САҒЫНЫШ ЖЫЛДАРҒА САЯХАТ
САҒЫНЫШ ЖЫЛДАРҒА САЯХАТ
Журналист-жазушы Орысбай Әбдiлдаұлы ол туралы былай дейдi: "Оның бiр елден бөлек ерекшелiгi – биязылығы мен ұқыптылығы десем ешкiм таласа қоймас тегiнде. Мен көрiп бiлген Жұмаштың осы қасиетi өзгерген емес".
Менiң ол деп, Орысбай ағаның Жұмаш деп отырғаны, белгiлi журналист Жұмаш Арғынбайұлы. Орекең тамыршыдай Жұмекеңнiң болмысын, мiнез-құлқын дәп басып айтып отыр.
Ол кеше бiздiң редакцияда болды. Араға бiрнеше жылдарды салып, кездесiп отырғанымыз сол. Биязы әрi ұқыпты. Әлi сол қалпынан айнымаған. Жетпiстiң жалынан ұстаса да өң-басында айтарлықтай өзгерiс те жоқ секiлдi. Сол баяғы Жұмаш аға. Қыр мұрынды, ат жақты, қызыл шырайлы өңi сол қалпында сақталған. Асықпай жүрiп, анық басады. Көп сөзге жоқ, дөп сөздiң адамы. Қисыны келген сәтте, астарлы әзiлiн де айтып отыратын әдетi де қалмапты.
Бiз тоғыз жыл қызметтес болдық.
Сол жылы Жұмекең Алматы облыстық "Жетiсу" газетiнiң жауапты хатшысы едi. Бұл газеттiң өндiрiс бөлiмiне саналатын. Басқа бөлiмдердегi қызметкерлер таңертең сағат тоғызда жұмысқа келiп, кешкi сағат бесте үйлерiне қайтатын. Бiз де жұмысқа сағат тоғызда келемiз. Содан қызу жұмыс басталады да кетедi. Газет үлкен форматты төрт беттен тұрады. Қорғасынға құйылған материалдарды кешкi сағат алтыға дейiн макет бойынша қалыпқа беттеймiз. "Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң" демей ме қазақ. Бiз үшiн жұмыстың көкесi кешкi алтыдан кейiн басталатын. "ҚазТАГ" телетайп арқылы республика және облыс басшылықтарында өткен жиналыстар, игi шаралар туралы "литерный" материалдарды бiрiнен соң бiрiн жiбергенде, әлгi беттелген төрт бетiңде кейде бiрде-бiр мақала қалмайтын. Содан беттердi ресми материалдармен толтырып, жұмысты аяқтағанда уақыт түнгi сағат екi болады. Шаршап-шалдығып, үйге әзер жетесiң. Бұл жәй күндердiң жұмысы. Ал Қазақстан Компартиясы мен КПСС Орталық Комитеттерiнiң пленумдары мен солардың кезектi съездерiнде бiздiң бөлiмнiң жанкештi жұмыстары қан майданға айналады. Екi-үш аптаға созылатын сондай қауырт кездерде жұмысты таңғы сағат тоғызда аяқтап жүрдiк. Мен Жұмекеңнiң майталман журналистiгiн сонда көрдiм. Түнде телефон арқылы ауық-ауық хабарласып, бар жағдайды өз бақылауында ұстап отыратын. Дер кезiнде берген ақыл-кеңесi жұмысыңды жеңiлдетiп, көп көмегiн тигiзушi едi. Ол сол газетте он төрт жыл жауапты хатшы болыпты. Қаншама түндердi ұйқысыз өткiздi десеңiзшi. Оның орнында мiнезi күйгелек бiреу болғанда, соншама жылдарға шыдас бермесi анық. Жұмекең байсалдылығының, сабырлылығының арқасында шыдап бақты. Жауапты хатшының жұмысы көзге көрiне бермейтiн, қиын iс. Сондай қауырт жұмыспен жүрiп, мақала, очерк жазу оңай ма. Ал Жұмекең жазды. Туындылары тап-тұйнақтай, ойы орнықты. Сөйлемдерiн еш мүдiрiссiз көзiңмен жүгiртiп оқисың. Iштей риза болып сүйсiнесiң.
Ол аптасына бес рет газеттi жарыққа шығаруды ұйымдастырып қана қойған жоқ, редакцияның iшкi еңбек тәртiбiне де жауап беретiн. Жұмысқа себепсiз келмей қалған, не тапсырманы мезгiлiнде орындамаған қызметкерлерге ашумен қатты келiп, көңiлдерiне тиетiн сөз айтқанын өз басым көрген де, естiген де емеспiн. Олардың ар-намысына тимей, саналарына сiңiмдi, жағымды сөзбен тәртiпке шақырған кездерiне талай рет куә болдым. Сонда "Апырай, Жұмекеңнiң сабырлылығын-ай!" деп iштей таңданғаным бар. Оның сол жанға жайлы мiнезiнiң мәнiн кейiндеу түсiндiм.
Бiрде Мәдениет және өнер бөлiмiнiң бiр қызметкерi "ащы судың" кесiрiнен нөмiрге баратын материалды әбден кешiктiрдi. Бұл қолбайлау болып, газеттiң баспаханадан шығу кестесiн бұзды. Кабинетiне кiрсем, Жұмекең әлгiге әдеттегiдей жәй сөзiмен еңбек тәртiбiн сақтауды айтып отыр. Ол теңселе басып шығып кеткен соң: "Жұмеке, неге жетесiне жеткiзiп жекiмедiңiз?" – дедiм. Жұмекең езу тартты да: "Мансап қолдың кiрi, ал сыйластық қымбат", — дедi. Өмiр ғой. Бәлкiм баз бiреулер жөн-жосықсыз оның ренiшiн тудырған да шығар. Сыр бермейтiн жанның өң-басынан ондайды байқай да бермейсiң. Өйткенi Жұмекең көңiл-күй ауанына берiлiп, ешкiмдi де жау көрмейдi. Қайта тез тiл табысып, әлгiлердi солай жеңедi.
Ол зейнеткерлiкке редактордың орынбасары қызметiнен шықты. Ұзын саны қырық бес жыл өмiрiн ұлттық баспасөзге берген мәттахам қаламгердiң соңғы жылдары "Терең тамырлар" мен "Сағыныш жылдарға саяхат" атты кiтаптары жарық көрiп, қала мен ауыл оқырмандарына жол тартты.
Өмiрден көргенi мен ойға түйгенi көп, тәжiрибелi журналистi Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi ұстаздық қызметке шақырған. Қазiр Қазақстан Журналистика академиясының академигi Жұмаш Арғынбайұлы сол жоғары оқу орнының Халықаралық журналистика бөлiмiнде студенттерге дәрiс оқып жүр. Қаламы қолында, шабыт деген арғымағы астында.
Көлбай Адырбекұлы