Лесбек ТӘШIМОВ: ҚАЗАҚТЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ ҚАРА КҮШIНДЕ ЕМЕС, БIЛIМIНДЕ БОЛСЫН

Лесбек ТӘШIМОВ: ҚАЗАҚТЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ ҚАРА КҮШIНДЕ ЕМЕС, БIЛIМIНДЕ БОЛСЫН

Лесбек ТӘШIМОВ: ҚАЗАҚТЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ ҚАРА КҮШIНДЕ ЕМЕС, БIЛIМIНДЕ БОЛСЫН
ашық дереккөзі
249

Түркiстан — киелi шаһар. Жыл сайын түрленiп, нұрланып келе жатқан қасиеттi мекеннiң атын әлемге танытып жатқан Ясауи кесенесiнен бөлек, баба есiмiн иемденген қазақ-түрiк университетi де бүгiнде Қазақстандағы айтулы жоғары оқу орындарының қатарында…

Жаңа ғимарат, жаңа оқу орны… Бәрi де жап-жаңа. Сол жаңа дүниелердiң ортасындағы ең үлкен жаңалықтың бiрi iспеттес дүние — күнi кеше ғана ашылған "Ясауи" клиникасы. Денi сау ұрпақ, денi сау ұлт — мемлекеттiң тiрегi бола алады. Ана мен баланың, атаның денсаулығын түзеуге сақадай сай тұрған клиника университеттiң бүгiнгi мақтанышына айналып отыр. Бұдан кейiн бiз Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң президентi Лесбек Тәшiмовке жолықтық. Лесбек аға бiзбен университет жаңалықтарымен бөлiстi.

— Лесбек аға, жаңа ғимаратқа көшiпсiздер, университет iшiнде медициналық клиника да ашылыпты. Университет қалашығы кеңейе, түрлене бастаған сияқты. Университеттiң бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi қалай?

— Бүгiнде халықаралық қазақ-түрiк университетiнде 21 850-дей студент оқиды. “Қашықтан оқыту” деген жүйе бар. Тараз қаласында, Шымкент қаласында да филиалдарымыз болған. Сол жерлерде оқуларын аяқтап жатқан студенттерiмiз бар. Соңғы жылдары ол филиалдарға оқуға қабылдауды тоқтатқанбыз. Биыл студенттерiмiз соңғы курстарын бiтiргелi жатыр. Негiзiнде, бiздiң стратегиялық жоспарымыз бойынша, 8-10 мыңның төңiрегiнде студентi бар, сондай сапалы студенттер дайындайтын оқу орнына келтiрмекпiз. Университетiмiздiң оқытушы құрамы да жаман емес, 45-47 пайызға дейiн оқытушы-профессор құрамының ғылыми-атақ дәржелерi бар. Екi диссертациялық кеңес жұмыс iстейдi. Онда төрт түрлi мамандық бойынша қорғалады. Сонымен бiрге, Елбасының тапсырмасымен медициналық реформа жасалып жатыр. Емдеу iсi, жалпы медицина, педиатрия, стамотология деген төрт мамандық бойынша 2009-2010 жылғы оқу жылынан бастап, бiздерге бiраз студенттердi ауыстырып отыр. Бұрын бiзде жалпы медицина мен емдеу iсi, шығыс медицинасы деген мамандықтар бойынша ғана студенттер қабылданатын едi. Өткен 2009 жылы медицина бойынша жалпы еуропалық стандарттарға көшiп жатырмыз. Елбасымыздың жасаған үлкен "Болашақ" бағдарламасына сәйкес, бiз кiшi "Болашақ" бағдарламасын жасадық. Осыған орай, екiншi курстан бастап, аптасына алты-жетi сағат ағылшын тiлiнен сабақ алуда. Бұл да еуропалық стандарт бойынша жасалып жатқан дүние. Оның өзiндiк себебi бар. Өйткенi, медицина факультетiнiң студенттерi 4-курстан бастап, бiр семестр шет елде оқуға мүмкiндiк алады. Әр семестр сайын елу баладан жiберiп отырамыз. Бiз осыған қол жеткiздiк. Анкарадағы Ходжатеппе медициналық оқу орнымен келiсiмге келiп отырмыз. Сол университетке жылына үш рет балаларды жiберiп отырамыз. Әр семестр сайын елу бала жiберiледi. Сол елу бала бiр семестр Ходжатеппеде оқып, емтихандарын да сонда тапсырып қайтады. Кiшi "Болашақ" бағдарламасының талаптары осындай.

— Бұл тек медицина факультетiне байланысты ма?

— Иә, медицина факультетiнiң студенттерiне осындай мүмкiндiктер бар. Және тағы бiр қуанышты жәйт, биылғы жылы, яғни 2009 жылы "Ясауи" клиникамыз пайдалануға берiлдi. Оның бас дәрiгерi болып, Түркиядан арнайы маман келдi. Бiздiң клиникамызда алғаш рет Түркиядан пластикалық операция жасайтын алты-жетi адамнан құралған команда келiп, жетпiске жуық қазақтарға операция жасады. Қоян жырық, сол сияқты әртүрлi кемiстiктерi бар адамдарға тегiн, жәрдем ретiнде операция жасап бердi.

— Тегiн емделу үшiн ол адамдарға арнайы квота бөлiне ме?

— Олар арнайы кезекке тұрған адамдар. Бұған дейiн де бұл кiсiлер қаралып жүрген болатын. Бұдан бұрын да мұндай операцияларды Шымкент қаласында, сосын Астанада жасатқан едiк. Биыл өзiмiздiң клиникамызда жасадық. Арнайы мамандарды тағы да келедi деп жоспарлап отырмыз. Оған дейiн науқастарды қабылдап, өздерiнiң кеңестерiн берiп кеткен болатын. Түркиядан келетiн мамандардың келiп-кету шығынын, тұратын орындарын университеттiң өзi көтерiп отыр. Операцияға науқастың тарапынан ешқандай қаражат алынбайды. Бiз қазiр халықаралық келiсiмшарт жасадық. Ол он төрт бабтан тұрады. Бұл келiсiмшарт парламенттiң қолдауынан өтетiн болса, екi елге де тиiмдi тұстары өте көп. Түркия осы уақытқа дейiн құны 40 миллионға жуық қаржыға бiзге ғимараттар салып бердi. Оның iшiнде, мен айта кетуiм керек, оқу ғимараттары бар, клиникамыз бар, үш жатақхана, бiр асханамыз бар. Одан бөлек, он шақты оқытушы-профессорларымыз тұратын үйлер салып бердi. Қазақстанның заңы бойынша ол кiсiлер қосымша құн салығы дегендi төлеу керек. Шет елдерден келiп қызмет iстейтiн адамдарға қаржы әртүрлi төленедi. Мәселен, Қытай елiнен келiп қызмет жасайтын қытайларға сол жасалған жұмыстарынан түскен пайдаларына байланысты ақша төленедi. Ал, Түркиядан келгендерге өз мемлекетi өздерi төлейдi. Олар келедi, бiздiң жұмысымызды iстейдi, қаражатын, айлығын Түркиядан алады. Келген азаматтардың арнайы лицензиясы болуы керек екен. Бiз осылардың бәрiне арнайы келiсiмшарт жасаттық.

Өткен жылдың тағы бiр үлкен жетiстiгi, 2010 жылдан бастап, Қазақстан тарапынан үлкен ғимарат салына бастайды. 1850 орындық, әрбiр студентке шаққанда, 22 шаршы метрден келетiн ғимарат соғатын болдық. Оның құжаттарының бәрiн жiбердiк және бекiтiлдi. Сонымен бiрге, 500 орындық жатақхана салынатын болды. Мұның бәрi Қазақстан тарапынан салынатын ғимараттар. Қазiр өзiңiз көрiп отырғандай, жаңа ғимаратқа көштiк. Одан бөлек, тағы да екi ғимарат салатын болдық. Соған байланысты, Түркия тарапы бiзге кiтапхана салып берейiк дедi. Түркияның дiни басқармасы ботаникалық бағымыздың жанынан мешiт салып берейiк дегендей ұсыныстар айтып жатыр. Бұл әзiрге ауызша ғана айтылған жәйттар. Арнайы келiсiмшартқа отыра қойған жоқпыз. Мiне, осындай 2010 жылға жасап жатқан жақсы жоспарларымыз бар. Медициналық академиядан ауысқан студенттерiмiзге мүмкiндiгiмiзше жақсы жағдай жасаймыз ба деп отырмыз. Медицина факультетi оқитын оқу орындарын 2010 жылы жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтап, студенттерiмiздiң пайдалануына беремiз бе деген ойымыз бар. Келiсiмшарттағы жасалған тағы бiр жақсы дүние, клиникаларды қаржыландыру мәселесiн де көрсеттiк. Өткен жылы бүтiн Қазақстан жоғары оқу орындарының арасында универсия болды. Сонда бiз 2-орын алдық. Бұрындары да жүлделi орындар алып жүргенбiз. 2-орын алуымыз бiздiң университетiмiздiң жақсы жақтарын көрсететiн мүмкiндiк деп ойлаймын. Өнер саласында да көрсеткiштерiмiз жаман емес. "Шабыт" фестивалiнiң жеңiмпаздары болған түлектерiмiз де бар. Мәселен, "Бисұлтан" бишiлер тобы "Шабыттан" 1-орын алды. Шара Жиенқұлова атындағы би жарысынан да жүлделi орындармен оралды. "Азия дауысында" да бiздiң түлектерiмiз жеңiмпаз атанды. Олар – Алтынай Жорабаева, Әлден Жақсыбеков сияқты түлектерiмiз. Одан бөлек, "Жас қанат" байқауында да Нұржан Қалжан сияқты түлектерiмiз топ жарды. Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң командасы КВН-де де жоғары жетiстiктерге жетiп жүр. Осындай жетiстiктерiмiздi қуанышпен айта алам.

— Жаңа айтып отырсыз ғой, “студенттерiмiз Түркияда оқуға мүмкiндiк алып жатыр” деп. Түркиядан бөлек, өзге де шетелдердiң жоғары оқу орындарында тәжiрибе алмасуға мүмкiндiктерi бар ма?

— Бiзде былтыр түркологтардың үлкен жиыны өттi. Бүкiлдүниежүзiндегi түркологтарды жинадық. Сол конгреске орай, "Түрiк таланттары" деген сериямен бүкiл түркi ғұламаларының кiтабын ағылшын тiлiнде шығарып дайындадық. Одан өзге Кембридж университетiмен бiрiгiп, "Ислам дiнi және Қазақстандағы дiни проблемалар" деген тақырыпта халықаралық конференция өткiздiк. Оған Еуропада "Кембридж" университетiнен мамандар келдi. Сонымен бiрге, Испания, Англия, Италия, Индия, Америка елдерiнен өкiлдер келiп, қатысып қайтты. Әрине, бiздiң ТМД елдерiмен де келiсiмшарттарымыз бар. Олардың арасында Ресей, Украина мемлекеттерi бар. Еуропадағы бiр-екi университеттермен келiсiмшартқа отырдық. Халықаралық деген статусымыз болғаннан кейiн, бiзге он алты елден келiп, студенттер дәрiс алып жатыр. Олар отыздан астам ұлт пен ұлыстан тұрады. Солардың iшiнен 27 ұлт пен ұлыстан тұратын "Достық" ән-би ансамблi құрылды. Әр ұлттың ұлттық киiмдерiн университет арнайы тiккiздi. Осы ансамбль 2010 жылдың наурыз айында Түркияға шақыртылып жатыр. Ансамбль Түркияның алты қаласында концерт өткiзудi жоспарлап отыр. Барлық қаражатын Түркия мойнына алмақшы. Кавказдағы құмық, қарашай, черкес, көптеген түркiтiлдес ұлттарымыз бен ұлыстарымыздан студенттер оқиды. Сол сияқты Сiбiрдегi якут, саха сияқты ұлттар бар. Олардың бәрi бiр ғана мемлекеттен келетiн студенттер деп атаймыз. Қытайдан келген ұйғыр студенттерiмiз де бар. Моңғолиядан келетiн азаматтарымыз бар. Сонау Молдовадан гагауз деген ұлттан да келiп оқып жатыр.

— "Ясауи" клиникасында студенттердiң тәжiрибе алуына жағдай жасалған ба?

— Әрине. Бұл клиниканың үш операциялық блогы бар. Сол үш блогтың астында теледидар арқылы көрсетiлетiн арнайы бөлме бар. Алғашында алпыс орындық клиника едi, қазiр орын 90-ға жеттi. Бұрынғы ғимараттағы кейбiр бөлмелердi науқастар жататын бөлмелер жасап жатырмыз. Оның әжетханасы да, су бүркемесi де iшiнде болады. Бөлменiң температурасын науқастың өзi реттейдi. Ыстық болса, салқындатуға болады, салқын болса, жылуын көбейтуге болады. Сондай жүйемен жасалған. Мұнда әлемдегi ең соңғы мықты аппараттар қойылған. Соңғы үлгiмен жасалған клиника деп айтуға әбден болады. Ендiгi мақсат, сол мықты аппараттармен жұмыс iстейтiн арнаулы мамандарды шақырып жатырмыз.

— Университеттiң арнайы продюсерлiк орталығы жұмыс iстейдi екен. Бұл орталық қай кездерi ашылды?

— Продюсерлiк орталық бұрыннан бар болатын. Онда Әлiмбай Ботақараев деген жiгiтiмiз жұмыс iстейдi. Өзi жақсы композитор. Оның тамаша "Көктем" деген әнi бар. Бұрын Шымкентте жүргенiмде студенттердiң арасында "Ынта" деген конкурс өткiзудi қолға алған едiк. Мұнда келгелi берi "Дарын" атты конкурсты өткiзе бастадық. Бұрынырақта студенттер ән жаздырту үшiн өзге студияларға барып, шығындалып, едәуiр қаржы шығарып жататын едi. Қазiр сол қиындықтардың бәрiнен құтылды. Бiраз қаражат шығарып, жаңа үлгiдегi аппараттарды сатып алдық. Бiздiң студенттерiмiз осында ешқандай қаражат шығармай-ақ, әндерiн тегiн жаздыртып жатыр. Өнерлi жастарымыз үшiн осындай жақсы мүмкiндiк жасап қойдық.

— Райымбек аға Сейтметов осы университетте "Өнер" мектебiн ашып едi. Қазiр ол мектеп әлi де жалғасын тауып жатыр ма?

— Райымбек Сейтметов университет ашылған алғашқы күндерден бастап жұмыс iстедi. Осында көптеген театр мамандарын тәрбиелеп, дайындап шығарды. Сол жақсы үрдiс тоқтаған жоқ, өзiнiң жалғасын табуда. Райымбек аға ашқан театр әлi жұмыс iстеп тұр. Ол — Түркiстан театры. Сол театрда жұмыс iстеп жатқандардың бәрi, яғни жүз пайыз десек те болады, бiздiң университеттi бiтiрген түлектер. Олардың абыройы жаман емес. Бұл театрда түрiк тiлiнде қойылған бiрнеше спектакль бар. Сол қойылымдармен театр Түркияға да барып қайтты. Дарынды актер, талантты азаматтың өнегелi iсi әлi жалғасуда. Театрда жұмыс iстеп жатқан актерлерiмiздiң денi сол кiсiнiң шәкiрттерi, сол кiсiнiң тәрбиесiн көрген студенттер.

— Қазақ -түрiк университетi екi елге ортақ, яғни қазақ пен түрiкке ортақ жоғары оқу орны болып саналады. Мұнда мемлекеттiк гранттан бөлек, Түркия тарапынан да студенттерге арнайы жеңiлдiктер берiлiп жата ма?

— Қазақстан Үкiметiнiң қаулысымен түркiтiлдес бауырларымызға 200 орын бөлiнедi. Олар осында келiп, бiржылдық дайындық курсынан өтедi. Үлгерiмi дұрыс азаматтарға арнайы грант бөлемiз. Оларға стипендия берiледi. Қазақстан тарапынан елдерiне барып-қайту қаражаты төленедi. Олардың дұрыс бiлiм алуына бiзде жақсы жағдайлар жасалынған. Түркiтiлдес елдерден келген бауырларымызға ай сайын Түркия тарапынан 35 доллар көлемiнде стипендия төленедi. Егер қазақстандық студенттердiң үлгерiмi төмен болса, стипендия берiлмейдi ғой. Сонымен бiрге, өткен жылы Түркия тарапынан 150 орынды – квота ретiнде алдық. Биыл 110 орын бөлiнiп отыр. Мұндай квоталар магистранттарымызға да берiледi. Бұл орындар қазақстандықтар үшiн ғана бөлiнiп отыр. Бiр семестр бiткеннен кейiн түскен кездегi балымен бiрге, бiр семестрдегi үлгерiмi қоса есептелiп, соның бәрiн талқылауға аламыз. Ректораттағы 15-тей оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттiк ректораттан құралған топ бiрлесiп, 20 шақты адам қатысып, талқылауға салынады. Олардың үлгерiмiнiң бәрi экран арқылы көрсетiлiп отырады. Мұның бәрi дауыс беру арқылы шешiледi. Барлығын да демократиялық түрде жасаймыз. Әрине, жетiм балаларға жасалатын жеңiлдiктердiң жөнi басқа. Бiзде 100-ге жуық жетiм балалар оқиды. Оларды тегiн оқытумен қатар, жатақханада тегiн жатқызылады. Күнiне бiр рет тегiн тамақ iшедi. Мұның бәрi университет тарапынан жасалып жатқан дүниелер. Жалпы, университеттiң студенттерге жасайтын тағы бiр жеңiлдiгi, оларға бiздiң асханамыздан тамақ арзандатылған бағамен берiледi. Отыз пайызға дейiн арзандатып беремiз. Түркия тарапынан оқытушыларымызға да қаражаттар бөлiнедi. Өте көп деп те, аз деп те айта алмаймыз. Осындай бiрқатар жақсы дүниелерiмiздi айтуға болады. Кемшiлiктерiмiз де жоқ емес. Проблемалар да бар. Оның бiрi, студенттерiмiздiң сапалы бiлiм алуына кейбiр мұғалiмдердiң сый-сияпат алуы да себеп болып отыр. Осындай оқытушыларды анықтау үшiн арнайы студенттiк анкеталар жүргiздiк. Осы анкетаның арқасында бiрқатар оқытушылармен қош айтысуға тура келдi. Олардың студенттерге қойған талаптары заңға сәйкес келмейдi. Ол мұғалiмдердiң контрактiсiн келесi жылға созбай қойдық. Әрине, мұның да өз қиындықтары бар. Оны дәлелдеуiмiз де қиын. Соған қарамастан, студенттердiң сапалы бiлiм алуы үшiн осындай жұмыстарды жүргiзуге тура келiп отыр.

— Елдiң атын әлемге әйгiлейтiн спорт пен өнер екенi белгiлi. Университеттiң қазақ спортына қосып жатқан үлесi қаншалықты?

— Жоғарыда да айтып өткендей, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында өткiзiлген универсиада бiздiң университетiмiз 2-орынды иемдендi. Мұның өзi үлкен жетiстiк. Мысал үшiн, дене тәрбиесi интситуты бар. Олар жетiншi орынды иемдендi. Ол институт арнаулы оқу орны ғой. Соған қарағанда, бiздiң университетiмiздiң жетiстiгi жаман емес. Әрине, спортқа әлi де көңiл бөлу керек деп ойлаймын. Баскетболшы қыздарымыз Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы атанды. Содан кейiн, волейболшыларымыз да жоғары көрсеткiштерге ие болып жүр. Баскетболдан ұлдар командасы да әлi күнге дейiн университеттiң негiзгi құрамында облысымыздың намысын қорғап келедi. Университетiмiзде тоғызқұмалақ спорты да өте жақсы дамыған. Күрес түрлерiнен де көрсетiп жүрген нәтижелерiмiз жаман емес. 2000 жылғы олимпиадада екi бiрдей студентiмiз, марқұм Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Дiлдәбеков те университеттiң атын шығарды.

Ғимарат жұмыстарының құрылыстары бiткеннен кейiн, арнаулы жабық спорт кешенiн салғызсам ба деймiн. Оның iшiнде жабық бассейнi, күрес, бокс залдары болады және балаларды тәрбиелейтiн жақсы мамандар қабылдасақ деген ойым бар. "Қай жерде, қай ауылда, қай қалада жақсы өнерпаз, жақсы спортшы көрсеңiз, алып келiңiздер, бiз оларды оқытайық" деп декандарға арнайы тапсырма да бердiм. Жер-жерлерде таланттар болса, соларға жеңiлдiк жасайық, мүмкiндiк берейiк деп отырмын. Бұл менiң бұрыннан келе жатқан негiзгi принципiм. Бiр университетте он шақты спортшы оқыса, ол жақсы нәтиже емес пе? Оларға барлық жағдайды жасауға болады. Жалпы, спорт пен өнер деп, ғылымды жоққа шығаруға болмайды. Университетiмiз ғылымнан да шектелiп қалып жатқан жоқ. Ғылыми олимпиадаларда да бiздiң студенттерiмiз топ жарып жүр. Математикадан, информатикадан 1-орынды алдық. Ұлттық инновациялық қор 50 мың доллар жүлде тағайындады. Қордың ұйымдастырған жүлдесiн бiзiдң студенттер жеңiп алды. Мұның өзi үлкен жетiстiк деп санауға болады.

— Аға, алпысқа келiп жатыр екенсiз. Қазақ "алпыс — тал түс" деп жатады. Сiз бағындырған жетiстiктер аз емес, әлi де бағындырам деген биiктерiңiз бар шығар. Бүгiн ненi армандайсыз, неге қол жеткiзгiңiз келедi?

— Қазiр "жоғары оқу орындары көбейiп кеттi" деген пiкiрлер көптеп айтылып жатыр. Көптеген оқу орындарында бiлiм сапасыз деген де пiкiрлердi естимiз. Бiрақ, сапалы болсын, сапасыз болсын, бiздiң балаларымыздың бiлiм алуға деген құштарлығы қуантады менi. Ең басты мәселе, ақшаны төлеуде емес. Ақшасы болғанымен, жастарының оқуға құлқы жоқ кейбiр мемлекеттер де бар. Санды сапаға ауыстыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан, бiлiм алсын деген, балам оқысын деген қазағымнан айналам! Бұл өте жақсы нәрсе. Жоғары оқу орнын бiтiрсе де, қиналып бiтiрсе де, күнi ертең өз баласына: "Сопрамат" деген сабақ болады, тағы бiр сызба чертеждерден тұратын қиын сабақтар болады, соны оқы" деп айтып отырады. Оқудың мағынасын түсiндiретiн өз ата-анасы болады. Аз ғана ұлттың барлығы бiрдей бiлiмдi болып жатса, оның несi жаман?! Мәселен, Американы мақтаймыз. Сол Америкада бiлiм алуға қабiлеттiлердiң 20 миллионнан астамы сауатсыз екен. Бұл дегенiң жақсы нәрсе емес. Бiр қазақтың ең кемiнде, ол тiптi шет елден келсiн, екi адамды жұмсай алатын қабiлетi болуы керек. 20 миллион қазақтың өзге қырық миллион адамды жұмсауға қабiлетi жетiп жатса, несi жаман? Ол қара күшпен емес, бiлiмiмен жұмсай алатын, қабiлетiмен басқара алатын жағдайда болуы керек. Сондықтан, бiз бiреудiң жұмсауында емес, өзiмiз жұмсай алатын дәрежеде болуымыз керек. Бiлiм алу деген сөз — тынбай еңбек ету деген сөз. Ерiнбеген, жалықпаған адамнан бiлiмдi, озық ойлы азамат шығады.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары