«КАЗЛОТО» КӨҢIЛГЕ ҚОНБАЙДЫ
«КАЗЛОТО» КӨҢIЛГЕ ҚОНБАЙДЫ
Қысқартылып «Казлото» деп жазылғаны – «қазақ лотосы» да, тiптi «Қазақстан лотосы» да емес тәрiздi. Бұл – мен бiлсем, «Русское лото» в Казахстане» деген сөзге келедi, қысқарғанда «Казлото» болып шыққанға ұқсайды. «Евразия» телеарнасындағы аталмыш ойын, негiзiнен, орыс тiлiнде жүредi… «Ресей» телеарнасындағы «Русское лото»-ның дәлме-дәл көшiрмесi. «Бiздiкiнiң» айырмашылығы – бiр қарындас тас нөмiрiн қазақша қайталап тұрады.
Бiр қарағанда осы ойынды екi кiсi жүргiзетiндей. Алайда, сантастарды (бочки) қап iшiнен алуды ер кiсi тек өз «жауапкершiлiгiне» алған. Кәдiмгi алтын-күмiс қоймасының кiлтiн иемденгендей, жанындағылардан қызғанатындай. “Бәлкiм, сантастарды қарындас көтере алмайтындай ауыр болар? Әлде, қолын күйдiретiндей ыстық па екен” деген ой да сананы шарлап өте шығады. Осы сантасты алу «қызметiнен» шеттетiлген қарындас ер кiсi айтқан санды екi қолы алдына сыймай, қазақша қайталап тұрады. Лотоның басынан аяғына шейiн бiтiретiн шаруасы – осы. Сөйтiп, миллиондаған кiсiнiң теледидар алдында қолы қусырулы күйi бiр орында тапжылмай тұру оңай емес, әрине. Лото ұйымдастырушылары қызға сантасты ұстатқызбаса, сенбесе, мемлекеттiк тiлiмiздi маңайына жуытқысы келмесе, ойынды Қазақстанда өткiзiп несi бар едi? “Ұйымдастырушылар үшiн «лотоны» Қазақ елiнде өткiзу тиiмдi болса, заңдарымызды неге құрметтемейдi?” деген ой да жоқ емес. Ал сантастардың түсуiне қарай ұтыс нәтижесiн баяндап отыратын қарындастың жағдайы бiршама «жақсырақ», ол орындықта отырады, әрi қажеттi уақытында ғана «көзге» түседi. Алайда оның аузынан да қазақ тiлiнде бiрде-бiр сөз шықпайтынға ұқсайды. Бәлкiм, «рөлiнде» қазақша сөйлеу қарастырылмаған болар?
Бұны қазақты қорлау, мемлекеттiк тiлдi менсiнбеу деп түсiнедi жұрт, өкiнiштен әркiмнiң өзегi өртенедi. Қапшықтан сантастарды екi кiсi кезектесiп алса қайтер едi? Сантасты алғанда әуелi қазақша, содан соң орысша айтса болмай ма? Мемлекеттiк тiлге тағзым ету азаматтық таныту болар. Өзге ел азаматының мемлекеттiк тiлiмiзге iзетi – осы елдiң азаматтарын құрметтегенi, ал отандастарымыздың қазақ тiлiн құрметтеуi – азаматтық парызы емес пе едi?
Қазақстанда ойналатын осы телеойын билеттерiнiң айнабетi (лицевая сторона) де мемлекеттiк тiлде жазылмай жүр. Билет бетiнiң қазақ тiлiнде жазылмауы Заң талабын бұзу емес пе едi? «Тiл туралы» Заңды «Казлото»-ға кiм орындатады? Әлде елiмiзде ондай мекеме жоқ па?
Десек те, «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрерсiң» демекшi, мемлекеттiк тiлiмiздi құрметтемеген осы лото ұлттық, мемлекеттiк мерекелерге де мұрынын шүйiрiп жүргендей. «С новым годом!» деген жазуды ай жарым бұрын әлемге жар салып жарнамалайтын осы лото Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнi, 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнi, 25 Қазан – Республика күнi (мерекелер тiзiмiнде болған кезiн айтамын) тәрiздi мерекелерiмiзге арнап өз тираждарын өткiзiп жүр ме? Көргiм келдi, көре алмадым. Ақиқаттан аттамайын, нақты бiлетiнiм, «Наурыз» мерекесiне тиражын арнайтыны рас.
Ұлттық және мемлекеттiк мерекелердi өзге емес, «Казлото» елемесе қалай болғаны? Бұған ешкiмнiң басы ауырып, балтыры сыздамай ма? Жауабын кiм бере алады? Халқымыздың есебiнен қаражатын молайтып жатқан ұйымдастырушылар азаматтарымыздың көңiлiне қаяу түсiрмесе еттi. Мемлекеттiк тiлiмiздi, заңдарымызды, халқымызды құрметтемейтiн, ондай лотоның болғанынан болмағаны жақсы емес пе едi?
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ