ҚАЗАҚСТАНДА ЗАҢСЫЗ НАУБАЙХАНАЛАР КӨБЕЙДI

ҚАЗАҚСТАНДА ЗАҢСЫЗ НАУБАЙХАНАЛАР КӨБЕЙДI

ҚАЗАҚСТАНДА ЗАҢСЫЗ НАУБАЙХАНАЛАР КӨБЕЙДI
ашық дереккөзі
244

Қаржылық қолдаудан шет қалғандар заңсыз бизнеспен айналысуға, салық төлеуден жалтаруға, «көлеңкелi бизнестi» көгертуге бейiм келедi. Биыл астықтың арзандауы елiмiздегi заңсыз наубайханалардың көбеюiне себеп болып отыр.

Биыл бидайы бiтiк шыққан Қазақстанда ендi заңсыз пайда табуға көшкен шағын наубайханалар қиындығы туындады. Салықтан жалтарғандардың ақшасы қалтасында қалатыны белгiлi. Сондықтан нанды дүкендерге iрi нан зауыттарына қарағанда, 20-25 пайыз арзан сататын наубайханалар iргелi кәсiпорындарға кәдiмгiлей бәсекелес болып отыр. Астық өңдеу және нан пiсiру одағының басшысы Евгений Ганн отандық нан нарығының 30 пайызын заңсыз әрекет ететiндер жаулап алғанын көлденең тартты. Ол астық бағасы күрт төмендей сала, бiрсәттiк пайданы көздейтiндер жаппай нан жабуға көшкенiн айтады. Арзан нанды көбiнесе шағын дүкендер сатып алады екен. Бiркүндiк жұмыс орны ретiнде ашылған мұндай наубайханалардың мекен-жайы, орналасқан жерi, өнiмдерiнiң сапасы туралы дерек болмайтыны анық. Мамандардың айтуынша, шағын наубайханалардағы қызметкерлер саны көбiнесе екеумен шектеледi, олардың санитарлық кiтапшалары жоқ, қамырды қолдан илейдi, дүкендерге тарату мiндетiн жалдамалы жұмысшыларға артады, нан темекiлерден босаған қораптарға салынады. Ал iрi нан зауыттары санитарлық-эпидемиялық станса қызметкерлерiнiң бақылауынан өтетiндiктен, өнiмдерiнiң сапасын мемлекеттiк стандарттарға сәйкес өндiруге тырысатыны белгiлi. Мысалы, iрi зауыттар бiрiншi сортты ұннан пiсiрiлген нанды 42-44 теңгеге таратса, заңсыз наубайханадағылар 30 теңгемен (яғни, 12 теңгеге арзан) шектеледi. Зауыттардағы өнiмдiлiк қарқыны мен сұраныс деңгейi 20 пайызға төмендеуiне керi әсер еткен де – заңсыз наубайханалар. Бұрын тәулiгiне 12 тонна ұнды пайдаланғандар бүгiнде 9 тоннаны қанағат етуде. Есесiне, олардың екi есе арзан өнiмiн дүкен сатушылары қымбатқа сатады. Дүкен сөрелерiндегi нан бағасының өзгерiссiз сақталуы сондықтан. Сырт қарағанда, қымбат наннан еш айырмашылығы жоқ бөлкенiң iшiнде не бары белгiсiз. Мамандар «астық бағасы қымбаттаған сәтте-ақ оңай олжаға бас қойған заңсыз наубайханалар өздерi-ақ жабылып қалады, өйткенi, бәсекелестiкке төтеп беруге қабiлетсiз» деген пiкiрде. Ұлттық қордан бөлiнген қыруар қаржыдан қағылғандар мен орасан зор сомадан үмiтiн мүлде үзгендер осылайша мемлекеттiң «көлеңкелi бизнесiн» көгертiп жатыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары