ВИЦЕ-МИНИСТР ҚЫТАЙҒА ЖЕРДIҢ ЖАЛҒА БЕРIЛМЕЙТIНДIГIН АЙТАДЫ
ВИЦЕ-МИНИСТР ҚЫТАЙҒА ЖЕРДIҢ ЖАЛҒА БЕРIЛМЕЙТIНДIГIН АЙТАДЫ
Былтырғы жылдың соңына қарай "Central Asia Monitor" газетiнiң интернет-сайтында Ауылшаруашылығы вице-министрi Арман Евниевтiң "Шумиха вокруг продажи земли китайцам кому-то на руку" атты сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта Ауылшаруашылығы вице-министрi Арман Евниев 1 миллион гектар жердiң Қытай шаруаларына жалға берiлмейтiндiгiн айта отырып, екi ел арасында бiрлескен кәсiпорын құрылатындығын жеткiзедi. Вице-министр инвестициялық жоба деп атаған бұл келiсiм-шарттың сұлбасы ендi ғана дайындала бастапты. Әзiрге нақты қандай қадамдар жасалатыны анық емес. Арман Евниев әуелгi маңызды мәселе ретiнде бұл бiрлескен кәсiпорындардың бақылау пакетiнiң Қазақстан жағында болуын атайды. "Ал, жердiң қандай бiр Қытай компаниясына сатылуы жайында әңгiме мүлдем айтылып отырған жоқ. Бiрiншiден, бұл бiздiң заңымызға томпақ, екiншiден, бiзде мұндай көлемде бос жатқан жер де жоқ. Әңгiме — ұзақ мерзiмдi инвестициялық жоба жайында болып отыр. Қазiр бiзде егiстiк жерге қағаз жүзiнде ие болып отырғандар жеткiлiктi. Бiрақ, бұл жерлер иесiз жатыр. Себебi көп: бiреуiнде арық бiтелiп қалған, екiншiсiнде су жоқ, үшiншiсiнде каналдар iстен шыққан дегендей. Бұл жерлердi iске қосуға болар едi. Бiрақ, сiз оларды ауылшаруашылығына айналымға енгiзу үшiн қанша қаржы талап етiлетiндiгiн елестете де алмайсыз. Бұны мемлекет шеше алмайды. Сондықтан да, тығырықтан шығудың жолы — Қытай серiктестерi арқылы инвестициялық жоба жасау болып отыр. Қытай жыл сайын 40 миллион тонна сояны импорттайды. 2015 жылы бұл 50 миллион тоннаға дейiн жетуi мүмкiн. Бұл үшiн Қытай кәсiпорындарымен келiсiм-шартқа отырамыз. Бұл тұста жердi сату мәселесi немесе Қытай фирмаларына жердi жалға беру мәселесi сөз болып отырған жоқ. Әрине, оларды айналымға енгiзу үшiн iрi көлемде несие қажет, бұл жағдайда жер үлесiнiң кепiлге қойылуын жоққа шығармаймыз. Бiрақ, бұл бар болғаны Қазақстан азаматтарының арасындағы құқықтық мәселе ғана. Қытай тарапының бұл жерге еш қатысы жоқ", — дейдi ол бұған дейiн Қазақстан қоғамын шулатқан мәселе жайында түсiнiк бере отырып.
Вице-премьер Қазақстанның ауылшаруашылығының және фермерлердiң Қытай инвестициясына аса мұқтаж болып отырғандығына баса назар аударған. Ауылшаруашылығы өнiмдерiн сату мәселесi де проблема болып отыр екен. Арман Евниев, сонымен қатар, қазақ даласына қытай шаруаларының ағылатыны туралы ақпаратты да жоққа шығарады: "Бар болғаны, агрономдарды қайта даярлаудан өткiзiп, өнiмнiң дұрыс сортын таңдап, жердi қайта өңдеу керек. Яғни, ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерде бiздiң дихандар жұмыс iстейтiн болады" деген екен. Шенеунiктiң мәлiметiне сүйенсек, Қазақстанда 1,3 миллион гектар егiстiк жер жеке иеленушiлердiң қолына өтiп кеткен. Ал Қытай мен Қазақстанның бiрлескен ауыл шаруашылығы кәсiпорындары көкөнiстердiң орнына соя мен рапс егудi жоспарлап отырғандығы да айқын болды.
«Бiр тонна сояны өсiрудiң өзiндiк құны — 140-60 доллардың айналасында. Тасымал құны — 13-14 долларды құрайды. Қытай жағы сояның тоннасын — биржалық бағамен, 400 доллар айналасында сатып алуды ұсынып отыр» — делiнген сұхбатта.
Бұл жоба Оңтүстiк Қазақстан облысында бастау алмақ екен. Қытай сояны өңдеу мәселесiн де Қазақстанда жүзеге асырмақ көрiнедi. Қазақстаннан сатып алынған сояның 80%-ы шетелдiк рынокқа шығарылмақ. Соядан өзге Қытаймен бiрлескен кәсiпорындар жүгерi өсiрудi қолға алмақшы. Демек, Қытай диқандары емес, инвесторлары Қазақстанның ауылшаруашылығы рыногын жаулап алуы әбден ықтимал болып отыр.
Есенгүл Кәпқызы