ҰШҚЫШТАР ӨЛIМ ЖАЗАСЫНА КЕСIЛЕ МЕ?

ҰШҚЫШТАР ӨЛIМ ЖАЗАСЫНА КЕСIЛЕ МЕ?

ҰШҚЫШТАР ӨЛIМ ЖАЗАСЫНА КЕСIЛЕ МЕ?
ашық дереккөзі
280

Сиыр жылының аяғында Таиландтың Бангкок қаласының Дон Мыанг әуежайында бортына 35 тоннаға жуық қару-жарақ тиелген "ИЛ-76" жүк ұшағы тұзаққа түскен болатын. Ұшақ экипажында 1 беларусь азаматы мен 4 қазақстандық азаматтың бары аян. Отандастарымыздың кiнәсiздiгiн дәлелдеу үшiн билiк бар күшiн салуда.

Қауiптi лайнер жөнiнде әлемдiк БАҚ-тарда түрлi ақпараттар таралған болатын. Мәселен, кейбiр дерек көздерi ұшақ жергiлiктi ұшақтарға арналған әуежайға рұқсатсыз қонды десе, кей деректе АҚШ үкiметi таиландтық әуе күштерiне ұшақты тез тұтқындауды тапсырып, азаматтық ұшақ АҚШ пен Таиландтың арнайы операциясы нәтижесiнде құрықталыпты делiнуде. Алайда АҚШ елшiлiгi бұл iстiң мән-жайынан беймәлiм екендiктерiн мәлiмдедi. Сонымен қатар жүк ұшағының нақты қай елге тиесiлi болғаны да жан-жақты талқыланған едi. Қазақстанның Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Азаматтық авиация жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Радiлбек Әдимолда: "Бұл ұшақ грузиялық әуекомпанияға тиесiлi. Бұрын ұшақ бiздiң мемлекетiмiзде ұшқаны рас. Дегенмен қазақстандық "Бейбарыс" әуекомпаниясы жүк ұшақты грузиялық ""Air West Georgia Ltd"" әуекомпаниясына сатқан болатын. 2007 жылдың 7 қазанынан бастап аталмыш ұшақ бiздiң тiзiмнен алынып тасталды" – десе, Гүржiстанның өкiлi Георгий Бучукури бұл iске Грузияның ешқандай қатысы жоқтығын айтып бетбақтырмауда. Елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәлiметтерiне сүйенсек, соңғы рейс барысында ұшақты жаңазеландиялық "SP Trading Ltd" компаниясы жалға алғанға ұқсайды. Әйгiлi "The Nation" басылымы 35 тонналық жүк Украинаға жеткiзiлуi тиiстiгiн хабарлады. АҚШ-тың азулы басылымы "Уолл Стрит Джорнэл" жүгi бар ұшақ Иранға бағытталған деген де ақпарат таратты. Дегенмен бұл ақпарат расталған жоқ. Экипаж командирi тергеу барысында ұшақ Украинадан Корей мемлекетiне аттанғанын, Пхеньянға бағыт ұстаған ұшақтың Әзiрбайжанға, Араб Әмiрлiктерiне және Таиландтқа аялдау керектiгiн, Кореяға борттағы жүктi жеткiзген "ИЛ-76" Украинаға керi қайту керектiгiн баяндаған болатын. Сондай-ақ, Беларусь азаматы Петухов өзiнiң және әрiптестерiнiң аса қауiптi жүк жайында бiлмегендерiн айта келе, тергеушiнiң қалған сұрақтарына сотта жауап беретiндiгiн ғана мәлiмдедi. Айта кетейiк, экипаждағы төрт қазақстандық ұшқыш елiмiздiң "East wing" әуекопаниясының штатында тiркелген, алайда кейiнiрек анықталғандай, қазiр ұшқыштар еңбек демалысында екен. Бiрнеше жыл бойы жалақыға қол жеткiзе алмаған ұшқыштар амалдың жоғынан жүк тасымалдаумен айналысуға көшiптi. Радiлбек Әдимолда ұшқыштардың жалданып жұмыс iстеуi қалыпты жағдай екендiгiн алға тартады. Таиланд тарапынан экипаж мүшелерiне авиация тәртiбiн бұзғаны үшiн сондай-ақ, заңсыз жүктi Таиланд арқылы өткiзбекшi болғаны үшiн және заңсыз қару-жарақ саудасымен айналысты деген ауыр кiнә артуда. Тiптi ұшқыштардың кәнiсi дәлелденсе, олардың өмiр бойына бас бостандығынан айрылу қаупi бар. Дегенмен, қару-жарақ қайда тасымалданғаны, террористiк қызметке арналған, арналмағаны белгiсiз. Қару-жарақтың дәл қай жерде тиелгенi де жұмбақ. Ресми Бангкок БҰҰ штаб пәтерiне тәркiленген қару-жараққа қатысты барлық ақпараттарды, сот процесiнiң толық қорытындысын ұсынуы тиiс. БҰҰ көп жылдан берi ресми Пхеньянға қару-жарақ тасымалдауға тыйым салған санкция жариялаған болатын. 26-желтоқсандағы соттың тыңдалымының iзiн iле-шала "Бангкок-пост" басылымы отандастарымызға басқа да жаңа айыптар тағылды, тiптi қазақстандық ұшқыштарға өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн деген ақпарат таратты. Дүйсенбiде өткен баспасөз-мәслихатында елiмiздiң сыртқы iстер минстрлiгi бұл ақпаратты терiске шығарды. Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi Асқар Әбрахманов: "Бiздiң дипломатиялық миссияның мәлiметi бойынша бұл жаңа айып емес. Бұрынғы айыптаулардың нақты формулаларын беру деген сөз. Бiздiң айтатынымыз, дипломатиялық миссиямыз Қазақстан азаматтарын қорғауда жұмыс атқаруда. Бiздiң ұшқыштармен күнделiктi кездесулер мен консультациялар өткiзiлiп тұрады" – деп мәлiмдедi. Кезектi тыңдалым 18-қаңтарда өтпек. Әзiрге қазақстандық ұшқыштарды Таиландтың үздiк қорғаушылары ақтап отыр.

Бiр айта кететiн жәйт, қазақстандық "ИЛ-76" жүк ұшағы мұндай қылмысты iсте алғаш рет аталып отырған жоқ. Осыдан бiрнеше жыл бұрын да, дәлiрегiнде 2006 жылы осындай ұшақ жөнiнде дау туындаған болатын. Ол кезде Сомали мемлекетi қазақстандық қосқанатты лайнерге қызығушылық танытқан. Шетелдiк БАҚ-тарда лайнердiң бiрнеше рет "Аль-Каиданың" исламистерi жаулап алған Сомали астанасы Могадишоға қонғаны жазылып жүрдi. Лайнер Египет, Ливия немесе Ираннан қару-жарақ тасымалдаған. "ИЛ-76" сондай-ақ Сомалимен шекаралас Эритрея жерiне де аялдаған. Ол шақта даулы жүк ұшағы қазақстандық "GST Aero" әуекомпаниясына тиесiлi болған екен. Үлкен даудан кейiн компания өз жұмысын тоқтатты. Тiптi қару-жарақ сату iсiмен заңсыз айналысқан деген сезiкпен генерал Сәт Тоқпақпаев кезiнде құзiретiнен айрылған сияқты дейдi сарапшылар мен әлемдiк астыртын қару-жарақ саудасын қадағалап отырғандар. Ендi мiне, араға үш жыл салып аталмыш ұшақ тағы бiр шытырман оқиғаның бас себепкерi болып отыр. Бiр қызығы, ұшақты сатып алған Грузия да, оны жалға алған Украина да бұл даулы iске қатысы жоқтығын жан-жақты хабарлап, қылмыстық iстен басын арашалап әлек. Отандастарымыз заңсыз халықаралық қару-жарақ сату ойынының жанама ойыншысы болып отырғаны айдан анық. Ұшқыштар тұтқындалған мерзiмнен 1 айға жуық уақыт өтсе де, ұшақ қай елдiң тапсырысымен сапарға аттанғаны әлi күнге беймәлiм. Бұл iс бiздiң мемлекетiмiздiң сыртқы имиджiне зор нұқсан келтiргенi сөзсiз.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары