АҚЫН ТАБИҒАТЫ

АҚЫН ТАБИҒАТЫ

АҚЫН ТАБИҒАТЫ
ашық дереккөзі
200

Фариза Оңғарсынованың "Шiлде" таңдамалы өлеңдер жинағынан туған ой

Қай елдiң тарихын қарастырсаңыз да шынайы поэзияның мәңгiлiк екенiне көз жетерi аян. Дарынды ақынның шығармашылығы ғана емес, өзгеге ұқсамайтын ерекше өмiрбаяны да өз елiнiң телегей тарихының арнасына барып қосылатын алып дарияға айналатыны еш дәлелдеудi қажетсiнбейтiн ақиқат. Ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылық әлемi де қазақ тарихынан бөлiп қарастыруға көнбейтiн бiрегей, нағыз тылсым әлем. Сондықтан да әрбiр жаңа ұрпақ ақынның сырлы, бұла, адуын поэзиясына жаңаша көзқараспен үңiлiп, өзiнше ой түйедi. Сондықтан да әдебиет сүйер қауымның ортасында "Фаризаның феноменi" деген ерекше таным-түсiнiк қалыптасқан.

Белгiлi жазушы Мағира Қожахметованың осыдан отыз екi жыл бұрын — 1978 жылы дүниеге келiп, бұған дейiн еш жерде жарық көрмеген "Ақын табиғаты" атты мақаласын газетiмiзде жариялай отырып, Фариза Оңғарсынованың "Шiлде" жинағы — осы күнге дейiн қазақ поэзиясының ең шоқтықты, өресi биiк үлгiлерiнiң бiрi болып қалғанын айта кетудi жөн санаймыз.

Редакциядан

Өз демiнiң аясында өлең өлкесiне әркiм әрқилы келедi. Ұяла-сыбырлап, зорыға-айғайлап, мұңын шаға сыңсып, екiлене жылап келетiндерi бар. Мың жыл, жүз, он жыл бұрын салынған даңғыл жолға алқынып-күшене бiр жетiп алып, бiрыңғайда соғар желдiң ығында жуас мiнезбен жайбарақат желдiртiп өтетiндерi көп. Көрген-бiлгенiн "көсемдiкке" балап кәдiмгi қарабайырлықты еселеп үрлейтiн, арзанды үш қайтара бағасын өсiрiп "сататын", қаламын оңды-солды сермеп, талғамсыз сайрайтындары тiптi көп. Өмiр — сарынды қиялына, еркiне көндiрiп, өзiндiк ырғаққа түсiрiп, өз даусымен шырқайтындары некен-саяқ.

Өмiр — тарих — уақыт ағысының бұрқ-сарқ, аумалы — төкпелi, арынды-асау иiрiмдерi астында тұңшығып қалмай, небiр сұрапыл дауылдардан кейiн де дарияның бетiне жүзiп шыға алатындары, қай кезде де өрлiгiн жоғалтпай, поэзия аспанында туы желбiреп қалатындары мүлдем аз. Дүниенiң төрт құбыласына құшақты қатар жайып әуреленбегенде, әрiге жармаспағанда, өз топырағымыздан алғанда — Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Қасым, Олжас, Төлеген, сол некен-саяқтың өзi. Бұлардың қай — қайсы да кенезесi кеуiп-кеберсiген, сахараның үстiнен дүркiн-дүркiн жауып өткен нөсер жауын iспеттес. Соңғы он жылдың көлемiнде осындай нөсер жауынымен түйдектеп кеп, арай — шуақ — дүлей — найзағай жырларымен ел-жұртын сусындатқан Фариза Оңғарсынова, жаңағы айтқан некен-саяқтың қатарына қосылады. "Марғау, бейжай дүниенi сiлкiндiрiп, бiр таң қылмай мен, сiрә басылмаймын" деп, "дауыл күнгi дарияның күшiндей" толғаныспен келген Фариза жырларының тақырыбы жан-жақты, пафосы биiк, айтары ақиқат.

Қазiр неге баймыз: таудың заңғарлығын, даланың дарқандығын тамашалайтын, гүлдiң үлбiрегенiне, сұлу бойжеткеннiң жанарындағы ұшқынға тым-тым елжiреу, яғни көзiне iлiнгендi буын-буынға бөлiп, тiзiп берген "әдептi, тәртiптi" өлеңге баймыз. Мұндай тәртiптiлiкке" бағынбайтын Фаризаның "бәрiн де батыл жырлайтыны", "қуаныш, қайғыға батып жырлайтыны", "күйбеңге мойын ұсынбайтын; мөлдiр сезiммен ойын шыңдайтын; төмендегi у-шудан биiк тұратын" жыр бұлағы шын мәнiсiнде, "көкжиектi бетке алып" даланы дөңгелетiп құлдыраған "ақбоз аттай" елес бередi.

Заман лебi, адам баласының қаһарман тұлғасы, ғасырдың "дауылды" көңiл күйi Оңғарсынова жырларының басты өзегiн құрайды. Тақырыптық кең ауқымы творчествосының негiзгi байлығы. Тұма бұлақтан таралған өзектердей оның жырлары табиғат болмысына тәннiң бәрiне дари-сiңiп жатады, немесе соның бәрiн бойына сiңiрiп жатады. Отан, дала, туған ел, ұрпақ туралы толғаныстарынан дәуiр келбетiн, мысы күштi адамның келбетiн айрықша сезiнемiз.

Жаратылысынан жақсылыққа құштар Адамның әлемдiк деңгейдегi тебiренiсi: әдiлетсiздiкке төзбейтiн адалдығы, зұлымдыққа төтеп берерлiк қайсарлығы, кейде адасып құлап та, алданып, жаны шарқ ұра жанталасып та қалатын, сүйе алатын, сүйiктi де болуға құдiретi жететiн, сене де сендiре бiлетiн, күресе де жеңе бiлетiн Адамның мазасыз жан-дүниесi — "Шiлденiң" мазмұнын тереңдете қоюлатып тұр.

Оның даласының "мұнаралары шаншылса аспанды ұрып, тайталаса алмай қалады асқар бұғып. Жанартаулары лапылдап, отты алаулары — жанары жасық жандарды жасқандырып" тастаса, қаласының сұлулығына сұқтанған алтын ай көктен қарайды, "зәулiм үйлерге әрең асылып". Поэтикалық сурет арқылы "ұлы iстердi дүбiрлеткен" замандастарымыздың, "қараңғы түнгi найзағай жарқылдарынан, қасиеттi даланың бал кұндағынан" от алған жастықтың жалынын кешемiз. "Жесiр мiнездi өмiрдiң дүлей дауылдарына көмiлiп, құрып кетуге шақ қалған" өткенiмiздiң, "қараңғы әлемдi өктемдер мен сотқардан" азат қылған әкелерiмiздiң, "сонау бiр армандары асқақ аталарымыздың" рухын, "өктемдiктерге бас бұрмай" тек қана қиындыққа жүгiнетiн асау толқын — өзiмiздiң жүрек лүпiлдерiмiздi жыр жолдарынан сезiмталдықпен аңғарып, мұңаямыз, қуанамыз, күрсiнемiз, өкiнемiз, мақтанамыз.

Терең публицистикалық сипатта толғау Фариза поэзиясына негiзiнен тән қасиет! Бұл әсiресе "Қарғыс" және "Қасiрет пен ерлiк жырында" ерекше көрiнiс тапқан. Азаматтық кең көсiлуi, философиялық танымы мен логикалық шымыр түйiндеуi бұл туындыларында даралана атойлап тұр. Формалық жағынан да бұлар бөлек дүние. Көркемдiк бояуы қою, iшкi астары қалың.

Ой желiсi таңғы самалдың лебiндей есiп, бейқам көңiлiңдi селт еткiзе оятып алады да бiрде арындап, бiрде саябырлап, ендi бiрде мүлдем кемерiнен асып-төгiле тасқындап, тұтаса жалғасады. Осы тұтастықтың бойынан қилы-қилы ырғақта өрiлген сезiм иiрiмдерi бейнебiр қан-тамырынан тарамдалғандай. Адамзаттың қашаннан азаттыққа құштарлығы, әлем аясында әлi де теңдiкке жетпей жанталасқандардың тiстенiп қалмай, ашық күреске шығуы, жалпы адам болмысының жаратылысынан еркiндiктi, бостандықты аңсауын "Қарғыста" ақ пен қара бояудың көзге ұрар реңiнде айшықталады.

Ақынның патриоттық рухын "Қасiрет пен ерлiк жырында" одан сайын тамырын тереңге жайып, елдiк пен ерлiктiң туын небiр жауыздықтар мен зұлымдықтың талқысынан арашалай аспандатып әкетедi. Мұнда бәрi бар: төбе шашыңды тiк тұрғызар "қан сасыған уақыт демiн" елестетудiң өзi қиын суреттерi көзалдыңнан тiзбектеле өтiп, ащы ақиқат болып ақтарылады. Жалаң ақылмен емес, жаныңды қайрайтын көрiнiсiмен, жүрегiңдi шымырлатар жанталас сезiмiмен, ойыңды байытар мазмұнымен "Қасiрет пен ерлiк" жыры трагедиялық деңгейде көтерiлiп, оптимистiк гимн сипатында аяқталады.

Табиғат — тiршiлiк ешқандай ұғымның уысына симайтын құбылысқа бай. Оның мәңгiбақи өзгермейтiн қозғалыс-сарынында адам баласының қиял-арманы, түйсiгi, сезiмi, болмысы қым-қуыт сырымен, құпиялығымен әр кезеңде түрлi ыңғайда, түрлi ырғақта толықтырыла ашылып отырады. Бәрiбiр бiрақ пенде атаулыға тән жәйттер ешқашан зерттелiп-бiтпек емес. Адамның бойындағы шегiне жетiп болмайтын қасиеттерге тереңдеп-бойлауда Фаризаның ақындық танымы өзгеше.

Бiр қарағанда, бүткiл поэзиясының негiзгi лирикалық кейiпкерi тым тәкәпар, тым өр, тым астам, тым-тым тентек көрiнетiнi рас. Өкiнiшiнде, қуанышында, қайғысында, жалғыздығында, бақытында жаңағы айтқан лирикалық кейiпкердiң қандай жағдайда да, тiптi "аласарса да ешкiмге ұқсамайтын сезiмiмен көңiлдердi биiктететiн" дара қасиетi үйретiлмеген тағы сәйгүлiктiң осқырына ойқастап, бойына дарытпақ түгiлi жалына да жуытпайтын асаулығын еске түсiредi.

Осынау асаулықтың түп-тамырындағы көл-көсiр нәзiктiктi, жiбектiң сусылындай майда үндi, мөлдiрлiкке тұнған әлсiздiктi бiрте-бiрте қабылдаймыз. Байқаңызшы: "Елтiме бар жаныңмен құлап маған, сеземiн — ұнап барам. Тәкәпарлау, өр болып көрiнгенмен, мән сәтте жылап қалам — көңiлiм жыраққа алаң", "тек өзiңнiң алдыңда (сенiң ғана) балаға ұқсап қаламын жаутаң қағып", "көзiмдегi ойнақы мысқылымды, тиген жерiн өртейтiн ыстығымды жұрдай еттiң. Құдай-ау, қайда кеткен менменшiлдеу бойдағы күш бұрыңғы?!", "есiм кеткен, өртенген сағыныштан… бiрақ ешкiм озған ба жазымыштан", "сен маған көктем боп кел нәзiктеу жанымды ұғатын, отты махаббатыңмен өктем боп кел, асқақтығымды табындыратын", "тыңдашы, жан досым-ай, бiз ендi жүремiз бе мәңгi осылай: екi жақта жалғыздан жылап-күлiп, бiрiмiзге-бiрiмiз құлақ түрiп", "бiлмейдi жұрт (бiлмесiн көңiл емiн) менiң барлық бал қылығым, нәзiктiгiм сенiң ғана алдыңда төгiлерiн"; — бұның бәрi-бәрi сiзге де етене таныс, етене жақын, әттең тек айта алмай жүргенiңiз, iштен сезiп жүргенiңiз, тiлсiз мойындап жүргенiңiз өзiңiзге ғана аян едi ғой. Жан дүниеңiздiң әлдебiр қалтарысында жасырынған толып жатқан жұмбақтардың шешiмiне тап келгендей хал кешесiз.

Лирикалық кейiпкердiң құлай сүюi, құлай сенуi, қаласа "құлай сүйiп көрмеген" жүректердi "алқындырып", "құздан құлап көрмегендердi" "көкке сүйреп, сонан соң Айдан жығып, шеңберлермен шектелiп жаутаңдаған жасқаншақтық барлығын қайран қылып", сүйiктiсiнiң тiрлiгiн "бiр өзi жайлап" алып, "ақ сезiмдi алдына селдететiн" құдiреттiлiгiне әрi қызығасыз, әрi құптайсыз. Өйткенi мұның бәрi сiздiң де қан-тамырыңызда бүлк-бүлк тыныстап, есiңiздi бiлгеннен санаңызды сарғайта мазалап келе жатқан сауалдар.

Шынында да "жүрек құрғыр құрметтi ескере ме, не атақтан сескене ме: қайтем, сенен жанымда түк қалмады — қуаныш та, қайғы да, ештеңе де!". Шынында да "мүмкiн бұдан жанында мұң қалары — ер жiгiттiң намыс қой бiр жарағы. Құлай сүйгiзе алмаудан, сүйе алмаудан сезiмдер былғанады". Шынында да!

"Құбылмалы өмiрде" өзгермейтiн ештеңе жоқ. Бiр кезде өлiп-өше сүйгенiңе салқын тартсаң, кеше қадала қараған сұлу жiгiт бүгiн сенi байқамаса, қатал тағдыр "қимасыңмен мәңгiге қоштастырып", сағыныш пен өкiнiштен iшiңде "қайғың ұлып" жатса, бұған кiмдi кiнәларсың. Сондықтан да Фаризаның кейiпкерлерi бiр-бiрiн айыптап, оттасып-соттасып жатпайды, бiр бiрiне дiлмәрсiп, ақыл айтпайды, бiр-бiрiне сезiмсiз-себепсiз маталап, аярлықпен, алданумен ғұмыр кешпейдi. Олардың тiрлiгi соншалықты шынайы, тыныс лебi, демдерi соншалықты таза, не iстесе де адалынан ақтарылып, ағынан жарылады. Поэзия адамды тәрбиелейдi десек, сiрә, осы тұрғыдан ғана әсер етсе керек. Жалпы iшкi байлықты, iшкi мәдениеттiлiктi, iшкi сезiмдi тереңдетiп-дамытуда басқалай ықпал жасау қиын. Жыр шумақтарынан асқан сүйiспеншiлiк тазалығы, мұң назы, өкпесi, қарым-қатынастардың бiркелкi әдептiлiгi, жанарлардағы ұшқындардың оттылығы, құштарлықтың мөлдiрлiгi, сай-сүйегiңдi сырқыратар музыкадай әмiрiн жүргiзе алса ғана, мiне, поэзия құдiретi.

Ақынға баяндамашы — шешен, әдiл қазы, әйтпесе зорлық-зомбылықтан ақтап қаларлық арашашы болудың қажетi шамалы. Өмiр — өнерде бұларды iске асырудың басқа да түрi, амал-айласы, әдiсi өте көп. Бiрақ олардың ешқайсысы да адамзаттың ақыл-ойына поэзия-музыкадай құдiретiн жүргiзе алмайды. "Пай-пай шiркiн, неткен асқақтық, неткен жомарттық" деп бас шайқасып, "аялайық әйелдi, өмiрдiң гүлi ғой" деп елжiрей-емiренiп, "бұ дүниеде достықтан қымбат ештеңе жоқ" деп ақылгөйсiп, "тiршiлiк неткен ғажап ең" деп жалаң тамсанған, бiрыңғай дидактикамен" "жасалған" өлеңнiң құны оқырман үшiн бiр тиын.

Қазiр ақындардың оқырманын емес, өздерiнiң тамсанып, таңқалуы шектен тыс басым. Сөз — оқпен атудың орнына сол сөз — оқты әрлi-берлi аударыстыра қызықтау жиi ұшырасып жүр. Көп жағдайда, бiз, оқушы қауым ақынның өлең-дарияның жағалауында (онда да дауылсыз күнгi) жүзген сыңай танытып, "тұншыға шашалып", жүрген көңiл-күйiн болымсыз тамашалауға мәжбүрмiз.

Жарық дүниенiң сәулесiн, жер бетiнде өмiрдi, тағы да өмiрдi "қол шапалақтап" айғақтаудан гөрi Фариза мұның бәрiн қайшылығымен, қақтығысымен, бiрде жұпар, бiрде жағымсыз иiсiмен, бiрде ащы, бiрде тәттi дәмiмен, бiрде шуақ, бiрде арай, бiрде нөсер, найзағай — тiршiлiк болмысына тән мiнез-қасиеттердi рет-ретiмен биiгiне көтерiп, шығандата шырқайды. Әлем-жәлем, әшекеймен алдандырмайды, оқушысын таңдай қақтырып, татымсыз тамсандыруға да бейiм емес.

Қандай тақырыпқа барса да "қайғылы, шерлi жанымен, жүректен аққан қанымен, бойдағы қайрат ағынмен" жазатын ақын адам баласының қажырлы да қайсар тұлғасын дәрiптеп, оның ерлiгiн, еңбегiн, отты махаббатын, пәктiгiн, шыншылдығын жоғары қояды. Ел мен жерге деген азаматтық сезiм, Отанға ризалық алғыс, толқындас құрбыларымыздың дүбiрлi екпiнi, дала мен қаланың көркейе жаңғыруы, ғасырдың беймаза тынысы ақынның тарихпен, болашақпен, мәңгiлiкпен үндесуi болып тұтасады.

Демiнiң аясында өлең өлкесiне әркiм әрқилы келедi десек, олардың бiрен-сараны ғана табиғи мүмкiндiгiн жан-жақты ашып, ұзаққа шырқай алады. Уақыттың темiр таты сарғайтпайтын саф поэзияның алтын қорын байыту кез келген ақынның емес, суреткерлiк деңгейге көтерiле алар мүмкiндiгi бар жекелегендердiң ғана арманы. (Армандау үшiн де ең алдымен бiраз нәрсе тындыру керек).

Қандай түпсiз тұңғиыққа тас байлап лақтырса да дес бермей бетiне шығатын, қандай құйын, борандардан кейiн де бояуын солғындатпайтын (даламызда шашыла-жайылған мазарлардың, құлпытастардың, күмбездердiң ашық аспан астында жүздеген жылдардан берi өрнек бояуын жоғалтпай келе жатқаны сияқты), тарихтың қандай да тепкiсiне төзетiн өнер керек халқымызға. Сондай сыннан өтiп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болу бақытын иемденген Құрманғазы, Махамбет, Абай сынды ұлы тұлғалардың өлшемiнде шектелсек, бүгiнгi күннiң жағдайында, мүмкiндiгiнде бұ да аздық етер едi.

Асқаралы — ақындық құздың алғашқы ең қиын, ең қатерлi асуынан алқынбай өткен, соңынан iлескен, "асау толқыны" бар Фаризаның қазiргi кезеңде өзiндiк бағыты қалыптасып келедi. Жастардың арасында оған елiктеп жататындар да, одан үйренiп жазатындар да көп. Әрине, бұл толысу, кемелдену, шегiне жету емес. Мұның бәрi-бәрi оның алысқа, мүлдем алысқа ақындық көзбен қадала қарап, былайғы сәттен бастап шеберлiк шыңына суреткер ретiнде бет бұруының нық белгiсi. Уақыт желiнiң адуын екпiнiне бағынбайтын, құбылмалы ауа-райының ыңғайына құламайтын белгiсi. Ешқашан тозбайтын белгi.

Шiлде, 1978 жыл

Мағира Қожахметова

Серіктес жаңалықтары