ЖАҚҰТ ЖЫРДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ

ЖАҚҰТ ЖЫРДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ

ЖАҚҰТ ЖЫРДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ
ашық дереккөзі
748

Көкорай шалғын, көкше белде белуардан шық кешiп, асыр салып ойнап өскен даланың қара баласы дала жайлы толғанып, сайын даласы жайлы тебiренiп өлең жазса, жүрегiнiң бiр бұрышында туған ауыл тұрады. Сонау зеңгiр аспан төрiнде қалықтап құйқылжыта сайрап, көңiлдi көкке көтеретiн қаншама әуенге салған бозторғай үнiн айтсаңшы?! Сезiмiңе сезiм, шабытыңа шабыт қосып, ғаламат бiр күйге түсiрерi хақ. Осындай табиғат кереметiн көзбен көрiп, көкiрегiне құйып өскен Әнуарбек Әуелбек жас шағынан көркем әдебиетке ерекше құмар болды әрi өз жанынан өлең де шығара бастады. Табиғат тылсымының сырын ашып, құпиясын меңгеруге тырысқан қара домалақтың талпынысы, тынбай iзденiсi, жемiссiз болған жоқ.

«Ауылға қолым жетпей жүр менiң,

Бара алмай жүрмiн ауылға.

Ауыл дегенiм – өткен күндерiм,

Түсiнбедiң-ау соны да…

Ойнақ салсам-ау бала боп бiраз,

Басылар ма екен мауқым.

Көңiл төрiнде дала жатқаны рас –

Суырып тұрар майы құм», –

деп Әнуарбек ақын ауылға деген сағынышын ақ қағаз бетiне дәл осылай өлең жолдарымен түсiрiптi. Өлеңде жан жүрегiнен шыққан ыстық сезiмi төгiлiп тұр. Қайта оралмас шақ. Ақын жаны сол кездi көксейдi. Ендi бiрде ол:

«…Талай көрiп бұ тiрлiктiң тепкiсiн,

Жүген жылдар бiр басымнан өттi шын.

Iлкi сәтте жырға айналса ой-сезiм,

Ұлы ауылға бас игенiм деп түсiн», –

деп ағынан жарылып, жанын толғандырып жүрген ойын өте әдемi өрнектеп жеткiзедi. Өлең талабы да орнықты орындалған. Әр жолы он бiр, он екi буыннан тұрады. Қазақтың нағыз қара өлеңi! Бiрiншi жол «тепкiсiн» десе, екiншi жол «деп түсiн», – дейдi. Осы үш жол ұйқасып тұр. Нық басып тұрған ұйқас.

«Сары дала, жасыл өлке, қара құм,

Жан бiткен бе, әрбiрiнде бар ағын.

Түктi кiлем – тiршiлiктiң тұғыры,

Тоғыстырған тоғыз жолдың торабын»,

– деп Әнуарбек өзгеге байқала бермейтiн түктi кiлем төсiнен туған жерiн, сары даласын, жасыл өлке, қара құмын көрiп айырықша шабыттана түседi. Шабыттана отырып өлең жолына түсiрiп, тыңнан өзiне сүрлеу жол iздейдi. Сол iздегенi:

«Анау – асқар арман-таудың шыңдары,

Мынау – мөлдiр махаббаттың мұңдары.

Ашылмаған құпия көп кiлемде,

Тапқан сайын табылады, тың бәрi», – деп туған жердiң әсем табиғаты болып қаз-қалпында көз алдына келiп, көлбеңдейдi. Осының бәрiн ол кiлемнен оқып, көкiрек көзiне тоқып тұр. Бәлкiм, сырын жанымен жазу үшiн ақын жанына керегi осы ғана болар деген ой түйесiң.

«Жер бесiгiн тербетiп толқыны ұсақ,

Жағалаудың ашады ауқымы құшақ.

Шағыл құмы күнменен шағылысады,

Мойнындағы Ыстықкөл алтыны құсап».

Толқын емiрене түсiп, жер бесiгiн майда, жанға жайлы самалмен тербесе, жағалау оған құшағын айқара ашады. Ал, күнге шағылысқан құм Ыстықкөлдiң мойнына таққан алтын алқасы iспеттi. Азғана сөзге қомақты ой-мағына сыйдырып, сұлу көрiнiстi ақын ғана дәл осылай жырлай алса керек.

Махаббат тақырыбына қалам тербемеген ақын жер бетiнде кемде-кем болар, сiрә. Әнуарбек те:

«Сезiм боп туған екенмiн,

Жүрегiң – менiң мекенiм.

Ән болып қалқып ұшқанда,

Қондырмай қойсаң не етемiн,

Қона алмай қайтiп кетемiн?» – деп мұңаяды.

Әнуарбек Әуелбек шайырдың шығармашылығында адамгершiлiк, инабаттылық, кiшiпейiлдiк жайы да қалыс қалмайды. Ол «Тұрды көкем» атты өлеңiнде:

«Ауылдағы ағайын Тұрды көкем,

Бөле-жарып көрмеген бiрдi бөтен.

Бар баланы тартатын бауырына,

Қария боп ең соңғы ауылына да

Бiр ғана өзi қаларын бiлдi ме екен».

Ауыл әдемi едi. Бiрақ күнi кеше ауылды көңiлдi күлкiге көмген барша бала жан-жаққа тарап, қартайғанда қоңыртөбел ауылда жалғыз қалу қандай трагедия! Өлеңде мұң бар, шерлi өксiк бар.

Қорыта айтқанда, ақын Әнуарбек Әуелбектiң «Ақ жауынды шақ»… атты туындысынан кейiн жарыққа шыққан «Жаныңмен жаз сырыңды» кiтабында жақұт жырлардың жарқылы аңғарылады. Туындыларын оқып отырғанда сыршыл өлеңге жаның елiтiп, сыбызғының сазына тербелгендей әсерде боласың. Дегенмен, өлең ұйқасында, буын санында кездесетiн бiрен-саран кемшiлiк те бар. Алайда, ол түзетуге толық болатын жайт.

Балтабай БҮТIНБАЙ, Қазақстан Журналистер

одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары