Бақытжан САРКЕЕВ: ЕШБIР БАНК ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ

Бақытжан САРКЕЕВ: ЕШБIР БАНК ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ

Бақытжан САРКЕЕВ: ЕШБIР БАНК ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАМАЙДЫ
ашық дереккөзі
319

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры Қаржылық құрылымдар мен даму инситуттары жөнiндегi басқарманың директоры Бақытжан Саркеев мырза «Түркiстан» газетiне берген бүгiнгi сұхбатында халық қаражатының қайда және қалай жұмсалғаны, отандық қаржы саласының бүгiнгi ахуалы, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру, банктерге қойылатын бас талаптар, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудағы қиындықтар т.б. маңызды мәселелер жайлы ой бөлiстi.

240 МЛРД. ТЕҢГЕНIҢ ИГЕРIЛЕР ТҮРI ЖОҚ

— Бақытжан Құрманбайұлы, Ұлттық қордан бөлiнген 10 млрд. доллардың 9 млрд. доллары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы таратылды. Қаражаттың игерiлуi туралы қысқаша тоқталсаңыз?

— ҚР Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан алынған 10 млрд. доллардың 9 млрд. доллары «Самұрық-Қазына» қоры арқылы бөлiндi. Бұл қаржыны теңгеге шаққанда, 1 трлн. 87,5 млрд. теңге. Бүгiнгi таңда 875 млрд. теңге көлемiндегi қаржыны игердi деп есептеуге болады. Салаларға бөлiп қарастырсақ, бiрiншi бағыт бойынша, 476 млрд. теңге қаржы саласын тұрақтандыруға, яғни, елiмiздегi ең iрi 4 банктi қаржылық тұрғыда қолдауға жұмсалды. Мемлекет «ТұранӘлем Банкiнiң» 76 пайыздық, «ҚазКоммерцБанкiнiң» 20 пайыздық, «Халық банкi» 20 пайыздық үлесiн иелендi. Бүгiнде Альянс банкiне қатысты бiрқатар шаралар қабылдануда, осының нәтижесiнде, мемлекет Альянс банкiне тиесiлi 67 пайыз акциясын иеленбек. Екiншi бағыт бойынша, жылжымайтын мүлiк нарығындағы экономикалық және қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қордаланып қалған мәселелердi шешу үшiн 360 млрд. теңге бөлiндi. Оның 120 млрд. теңгесi екiншi деңгейлi банктер арқылы игерiлдi. Ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру арқылы 31 300 қарыз алушының пайыздық ставкасын 14 немесе 18 пайыздан 9-11 пайызға дейiн төмендетуге ықпал еттiк. Осының арқасында борышкерлер ай сайын төлеп отыруы тиiс несиелерiнiң көлемiн 30 пайызға дейiн азайтуға қол жеткiздi. Мысалы, бұған дейiн ай сайын 150 мың теңге төлейтiндер 100 мың теңге, 95 мың теңге төлейтiндер 60 мың теңге т.б. Аталған 360 млрд. теңгенiң 120 млрд. теңгесi несиелердiң пайыздық ставкасын төмендетуге арналса, 240 млрд. теңгесi құрылысы аяқталмаған нысандарды иелерiне пайдалануға беру үшiн бөлiндi.

– 240 млрд. теңгенiң барлығы түгел игерiлдi ме?

– Жоқ, әлi игерiлiп бiткен жоқ. Аталған қаражатты 2012 жылға дейiн игерудi жоспарлап отырмыз. Құрылысы бiтпей қалған нысандарды аяқтап, тұтынушыларына шетiнен үлестiрiп отырамыз. Бүгiнгi таңда Астана мен Алматы қалаларындағы 53 нысанды белгiлеп алдық. Сонымен қатар басқа да құрылысы жарым-жартылай қалған нысандарды да назардан тыс қалдырмақ емеспiз.

– Ипотекалық несиелерге 2010 жылы қосымша қаражат қарастырылған ба?

– Ипотекалық несиелер бойынша 120 млрд. теңгемен шектелдiк. Ал ипотекалық несиенi қайта қаржыландырудан ай сайын түсiп тұратын қаржыны 2 мыңнан астам қарыз алушының несиесiн қайта қаржыландыруға мүмкiндiк туады деп есептеп отырмыз. Яғни, қайтарымды ақша түрiнде.

– Мемлекет ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға қыруар қаржы бөлсе де, қоғамда осы мәселе төңiрегiнде туындайтын дау-дамай әлi басылмай келедi. Нелiктен?

– Оның себебi, екiншi деңгейлi банктердiң несиелiк қоржынындағы ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға қажеттi қаражат көлемi 600 млрд. теңге көлемiнде. Ал мемлекет тарапынан бөлiнетiн ақша – небары 120 млрд. теңге. Екiншi себеп, бүгiнде ипотекалық несие алған және жылжымайтын мүлiктерiн банктерге кепiлдiкке қойып, басқа мақсатта қарыз алған азаматтар несиенi уақытында өтеуде қаржы тапшылығынан қиындықтарға ұрынуда. «Самұрық-Қазына» қоры мемлекеттiк құрылым болып табылатындықтан, Ұлттық қордан бөлiнген қаражаттың мақсатты әрi тиiмдi жұмсауға мiндеттi әрi қыруар қаржының қайтарылу жауапкершiлiгi де «Самұрық-Қазынаның» мойнында. Несиенi қайтаруға қиналған азаматтарға көмектесу «Самұрық-Қазынаның» тiкелей мiндетi болмаса да, бiз арнайы зерттеулер жүргiзiп, банктер өкiлдерiнiң қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Басты мақсат – банкирлермен кеңесе отырып, қарыз алушыларға көмек берудiң жолдарын қарастыру болатын.

БАНКТЕР БОРЫШКЕРЛЕР ЖАҒДАЙЫМЕН САНАСУЫ ТИIС

– Дағдарыстың тұтынушылық несие алғандарға да қиын тигенi анық. Бiрақ мемлекет барлық назарды ипотекалық несиеге аударғандықтан, тұтынушылық несие иелерi мемлекеттiк көмектен шет қалды. Осы орайда, қандай шаралар қабылдауға болады?

– Мемлекет тұтынушылық несиеге қосымша қаражат қарастырмаған. Алайда, азаматтардың қаржы тапшылығына ұшырағанын ескере отырып, қарыз алғандардың несиесiн жеңiлдетуге, «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшiк банктердiң сыртқы қарыздарын қайта құрылымдағаны секiлдi, жекелеген азаматтардың да борыштарын қайта қарастырып, азайтудың жолдарын қарастыруы керек деген ұстанымдамыз. Осы кеңестi, яғни, борышкерлердiң қазiргi жағдайымен санасу туралы ұсынысымызды екiншi деңгейлi банктердiң барлығына да жолдадық.

– «Самұрық-Қазынадан» отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға бөлiнген қаражат көлемi қанша?

– Шағын және орта кәсiпкерлiк саласын қаржылық тұрғыда қолдау – бiздiң үшiншi бағыт. Аталған салаға бөлiнген ақша көлемi 120 млрд. теңге. Оның 117 млрд. теңгесi екiншi деңгейлi банктер арқылы шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiне үлестiрiлдi. Осының нәтижесiнде, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, дағдарыстың кесiрiнен қаржы тапшылығына ұрынған кәсiпкерлерге едәуiр көмек болды. Оған қосымша, 120 млрд. теңге инвестициялық және инфраққұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Қазiр 33 инфрақұрылымдық жобаны таңдап алып, олардың алғашқыларын қаржыландыруды бастап кеттiк.

– Бiздiң кәсiпкерлер «дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы шеңберiнде бөлiнген қаражат қолымызға тимейдi» деген шағымды жиi айтады. Неге?

– Қаржылық және экономикалық дағдарысқа дейiн екiншi деңгейлi банктер арқылы кәсiпкерлiк саласына жыл сайын бөлiнетiн қаражат көлемi 1 трлн. 400 млрд. теңгеге дейiн жетедi екен. Бұл қомақты соманың жанында «Самұрық-Қазынадан» бөлiнген 120 млрд. теңге мардымсыз. Әрi 120 млрд. теңгемен барлық «жыртығымызды жабу» тiптi мүмкiн емес. Бұл қаражаттың барлық кәсiпкерге жетпейтiнiн бiз әу бастан-ақ бiлгенбiз. Кәсiпкерлердiң наразылық бiлдiруiне себеп болған екiншi нәрсе, қарыз алуға ниет бiлдiргендерге қойылатын белгiлi бiр талаптар бар. Бiз қарызға мұқтаж кәсiпкерлердiң бәрiне бiрдей ақша үлестiрудi мақсат еткен жоқпыз. Бiрiншi кезекте жекеменшiк банктерде ұзақ уақыттан берi өзiнiң несиелiк линиясы бар, бiраз уақыттан берi банктiң клиентi болып табылатын әрi борышты қайтаруға кепiлдiк беретiн кәсiпкерлерге жағдай жасауға тырыстық. Анығында, олардың несиелерiнiң пайыздық ставкаларын төмендеттiк. Екiншiден, екiншi деңгейлi банктер арқылы бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан кәсiпкерлерге өндiрiске жұмсау үшiн қосымша қаражат бердiк.

– Кәсiпкерлердiң пайыздық ставкалары қанша пайызға дейiн төмендетiлдi?

– Негiзi қаржылық дағдарысқа дейiн банктердiң пайыздық ставкалары ешқашан 14 пайыздан төмен түсiп көрмептi. Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының арқасында «Самұрық-Қазына» отандық кәсiпкерлердiң пайыздық ставкаларын 12-12,5 пайызға дейiн түсiрдi. Сонымен бiрге үстiмiздегi жылдың қазан айында ҚР Үкiметi қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес, Стресстiк активтер қорында сақтаулы тұрған 70 млрд. теңгенi 2010 жылы экономиканың нақты саласына, яғни, өндiрiспен, өңдеумен айналысатын кәсiпкерлерге қосымша қаржылық қолдау ретiнде үлестiрудi жоспарлап отырмыз. Осының арқасында бiз кәсiпкерлердiң пайыздық ставкаларын 12-12,5 пайыздан 8 пайызға дейiн төмендетпекпiз.

«ҚУАТ» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ПРОБЛЕМАСЫН ДА ШЕШЕМIЗ

– Стресстi активтер қорындағы қаражаттың жұмсалу бағыты дұрыс айқындалмағанын сынға алған Келiмбетов мырза 70 млрд. теңгенi қайда және қалай бөлу жолын қайта қарастыру керектiгiн айтқан болатын. Сонда 70 млрд.-тың барлығы бiрдей қаржы саласына жұмсалмақ па?

– Қордағы 70 млрд. теңгенi үлестiру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Бiрiншi бағыты, шағын және орта кәсiпкерлiктiң (өндiрiспен айналысатындардың) несиелерiн қайта қаржыландыруға 20 млрд. теңге бөлiнген. Екiншi бағыты, өндiрiспен айналысып жатқан кәсiпкерлердi лизинг арқылы жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 2 млрд. теңге қарастырылған. Үшiншi бағыт бойынша Қазақстан Даму банкi арқылы iрi инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналған 20 млрд. теңгенi 8 пайыздық ставкамен несиелемекпiз. Қалған 30 млрд. теңге отандық жылжымайтын мүлiк нарығында шешiмiн таппай келе жатқан қиындықтарды шешуге, дұрысы, «Қуат» корпорациясының үлескерлерiнiң проблемасын шешуге ықпал етуге бағытталады.

– Елiмiздегi жекеменшiк банктер қаржысының 90 пайызына жуығы – мемлекетке тиесiлi ақша. Standart&Poor’s агенттiгiнiң сарапшылары жуырда бiздiң Үкiметтiң банктердi қаржылық қолдауға шамасы жетпейтiнiн және жыл соңына дейiн Қазақстандағы бiрнеше банк дефолтқа ұшырайтынын айтты. Сiздiң пiкiрiңiз?

– Бұл пiкiр шындыққа мүлде жанаспайды. «Альянс банкi» мен «ТұранӘлем» банкiнiң кредиторларымен жақында келiсiмге келу арқылы аталған банктердiң сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау жүйесiн қабылдауға қол жеткiздiк. Осының нәтижесiнде, «Альянс банктiң» сыртқы қарыз көлемiн 4 млрд. доллардан 1 млрд. долларға дейiн төмендеттiк. «ТұранӘлем» банк бойынша да үстiмiздегi жылдың 7 желтоқсанындағы келiсiмге сәйкес, сыртқы қарызды азайтуға мүмкiндiк алдық. Шынын айту керек, бұған дейiн де сарапшылардың көпшiлiгi қазақстандық банктердiң болашағына қатысты болжамдарында пессимистiк көзқарасты ұстанатын. Тiптi, олардың аталған банктердi мiндеттi түрде дефолтқа ұшырайды деп алдын ала кесiп-пiшiп қойғаны мәлiм. Алайда, ондай жағымсыз пiкiр мен болжамдарды жоққа шығара отырып, мемлекеттiң араласуы арқасында отандық бiрнеше iрi банктi қаржылық құлдыраудан аман сақтап қалдық. Әрi шетелдiк кредиторларға тиесiлi сыртқы қарызды жаңа жүйе бойынша төменгi бағамен өтеуге келiстiк.

НЕГIЗГI МҮМКIНДIК — ДЕПОЗИТТЕР

– Iшкi қайта құрылымдар, нашар активтер мен қайтарылуы қиын несиелер қаржы саласын шатқаяқтатты. Экономикалық дағдарыстың жуық арада аяқталмайтынын ескерсек, қаржы саласы қаржылық қолдауға әлi де зәру. Егер банктерге қосымша ақша қажет болса, Үкiмет қаржыны қайдан алмақ?

– Негiзi қаржы мәселесiн шешуде Үкiметке телмiрiп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мемлекеттiң Ұлттық қордағы қаражатты үлестiру арқылы қаржы саласына көмек қолын созу себебi, қаржы тапшылығына ұшыраған банктерге жетпей тұрған соманы тауып берiп, оларды қолтықтарынан жай демеп жiберудi мақсат еткен болатын. Елiмiздегi 4 банк – ҚазКом, Альянс, ТӘБ пен Халық банкiнде «Самұрық-Қазына» қоры мен осы Қорға тиесiлi бiрқатар компаниялар арқылы 2,2 трлн. теңге құйылған. Қазiргi кезде аталған банктердiң пайдаланбаған бiр үлкен мүмкiндiгi бар. Ол – iшкi салымшылардан қаражат тартуға ден қою. Ол үшiн банктер жұмыс iстеу жүйесiн қайта қалыптастырып, салымшылардың банктерге деген сенiмiн нығайтуға күш салуы керек.

– Бiрақ қазiр банктер депозиттерге онсыз да көңiл қоя бастаған жоқ па?

– Иә, қазiр банктер депозиттердi тартуда аса белсендi. Қаржылық дағдарысқа дейiн банктер сырттан алатын арзан несиеге дәнiгiп, өздерiнiң iшкi мүмкiндiктерiн қаперге алмай келген. Бүгiнгi таңда жекелеген салымшылардың, шетелдiк компаниялардың депозиттерiн тартуға баса назар аударуға мәжбүр. Бұған дейiн банктер қай жолмен, қандай жолмен болсын тек қаржы тартуға күш салатын. Алайда, «Самұрық-Қазына» банктердi оңай олжа мен пайданы көздеуден гөрi клиенттердiң қажеттiлiктерi мен мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағыттауды көздейдi. Егер клменттердiң үддесiнен шығып, олардың көңiлiне жаға бiлсе, банктерге қарай ағылатын азаматтар саны артары анық.

– «Самұрық-Қазынадан» бөлiнген қаражатты уақытылы игермеген бiраз банк бiрнеше рет ескерту алғаны белгiлi. Қазiр қаржыны игере алмай жатқан банк бар ма?

– «Самұрық-Қазына» қоры арқылы бөлiнген қаражаттың барлығы түгел игерiлдi. Үстiмiздегi жылдың басында екiншi деңгейлi банктердiң кейбiрi ережеге бағынбай, салғырттық танытып, бiраз босаңсып кеткен болатын. Бiрақ Үкiмет пен «Самұрық-Қазына» тарапынан қойылған қатаң талаптардың арқасында, күн сайын, апта сайын қадағалаудың нәтижесiнде, банктер өз мiндеттерiн мүлтiксiз орындауға көштi. Оның үстiне, несие алушыларға арналған шарттарды жеңiлдету де банктердiң көзқарастарын өзгертiп, өз iстерiне жауапкершiлiкпен қарай бастауына сеп болды. Оған дәлел, шағын және орта кәсiпкерлiкке арналған қаржы өз мерзiмiнде, яғни, 2009 жылдың 1 шiлдесiне дейiн, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру 5 қазанға дейiн игерiлдi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары