БЕДЕЛДI ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК АСТАРЫ

БЕДЕЛДI ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК АСТАРЫ

БЕДЕЛДI ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК АСТАРЫ
ашық дереккөзі
451

Қазақстан Республикасы 2009 жылдың 1-қаңтарынан ЕҚЫҰ төрағаларының Үштiгiне ресми түрде кiрiстi. Ал iс жүзiнде төраға мiндеттерiн Грекия Қазақстанға 1-желтоқсанда Афинада өткен ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнде тапсырды. Үштiктiң негiзгi мақсаты — ЕҚЫҰ iс-қимылдарын үйлестiру және жоспарлау. Сонымен қатар Ұйым қызметiндегi сабақтастықты қамтамасыз етуде, әрi қызметтегi төрағаға кеңес беретiн орган ретiнде Үштiктiң маңызы зор.

Бүгiнде Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы басқа да халықаралық немесе аймақтық құрылымдармен салыстырғанда Еуропа құрлығында ерекше орын алатындығы баршаға мәлiм. Ұйым қауiпсiздiкке баса назар аударып, оның iшiнде қару-жараққа бақылау, сенiм мен қауiпсiздiктi нығайту шаралары, қақтығыстан кейiнгi реттеу, экономикалық және экологиялық қауiпсiздiк, адам құқықтары, сайлауға бақылау сияқты кең ауқымды мәселелермен айналысады. Осыны басты назарға алатын болсақ, Қазақстан үшiн болашақ төрағалықтың қаншалықты сын екенiн түсiнуге болады.

1992 жылы посткеңестiк мемлекеттердiң ЕҚЫҰ мүшелiгiне кiруi ұйымға басқаша пiшiн берiп, қызметiнiң мазмұнын өзгерткен болатын. Сондықтан да ұйым қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру осы заманғы талаптарға дер кезiнде үн қатуға мүмкiндiк бередi. Сол себептi 2007 жылы қарашада Мадридте Қазақстанның аймақтық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегi мүмкiншiлiктерiнiң дәлелi ретiнде елiмiзге әлемдегi қауiпсiздiк саласындағы ең бiр iрi ұйымның тiзгiнi берiлген. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан ЕҚЫҰ мандатының, әсiресе, Орталық Азияда табыспен жүзеге асуына тiкелей мүдделi.

Орталық Азияның қандай аймақ екенi бүгiнде әлемдiк қауымдастыққа белгiлi. Жердiң асты мен үстiндегi байлықтары мол Орталық Азия әлем елдерiнiң аса қызығушылығын тудырып отырған аймақ, сонымен қатар шешiмiн таппай отырған iшкi қайшылықтары да жетерлiк. Осынау алып аймақтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп, игiлiгiн игеру үшiн де төрағалықтың жөнi бөлек, яғни бұл үлкен жауапкершiлiк болып табылады. Осы орайда Қазақстанның төрағалығы қауiпсiз, тұрақты және салиқалы Орталық Азияны қалыптастырудың маңызды факторы болмақ. Оған тек аймақтағы елдер ғана емес, барлық халықаралық қауымдастық мүдделi екенi сөзсiз.

Осы орайда Қазақстан Ұйым ұстанымдарын салыстырып, келiсуге, ұжымдық шешiмдер қабылдауға көмектесе отырып, үнқатысу алаңында пайдалы, әрi маңызды рөл ойнауын жалғастыра беруi ықтимал. Бiздiң ортақ мiндетiмiз – Ұйымды күн өткен сайын өсiп келе жатқан қауiп-қатерлердiң алдында мықты, әрi тиiмдi күш жасау.

Сондай-ақ, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары ядролық қарусыздануға бет бұру арқылы Қазақстан бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қаншалық дайын екенiн iс жүзiнде дәлелдедi. Бұл үдерiске ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердiң бiрқатары тартылды, яғни мұндай бiрегей тәжiрибе Батыс елдерiнiң үнемi қаперiнде. Қазақстан төрағалығы үшiн күн тәртiбiндегi «үлкен» тақырыптар қатарына жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелерi де жатады.

Қазақстан аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге барынша ат салысып отырған Орталық Азия аумағындағы ең iрi мұсылман елi. Ауғанстанның қалпына қайта келуiне үлес қосып, Батыстың халықаралық лаңкестiкпен күресiнде әрiптес болып жүрген, Батыс пен Ислам әлемiнiң арасында дәнекер боларлық мемлекет. Сенат спикерi Қ. Тоқаевтың Венада Қазақстанның Ұйымға 2010 жылғы төрағалыққа әзiрлiгi барысын таныстыруға арналған ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблеясының арнайы сессиясында атап өткенiндей, «әлемдегi төртiншi ядролық арсеналдан ерiктi бас тартқан Қазақстан аймақтағы қауiпсiздiктiң қашан да белсендi жақтаушысы ретiнде Орталық Азиядағы және ЕҚЫҰ-ның барлық кеңiстiгiндегi тұрақтылықты қолдау саясатын жалғастырады».

Қазақстан мен Орталық Азия елдерi үшiн, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның барлық қауымдастығы үшiн халықаралық лаңкестiкпен және дiни экстремизммен күрес айрықша басымдылыққа ие болуда. Ауғанстанмен көршiлес Орталық Азия аймағын қауiпсiздiктiң қазiргi заманғы қауiп-қатерлерiне қарсы тұрған ЕҚЫҰ-ның форпостына айналдырды. Орталық Азия әлемдiк саясаттың тысқары аймағы болудан қалған, яғни аймақтағы кез келген оқиға тұтас еуразиялық кеңiстiктегi жағдайға тiкелей әсер етедi. Сондықтан, ЕҚЫҰ еуроатлантикалық кеңiстiктiң ғана емес, Орталық Азияның да тынысы мен тамыр қағысын сезiнуi тиiс. Олай болмаған күнде қалыптасқан бос кеңiстiк аймақтағы басқа бiр арам пиғылды сыртқы күштердiң ықпалында қалуы мүмкiн.

Алдына қойған мiндеттерiнiң қатарында Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде тұрақтылық пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, төзiмдiлiк пен кемсiтпеушiлiктi нығайту, халықаралық лаңкестiкке қарсы тұру секiлдi мәселелерге ден қояды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы беделiн жаңғырту үшiн жүйелi жұмыс керек. Бұл алдағы Төрағалықтың ғана емес, бүгiнгi күннiң де күн тәртiбiнде тұрған басымдық болуы тиiс. Қазақстан ЕҚЫҰ қауымдастығын осы мәселеге мән берiп қарауға шақырады. Сондай-ақ, әскери-саяси қауiпсiздiктi сақтау, экономикалық және экологиялық қауiпсiздiк, адам құқығын қорғау және демократияландыру мәселелерi аймақ елдерi үшiн өзектi болып табылады.

Қазiргi кезеңде Орталық Азия аймағының барлық мемлекеттерi халықаралық қауiпсiздiктiң әдiлеттi және тиiмдi архитектурасының қалыптасуына мүдделi. Осы орайда өзгеру үстiндегi халықаралық қатынастарда тиiмдi саяси алаң бола алатын халықаралық ұйымдарға зәрулiк арта түседi, яғни бiздiң аймақ үшiн осындай қажеттi ұйым ЕҚЫҰ екенi айқын. Бұл тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы өз кезегiнде аймақтық қауiпсiздiк жүйесiнiң сапалы өзгеруiне ықпал етедi. Дәлiрек айтсақ, әлемдiк қоғамдастықтың, сондай-ақ, ұйымға мүше мемлекеттердiң Қазақстандағы, жалпы Орталық Азия аймағындағы маңызды және өзектi мәселелерге назарын аударады.

Аймақ пен ұйым арасындағы өзара ықпалдастық Қазақстанның жалпыеуропалық құрылымдарға қатысуы арқылы Еуропа мемлекеттерiнiң аймақтағы әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға ЕҚЫҰ-ның жобалық қызметi арқылы донорлық көмек көрсетуiне бағытталады. Осы орайда төраға ретiндегi Қазақстанның басты мiндеттерiнiң бiрi — Орталық Азия аймағына жалпыәлемдiк, демократиялық стандарттар мен құндылықтарды енгiзуге ықпал жасау.

Жалпы алғанда, өтпелi кезеңнiң барлық қиындықтарына қарамастан, Орталық Азия мемлекеттерi қалыптасты. Аймақ елдерiнiң бiрiне ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мүмкiндiгiн беру – саяси элитаға күштi ынталандыру, әрi аймақтағы мемлекеттердiң әрi қарайғы дамуына және саяси-экономикалық жүйесiнiң ашықтығын қамтамасыз етуге жiгер берерi даусыз. Сонымен бiрге Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуi бiздiң Орталық Азия аймағындағы экономикалық және саяси үрдiстерге қалай әсер етуiмiзбен де байланысты. Көршiлес мемлекеттер Қазақстанның беделдi ұйымға төрағалығын бүкiл Орталық Азияның, ТМД-ның жетiстiгi ретiнде қарастырады, себебi бiздiң елiмiз кеңестiк дәуiрден келген, түркi әлемiндегi және көпшiлiк бөлiгi дәстүрлi ислам мәдениетiнiң аумағына кiретiн тұңғыш мемлекет.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы аясында Орталық Азиядағы аймақтық қауiпсiздiктi нығайту мүмкiндiгi қаншалықты дәрежеде болатындығына болжам жасау әрине күрделi сұрақ. Алайда, Хельсинкиде ЕҚЫҰ-на қатысушы мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнде ҚР СIМ М. Тәжин баяндама жасап, онда «Бiздер ұйымның орындылығы мен оның қазiргi жағдайға бейiмделу мүмкiншiлiгiн анықтап алуымыз керек. Қазiргi күн тәртiбiнде ЕҚЫҰ бiртұтас қауiпсiздiк қағидаларын қамтамасыз ететiн құрал бола ала ма, әлде ғаламдық қауiпсiздiк жүйесiнде статист рөлiн ғана атқара ма деген мәселе. ЕҚЫҰ-ның соғыстан кейiнгi Ауғанстанды қалпына келтiру сияқты мәселелерде ШЫҰ және ҰҚШҰ сынды аймақтық құрылымдармен серiктестiктi нығайтуы қажет деп есептеймiз» – деген болатын.

Дәл осындай қиын кезеңде елiмiздiң ЕҚЫҰ-ның тiзгiнiн ұстауы, өзiне зор мiндеттемелер алуы мемлекетiмiзге асқан жауапкершiлiк жүктеп отыр. Осы жолда барлық мемлекеттiк құрылымдар тиiстi дәрежесiнде өз үлестерiн саналы түрде мемлекет мүддесi үшiн қосқан жағдайда, бұл жауапкершiлiктi абыроймен атқара алатынымызға күмән тумайды.

Әсел НАЗАРБЕТОВА

Серіктес жаңалықтары