ҰЛЫ “КӨСЕМ” ЖӘНЕ ҰЛТТАРДЫ БӨЛШЕКТЕУ САЯСАТЫ

ҰЛЫ “КӨСЕМ” ЖӘНЕ ҰЛТТАРДЫ БӨЛШЕКТЕУ САЯСАТЫ

ҰЛЫ “КӨСЕМ” ЖӘНЕ ҰЛТТАРДЫ БӨЛШЕКТЕУ САЯСАТЫ
ашық дереккөзі
428

Өткенде теледидарға қарап отырып, өзiм сырттай сыйлап жүрген бiр ағамыздың кейде кеңестiк дәуiрдi аңсаймын деген әңгiмесiн естiп қалдым. Ол кезде бұқараға көп жағдай жасалды, жұрттың көңiлi тоқ, көйлегi көк болған едi дейдi әлгi ағамыз. Өкiнiшке қарай, осындай пiкiрлердi жиi болмаса да ара-тұра естiп қаламыз. Менiңше, мұндай әңгiмелердi большевиктер жүргiзген сұрқайы саясаттан бейхабар адамдар айтатын сияқты.

Бiрақ бiлiп тұрып, наданның сөзiн сөйлейтiндерi де бар. Мұндайлар көбiне ұлттық мүдденi түсiне бермейтiндер немесе кейбiр өресi төмен қандастарымыз екенi айтпаса да түсiнiктi. Егер «қызыл қырғынның» не үшiн қолға алынғанын аңғарса есi бар адам Кеңес одағын аңсауын сап тияр едi. Ендi сол коммунистердiң құйтырқы әрекеттерiнiң кейбiрiне арнайы тоқталсақ… Ресей империясында орысеместердiң барлығын әуелден татарлар деп атайтын дәстүр бар. Әсiресе олар шыққан тегi азиялықтарды осылайша жалпылама атайды. Бiрде Мәскеу радиосында сұхбат берiп жатқан Расұл Ғамзатов Кеңес Одағының маршалы Климент Ворошиловтың өзiмен кездескенде үнемi «Иә, татар, қал-жағдайың қалай?» деп амандасатынын есiне алды. «Сосын бiр күнi, — дейдi сөзiн ары қарай сабақтаған Ғамзатов, — шыдай алмай кетiп, Климент Ефремович, мен татар емеспiн, Дағыстандық авармын», дедiм. Маршал болса: «Жә, қызбаланба, Расұл, сiздердi — орысеместердiң барлығын бiзде баяғыдан татарлар деп атайды», — деп әңгiменiң соңын қалжыңға айналдырып жiбердi». Тарихи деректерге жүгiнсек, қазiргi әзiрбайжандарды да 1926 жылға дейiн татарлар деп атап келiптi. Грузияның алғашқы президентi З.Гамсахурдия жұрт алдында сөйлеген сөзiнде Грузияны мекен еткен әзiрбайжандарды үнемi татарлар дейтiн болған. Мұндай мысалдар өте көп. Кейiн большевиктер билiк басына келген соң империядағы байырғы халықтарға басқаша ат берiле бастады. Әсiресе қазiргi татарлардың бабалары осы тұста үлкен белсендiлiк көрсетедi. Бұқара бас қосқан жерде олар өздерiн мұсылмандармыз, бұлғарлармыз немесе ноғайлармыз деп атап жүрдi. Кейiн аты өзгерген халықтардың моңғол-татарлармен мүлде байланыспайтын жаңа тарихын жасау қажеттiгi туады. Сталиннiң бұйрығы бойынша беделдi шығыстанушылар мен тарихшылардың тұтас бiр тобы осы жұмысқа бiлек сыбана кiрiседi. Бұларға академик В.Бартольдтiң өзi басшылық жасады. Кейiн кезек Түркiстанға келдi. Мұнда большевиктер барша түрiк түлеп ұшқан жердегi төл халықты ыдырату саясатын жүзеге асырды. Осылайша Қапқаздағы татарлар әзiрбайжан деп атала бастады. Ал солтүстiк Қапқаздағы татарлар құмықтар, ноғайлар, карашайлар мен балқарлар болып бөлшектенiп кеттi. Халықтарға қайта ат беру арқылы большевиктер Қапқаз бен Түркiстанды мекендеген миллиондаған қыпшақтарды да жойып жiбердi. Бұл атау олар үшiн өте қауiптi едi. Өйткенi Қыпшақтар бiр кездерi шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арасындағы аймақты мекендеген алып этнос болды. Екiншiден, Түркiстандағы қыпшақтар қызылдар қырын қараған Алтын Ордадан шыққан. Олар Орталық Азиядағы төрт республика Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстаннның оңтүстiк территориясын алып жатқан Қоқан хандығындағы белсендi күш болатын. XIX ғасырдың жетпiсiншi жылдары Ресей империясы жаулап алған соң, Қоқан хандығы бiртiндеп өмiр сүруiн тоқтатады. Бiрақ, Түркiстанда қалып қойған қалың қыпшақ Сталиннiң түн ұйқысын төрт бөлiп, дегбiрiн қашырды. Ол Түркiстанда Қыпшақ республикасын құрғысы келген жоқ. Қысқа қайырғанда, Түркiстанда жүргiзiлген бөлшектеу саясатынан кейiн мұндағы қыпшақтар iрi этнос ретiнде жойылып, өңiрдегi өзге халықтардың арасына сiңiп кетедi. Дәлiрек айтқанда, оларды өздерiн қырғыз, түркiмен, өзбек немесе қазақ деп атауға мәжбүрледi. Кейiн қыпшақтар Түркiстанда тұтас халық болып ғұмыр кешуiн түбегейлi тоқтатты. Бәлкiм осыдан кейiн болса керек, олардың ұрпақтары Ферғана халифатын құрамыз деп ТМД-ның үш республикасы түйiскен жердегi бүкiл Ферғана алқабын күнi бүгiнге дейiн дүрлiктiрiп отыр. Кейiн большевиктер «моңғол-татарлардың мәселесiн де» бiржола шешуге кiрiстi. Қазiрге дейiн кейбiр ағаларымыз қызғыштай қорғайтын Сталин осы тұста моңғол-татарларды «тағы көшпендiлер» қылып көрсетуге құлшынды. Бұл тарихи деректер растайтын жәйт. Мәселен, белгiлi ақын әрi аудармашы Семен Липкиннiң естелiктерiнде Сталиннiң бүкiл Русьтi жаулап алған «татар» этнонимiн варварлар қылып барынша қаралауға тырысқаны айтылады. Кеңес одағы құлағаннан кейiн «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Семен Липкин Сталиннiң татар-моңғолдарды жұртқа жеккөрiнiштi етiп көрсетуге талпынғанын әңгiмелеген. Осындай оймен «көсем» ғылым мен кино қайраткерлерiн суретшiлер мен жазушыларды осы процеске арнайы жұмылдырып жiбередi. Нәтижесiнде 1939 жылы Василий Янавецкийдiң «Шыңғысхан» деп аталатын кiтабы КСРО-ның мемлекеттiк сыйлығына ұсынылады. Тарихи шындықтан алыс жатқан, Шығысханды қаралау үшiн жазылған бұл роман өз дегенiне жетiп, татар-моңғолдарға жұрт қырын қарай бастады. Ал соғыс жылдары Сергей Эйзенштейннiң «Иван Грозный» кинокартинасын жарыққа шығарған Иосиф Сталин Шыңғысхан мен оның ұрпақтарына жариялаған күресте бiржола жеңiп шығады. Татар-моңғолдарды жұрт осыдан кейiн басқыншы, өркениеттен хабары жоқ қара тобыр ретiнде қабылдайтын болды. Бұл большевиктер жүргiзген «көпвекторлы» саясаттың бiрi ғана. Олардың империяны ұстап тұру үшiн қандай құйтырқы әрекеттерге барғанын қазiр жiпке тiзгендей етiп түгел баяндап шығу мүмкiн емес. Оның қажетi де жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы қызыл империя тарихының Қазақ елi үшiн қастерлi кезең болмағанын жұртқа жеткiзу.

Жолымбет МӘКIШЕВ

Серіктес жаңалықтары