Әбiш КЕКIЛБАЕВ: ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ

Әбiш КЕКIЛБАЕВ: ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ

Әбiш КЕКIЛБАЕВ: ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ
ашық дереккөзі
628

«Ең алғаш – Сөз пайда болған…» деген тәмсiл бағзыдан айтылып келедi. Басқа-басқа, сөзi басқадан ұзынырақ қазақ қашан да бұл жағынан жетiмсiздiк көрмесе керек. Жетiспестiк болса, дәйiмде не айтпақтығы – ойы мен өресi, қалай айтпақтығы – көркемдiгi мен көсемдiгi, қашан айтпақтығы – дер шағы мен кем шағы, кiм айтқандығы – аузының дуалылығы мен салымдығы дегендей … тұстардан сүрiнiп жатпаса.

Мұхит-Мұхаңды – Мұхтар Әуезовтi көрiп-тыңдауды нәсiп етпеген бiздiң буын үшiн Қазақ Сөзiнiң Иесi де, Киесi де – Әбiш аға (Кекiлбайұлы). Тiрлiктiң берiсiнде жақсы атамайтын, әрiсiнде жаман демейтiн ағайын-бауыр кешiрсiн, Әбекеңнiң қара сөзден қаймақ айырған Қаламгерлiгiн, билiк баспалдақтарының биiгiне жеткен Қайраткерлiгiн ешкiм жоққа шығармас, бiз үшiн ол оқып-тоқығандықтың шыңы, бiлiмдарлықтың шыңырауы – Дана, Данагөй. Бұрын мұндайда теңеу таппай қиналғанда тiл ұшына «энциклопедист» деген сөз сұранып тұратын, бүгiнгiнiң тақылдақ тiлiне салсақ – «суперкомпьютерлiк бас», «пәленбай мегагерцтiк жад» демеске шараң жоқ.

Ара-тұра дос-жарандардың «Әбекең жазбай кеттi» деген тiлек-наздарын естiмей жүргенiмiз жоқ. Неге жазбасын?!. Заманынан озып туған данагөй-абызымыздың соңғы 15 жылда жазған-сызғанының өзi жетi томды құрайды екен. Бүгiнгi күн тамыршысының сынаптай сырғыған айлар мен сындарлы жылдардың, ғасырлар тоғысындағы заманауи сiлкiнiстердiң жүгiн арқалап тұрған бұл шежiре-жазбалары, көркем көрiнiстерi қазақ руханияты үшiн аз олжа ма?!.

Бiздiң қара есебiмiз бойынша, Әбекеңнiң құтты қаламынан әзiрше таңдаулы 15 том көркемсөз бен көсемсөз тамған екен. Бұл дегенiңiз 300 баспа табақ сөз-сөйлем, 120 млн. сөз-таңба қазына-байлық ғой… Әрiсiн айтпағанда, қазақ қауымының соңғы үш ғасырдағы бары мен жоғы осыдан табылады. Жасампаз жеңiстерi мен жойқын жеңiлiстерi, мұңы мен зары, арманы мен аңсары да осында.

«Арыс» баспасы өзiнiң «Сыр-сұхбат кiтабы» сериясына орайластырып Әбекеңнiң ғылыми-бiлiми ой-толғаныстарының жиынтығынан тұратын бiр томдығын дайындап, келiсiмiн алуға құда түсiп отыр. Саясат пен экономика, тарих пен философия, археология мен этнография, мәдениеттану мен әлеуметтану, тағысын тағы салалардағы Әбекең оқыған, тоқыған, тағылым алған адамзаттық құндылықтарды сөз ететiн небiр марғасқа ғалымдардың есiмi мен бiздiң қолымызға түсе бермейтiн еңбектерi осылайша бiр кiтаптың аясына сыйып, төрiмiзде тұрсын деген ниетiмiз бар. Бүгiн «Түркiстан» апталығы осы ой-пiкiрлердiң бiр парасын оқырман қауымға ұсынып отыр.

Ғарифолла ӘНЕС, «Арыс» баспасының директоры

* * *

…Әуелде селжүктерге ерiп кеткен көшпелi тайпалар жолындағы таяушығыстық, кiшiазиялық, тiптi, ежелгi элладалық, римдiк кеңiстiктердi басып алумен шектелiп қалмай, ондағы өркениет дәстүрлерiн меңгеруге де ерекше маңыз бердi. Өзi үйренiп қоймай, өзгелерге де үйреттi. Шығыс Еуропа тайпаларына сабын апарып, моншаға түсуге баулыған да солар. Батыс Еуропа елдерiмен жарысып ең мықты теңiз флотын жасақтаған да солар.

* * *

…Бiз азаттықты бiр кездегi жоғалтқан дәуренiмiзге қайта оралу үшiн алған жоқпыз. Ол дәурен бүгiнгi адамзат түгiлi, бiздiң өзiмiзге де iлесе алмай, тарихтың қиян түкпiрлерiнде қалып қойды. Бiз ол кезден мирасқа жеткен мұраларымызды мұқият тексерiп, жоғалта бастаған даралық сипаттарымызды қалпына келтiрiп, бiрақ тек соған қанағаттанып қалмай, озып кеткен замана көшiн қуып жетiп, сол кезден бергi кетiп келе жатқан қапыларымызды түгендеп, орнына келтiрiп, ертең де, бүрсүгiнi де, алыс болашақта да ұлт ретiнде, ел ретiнде жер бетiнде қала алуымыз үшiн жан аямай күресуiмiз керек. Өзiмiздi өзiмiз шыңдап, өзгеде есемiз кетпейтiндей боп, ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсiздiктiң бағы сонда ғана жанады. Тәуелсiздiк жолында қан да төгiлген, жас та төгiлген, тер де төгiлген. Бiрақ, ар төгiлмеуi керек. Ар-намыс қана тәуелсiздiкке тiрек бола алады. Ол бiздiң тiлегiмiздi емес, бiз оның тiлегiн тiлеуiмiз қажет.

* * *

…Көшпендi тұрмыс құлақкестi құлдықты, дiни фанатизмдi, әлеуметтiк көнтерлiлiктi, билiкке бас ұрушылықты мойындаған емес. «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ», «өзiңе иiлгенге иiл: ол – әкеңнiң құлы емес, өзiңе шүйiлгенге шүйiл: ол – Құдайдың ұлы емес» дейтiн қағиданы әлiге дейiн ұмытпай келген теңдiкшiл, бостандықшыл халықтың жiгерiн тоталитаризм бiржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегi кенеуi кетiп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз.

* * *

…Тоталитаризм күйредi дегенiмiзбен, жарастықты дүниенiң әлi орнамай жатуына оның ықпалының әлi күштi екендiгi бiрден бiр себеп болып отыр. Оның басты алты сипатын К.Фридрих пен З.Бжезинский 1963 жылы бердi. Олар: ресми идеология, өктемшiл көсемi бар бiр партиялық жүйе, террор немесе әңгiртаяқ ойнатуға құмар «полицейлiк мемлекет», бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттiк монополия, қарулануға мемлекеттiк монополия, экономикалық өмiрге түгелдей мемлекеттiк бақылау орнату. Қысқасы, ондай саяси үрдiс тұсында азаматтар мен азаматтық қоғам билiкке еш ықпал ете алмайды. Ал автократиялық және авторитарлы үрдiстер бұдан гөрi әлсiздеу режимдер. Бiрақ, олар да билiктi тек өз қолында ұстап, қалың бұқараны саясаттан аулақтатуды көздейдi. Ал осы заманғы либералды демократия дегенiмiз – үкiметтiң өкiлеттiктерi мейлiнше шектелiп, қоғамның саяси ықпалын мейлiнше күшейте түсетiн билiк жүйесi.

* * *

… Пәлен жыл қатарынан «Халықтар достығының лабораториясы» деп дәрiптелiп келген Қазақстан аяқастынан «ұлтшылдық ұясы» деп жарияланды. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, кеше өтiрiк мақтап, бүгiн өтiрiк даттаған көлгiрсу мен көзапара жалаға көнбiс жұрт та шыдай алмады. Әсiресе, әлгiндей әбжiл дәрiптеу тұсында қалыптасқан жас буын одан бұрынғы зобалаңдардың аузы күйiп қалған ұрпақтардың аңтарушылығына қарамастан, алаңға шығып, қайта құрушылардың демократияшыл уәделерiн тiлге тиек етiп, арманда кеткен Махамбет бабалары айтқандай, «ақырып теңдiк сұрады».

* * *

… Егер диаспора деген сөздiң белгiлi бiр этникалық бiрлiктiң бөлiнiп қалған бөлшегi немесе сынығы деген ұғымды бiлдiретiнiн ескерсек, қазақ қауымы ешқайда көшiп-қонбай, өз жерiнде өз билiгiнен, ұлттық бiрлiгi мен аумақтық тұтастығынан айырылып, шатынаған шарайнадай шашырай сынып, ХIХ ғасырдың ортан белiнде Түркiстан, Орынбор, Сiбiр, Астрахан губерниялары мен Батыс Моңғол, батыс Қытай аймақтарындағы қазақ диаспораларына қалай айналып шыға келгенiн өзi де сезбей қалды.

Жиырмасыншы ғасырға бiз осындай шашыранды күйде жеттiк. Патша отаршылдығы қазақ даласының қисапсыз қазынасын қазақтарды қатыстырмай игеруге күш салды. Ол үшiн қандастарымыз қандай аймақта жүрсе де, бәз-баяғы малшы күйiнде қалдырылды. Өндiрiске, кәсiпке, сауда-саттыққа, егiншiлiкке баулынбады. Құнарлы жерлер бөгде тараптан көшiп келгендерге тартып әперiлiп, бақташылықтан жүрген байырғылар шөл мен шөлейiт аймақтарға ығыстырылды. Бұл шындығына келгенде, қазақтарды астыртын резервациялап, бас ноқтасы бiреудiң қолындағы қорықтағы бағынды нәсiлге айналдырып, ұлттық дамудан қол үздiру едi.

* * *

…Бұны ХIХ ғасырдың аяқ кезiнде көзге түсе бастаған қазақ оқығандары алдымен ұқты. Олардың Абай, Шоқан, Ыбырай, Салық сынды алғашқы легi халықты оқуға, өнер бiлiмге шақырса, кейiнгi легi (Ахмет, Мұстафа, Сұлтанмахмұт, Шәкәрiм, Әлихан, Мiржақып, Мағжан, Жүсiпбек, Жанша, Халел т.б.) iргелi елдiкке, төл мемлекеттiкке үндей бастады. Ресейдiң тозығы жеткен патшашылдыққа қарсы күштер шетаймақтардағы бұратана халықтардың бұндай пиғылын өз күрестерiне пайдаланып қалуға тырысты. Сондай күштердiң либералдық демократия бағытындағыларына сенетiн қазақ зиялылары Алаш қозғалысын ұйымдастырды. Ал оларға жұлдызы қарсы тапшылдық қисынына иек артқандар өңкей кедейлер бас бiрiктiретiн төл мемлекеттен дәметiп, соның билiгiне қол жеткiзуге күш салды.

* * *

… Аттың жалы, түйенiң қомы, қос үрей күн кешкен бұл күй ұзақ уақыт күллi ұлттық ахуалымызға айналды. Халқының ширегiнен аштықтың салдарынан өлiдей, тағы бiр ширегiнен қуғын-сүргiннiң салдарынан тiрiлей айырылған қазақтардың өз жерiнде қалғандары да күнi басқаға қараған кiрменiң, өзгеге жалбарынған өгейдiң, бүтiннiң емес, жартының жарымжан халiн кештi. Бұл ұлттық санамыз бен психологиямызға да ойсырата ықпал еттi. Өз топырағымызда отырғанымыз да, өзге жұрттың арасына кеткенiмiз де көз- түрткiге ұшырап, бас сауғалауды бiрiншi орынға шығарып, ұлттық мүдделердi екiншi орында қалдыруға дағдыландық. Бұл жағдай әлемдiк саяси арасалмақты түбегейлi өзгерткен тоқсаныншы жылдарға аман жеткен халықтар бiрiнен соң бiрi тәуелсiздiк ала бастаған тұста анық сезiлдi. Өз жерiнде өзi басым көпшiлiкке ие болып үлгермеген қазақтар өз тәуелсiздiгiн кеңес халықтарының iшiнде ең соңы болып жариялауға мәжбүр болды. Оның өзiнде де орасан күш-жiгер жұмсалып, әзер қол жеткiзiлдi.

* * *

Африканың ХIV ғасырдағы ең қуатты елдерiнiң бiрi Малидiң императоры Конку Муса, көршiлесi Янтеги патшаға елшi жiберiп, мұсылман дiнiне өтуге ақыл бередi. Сонда патша: «Бұл үшiн әуелi ата-бабаларымның алдарынан өтуiм керек қой»,-деген екен.

Расында да, ол елде мұндайда әуелi әруақтарға арнап құрбандық шалынатын көрiнедi. Содан кейiн: «Аруақтар не дер екен?» – деп жаппай аңыс аңдапты. Көрген түс пен берiлген аян сәуегейлерге жорыттырылыпты. Ол жору ақылдастардың алқасына салыныпты. Ондағы қорытынды қалың әлеуметтiң назарына ұсынылыпты. Ата-бабалардың да дәл мұндай жағдайда дәл осылай еткендерiне көздерiн әбден жеткiзген шешiм ғана көптiң көңiлiне қоныпты. Тек сондай жолмен қабылданған тоқтам, қазiргiше айтқанда, легитимдi деп табылыпты.

Ол жораны бiздiң бабаларымыз да мықтап ұстанған сыңайлары бар. «Ата жолын аттама», «Көргенi көппен мұңдас, естiгенi көппен сырлас», «Бiреудi көрiп – пiкiр ет, бiреудi көрiп – шүкiр ет», «Кеңесiп пiшкен тон келте болмайды» деп жататындары да тегiннен тегiн емес шығар.

* * *

Ұлттық тiлдiң ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдерi көксегендей, жаппай бiлiм алу мен мемлекеттiк басқару тiлi болуының жолы кесiлдi. Жиырмасыншы жылдары – жаппай сауат ашудың, отызыншы жылдары – жаппай орта мектепте, қырқыншы жылдары – жаппай жоғары мектепте бiлiм алудың құралы болуға қызу әзiрленiп жатқан қазақ тiлiнiң социолингвистикалық даму барысына 1937 жылдан бастап мықтап көз тидi. 1940 жылы алфавит өзгерiп, қазақ тiлi қайтадан бiреу оқып, бiреу оқи алмайтын шаласауаттылық тiлiне айналды. Соғыс тұсынан бастап, қалалық қатынас айналымдарынан қақпайланып, негiзiнен, ауылдық өзара байланыс құралы ретiнде өмiр сүре бастады. Өйткенi, кеңестендiрудi желеулетiп, орыс өкiлдерiн сiңiру, индустрияландыруды желеулетiп, орыс тұрғындарын көбейту, тың көтерудi желеулетiп, орысшылдану, кемелденген социализмдi желеулетiп, жаппай орыстану саясаты кезек-кезегiмен жүйелi түрде жүзеге асырылды. Соның арқасында, ең алдымен, ұлттық бiрлiк пен әлеуметтiлiктi түзетiн демографиялық арасалмақ түбегейлi бұзылды. Жергiлiктi халық 1939 жылы 46 пайызға дейiн, миграциялық топан-селдер тұсында 34-35 пайызға дейiн құлдырады.

* * *

Қайта құру жылдарында жер-жердегi естияр қауым бәрiн жиып қойып, алдымен ана тiлiмiзге мемлекеттiк статус алып беруге бел буды. Ақыр аяғында алғашқы тiл заңының республика Жоғарғы Кеңесiнде қаралғаны есiмiзде. Ол Рейхстагты шабуылдағаннан да қиын болды. Ауызы дуалы қазақ азаматтары аянбай-ақ айқасып бақты. Бiрақ, қызыл империя ми бiткенге мықтап тұрып шегелеп кеткен тоталитарлық сана мызғыр емес. Ана тiлi үшiн майданның алғадайы болып жүретiн ақын Мұхтар Шаханов шақырылғандар ложасында отырған маған қайта-қайта келедi. «Менiң депутаттық мандатым жоқ қой. Сөз алып бере алсаң, сөйлеймiн!» – деймiн. Ол трактор рулi шынықтырып тастаған жалпақ алақанымен маңдай шашын көлденеңiнен көсей сипап қойып, қаздаңдап төрдегiлерге қарай тартты. Жуырда ғана бiрiншi басшы болып сайланған Нұрсұлтан Әбiшұлының алдына барып әлдене деп айтып жатты.

Кенет кезектi үзiлiске шығардың дәл алдында сессияны жүргiзiп отырған академик Қилыбай Медеубеков: «Сөз сессияға қонақ ретiнде шақырылған жазушы Кекiлбаевқа берiледi», – дедi. Зал да аң-таң, мен де аң-таңмын. Өз құлағыма өзiм сенбей, мiнбеге беттедiм. Көтерiлсем – қарсы алдымда: «Бұл не дер екен?» – деп анталасқан таныс көздер мен таныс жүздер. Алуан ұлттың азаматтары. Арасында күнде көрiп жүрген орыс әрiптестерiмiз де бар екен. Әңгiме назарын әдейi соларға тiктедiм. Әрiден қозғауға жер тар. «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйiмiзден орын ығысып, төрiмiздi ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемiздi ауыздарыңызға ұстағанда, бiз күндердiң күнiнде, бүгiнгiдей демократия орнатып кемелденемiз деп жатқан заманда, өз үйiмiзде өз тiлiмiзде сөйлеу үшiн мына сiздерден бүйтiп жылап тұрып рұхсат сұраймыз ғой деп ойлап па едiк?!» – деуге мәжбүр болдым. Жұрт жым-жырт болды.

* * *

… Елiнiң де, тiлiнiң де болашағына онша сене қоймайтын, сырттай қарағанда жаңалыққа бас шұлғып тұрғандай көрiнгенмен, көкейiнде бойы үйренген баяғысына көбiрек мойын бұрып тұратын солақай сананың солқылдақтығынан едi. Ол солқылдақтық нарық пен демократияны тәуелсiздiкпен ұштастыра қарамай, ауыспалы кезеңде ауыздары майланып қалған уақытша артықшылықтарын қалған қауымның қай қайдағы тауыстырмас «желбуаз» мүдделерiне жем қылғысы келмейтiн топшылдық эгоизм мен элиталық снобизмге ұласты. Әлдеқашан мемлекеттiк статус алған тiлiмiздiң әлi күнге мәртебесiне сәйкес пәрмен ала алмай жүргендiгi де содан едi. Тiлiмiздiң жұтаңдығынан емес, өзiмiздiң кiсiлiк жұтаңдығымыздан едi.

* * *

Олай болса, барлық пәле – өзiмiзден. Бiр кезде: «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болмақшы», – деп Ахмет Байтұрсынов бабамыз айтқандай, күнi кешеге дейiн құл болып тәрбиеленгендiгiмiзден. Бодан кездегi мiнезiмiзден бостан кезiмiзде де айырыла алмай отырғандығымыздан. Тiл намысы – ел намысы екендiгiн ұмытып, ұлт намысын түгендеп алар тұста: «қазақша оқығанда балаң ертең нана таба ала ма, жоқ па?!» деген кешегi қоркөкiрек уайымның ендi «Орысша оқымаса, балам ертең бай бола алмай, бастықтыққа қолы жетпей шерменде болып қалып жүрмей ме?!» деген көкркөкiрек пысықайлықпен алмасып, «қуанышы, қайғысы от басынан аспайтын» күлдiкөмеш пиғылдан алысқа ұзап кете алмай жүргендiгiмiзден.

* * *

…Бұл құбылысты С.Хантингтон былай түсiндiредi: Бұрынғы отарлар тәуелсiздiк алған кезде жергiлiктi тiлдердi пайдалану мен дамыту мәселелерiне ерекше мән бередi. Бұрынғы империя тiлiмен күрес те ашады. Алайда, тәуелсiздiк алғаннан кейiн әлгi қоғамдағы элита өзге отандастарынан ерекше болып көрiнуге тырысады. Ол үшiн ағылшын, француз, басқа да шет тiлдерiмен емiн-еркiн сөйлей бiлетiндiгiмен мақтана бастады. Сөйтiп, олар өз отандастарынан гөрi батыс адамдарымен тiлдесуге көбiрек құмартып тұрады. Мұндай жағдай он жетiншi-он сегiзiншi ғасырларда батыста да кең етек алған. Әрқилы елдердiң ақсүйектерi шетелдiктермен тамаша сөйлесiп, ал өз елiнiң тiлiнде екi сөздiң басын қоса алмаған. Алайда, аталмыш ғалымның уәждеуiнше, шет тiлдермен әуейiленудiң адымы қысқара түсетiндей. Мәселен, ағылшын тiлiн бiлетiндер 1958 жылы адамзаттың 9,8 пайызын құраса, 1992 жылы 7,6 пайызын құрапты. Оның есесiне, өз мәдениетiне құштарлық пен индигендiру үрдiстерi күшейе түскендей.

* * *

…Бұрынғы бодан елдер тәуелсiздiк алғаннан соң жастарын шетелге көптеп жiбердi. Олар батыс университеттерiнде космополиттiк бiлiм алуға құмартты. Ал кейiнгi кездерi ондай ұмтылыс тыйылған түрi бар. Жастар өз елдерiнде, өз тiлдерiнде бiлiм алуға айырықша құштар көрiнедi.

* * *

…Ұлт аналар берген ақ сүттен нәр алып, әкелер көрсеткен атажолмен өркендейдi ғой. Қайта-қайта ораққа iлiнiп баққан қамкөкiрек халқымыздың қабырғасы әлi бүтiнделе алмай жатыр ғой. Ұлан-ғайыр дастарқанға жал-жал болып, үйiле төгiлмей, уыстап шашылған селдiр бауырсақтай тым азбыз-ау әлi. Жарға бiткен жалбыздай жалғыз-жалғыз жаралып, көсегемiздi көгерте алмаспыз. Жал-құйрықсыз дәуреннiң несi жақсы дейсiз?! Перзентiне шындап жаны ашитын ата-ана қайранының барында оны iнi-қарындассыз қалдырмауға тырысқаны жөн ғой. Қай заманда да ұлымызға мерей, қызымызға ырыс, келiнiмiзге құрсақ тiлеп өткен халық емес пе едiк. Құдай сол ниетiмiзден жаңылдырмағай.

Ел болып ойланып, қоғам болып толғанып, заманның тынышында қапы қалмай, қатарымызды көбейтiп алуға ұмтылғанымыз жөн шығар.

* * *

…Оны қайтадан қалпына келтiрiп, теңдiкке жетiп, демократия орнатып, нарыққа көшiп, қарық болып жарытпасымыз белгiлi. Оны бiрақ реформа тағдырына жауап беретiн экономикалық штабтар бiрден түсiне қоймады. Олардың бағдарламаларына құқтық негiз жасап беретiн заң шығарушы орындар да бiрден түсiне қоймады. Бұл бiр үрдiстен екiншi үрдiске көшiп жатқан қоғам үшiн субъективтi емес, объективтi жағдай едi. Тоталитаризм оңай күйремейдi. Әуелi саяси құрылым күйремейiнше жаңа экономикалық қатынастар орныға қоймайды. Оның бәрiне белгiлi бiр уақыт керек едi. Сондықтан бұл мәселенi бiрден күн тәртiбiне қойып, бiрден қолға алуға кешегi кеңестiк кеңiстiктегi саяси күштердiң қалыптасып отырған арасалмағы айтарлықтай қолбайлау болып келдi. Ол кедергiлер әлi де болса арылған жоқ. Әлi де болса тiрсектен қағып, қадым аштырмай келедi.

* * *

…Бүгiнгi кең қарымды реформаны да санаулы саясаткерлер емес, саналы көпшiлiк қана ойдағыдай жүзеге асыра алмақшы. Замана аңғарын алыстан болжап, егжей-тегжейiне түгел түсiнуге тегiс ынталы қауым ешқашан жерге қарап қалмақ емес. Жалпы түгел тәуекелге мiнбей тұрып, жалқы ештеңе бiтiре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жерiне, суына, тiлiне, дiнiне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерiн түзеп, ерiне медет бола алады.

* * *

…Ешкiмнiң пешенесiне құлдық жазылып қойылмаған. Теңдiк жазылған. Теңдiкке жете алу, жете алмау – жалпыға ортақ тарих пен жалқыға ортақ тағдырға тәуелдi нәрсе. Өзгелердей бола бiлуге тырысқан пенде жерде қалмайды. Өзгелердей бола бiлуге тырысқан халық та жерде қалмайды. Қазақ былайғы халықтардан артық туған асыл да, қалыс туған жасық та емес. Оны дәлелдеу үшiн қазақ үшiн қайғырамын, намысын жақтаймын деген азамат мұндай сауалдың жауабын әуелi өзгеден емес, өзiнен сұрасын…

* * *

…Ата-бабаның аруағын сыйлаған адам өз бетiне өзi топырақ шашпас болар. Асыл ата-бабадан тараған ұрпақты азғын санамас болар. Бiз ұрпақ ретiнде әлi өз қадiрiмiзге өзiмiз қаныға алмай жатырмыз. Қазақтың жiгерiн құм қылып, назарын жер шұқытып жүрген осы бiр өзiн-өзi жiгерлендiруден гөрi жерден алып, жерге салып жәбiрлей жөнелуге үйiр тұратындығы. Жоқтан өзгеге бола басқаларға қызығып, өзiн жоқтан өзгеге бола жазғыра салуға қиналмайтындығы.

* * *

Бiздiң заманымыздағы саяси тәуелсiздiк дегенiмiз қалған дүниемен есептеспеу, өз бiлгенiңдi iстеу деген сөз емес.

Өзгелер қастерлейтiн қағидаларды қастерлей отырып, өз мүддеңе жету деген сөз. Ол – күрделi жол. Оның әр бұлтарысында өз мүддеңнен адасып қалмайтын, өзгелер мүддесiне зақым салмайтын ұтымды позиция ұстана бiлу – осы заманғы қай мемлекеттiң де ұстанар саясатының басты мұраты. Сондықтан да бүгiнгi мемлекеттiк саясат ешқандай догмаға кiрiптар бола алмайды. Демек, ешқандай идеологияға да мойынсұна алмайды. Бұл жолда да шолақ белсендiлiк пен саяси қасандыққа ұрынбауға мүдделiмiз. Саяси күштерiмiз де тек билiк жолындағы күреспен бiржақты шектелмей, халықты гуманистiк, либералдық, отаншылдық құндылықтарына баулуға атсалысқандары, ағартушылық қызметпен де айналысқандары қандай ғанибет болар едi.

* * *

…Бұрын бiлiм мен ақпаратқа кiм ие болса, сол игi жақсы атанып, қалған қауымға ұстаздық етушi едi. Қазiр бiлiм мен ақпаратқа әркiмнiң де қолы жете алатын болды. Ендеше, әркiм де өзiне өзi ұстаз, өзi төрешi бола алады. Олай болса, баршамыз бiлуге тиiс бiр-ақ ақиқат бар, әркiм өзiн-өзi тәрбиелемей қоғам түзелмейдi. Қоғам түзелмей билiк түзелмейдi.

* * *

…Өз тiзгiнi өзiнде емес кiсi де, халық та өз мүддесiне жете алмайды. Сондықтан да бiз қандай қиындық көрсек те, қолымызға күшпен түскен тәуелсiздiк тiзгiнiнен айырылмауға тиiстiмiз. Бiзден кеткен аруақтар мен келетiн ұрпақтардың ең алдымен талап ететiнi сол. Өйткенi, бiз күллi адамзат тегiс танып, тегiс мойындаған тәуелсiз қазақ мемлекетiнiң iргетасын қалап жатқан бiрiншi ұрпақпыз. Тәуелсiздiгiмiздi сырттың алакөздiгiнен, iштiң алауыздығынан аман сақтап қалу – бiздiң тарих алдындағы ең басты парызымыз.

Барша тығырықтан шығаратын бiр-ақ жол – тәуелсiздiгiмiздi тәу етiп, тәуекелiмiзге бекем болу. Мен басқа мақсаттың бәрiн олқылық, басқа уайымның бәрiн күйкiлiк санаймын.

* * *

…Бiр ұрпақ екiншi ұрпаққа тек өмiр сыйлап қана қоймайды екен, өмiр сүре бiлудiң тәсiлi мен тәжiрибесiн де мұраға қалдырады екен. Оны адамзат адамзат болғалы мәдениет деп атап келедi екен. Оспадарсыз озбырлықтан түпкiлiктi опат болып кетпеудiң де, өткенмен бiрге өшiп, өлгенмен бiрге құрып бiтпеудiң де жалғыз жолы – мәдениеттi өркендету екен. Сондықтан да, қандай ма қоғам болмасын, өз тағдырының ең жауапты кезеңдерiнде мәдениетке айрықша көңiл бөлiп, ерекше зор маңыз берiптi.

* * *

…Расында да, қақ маңдайымызда Қазығұрт пен Тектұрмас, көк желкемiзде Арқайым мен Батай, оң қолымызда Бәйтi, Тегiскен, Үйқарақ, сол қолымызда Берел мен Бесшатыр, бел ортада Бегазы – Дәндiбай тұрғанда жер шарының қонысталуы мен игерiлуiне белсене қатысқанымызды дәлелдеудiң не қажетi бар!? Бiр жарым мың жылғы Түркiстан, екi мың жылғы Тараз, одан да көне Отырар мен Сайрам тұрғанда ай астының әлеуметтенуi мен өркениеттенуiнен алыс тұрғанымызға кiм сенедi!? Кир мен Дарий, Ескендiр мен Едiл, Күтгейба мен Шыңғыс хан қол шұбыртып, батыстан ақ патша, шығыстан Боғдыхан, кұбыладан Нәдiр шах жарыса зеңбiрек кезеген кең қонысты иемденiп отырып, әлемдiк тарихи процестерден аулақ жаттық деп қалай айта алмақпыз?

Оларды былай қойғанда, қимақ ту тiккен Қойлық, оғыз орныққан Жанкент, қарлұқ билiк құрған Суяб, Бату салдырған Сарайшық, Дештi Қыпшақ кiндiгi Астана, Байтақ, Орыс хан мен Тоқтамыс таласқан Сығанақ, Жәнiбек, Керей кереге керген Қозыбасы, Хантауы, Қасым қоныстанған Қаратал, Ақназар мен Тәуекел мекендеген Созақ, Мұстафа хан Шайбан тұқымымен шайқасқан Атбасар, Абылай жайлаған Бурабай мен Қалқутан, Әбiлқайыр, Әбiлмәмбет, Барақ таласа қыстаған Қорғалжын, Кенесары шапқан Ақмола жұртында әлiге дейiн түтiн түтетiп отырып, мемлекеттiк үрдiсiмiз болмады деуге ауыз бара ма?

Бүкiлхалықтық құрылтайлар өткен Мыңбұлақ, Құлан, Ұлытау, Мәртөбе, Күлтөбе, Ордабасын күнбе күн көрiп жүрiп, көпке дес беретiн демократиялық жораға шорқақ әңгүдiк ел, төскейiмiзде Жiбек жолы, терiскейiмiзде Скиф жолы басында отырып, Алтай, Қаратау, Балқаш, Кеңгiр алабындағы ежелгi кенiштер, шартарабымызда шашылып жатқан ескiлiктi қалалықтар мен егiстiктердi көрiп жүрiп, мәңгi бақи мал соңында салпақтаудан басқаға құлқы құламаған мәңгүрт жұрт едiк дегенiмiз өлiлердiң аруағына, тiрiлердiң намысына көзапара күл шашқандық емес пе?!

* * *

…Бұл бiр кезде бесiкке түспей жатып, түгел құрбандыққа шалынып кете жаздаған, кешегi өртеңнен алшындап өнiп, бүгiн аға боп аршындап алға шыққан бiздiң ұрпақтың өмiрбаяны.

Мен – сол буынның маңдайдағы тiреуi емеспiн, қатардағы бiреумiн.

Мен – сол ұрпақтың алыста туғандықтан арманшыл, қиянда жүргендiктен қиялшыл болған бiр өкiлiмiн. Iшкен-жегенiм, кигенiм мен мiнгенiм жерде қалса да, көрген-бiлгенiм жерде қалмасын деп қалам тербеп келемiн. Тапқан-таянғанымды тасқа бастырып, алдарыңа ұсындым…

Әзiрге қолдан келгенi осы болып тұр. Тiрлiкке қойса, әлi де жетiле, жетiлдiре түсермiз. Туған жұртымыздың рухани ырзығы былайғылардан кем болып қалмауына күш салып келемiз. Ол мақсатқа жете алмасақ – бiзден кейiн де ұрпақ бар, жетiстiрер. Алланың құдiретi мен адамның қабiлетiне шәк келтiрiп болмас. Жалғыз-ақ айтарым: мен бұлардың қай-қайсысын да түсiме енген тұспалмен немесе құлағыма сыбырлаған нұсқаумен жазғам жоқ. Бәрiмiз бастан кешiрген кептердiң, бәрiмiздiң көкiрегiмiздi өртеген дерттердiң айтуымен жаздым. Айт дегесiн айтқам жоқ, айтқым келгесiн айттым. Кеше меңзеп айтсам, ендi көздеп айтармын. Көретiн жарық түгесiлiп қалмаса, көңiлдегi көп ойдың әзiр түгесiле қояр түрi жоқ.

* * *

…Бiздiң халық қоғам азып, заң тозғанды бiр ғасырда екi рет көрiп отыр. Алғашқысында дәулетiнен айырылса да, абыройынан айырыла қоймап едi. Ғасырлар бойғы қауымдық психология қит еткенiң көптiң көз алдында тұратын ұжымдық психологияға ұласып едi. Солай қалыптасқан қатаң әлеуметтiк қадағалау жұртты ерiксiз тәртiптi еттi. Сәл ағат қылығың айдай жұрттың алдында бетке басылды. Қырық үйден тыйған қатаң тиырымның арқасында аяқтарын тарта басып жүрген жаппай тәртiптiлiк еркiндiк лебi ескен бойда көктемгi қардай сөгiлiп қоя бердi. Ұлдарымыз ұрлықтан, қыздарымыз қарлықтан тайсалмайтынды шығарды. Еркiндiк дегенiмiз ешкiмнiң күштеуiнсiз өзiңдi өзiң қадағалайтын қатаң жауапкершiлiк екендiгiн ешкiм еске ала қоймады. Оған тұрмыс ауыртпалығы қосылды. Үйдегi ұл-қызымызға абырой-әжетсiз азаттық айуандық екендiгiн жеткiлiктi үғындыра алсақ қана көшедегi көргенсiздiктi жүгендей аламыз.

Серіктес жаңалықтары