ЕЛIМIЗДЕ ӘР ТӨРТ ЖҰПТЫҢ БIРЕУI АЖЫРАСАДЫ

ЕЛIМIЗДЕ ӘР ТӨРТ ЖҰПТЫҢ БIРЕУI АЖЫРАСАДЫ

ЕЛIМIЗДЕ ӘР ТӨРТ ЖҰПТЫҢ БIРЕУI АЖЫРАСАДЫ
ашық дереккөзі
252

Ер мен әйел — отбасының iргетасы. Бұл iргетас "үйленумен" құралады. Әдетте, отасқандарына бiр жыл өтпей жатып ажырасуға арыз берген жас отау иелерiн көргенде, көңiлге кiрбiң түседi. "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген сөздiң бекер айтылмағаны осындайда ерiксiз еске түседi.

Үй болып, шаңырақ көтергеннен кейiн жас жұбайлардың отбасылық өмiрге бейiмделуi сабырлық пен имандылықты қажет етедi. Расында да, отбасылық өмiрге дейiн еркiндiкке үйренiп қалған екi жас, ендiгi жерде бiр-бiрiне өзара тәуелдi екендерiн ескере бермейдi. Осыдан келiп ерлi-зайыптылардың арасында түсiнiспеушiлiк туындайды. Мұның арты ұрыс-керiс, дау-жанжалға ұласып, ажырасумен тынады.

Ажырасу — жеке тұлғаның неке тiркеуiнен шығып, өз басын жұбайлық өмiрден азат етiп алуы. Кейде бұл қадам адамның көңiлiн жайландырып, уайымын азайтатындай боп көрiнсе де, ажырасу көбiнесе өзiмен бiрге бақытсыздықты да ала келедi.

Бүгiнде өзектi проблемаға айналған "ажырасу" iндетi қазақ елiнiң де айықпас дертiне айналғалы қашан?! Тумысымызға жат бұл әдет соңғы жылдары тiптi үдей түскендей. Мәселен, статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, елiмiзде 2001 жылы әр мың адамнан 6 адам некеге отырып, 1 жұбы ажырасса, 2007 жылы бiр ғана Алматы қаласында 12236 жұп некеге тiркелiп, оның 4237 жұбы ажырасқан. Бұл дегенiмiз, әр төрт жұптың бiреуi жылға жетпей екi бөлек кетедi деген сөз.

Сүйiп қосылып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғалы отырған шаңырақ иелерiнiң ажырасуы, әсiресе жас отбасының көп ұзамай ойраны шығуының басты себебi — дiни сауатсыздықта жатқан сияқты. Ал кейбiр үлкендерiмiздiң әрекеттерi тiптi де ақылға сыймайды. Әйтсе де кейбiр аға, апайларымыз өңiнен тайып, кәрi қойдың жасындай жасы қалғанына қарамастан жасын жасырып жасамсиды, ата сақалы аузына түскен шақта, яғни, бiр ауылды ақылымен басқарып отыруға жарайтын жасында өзiне жараспайтын қылықтарға барып жатады. Тiптi, жастарға елiктеп, соларша киiнiп, соларша сөйлеп, соларша жiгiт-сылқым, қыз-қырқындарға қырындайтындарына не дейсiз? Бiр мезгiл құлшылықты есiне алудың орнына, арзан ойын-күлкiнi жөн көретiндерi, нәпсiқұмарлыққа салынып, жастарша желiгiп жүрiп, сүттей ұйып отырған отбасының ойранын шығарған аға буын өкiлдерiне не жорық?

Әрине, бұған қоғамда әлi де болса имандылыққа деген толық бетбұрыстың жоқтығы себеп болар. "Отбасы – шағын мемлекет" десек, мемлекетiмiздiң iргесiнiң берiк, шаңырағының биiк болуы да отбасыға тiкелей байланысты. Өйткенi, Отан — отбасынан басталады…

Арайлым НҰРДАУЛЕТҚЫЗЫ, ҚазҰПУ-дың студентi

Серіктес жаңалықтары