КҮМБIРЛЕГЕН ҚОҢЫР ҮН РЕКОРДТАР КIТАБЫНА ЕНДI

КҮМБIРЛЕГЕН ҚОҢЫР ҮН РЕКОРДТАР КIТАБЫНА ЕНДI

КҮМБIРЛЕГЕН ҚОҢЫР ҮН РЕКОРДТАР КIТАБЫНА ЕНДI
ашық дереккөзі

«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен өткен «Домбыраның күмбiрi – халқымыздың бiрлiгi» атты күмбiрлi кешке жоспарланған 500 емес, барлығы 640 күйшi қатысты.

Көптен күткен күн де келiп жеттi. Қоңыр күйдi бiр сәтте бес жүз домбырашының орындауын асыға күткен көрермендер саны концерт уақыты таяғанда кемiп қалды. Себебi дайындық бойынша Студенттер сарайына жоспарланған концерт белгiлi бiр себептермен Оқушылар сарайына ауыстырылды. Неге дейсiз ғой? Дәп сол күнi аталмыш сарайдың жылу құбыры ойламаған жерден iстен шыққан. Бұл оқиға өз кезегiнде концерттiң екiншi бiр ерекшелiгiнiң туындауына себеп болды. Атап айтар болсақ, қазақ эстрадасында бұрын-соңды болмаған жағдайға орын берiлдi. Анығырақ, көрермен мен өнерпаздар орны ауыстырылды. Яғни, бiрдей ұлттық киiмдегi күйшiлерiмiз көрермен залына жайғасып, концерт соңына дейiн сол жерде өнер көрсеттi. Ал көрермендер қайдан тамашалады дейсiз ғой? Дәп сахнадан. Бұл туралы «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Айдар Қырықбай: «Өкiнiшке қарай, аяқ-астынан болған жағдайдың кесiрiнен мыңдаған көрермендi жоғалттық. Соның өзiнде халық сахнаға сыймай қалды. Орын алған келеңсiздiктi ескере отырып, бұл қойылымды кейiнге шегеруге болар едi. Алайда, ескеретiн бiр дүние бар. Жасөспiрiмдер мен мектеп оқушыларының сағын сындырмау керек. Себебi олар үш ай бойы бес күйдi үйренiп, тыным таппай дайындалды. Оркестрде 640 адам бар. Олардың басым бөлiгiн Алматы қаласы жоғары оқу орындары мен музыкалық мектептердiң домбырашы бiлiмгерлерi құрады. Олар дайындыққа келетiн әрбiр сенбiнi асыға күтiп жүрдi. Сондықтан да бiз мақсаты жастар бiрлiгiн ұйыту болып табылатын, ұлттық дәстүрдi насихаттайтын кештi кейiнге қалдырмай, халықтың назарына ұсындық. Керiсiнше екi ұтқан тұсымыз болды: бiрi – өнер көрсетушiлер мен көрермен орны ауысса, екiншiсi – сахнада алты күй орындауға бiрден 640 адамды жұмылдырдық,» – дейдi.

Алты жүзден астам адамнан тұратын оркестрге бас болу екiнiң бiрiнiң қолынан келмейтiн шаруа. Концерт барысында елiмiзге еңбегi сiңген өнер қайраткерi Қаршыға Ахмедияров дирижерлiк таяқшасын Арман Жүлдебаевқа табыстады. «Атадан балаға мұра» демекшi, бұдан әрi оркестрдi iс-қимылмен бағындыру жас буынға жүктелдi. «Домбыраның күмбiрi – халқымыздың бiрлiгi» жобасы барысында қазақ күйiнiң құдiретiн танытар Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», Тәттiмбеттiң «Саржайлау», Дәулеткерейдiң «Қосалқа» сынды шығармалары орындалып, Қаршыға Ахмедияровтың «Күй ұран» күйi орындалды. Ұлттық рухтың кешiнде дәстүрлi ән мектебiнiң өкiлдерi – Е. Шүкiманов, А. Қосанова, Ұ. Байбосынова, Т. Құрманғалиев сынды майталман әншiлер өнер көрсеттi. Ұйымдастырушылар «Балам!» дейтiн жұрт болмаса, «жұртым!» дейтiн бала қайдан болсын» деген бастаманы алға тартса керек. Олардың айтуынша қолынан iс келетiн, еңбекқор да сауатты жастар көп. Расында, қоғамның небiр қиындықтарын еңсеруге қуаты да жетерлiк. Тек «осылардiкi дұрыс-ау» деп бастан сипар адам болса…

Кештi аса құштарлықпен, қызыға тамашалағандардың бiрi – шетелден келген өкiлдер болды. Ендiгiсi рекордтар кiтабының қақ төрiне жайғасу. Ұйымдастырушылардың сөзiне сенер болсақ, қазақтың ұлттық киiмдерiне тәнтi болған өкiлдерге домбыраның артықшылықтары мен күмбiрлеген үнiн түсiндiру қиынға соққан секiлдi. Нәтижесi жаман емес, дала мәдениетiнiң музыкасымен ендi бүкiл әлем танысады. Бұл дегенiмiз – 640 орындаушыны ендi Гиннестiң рекордтар кiтабынан көре аласыздар.

Естерiңiзде болса, олимпиадалардың ашылуында мың скрипкашыдан өнер көрсетiп жатады. Сол сияқты 2010 жылы өтетiн Азиада ойындарын екi мың домбырашымен ашсақ, қазақ елiнiң нұры бiр тасымас па едi?! Мiне, дәл осы идеяны қолдап отырған жастар бiрлестiгi болашақта орындаушылар санын көбейте бермек. – Әуелде, «бес жүз домбырашыны қайдан табамыз?» деген қорқыныш болғаны рас. Бiрақ қолына домбыра ұстаған мыңдаған бала қатысуға ниет бiлдiрдi, тiптi №172 мектептiң 120 адамнан тұратын оркестрiнен, 80 адам iрiктелiп алынды. Ал басқа мектептердi жұмылдыратын болсақ, мыңдаған жастар қолына домбыра алады, сонда Азиада ойындарын мақтанышпен ашуға болады, – дейдi Айдар.

Ендеше әрбiр қазақтың жүрегiнен домбыраның қоңыр үнi үзiлмесiн!

Ақниет ОСПАНБАЙ