ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ – БИЗНЕСТIҢ БАСТАУЫ МА?

ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ – БИЗНЕСТIҢ БАСТАУЫ МА?

ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ – БИЗНЕСТIҢ БАСТАУЫ МА?
ашық дереккөзі

200 адам қатысқан Алматыдағы II Медиа құрылтайда отандық БАҚ-тың бүгiнi мен ертеңi сараланды. Экономикалық дағдарыстан отандық медиа нарықтың қаншалықты зиян шеккенi екшелдi. Бiр анығы, әлемдiк экономиканың мүшкiл халi қазақстандық баспасөзге де керi әсер еттi. Тығырықтан шығар жол қайсы? Медиа құрылтайда көтерiлген басты мәселелердiң бiрi – осы.

Қарашаның 25 күнi Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен өткiзiлген II Медиа құрылтайда «Дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның медиа индустриясы. Қазақстандағы медиа нарықтың қиындықтары мен келешегi» тақырыбын талқыға салды. Отандық медиа нарық пен медиа бизнесiнiң бүгiнi мен ертеңiн саралаған Құрылтайға 200-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының иелерi мен басшылары, бизнес құрылымдар, баспа үйлерi, теле, интернет және радиоарналар өкiлдерi, медиа саласындағы үкiметтiк емес ұйымдар қызметкерлерi, тәуелсiз сарапшылар бар.

Үстiмiздегi жылы 15 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстан баспасөз клубының басшысы Әсел Қарауылова дағдарыс кезiндегi отандық медиа нарықтың дамуы мен оның негiзгi үдерiстерiне арналған зерттеу қорытындыларын көпшiлiк назарына ұсынды. Оның айтуынша, қазақстандық БАҚ саласы қаржылық және экономикалық дағдарыстың ушығуы салдарынан жарнамалық бюджеттiң күрт қысқаруы, басылымдардың жабылып қалуы, дағдарысқа қарсы стратегиялық жоспарлау саласына жетiк басқарушы мамандар мен қызметкерлер тапшылығы сияқты бiрқатар қиындыққа тап болды. Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырған сауалнама нәтижесiнде, бас редакторлардың 58 пайызы экономикалық дағдарыстың кесiрiнен БАҚ халiнiң мүшкiл тартқанын, баспасөзге деген қысымның күшейгенiн, БАҚ-ты «холдингтеуге» «құштарлықтың» артқанын, ақпарат тұтынушылар тарапынан БАҚ-қа деген сенiмнiң төмендегенiн айтқан. Сонымен қатар олардың 41 пайызы қызметкерлердi, оның iшiнде, журналистердi 15 пайызға дейiн қысқартқанын көлденең тартқан. Сауалға жауап берген БАҚ басшылары басылымдардағы мемлекеттiк тапсырыс үлесi орташа есеппен алғанда, 20 пайызға дейiн өскенiн, бұл мемлекеттiк құрылымдар тарапынан БАҚ жұмысын бақылауды күшейтуге негiз болғанын жеткiзген. Медиа құрылтайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрiнiң орынбасары Ғазиз Телебаев, Қауiп-қатердi бағамдау тобының басшысы Досым Сәтпаев, «Арна-Медиа» Холдингi Басқарма төрағасы Ерлан Байжанов, Қазақстан баспагерлерi Ассоциациясының президентi Сергей Миролюбов т.б. БАҚ нарығының қазiргi ахуалы мен келешегiн сарапқа салды. Ресей мен АҚШ-тың медиа нарығындағы жағдаймен («Бизнес Медиа Консалт» сарапшысы Ольга Карпова («Ресейлiк медиа нарықтың дағдарыс жағдайында дамуының негiзгi үдерiстерi») мен Аллен Палмер («Әлемдiк дағдарыстың АҚШ медиа индустриясына ықпалы. Соңғы үдерiстерге сараптама») таныстырды.

Биыл екiншi рет өткiзiлiп отырған Медиа құрылтайда «Қазақтiлдi БАҚ-тың медиа-бизнес ретiнде дамуы» тақырыбына арнайы отырыс ұйымдастырылды. Секцияның модераторы – «Егемен Қазақстан» газетiнiң қызметкерi Айнаш Есали дамыған елдердiң журналистикасындағы үдерiстердi үлгi ете келе, қазақтiлдi баспасөздiң күнгейi мен көлеңкесiн ашып айтуға шақырды. Әрине, қазақтiлдi баспасөздi бизнестiң бастауы ретiнде қарастыру үшiн қазақ тiлi қоғамда мемлекеттiк деңгейде қолданылуы шарт. Сондықтан «кәсiпкерлер мен компаниялардың басылымдарға, жалпы БАҚ-қа қазақ тiлiнде жарнама беруге құлшынбауы қоғамдағы қазақ тiлiне деген сұраныс пен қажеттiлiктiң төмендiгiнен. Билiк мемлекеттiк тiлге мемлекеттiк деңгейде көңiл бөлмейiнше, маңдайының соры бес елi қазақтiлдi БАҚ-тың бағы ашылмайды» деген бiздiң пiкiрмен келiспегендер кем де кем. Өкiнiшке қарай, қазақтiлдi баспасөздiң түйткiлдерi мен түйiндерi, оны шешудiң жолдары қарастырылған бұл отырысқа қатысуда елiмiздегi БАҚ басшылары белсендiлiк таныта алмады. Дұрысы, талқылауға қатысуға мүдделi болмады. Пiкiр бiлдiрушiлер арасындағы жалғыз Бас редактор – «Жұлдыздар отбасы» журналының басшысы Жарылқап Қалыбай бүгiнде талайдың iздеп жүрiп оқитын сүйiктi басылымына айналған журналды аяғынан тiк тұрғызуда мемлекет тарапынан көмек болмағанын, тендерге 7 рет қатысып, бiр рет те жолы болмағанын айта келе, «Жұлдыздар отбасын» ашуда кездескен қиындықтарымен бөлiстi. Бүгiнде шаруасын дөңгелетiп алған әрiптесiмiз қазақтiлдi баспасөзге деген сұраныстың артуына жағдай жасау үшiн қазақ тiлiн мемлекеттiк деңгейде дамыту керек деген бiздiң пiкiрдi құптайтынын және жарнама беруде 50Х50 саясатын ұстану керектiгiн айтты. Халықаралық «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау қоры жанындағы қоғамдық сараптама орталығының жетекшiсi Ғалия Әженова отандық журналистердiң құқық қорғау мәселесiнде көбiнесе есе жiберiп алатынын ортаға салды. Мемлекеттiк тендер туралы мәселе көтерген белгiлi журналист Дәурен Қуат (Abai.kz порталы) тендер арқылы мемлекеттiк тапсырысты жеңiп алған бұқаралық ақпарат құралдарында қордаланып қалған қиындықтардың ашық жазылмайтынына қынжылды. Ал «Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың» жетекшiсi әрi саясаттанушы Айдос Сарым қазақтiлдi журналистердiң кейбiрi қарапайым ақпаратты қысқа да нұсқа беруде осалдық танытатынын сынға алды: «50-100 жол ақпаратты жеткiзу үшiн көлдей мақала жазатындар көп. Өйткенi, журналистер арасында жазушылар мен ақындар басым». Бұл отырыста сонымен қатар қазақтiлдi баспасөздiң бүгiнгi бас ауруына айналған таралым мәселесi, жарнама тартудағы қиындықтар, отандық кәсiпкерлердiң қазақтiлдi газет-журналдарға жарнама беруге мүдделi болмауы, қазақтiлдi БАҚ нарығын зерттеуде маркетингтiк зерттеулердiң аздығы, тiптi, жоқтығы туралы да мәселе қозғалды. Қазақ бiлiм академиясының қызметкерi Қанағат Жүкешев мырза қазақтiлдi баспасөз бен орыстiлдi баспасөздiң арасындағы айырмашылықты мазмұн ерекшелiгiмен байланыстырды, ал бiз керiсiнше, бiр қоғамда өмiр сүрiп отырып, пiкiрi мен ой-санасы екiге жарылған қазақ қоғамындағы қазақ және орыстiлдi баспасөздiң екi түрлiлiгiн мүдде ерекшелiгiне жатқыздық. Бiр күнде шыққан қазақ және орыс тiлiндегi басылымның бiр-бiрiне мүлде ұқсамауы, көтерген мәселелерi қарама-қайшы болуы сондықтан. Интернеттiк баспасөздi дағдарыс жағдайында дамытуға арналған кеңейтiлген отырыста «Жаңа медиа» мәселесi жайлы пiкiрлер ортаға салынған. Осы отырыста танымал журналист Жәнiбек Сүлеев (Dialog.kz) қазақтiлдi интернет аудиторияның кеңiстiгi уақыт өткен сайын кеңейiп келе жатқанын, Abai.kz порталының AWARD.kz Ұлттық интернет жүлдесiн жеңiп алуы осының айғағы екенiн, ендiгi кезекте қазақтiлдi баспасөзге жарнама тартуға ықпал ету керектiгiне тоқталды.

Аталған шара шеңберiнде өткiзiлген дөңгелек үстелде «Kaspi bank» Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе «Дағдарыстың екi жылы. Келешекке сабақ» тақырыбы төңiрегiнде жиналғандармен ой бөлiстi. Медиа құрылтайды қорытындылаған Қазақстан баспасөз клбуының президентi Әсел Қарауылова: «Медиа құрылтайда айтылған пiкiрлер отандық медиа нарықтың дағдарыс пен тоқырау кезеңiн бастан кешiрiп жатқанын, оны дамыту үшiн мемлекет пен нарыққа қатысушылардың күш бiрiктiруi керектiгiн ашық көрсеттi. Сарапшылардың БАҚ-тағы мемлекеттiк тапсырыс жүйесiн қайта қарастыру, салық төлеушiлердiң ақшасын басылым беттерiн немесе арнадағы минуттарды сатып алуға емес, отандық БАҚ-тың кәсiби медиа бизнесi ретiнде құрылымдық дамуына бағыттауға қатысты бiлдiрген кеңесiн мәселелердiң өзегi ретiнде атауға болады» – дедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ