ЕЛIМ ДЕГЕН ЕР БОЛАР МА ЕКЕНСIҢ?!.

ЕЛIМ ДЕГЕН ЕР БОЛАР МА ЕКЕНСIҢ?!.

ЕЛIМ ДЕГЕН ЕР БОЛАР МА ЕКЕНСIҢ?!.
ашық дереккөзі
250

Григориан күнтiзбесi бойынша тағы бiр жыл он екi айды артқа тастадық. Қазақтың Наурызы табалдырықтан аттап, төрiмiзге озғанша, ескi әдетпен 2009 жылғы iс-әрекетiмiз бен қайраткерлiгiмiздiң нәтижелерiн сарапқа салып, қорытындылай бермекпiз. Ендiгi сүйекке сiңген әдет бұл. Дегенмен, Наурыздың ақ таңы атқанша, сиыр жылының қателiктерiнен сабақ алып, күн мен түн теңескен, арқа-басымыз кеңiген күнге дейiн ой-сананы тазартып алған да дұрыс-ау.

Өткенге салауат айтатын әдетiмiз тағы бар. Алдағы күннен тек жақсылық күтемiз. Болашақтың бүгiннен басталатынын ескерсек, ертеңгi күннiң қандай болатыны қазiргi iс-әрекетiмiзге байланысты екенi түсiнiктi емес пе?

2010 жыл – мемлекетiмiз үшiн үлкен сынақ жылы болғалы тұр. Өйткенi, өзiмiз ат пен түйедей қалап, "сұрап" алған Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төрағалық етудiң кезегi бiзге келдi. Қазақстан 18 жылда бодан елден тәуелсiз мемлекетке айналып, ендi Кәрi Еуропаның қақ төрiне барып, мемлекеттiк қауiпсiздiк мәселелерi жөнiнде өз тәжiрибесiмен бөлiспек. Бұл жолда абыройлы бола аламыз ба, жоқ па? Бұл Қазақстан билiгiнiң халықаралық қатынастардағы сұңғыла саясатына ғана емес, ел билеудегi көрегендiгi мен патриоттығына да байланысты.

Патриотизм туралы әңгiменi газетiмiздiң 2010 жылғы алғашқы санынан бастап отырғанымыз тегiннен тегiн емес. Ендiгiде қазаққа, мейлi ол ел билiгiнде жүрсiн не қара шаруа болсын, ПАТРИОТ болмасқа қайран жоқ. Елдi шырмауықша ораған сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою үшiн — шенеунiктер патриот болулары керек, елдiң қауiпсiздiгiн жан-тәнiмен қорғап қалуы үшiн — әскердегi солдаттар патриот болулары керек, қазақтың мемлекеттiгiн нығайтып, жаңа ғасырда дамыған елдердiң қатарына iлiндiруi үшiн де жас ұрпақ патриот болып өсуi қажет!

Патриот ұл ешкiмге құл болмайды! Ол үшiн әуелi балабақшадағы бүлдiршiндердiң тәрбиесiне алаңдасақ керек. Қолын жүрек тұсына қойып, Қазақстан мемлекетiнiң Әнұранын айтып тұрған бүлдiршiн шын мәнiнде тәуелсiз қазақ елiнiң азаматымын дегендi сезiнiп өсе ме? Туған тарихын ардақтап, туған тiлiн құрметтеп, дәстүрiн мақтаныш ете ме?

Жас ұрпақ тәрбиесi туралы айтқанда, өзiмiздiң үлгi-өнегемiздiң ықпал-әсерiн естен шығарып аламыз-ау осы. Мұндайда екi көзiмiзбен жер шұқып қалатынымыз да бар. Өткенде редакцияға қазақтың бiр зиялы азаматының қызы телефон соқты. Мемлекеттiк тiл мәселесiн Парламенттiң мiнберiнен болсын, баспасөз беттерiнде болсын, ашына айтып-жазып, алаөкпе болып жүрген абыройлы ағамыздың қызы… қазақша тiл сындырмаған екен. Бiз қазақша, ол орысша сөйлеп, әрең түсiнiстiк. Қазақша бiлмейтiн адам қазақ газетiнiң редакциясына зәру жағдайда ғана хабарласады емес пе, оған мұндай тапсырманы бергенде осы шикiлiктi ескермеген әкесi үшiн ол емес, бiз ұялдық.

Ұят! Бүгiнгi қоғамда архаизмге айналуға шақ қалған ұғымдардың бiрi сияқты. Ауылдың қарапайым кiсiсi — шешемiз бiздi "Ұят болады!" дегендi талмай айтып жүрiп өсiрдi. Қазiрдiң өзiнде балалық санаға сiңген осы қасиеттi сөз әлдеқандай жағдайларда кенеттен өре түрегелiп, құлағыңа сыбыр болып естiлгенде, селк ете қаласың.

Өзiн қазақтың мұңын мұңдайтын зиялы қауымның қатарына қосқан азаматтар отбасы, ошақ қасында қанасынан шыққан баласымен өзге тiлде шүйiркелесiп отырғанда, құлағына "Осыным ұят-ау!" деген сыбыр естiлмейдi ғой, шамасы!

Осыдан екi нөмiр бұрын газетiмiзде қазақтың белгiлi жазушы-журналисi, майдангер ардагерiмiз Әзiлхан Нұршайықовтың сұхбаты жарияланды. Сөзбе-сөз келтiрсек: "Төрт балам да орта бiлiмдi орыс мектептерiнде алды. Оған өкiнемiн, әрине. Оның есесiне немерелерiмнiң бәрi қазақ мектептерiн бiтiрдi. Олар қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде бiрдей сөйлейдi. Сол маған дәтке қуат" дейдi ақсақал.

Ағынан жарылу, арылу деген осы!

Сондай-ақ, мемлекеттiк балалар мекемелерiнде мемлекеттiк қадағалау жоқтың қасы. Қағанағынан жаралған баласын тастанды еткен ата-ананың болуы да — елдiгiмiздiң олқы түсiп жатқандығынан.

Ертеректе туа бiттi тас жетiм баланың өзi туған елiнен жерушi ме едi?

Тастанды балалардан бөлек, сот арқылы көзi тiрi әке-шешесiнен айрылған балалардың саны да артып келедi екен. 2008 жылы 854 баланың әке-шешесi ата-ана құқығынан ерiксiз айрылған. Жалпы, Қазақстанда қазiргi таңда 12 000-ға жуық сормаңдай отбасы бар екен. Олардың ата-аналары не iшкiш, не есiрткi тұтынушы, басқаша айтқанда, терiс жолға түскендер деген сөз.

Осыдан соң мемлекеттiк деңгейдегi бала тәрбиесi туралы қалай сөз қозғарсыз?

Дегенмен, "бала — болашағымыз" дегендi қайта еске түсiрмесек болмайды. "Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе!" деген Әуезов ақсақалдың сөзi ендiгiде тiптi өзектi.

Балабақшадағы бүлдiршiн құлдық санадан алшақтап, туған елiне қызмет етер ПАТРИОТ ҰЛ болар ма?

Бұл, ендi өзiмiзге байланысты.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары