АЛДАҒЫ ОНЖЫЛДЫҚТА ДАҒДАРЫС ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКIН

АЛДАҒЫ ОНЖЫЛДЫҚТА ДАҒДАРЫС ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКIН

АЛДАҒЫ ОНЖЫЛДЫҚТА ДАҒДАРЫС ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКIН
ашық дереккөзі
431

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов осылай болжайды

Ағымдағы жыл күнтiзбе тiзiмiне iлiнер-iлiнбестен қазақ басылымдары әлемдiк ақпарат құралдарымен жарыса отырып 2010 жылға жасалған экономика саласындағы топшылауларды жариялап та қойды. Әлбетте бұл жорамалдардан жақсылық иiсi байқалмайды. Бiрақ дағдарыстан шықтық деген дақпыртты әлi де естiп келемiз.

2009 жыл енiсiмен-ақ әлемдiк қаржы дағдарысының Қазақстанды асықпай кезерi анық болатын. Көршi мемлекеттерде ұлттық валюта құны құлдырап жатқанда, даурықпа дабыраға әлi де сенгiмiз келмеген едi. Ұлттық банк девальвацияны жариялап, ұлттық валютаның құны бiр-ақ күнде құлдырағанда ес жиғандай болды. Ақша айырбастау орындарында доллар мен евро бағамының күрт өзгеруiне әкеп соқты. Сонымен қатар дағдарыс кезiнде үкiмет ұсынған "Жол картасы" бағдарламасы, күздi күнгi жанармай бағасының жылдағы әдетпен науқан кезiнде шарықтап кетуi секiлдi тағы да басқа айтулы оқиғалар елдi бей-жай қалдырмады. Ал халық жадында, жалпы ел тарихында берiлген уәде орындалмаған тағы бiр жылды бастан өткердiк…

Өткенде Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов қуанышты хабар таратты. Премьер-министрдiң айтуынша, қазiр елiмiздегi қаржылық жағдай бiршама тұрақтаныпты. Халықтың коммерциялық банктерге деген сенiмi де жақсара түскендей ме? Бiрақ мұны ескерiп отырған ешкiм жоқ. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов алдағы онжылдықта әлем елдерi келесi бiр қаржы дағдарысын бастан өткеретiнiн де айтты. Сондай-ақ, 2010 жылы қаржылық қиындықтардың сақталатынын айта келiп, бiрақ өткен жылғымен салыстырғанда самал желпiгенмен бiрдей болады дейдi.

Ал 2011-2012 жылдары Қазақстан экономикалық дамуға бет бұрмақшы. Алайда К.Мәсiмов жоспарлаған онжылдықта болатын экономикалық дағдарыс дамуға жол берер ме екен?

Иә, ағымдағы жылда жержүзiнiң экономикасы қай бағытта дамымақ? Қандай өзгерiстер орын алмақ? Ол үшiн саясаттанушылар мен экономистердiң болжамдарына көңiл бөлуге тура келедi. "Newsweek" журналында жарияланған сараптамалық мақалада әлем елдерiнiң жағдайының мәз болмайтындығы баса айтылады. Тiптi, қаржы дағдарысын тиiмдi пайдаланып отырған алпауыт держава – Қытай мемлекетiнiң өзi тығырықтан аман шықпайтын секiлдi.

Әсте әлемдiк экономика 2010 жылы ұйқыдан тұрғандай қалыпқа келе бастауы мүмкiн. Ел аузындағы болжамдар осыған саяды. Алайда, көпшiлiктiң назарынан тыс үшiншi толқынның соғуы әбден мүмкiн екендiгi де айтылып жүр. Айтпақшы, бiздiң Үкiмет 2010 жылы Қазақстан экономикасының өсiмi 2,4 пайызды құрайды деп отырса керек. Бұл былтырғыға қарағанда әжептәуiр нәтижелi көрсеткiш болмақ. Десе де бұл болжам жұртшылықтың сағын сындырмас үшiн жасалған шаралардың бiрi деп таныған абзал. Дәл осындай қуаныш айқайы Ресейде де жаңғырған едi. РФ президентi Д.Медведев өткен жылда жасалған халықаралық ұтымды келiсiмдер мен ел iшiндегi оңды бағдарламалардың жүзеге асып, нәтиже бергенi дағдарысқа қарсы тойтарыс болды деп масаттанып отыр. "Өткен жылдың аяғында байқалған терiс тенденцияларды басып тастадық. Жер планетасын жайлаған қаржы дағдарысынан оңай, яғни шағын ғана шығынмен құтылып кеттiк. Десе де 2010 жылдың бiрден “батпанқұйрық” болмасы анық", деп қаржы дағдарысынан шығу жолдары бiртiндеп жүзеге асатынын ескерттi. Сондай-ақ премьер-министрге қарағанда аяғын аңдап басып, асыға шешiм қабылдаудан бас тартты деуге болады. Себебi В.В.Путин өткен жылда өткерген өткелдердi еске ала отырып: "Дағдарыстың ең қиын тұстары өттi, жылдың екiншi жартысынан бастап экономикалық өсiм байқалды" деп жаһаннамға жар салған едi. Әйтсе де алып федерацияның 2010 жылы бүкiл резервтi пайдалануға жiберiп отырғанын еске ала отырып, әлемдiк сарапшылардың өздерi 2011 жылға болжам жасай алмай отыр. Ресей билiгi қаржы дағдарысын шыбын шаққан құрлы көрмейтiн секiлдi. Бұл туралы өздерi де әлсiн-әлсiн еске салып қояды.

Батыс сарапшылары да Ресейдiң әзiрге аренадан түсер ойы жоқ екенiн алға тартты. Мәселен, әлемдiк банк iшкi өнiмiн 8,7%-ға бағалап отыр, демек оған мұнай бағасының өзгерiсi әсер ете қоймайды. Тiптi Халықаралық валюта қорының да экономикалық болжамдары Ресей билiгiнiң пайдасында. Қаржы жүйесiнiң тұрақтылығы үшiн жасалған шаралар қаржы дағдарысына тойтарыс бергенiн айтып отыр.

Қазақстанда дағдарыстың ең қиын кезеңi ендi келген сияқты. Азық-түлiк, коммуналдық төлемдер және темiржол билетiнiң бағалары қымбаттап жатқанын билiк есепке алмайтын секiлдi. Қоғамды қанша тыныштандырсақ та, күнделiктi көз алдындағы шындықты кiм байқамайды?

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары