ҚАЗАҚ ЕЛIН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ
ҚАЗАҚ ЕЛIН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ
Әлемдiк экономиканы шарпитын дағдарыс жайлы сараптамалық агенттiктер елден бұрын жаһанға жар салған болатын. Бұл болжамдарға құлақ асып, қам жасағандармен қатар мүлдем мән бермеген мемлекеттер де болды.
Қазiргi күнi дағдарыстың «қара тұманы» сейiлiп барады деген пiкiрлер көптеп айтылуда. Әлем елдерiнiң арасында келер жылы экономика жанданады, өндiрiстiк саланың гүлденуi басталады деген пiкiрлер көбейген секiлдi. Әйтсе де, алдағы күндерi әлемдiк сарапшылар экономикалық нарықта Азия елдерiнiң экономикасын жоғары бағалап отыр. «Азия елдерi экономикасын уыстан шығармаса, дағдарыс тұманы сейiледi» деушiлер де табылды. Әлбетте бұл болашақтың еншiсiнде. Алайда дағдарыстан соң әлемдiк жүйеде үлкен өзгерiстердiң болатынын, оның iшiнде Азияның жаһандық экономика нарығында салмағы артатынын сарапшылар үлкен сенiмдiлiкпен болжап келедi. Алайда, осы агенттiктердiң барлығының болжамы дұрыс болар ма екен деген ой келедi. Сондықтан АҚШ-тың үш агенттiгiнiң сараптамаларын салыстырып көрсек…
Алдымыздағы жылы жер шарының бiрқатар елдерiнде экономикалық көрсеткiштiң төмендеуi тоқтап, керiсiнше жоғарылайды деген ақпарат талайлардың көңiлiндегi қаяуды жұбатып жүргенiне бiраз болды. Алайда, экономикалық сарапшылардың болжамына сенсек, 2010 жылы әлемдiк экономика бiрден қалпына келе қоймайды. Керiсiнше, бiраз қиындықтарды бастан өткерiп барып, қайта қалыптасу үрдiсi кейiнiрек басталмақ. Бұл болжамның авторы Morgan Stanley банкiнiң сарапшылары. Олардың зерттеу нәтижесiне сенер болсақ, 2010 жылы әлемдiк экономиканың жарқын күндерi бiрден оралмайды, яғни экономикасы дамыған мемлекеттердiң өзiнде жұмыссыздық пен несие жетiспеушiлiгi ұзаққа созылмақ. Бұл мәлiмет Bloomberg агенттiгiмен де расталып отыр.
Morgan Stanley банкi сарапшысы Джоаким Фелс дамушы елдер нарығындағы өндiрiс өсiмi 6,5 %-ды құрайды дейдi. Қазiр әлем мемлекеттерi ел экономикасын дағдарыстан тезiрек алып шығу мақсатында үкiмет тарапынан шаралар қолдануда. Сол себептен компаниялар тауар өндiрiсi мен шығындарын көбейте бастады. Сондықтан iрi өндiрiс орындарында жұмысшыларды қысқарту тоқтаған жоқ, қайта жұмыссыздық саны Еуроодақ пен АҚШ-та 10%-ға жетеқабыл болды. Дамыған мемлекеттерде жұмыссыздық бiрнеше жыл бойы сақталуы мүмкiн деген болжамның елдi кезiп жүргенiне де бiраз болды. Ал Грекияның мемлекеттiк қарызының өсiп кетуi дамыған мемлекеттер үшiн жалпы тенденцияға айналып отыр.
Сонымен қатар 2010 жылы әлемдiк инфляция 3%-ға, 2011 жылы – 3,3%-ға, ал биыл – 1,9%-ға көтерiледi деген мәлiмет бар. Бұл жағдайды Қазақстанның айналып өтерi екiталай.
Алайда экономиканың оң бағыты 2010 жылы басталады деген болжамдар да жоқ емес. Мәселен, Standart and Poor агенттiгi дәп осы болжамды бағдарлап отыр. Ендеше екi агенттiктiң болашаққа жасаған жорамалдарын салыстырып көрелiк. Қаржы нарығында толығымен аяқтан тұрып кету үшiн рейтингтiк агенттiктiң болжамдарының керегi шамалы. Дегенмен аталмыш агенттiктiң мәлiметiне көңiл бөлсек, әлемдiк қаржы дағдарысының ең қиын тұстары артта қалған. Болашақтың еншiсiне тек кейбiр келеңсiздiктер ғана қалыпты. Ал қаржы дағдарысының қайта айналып соғуы жайлы ешбiр сөз қозғалмайды. Сондықтан алдағы қиыншылықтардан қорқудың қажетi жоқ екенiн ескертедi. Соңғы кезде Қазақстанда қабылданатын дағдарысқа қарсы шаралардың тиiмдiлiгi әлемдiк деңгейдегi бiрқатар талдау және қаржы орталықтарының тарапынан барған сайын сараптамалық растауға ие болуда. Олай болса жоғарыда айтылған банк пен S&P агенттiгiнiң сараптамасы екi бөлек екенiне көз жеткiздiк.
Fitch агенттiгiнiң сарапшылары өз зерттеулерiн ұсынып, болжамдарын айтып, жаһандық қаржы нарығындағы мәселелердiң күн санап ұлғайып отырғанына алаңдаушылық бiлдiредi. Сараптамаға сүйенсек, валюталық бағамды нығайту арқылы дағдарыстың алдын алу саясаты ендi тиiмдi болмайтын сыңайлы. «Сондықтан дағдарыстың туындауы алдағы жаңа толқынға қарсы реттеу құралдары да жарамсыз болып қалады, олардың әрекетi тиiмсiздiкке ұшырайды», – дейдi Fitch сарапшылары. Сонымен бiрге, Дүниежүзiлiк банктiң жариялаған баяндамасында да осы жайтқа баса көңiл бөлiнедi. Онда үкiметтердiң экономиканы қолдауға қатысты қомақты қаржы ресурстарын бағыттау саясатының нәтижесiнде қор нарығында алыпсатарлықтың артатынын айтып берген. Осы сараптамалардың қайсысының экономистерi дұрыс болжам жасайды?
Morgan Stanley банкi сарапшылары мүлде басқа болжам жасап отыр. Айта кетер маңызды бiр жайт, көптеген шетелдiк агенттiктер мен банк сарапшылары Қазақстан нарығы туралы негативтi көзқараста болған, соның iшiнде Standart and Poor агенттiгi де бар. Алайда, аталмыш агенттiк бұл болжамның қате болғанын, ел экономикасына қан жүгiрiп, елiмiздiң дер кезiнде қолданған шаралары дағдарыс салдарының алдын алғанын мойындап отыр.
Осыдан бiрер жыл бұрынғы ақпарат құралдарында кейбiр шетел экономистерiнiң әлемдiк қаржы дағдарысы туралы болжамдары қылаң берiп қалып жүрдi. Ол болжамдардың ақыры шындыққа айналды. Америка Құрама Штаттарынан бастау алған қаржы дағдарысы өзiмен қоса дүниежүзiн жалмап, дамыған мемлекеттердiң экономикасын тығырыққа тiредi. Сол сияқты АҚШ-тағы банктiк дағдарыстың 2013 жылға дейiн созылатыны нақты айтылды. Дағдарыс 3-4 жылда бiтедi деуге ешбiр дәлел жоқ.
Дүниенi кезген дағдарыстан еш мемлекет тыс қалған жоқ. Жыл басынан берi көптеген елдерде банк саласы мен қаржы жүйесiне қауiп төндi, валюталық шайқалу алаңдатты, инфляцияға ұшырау жағдайы да сезiлдi, жұмыссыздықтың артуы құлдырауға қарай тарта бастады. 2008 жылғы дағдарыстың ықпалына ұшыраған әлем мемлекеттерi 2009 жылды қаржылық-экономикалық саладағы «қара тұман» ретiнде болжаған едi. Олай болса сараптамалық агенттiктердiң болжамының қаншалықты тура жасалатындығы жөнiнде жоғарыда келтiрiлген мысалдардан байқауға болады.
Ақниет ОМАРҒАЗЫ