтiн өркөкiрек Кремльдiң мұндай әрекетi ешкiмдi таңқалдыра қоймағанмен аса қуатты газ құбырындағы жойқын жарылыс Түркiменстан экономикасына орасан зор шығындар әкелгенi мәлiм. Ашхабад ай сайын 2 млрд. АҚШ долларына жуық таза пайдадан қағылды.

Осының бәрi Орталық Азия елдерiнiң Ресейден бойын аулақ ұстауға ұмтылысына одан әрi түрткi болған.

Ұзақ мерзiмдiк келiсiмдер бойынша, Ресей 2010 жылы Түркiменстаннан 50 млрд.текше метр газ сатып алуға тиiс болғанымен, 9-қаңтарда Ашхабад 10-11 млрд.текше метр газды ғана сата бастады. Жыл аяғына дейiн бұл 30 млрд.текше метрге жетедi деп жоспарлануда. Алайда, әйгiлi "Газпром" 10,5 млрд.текше метр көгiлдiр отын сатып алуға қабiлеттi екенiн айтып зар қағып отыр. Сiрә, алпауыт компанияның айтқанынан ешкiм аса алмайтын шығар?!

East Eurepean Cas Analysis компаниясының директоры Михаил Корчемкин мырза: "Бұл кикiлжiң Ресейдiң сенiмсiз сатып алушы әрi күмәндi транзиттiк ел екендiгiн анық байқатты. Осының нәтижесiнде Түркiменстан тасымалдың жаңа бағыттарын iздестiрудi одан әрi жалғастырады. Дегенмен Ашхабад еуропалық бағыттан бiржола бас тарта қоймайды", – дейдi ("Коммерсантъ" газетi, №238, 21-желтоқсан, 2009 ж.).

Қалыптасқан жағдай осы уақытқа дейiн жоғары деңгейде жиi сөз болып, мейлiнше насихатталып, келген Прикаспий газ құбырының болашағына балта шабатын сияқты. Өткен жылдың қаңтар айында Ашхабад болашақ осы құбыр арқылы Ресейге жылына 30 млрд.текше метр газ жеткiзетiнiн мәлiмдеген болса, ендi одан толықтай бас тартып, Өзбекстан және Қазақстан арқылы өтетiн газ құбырымен Қытайға тасымалды ұлғайтатынын мәлiмдедi. 2012 жылы Қытай түркiмен газын ең көп көлемде сатып алушы елге айналмақшы, ал Прикаспий газ құбыры туралы әңгiмелер бiржолата тыйлатын түрi бар.

Қытай әлден-ақ қомақты көлемде Ашхабадтан арзан газды сатып алып отыр және Орталық Азия аймағындағы елдердiң экономикасына инвестиция құюын жылдан-жылға ұлғайтып келедi. Әсiресе, мұнай мен газ саласына қызығушылығы арта түсуде. Әсiресе, Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымының көмегiмен аймақтағы ықпалын одан әрi ұлғайтуды көздейтiнi белгiлi. Бұл – Қытайдың таяуда аймақтағы белдi саяси ойыншыға айналатынын тұспалдайды.

Ал халықаралық аса маңызды жоба – НАБУККО әзiрге қағаз жүзiнде қалып отырғанымен, таяу жылдарда бұл бiрегей газ құбыры iске қосылатыны сөзсiз. Биылғы жылы Түрiкменстан президентi Гурбангулы Бердiмұхамедов АҚШ-қа алғаш рет ресми сапарымен барады деп болжанып отыр. Осы сапар барысында Ақ үй Ашхабадқа аталмыш жобаға қатысуды ұсынатыны және Барак Обама өзiнiң халықаралық беделi арқылы бұл ұсынысты қолдауға қол жеткiзетiнiн әлден-ақ болжай беруге болады.

Оның үстiне жылдың басында, 5-6 қаңтар күндерi Иран президентi Махмұд Ахмединежад Түркiменстанға ресми сапармен келiп, Түркiменстан президентi Гурангулы Бердiмұхамедовпен бiрге Даулетабад-Серахс-Хангеран (Иран) газ құбырының iске қосылу салтанатына қатысты. Иран тарапы 2010 жылы 14 млрд.текше метр көгiлдiр отын сатып алатындығына, ал таяу болашақта 20 млрд.текше метр газ алуға дайын екендiгiне Ашхабадты сендiрiп отыр.

Мұның бәрi Түркiменстанның Ресей ықпалынан бас тартуына айтарлықтай әсерiн тигiзетiнi сөзсiз. Ал Өзбекстан ежелден ешкiммен санаспай, өзiнiң мемлекеттiк, ұлттық саясатын ғана алға сүйреп келедi. Алған бетiнен ешкiм қайтара алатын түрi жоқ. Сондықтан Ресейдiң Орталық Азиядағы басты иық сүйейтiн елдерiнiң бiрi – Қырғызстанға да үнемi доқ көрсетудi доғармай отыр. Тiптi, таяуда екi ел шекарасында өзбектер мен қырғыз шекарашыларының арасында қарулы қақтығыс болып, жараланған қырғыз шекарашысын Өзбекстанның территориясына сүйреп әкеткендерi белгiлi. Бұл – Өзбекстанның ресми Бiшкекке ғана емес, алыс Кремльге де көрсеткен қыры екенi сөзсiз.

Бiр сөзбен айтқанда, Ресей Орталық Азиядағы бұрынғы ықпалынан бiртiндеп айрылып бара жатқаны еш күмән туғызбайды. Бiрақ, Кремль өз ығындағы Қазақстанмен ешқашан қош айтыспайтын сияқты.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары