ТАЗА СӨЙЛЕУГЕ ТАЛПЫНЫС

ТАЗА СӨЙЛЕУГЕ ТАЛПЫНЫС

ТАЗА СӨЙЛЕУГЕ ТАЛПЫНЫС
ашық дереккөзі
240

Алматыдағы №175 мектеп оқушылары аптасына бiр күндi таза сөйлеуге арнайды екен

Әдетте мәселенiң мәнiсiне шешiмдi алыстан iздеймiз. Жан-жағымызға үңiлiп, өз бетiмiзше жауап iздеп, шешiм шығаруға тырысу қазiр қалған. Әсiлi көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда көп нәрсенi жөнге келтiруде жоғарғы жаққа жалтақтап, бiрiншi қимылды солардан күтiп қалатын кездер болады. Бiлек сыбана кiрiсiп кетсек, бiреу жазғыратын секiлдi. Әлбетте.

«Бiлiм жастан» дегендi ескерсек, нағыз адами бастамалар балалардан шығып жатады. Әсiресе ұлт, тiл, дiн мәселесiне келгенде, баланың пәктiгiнде шек жоқ. Кейде атам қазақ «баланың iсi шала» дейдi, бұған кейде келiсу қиын. Нақты мысал келтiрiп өтсек.

Алматы қаласының «Таугүл» ықшамауданында орналасқан «Жаңа ғасыр» деп аталатын №175 мектептiң бастауыш пен жоғарғы сынып оқушылары бiр күндi тек қазақ тiлiнде, яғни ешбiр термин және басқа тiлдердiң сөздерiмен шұбарламай сөйлеуге арнап отырады екен. Игi бастаманың жас қолдаушылары өз ұлты мен тiлiне деген жанашырлығын осылай бiлдiрсе керек. Естiген жан сүйсiнерлiк жаңалыққа бiзде бей-жай қарап отыра алмай, аталмыш мектепке мойын бұрған едiк.

Бұрын-cоңды iсiм түспеген мектеп болғандықтан, келген бетте бастауыш сыныптар бөлiмiнен бiр-ақ шықтым. Үлкендер жағы болмаса, кiшкене балалар орысшаны қайдан бiлсiн? Қоры бай қазақ тiлiндегi бар бiлетiн сөздерiн айтып, шауып жүр. Айқай мен шудың арасынан сытылып шығып, кезекшiден жөн сұрадым. Ол менi «Жаңа ғасыр» мектебiнiң тәрбие iсi бойынша орынбасары Майра Әбдiрәсiлқызының кабинетiне жеткiзiп салды да: «Көрдiң бе? Бiздiң мектептiң балалары туралы мақала жазуға келiптi. Бұл бастама оң нәтиже бердi» деп қалды. Хош, сонымен Майра апай екеумiз қазақ тiлiнiң мәртебесiн асқақтатушы сыныпқа кеттiк. Айтқандай, Майра апай бұған дейiн басқа мектептерде жұмыс iстегенiн айта келiп, «Шынымды айтсам, басқа мектептерде оқушылар үзiлiске шықса болғаны, орысша сайрай кететiн. Ал бiздiң мектептiң балалары керiсiнше, қазақ тiлiнiң мерейiн үстем қылады» деп, осы мектептiң қазақшасы туралы сыр бөлiстi.

Iздегенiмiз 11 «А» сыныбы болатын. Дәл осы кезде қоңырау үнi де шырылдап қоя бердi. Келесi сабақ – география. Бұл сыныптың оқушыларымен әңгiмелесе келе, қазақ тiлiнiң мәртебесiн арттыруға арналған шаралар жиi ұйымдастырылатынын бiлдiк. Тiптi бастауыш сыныптар арасында да жиi өткiзiлiп тұратын көрiнедi.

– Сынып iшiнде ана тiлiнде сөйлесемiз. Жай күндерi де сөз арасында қазақ тiлiнде ғана сөйлесуге тырысамыз. Қазақ мектептерiнiң оқушылары туған тiлiн жақсы бiледi. Ал аралас мектептiң балалары мүлде сөйлей алмайды десе де болады, мәселен менiң достарым соған дәлел бола алады. Олар қазақ сыныбында оқыса да, әке-шеше тәрбиесiн орыс тiлiнде алғанын сылтауратады, – дейдi осы сыныптың оқушысы Ақбота. Иә, жастар арасындағы ана тiлiн сыйламаушылықтың себеп-салдары белгiлi: орысша оқыған ата-ана тәрбиесi, өз ортасынан шығып қалмас үшiн мүдделi орыс тiлiнде сөйлеу және ресми тiлдi қоғам.

Десе де қоғамның өзiне де «үштұғырлы тiл» идеясын енгiзу дендiп келе жатқан секiлдi. Ендi орысшамызды қойып, ағылшынға ауып кетпесек болғаны. Алайда, үлгiлi мектептiң үлгерiмдi оқушылары мұнымен келiспейтiн құлық танытты. «Бiз сөз жүзiнде ғана айтуға ұстамаз, ал iске келгенде, мәселен үзiлiс кезiнде кейде қазақ тiлiн ұмытып та кетемiз. Оған басты себеп бар: қазақша сөйлесең – ауылдан келген деп жақтырмайды. Сондықтан өз қатарыңнан қалып қоймас үшiн бар орысшаңды алға тартасың» – дейдi Рамазан. Есейген сайын балалар арасында қалыптасқан жағымсыз жайт жалғасын тауып келедi. Қала мектептерiнде бiлiм алатын балалар арасында осындай түсiнiк қалыптасқалы қашан? Әйтсе де балалар өз араларында болған қызықты жайтпен бөлiсе отырды. 5-6-сыныпта оқып жүргенде ұл балалар таза қазақ тiлiнде сөйлесуге уағдаласады. Кiмде-кiм уәденi бұзып, өзге тiлдiң сөзiн араластыра сөйлесе, соққыға жығылады екен. Нағыз азамат дедiм iшiмнен. Бiрақ бұл iс балалықпен жасалса да, оқушылардың қазақ тiлiне, яғни ана тiлiне деген құрметi деп ұғынған жөн. Ендiгi мәселе басқа мектептер мен ұстаздардың «жақсыдан үйренiп», игiлiктi бастаманы үзбесе деймiз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары