КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ҒҰМЫРЫ ҚАНША?

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ҒҰМЫРЫ ҚАНША?

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ҒҰМЫРЫ ҚАНША?
ашық дереккөзі
267

2010 жылдың 1-қаңтарынан Кедендiк үштiк одақтың жұмысы басталды. Бiрақ, сарапшылар болашағынан көп үмiт күткен посткеңестiк кеңiстiктегi жаңа одақ мүшелерiнiң арасында қазiрдiң өзiнде текетiрестер орын алып отыр. Ол – Белоруссия мен Ресей арасында энергоресурстарға байланысты өрбуде.

БҰЛ – САЯСИ ЖОБА

Былтырғы жылдың аяғында Алматыда ТМД мемлекеттерi басшыларының бейресми саммитi болып өттi. Бұл саммитте Ресей, Қазақстан және Белоруссия мемлекеттерi 2012 жылы Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк (БЭК) құру жайында келiссөздерге қол қойды. Бұл одақтың аясында бiрыңғай энергорынок пен көлiк жүйесi жұмыс iстейтiн болады. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құру мәселесi бұған дейiн 4 мемлекеттiң арасында әңгiме болғаны белгiлi. Ющенко президент болғалы интеграцияның еуропалық бағытын таңдаған Украина бұл жобадан мүлдем бас тартты. Украина келешекте ТМД кеңiстiгiнен де кетуi ғажап емес. Украинаның қандай саяси бағыт ұстанатынын осы айдың 17-шi қаңтарында өтетiн президент сайлауы айқындайтын болады. Әзiрге Украинадан көңiлi қалған үштiк өз бетiнше алғашқы қадамдарын бастап та кеттi. Бiрақ, сарапшылар бұл интеграцияны – экономикалық деуден гөрi, саяси одақ деген оңды болар деген пiкiрге көбiрек ойысуда. Бұл пiкiрдi тек Беларусь пен Қазақстан сарапшылары ғана ұстанып отырған жоқ. Сонымен қатар ресейлiк сарапшылардың басым бөлiгi де осы пiкiрдi айтуда. Мәселен, 3 желтоқсандағы ресейлiк "Новая газетаның" қазақстандық қосымшасындағы Наталья Харитонованың "Лебедь, рак и щука. Таможенный союз сулит странам-участницам серьезные проблемы" атты мақаласында "Кедендiк одақты қазiргi деңгейде экономикалық одақ деуден гөрi, саяси одақ ретiнде қарастырған дұрыс. Барлығын електен өткiзе келе, бұл Ресей үшiн оның мәртебесiн арттыратын маңызды саяси қадам" дейдi. Дәл осы ойды "Жас Алаш" газетiнiң 24-желтоқсандағы "Ресейдiң құшағында тұншығу" атты мақалада Тәуекелдiлiктi бағалау тобының басшысы Досым Сәтбаев та қайталайды. "Кеден одағы дегенiмiз – экономикалық емес, саяси жоба. Көп жерде Қазақстанның пайдасы ескерiлмеген. Тәуелсiздiк алғаннан бүгiнге дейiн шикiзат өндiруге қатысы жоқ, күштi, бәсекелестiкке қабiлеттi экономика секторларын жасай алмадық. Сондықтан кеден одағының шеңберiнде бiзге Ресей экономикалық экспансия жасайды. Яғни, Қазақстан тек қана ресейлiк компанияларға өз нарығын ашып бермек", – деген ол аталған мақалада. Сондай-ақ, беларусьтiк БелаПАН ақпараттық компаниясының сараптама жобаларының жетекшiсi Александр Класковский бiзге берген комментарийiнде: "Кедендiк одақ Ресейдiң жобасы, әрi ол экономикалық емес, саяси одақ. Беларусь билiгi Кремльдi одан шығамын деп үркiтуi әбден мүмкiн. Былтыр Минск Ұжымдық жедел әрекет ету күштерiн құруда бiраз ойран салғаны белгiлi.

Сондай-ақ, Кедендiк одақтың құжаттарының шикi тұстары әлi көп. Онда экономикалық одаққа тән ережелердi бұзатын шарттар жеткiлiктi. Бұның барлығы – жай жарылатын бомба iспеттi.

Демек, қалай десек те, Кедендiк одақтың алысқа барарына сенiм аз. Белоруссияның тәуелсiз сарапшылары осы бiр жаңа посткеңестiк интеграциялық бастамадан көп үмiт күте қоймайды. Олар бiз үшiн Дүниежүзi сауда одағына тезiрек енiп, Еуроодақпен жақындасуды тиiмдi деп санайды" деген ойын бiлдiрдi. Демек, бұл жобаны Ресей мүддесi үшiн жасалып отырған саяси интеграция деп бағалау басым.

ДСҰ-НЫҢ АУЫЛЫ АЛЫСТАЙ ТҮСТI

Сарапшылар, сондай-ақ, Кедендiк үштiк бұған мүше мемлекеттердiң Дүниежүзi сауда ұйымына ену мүмкiндiгiн шектейтiндiгiн айтады. Бұған дейiн ДСҰ-ға ешбiр экономикалық одақ енiп көрмеген екен. Кейбiреулер ДСҰ-ға Кедендiк одақ ретiнде ену мәселесiн сөз етсе, кейбiреулер бұл мемлекеттердiң жеке-жеке ену мүмкiндiктерi қарастырылғандығын айтады. Былтырғы жылы Ресей дүние жүзi сауда ұйымына ену мәселесiн көбiрек талқылаған. Нәтижесiнде, ДСҰ емес, Кедендiк одаққа ену процесi қолға алынған. Ресей президентi Медведев "Economist" журналына берген сұхбатында Ресейде 2010 жылы ДСҰ-ға кiру келiссөздерiнiң аяқталатындығын мәлiмдеп отыр. Медведев ДСҰ-ға мүшелiктiң мемлекеттiк саясаттың бiр басымдығы екендiгiн айтқан. Бiрақ, оның қалай iске асырылатыны әзiрге жұмбақ. Қазақстан экономистерi бүгiнде ДСҰ-ға ену мәселесiн жылы жауып қойған секiлдi. Өйткенi, әзiрге ДСҰ-ға ену мәселесiнiң қызу әңгiмеге айналған түрi байқалмайды. "ҚазАқпарат" агенттiгiне сұхбат берген ҚР Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының экономикалық зерттеулер бөлiмiнiң меңгерушiсi Анар Рахымжанова Кедендiк одақтың Қазақстанның ДСҰ-ға енуiне көп кедергiсi болмайтындығын айта отырып, үш елдiң де ДСҰ-ға ену мерзiмiнiң кейiнге шегерiлетiндiгiн айтады. Анар Рахымжанова "Ресейдiң ДСҰ-ға 90 пайызға кiргенiн, Қазақстанның – 85 пайызға, Беларусь елiнiң – 50 пайызға кiргенiн ескерсек, Кеден одағы Дүниежүзiлiк сауда ұйымының талаптары негiзiнде қалыптасып отыр" деген пiкiр айтқан.

Бiрақ, Батыс сарапшылары Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы Кедендiк одақтың ғұмыры ұзаққа бармайды деген пiкiр ұстана отырып, бұл елдердiң ДСҰ-ға ену мүмкiндiгiнiң кейiнге шегерiлгендiгiн айтады.

БЕЛОРУССИЯ МЕН РЕСЕЙДIҢ ТЕКЕТIРЕСI

Мәселенiң әлқиссасына қайта оралар болсақ, Ресей мен Беларусь арасындағы мұнай дауы – КО-тың болашағын да айқындап беруi мүмкiн жағдай туғызып отыр. Белоруссияның ресми газеттерi жыл басынан берi қарай Кедендiк одақтың ғұмырына балта шабылғандығын айтып дабыл қағуда. Бұның себебi – Ресей Белоруссияға мұнайды 100%-дық баж салығымен бермек болғандығы. "Материк.ру" сайтына сұхбат берген беларусьтiк тәуелсiз "Новая экономика" журналының бас редакторының орынбасары Сергей Шиптенко Беларусь билiгiнiң 2010 жылы 30 млн. тонна Ресей мұнайын баж салығынсыз алуды талап етiп отырғанын айтады.

– "Былтырғы жылдың соңында Ресей президентi Медведев Белоруссияға 2010 жылы кедендiк баж салығынсыз iшкi нарыққа қажеттi 6-8 млн. тонна мұнайды беретiндiгiн айтқан. Ал, қалған ЕО-қа экспортталатын мұнайға 100% баж салығы салынады делiнген. Ресей Федерациясы мұнайды ешқандай мемлекетке мұндай шарттармен берiп отырған жоқ. Демек, Ресей тарапынан Белоруссия өте жоғары деңгейде көмек көрiп отыр. Соған қарамастан, 100% баж салығын енгiзу салдарынан, Белоруссия 7 млрд. доллардың зиянын шегетiн болады. Бұл бюджеттiң белгiлi бiр бөлiгi және мұнай сатудан пайда көретiндер үшiн де үлкен шығын", – дейдi ол.

Сондай-ақ, ол Ресей премьерi Путиннiң 4-қаңтарда көмiрсутегiлердiң экспорты жекелеген келiсiмдер арқылы жүзеге асатындығын мәлiмдегенiн айтады.

12-қаңтарда Ресейдiң "Независимая газета" басылымында Антон- Ходасевичтiң "Крах Таможенного союза" атты мақаласы жарық көрдi. Онда беларусьтiк ресми басылымдардың Ресейдi Кедендiк одақтың шарттарын бұзғаны үшiн айыптап жатқандығын жазады. "Кедендiк одақтың негiзi баж салығынсыз тауар экспорттау болып табылады" делiнген "Белта" ақпараттық агенттiгiнiң сайтындағы мәлiмдемеде. "Ресей дәл осы шартты бұзып отыр. Сондықтан, өмiрге келгенiне 10 күн болмай жатып Кедендiк одақтың ғұмырына балта шабылуы мүмкiн" деген болжам айтылған екен онда. Аталған мақалада Белоруссия тарапы келiссөздi тым созып жiберуi арқылы келiсiлген 6 миллион мұнайдан да айырылып қалуы мүмкiн деген емеурiн танытады.

Ал, бiзге сұхбат берген Александр Класковский мұның соңы Беларусьтiң кедендiк одақтан шығуымен аяқталуы бек мүмкiн деген ойын бiлдiредi.

КЕДЕНДIК ОДАҚ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ӘКЕЛЕ МЕ?

Әлемдiк және отандық сарапшылардың қайта айналып соғатын бiр ғана мәселесi осы. Кедендiк одақтың экономикалық тиiмдiлiгi неде? Оны Ресейдiң пайдасына құрылған саяси одақ дейiк. Ал, Қазақстанға берерi не? Әзiрге көкейде түйiнделген көп түйткiлден өзге ештеңе байқалмайды.

Ол саяси және экономикалық тұрғыдан Ресейге шаш етектен пайда әкелетiнi заңды. Бiрiншiден, Ресей тауарларының Қазақстан мен Белоруссияға дендеп енуiне жол ашылады. Бұл әлi күнге өндiрушi секторы дамымаған Қазақстанның экономикасы үшiн тағы бiр соққы. Бiз сол баяғы шикiзат мемлекетi болып қала беретiн түрiмiз бар. Екiншiден, Қазақстанның тауарлары Ресей рыногына жол тартады делiнген оның тиiмдiлiгi жайында сөз қозғаған сарапшылардың пiкiрiнде. Бiрақ, Қазақстанның бәсекелестiкке төтеп беретiн қандай отандық бұйымы бар? Ресей рыногы түгiлi Қазақстан рыногынан Қазақстанда өндiрiлдi дейтiндей дүниенi табу қиын. Демек, Қазақстан тауарларын Ресей рыногы қажетсiнiп те отырған жоқ. Үшiншiден, бұл Қазақстан үшiн де, Белоруссия үшiн де күрделi мәселе болып тұрған шетелдiк автокөлiктерге салынатын баж салығының қымбаттауы. Александр Класковский Ресей мен Белоруссия арасындағы текетiрес тек мұнай-газ саласында ғана емес, сонымен бiрге, шетелдiк жеңiл автокөлiктерге салынар баж салығының қымбаттауы кезiнде де туындауы мүмкiн дейдi. "2010 жылдың шiлдесiнен бастап шетелдiк автокөлiктер 2 есеге жуық қымбаттауы мүмкiн. Өйткенi, Беларусь Ресейдiң пайдасына кедендiк баж салығын көтеруге мәжбүр. Бұл халықты қазiрдiң өзiнде кәдiмгiдей үркiтiп отыр. Келесi жылдың басында Белоруссияда президенттiк сайлау өткiзiлмек. Ал Кедендiк одаққа орай қымбаттаулар президенттiң сайлау алдындағы рейтингiсiне әсер етерi заңды. Сол себептi де Лукашенко мәселенi өз пайдасына орайластыруды көздейдi. Бұл да Мәскеу мен Минск арасындағы жаңа бiр кикiлжiңге бастары хақ" дейдi ол. Ресей Қазақстан мен ресейлiк металлургия өзара бәсекелеседi деген болжам жасайды. Сондай-ақ, Қазақстанда жанар-жағармайдың бағасы күрт өсуi мүмкiн. Егер, жанармай 10%-ға қымбаттаса, кез келген тауар тиiсiнше 20%-ға көтерiледi дейдi экономистер. Тауарлардың қымбаттайтынын ресми билiк өкiлдерi де жоққа шығармайды. "ҚазАқпарат" агенттiгiне сұхбат берген Ауылшаруашылығы министрлiгi департамент директорының орынбасары Шәймерден Ахметов азық-түлiк тауарларының 80%-ы бұған дейiн де кедендiк баж салығынсыз енгiзiлiп тұрғандықтан бұл салада көп өзгерiс бола қоймайтындығын айта отырып, жылы жақтан әкелiнетiн жемiс-жидек, кофе т.б. тауарлардың қымбаттайтынын, жалпы бiраз дүниенiң белгiлi деңгейде қымбатқа түсетiнiн айтады. Астанадағы "Тойота орталығының" көлiк сату бойынша кеңесшiсi Болат Исаев та шетелдiк көлiктердiң бағасы 30%-ға дейiн көтерiледi деген пiкiрде. Демек, әзiрге экономикасы диверсификацияланбаған, өндiрушi секторы тұншыққан Қазақстан үшiн Кедендiк одақтың тигiзер тиiмi шамалы болып тұр.

Бiрыңғай Кедендiк кеңiстiк 170 миллион халқы бар, IЖӨ-нiң жиынтық көлемi 2 триллион долларға сай келетiн, өндiрiстiк өнiмдердiң жалпы көлемi – 600 миллиард долларды құрайтын үш ел арасында құрылды деп күмпиемiз. Бiрақ, соның 90%-ы (халқының санынан бастап, өндiретiн өнiм және IЖӨ-нiң көлемi) Ресейге тәуелдi екенiн айтып отырған ешкiм жоқ. Қазiргi болжам бойынша 2015 жылы бұл одақ мүшелерiнiң IЖӨ-i 15%-ға артуы мүмкiн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары