СЫТНИКТIКI СОЛ САРЫН... АЛ, МҰРАТ МЫРЗАНЫҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?

СЫТНИКТIКI СОЛ САРЫН... АЛ, МҰРАТ МЫРЗАНЫҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?

СЫТНИКТIКI СОЛ САРЫН... АЛ, МҰРАТ МЫРЗАНЫҢ МҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
227

Қазiргi кезде ғаламтор сайттары, оның iшiнде ресейлiк және қазақ елiнiң ауасын жұтып, нанын жеп жүрген кейбiр байбаламшыл сайттар қазаққа, мемлекеттiк тiлге қарсы материалдар жариялаудан шаршамай келедi. Тiптi, Ресейдiң бәзбiр сайттарына кiрер болсаңыз, Қазақстан мемлекетiн «СССР» деген топтық атауға кiргiзiп жiберген. Атап айтқанда, бәрiмiзге белгiлi «Lenta.ru» сайтынан Қазақстанды iздесеңiз, дәл осы «СССР» дегеннен тауып аласыз. Сонда, олардың пайымынша, Қазақ елi әлi күнге бұрынғы империялық астамшыл Ресейдiң қол астындағы мемлекет пе? Әлде, бұл тәуелсiздiгiн алған Қазақ мемлекетiн мойындамаудың жолы ма? Бiз мұны түсiне алмадық.

Белгiлi қоғам қайраткерi, мәдениеттанушы, Мұрат Әуезов «REGNUM» ақпарат агенттiгiне берген сұхбатында, өкiнiшке қарай, бiз ойлағандай ұтымды пiкiр айта алмапты. Мәселен, ол «Қазақ және орыс әдебиетiн бiр-бiрiне қарсы қоюға негiз жоқ. Және мектепте қазақ тiлi мен әдебиетi сағатын, орыс тiлi мен әдебиетi сағатын қысқартудың есебiнен көбейтуге болмайды. Өйткенi, қазақ әдебиетi, орыс тiлi, орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер талай ғасырдан берi өзара түсiнiстiкте болды» дептi. Ол сондай-ақ, «Кейде бiз орыс тiлiне тоқтау саламыз деп, тығырыққа тiрелiп жатамыз» деп сұхбат алушының ығына жығылып, орыс тiлiне жанашырлық танытыпты. Және ол «Орыс тiлi — әлемдi тануға арналған кiлт. Бiз орыс тiлiмен әлемдiк әдебиеттi — көркем, тарихи, ғылыми, философиялық, тағы басқа кiтаптарды оқи аламыз» деп ағынан жарылыпты. Дұрыс-ақ. Сонау заманда да Ұлы Абай да орыс мәдениетi, бiлiмi арқылы көзiн ашты. Ғылым мен iлiмге терең бойлады. Алайда, мәдениеттанушы ғалымның «Орыс тiлi мен әдебиетiн қысқарту арқылы қазақ тiлi мен әдебиетi сағатын көбейтуге болмайды» дегенiн қалай түсiнуге болады? Жасыратыны жоқ, елiмiздiң мектептерiнде орыс тiлi мен әдебиетi сабағы бәз-баяғыдан басқа пәндермен тең дәрежеде оқытылып келедi. Тiптi, министрлiктегiлердiң батыл әрекетiнiң жоқтығынан кейбiр аралас немесе орыс мектептерiнде қазақ тiлi сағатын көбейте алмай отырмыз. Кеңес өкiметiнiң қоластындағы Қазақ елi өзiнiң тәуелсiздiгiн алса да, ұлттық және мемлекеттiк идеологияны толық жүзеге асырып отырған жоқ. Оның бiр дәлелi қазақ мектептерiнде «Орыс әдебиетi» пәнiнiң сақталып келетiндiгi. Кезiнде республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевқа «Орыс әдебиетiн» оқи беремiз бе?» деген ашық хат жариялаған едi. Шынында да, бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiруге ұмтылған қазақ елiне көршi бiр ғана мемлекеттiң әдебиетiн оқу қаншалықты тиiмдi? Бiздiң жас ұрпақ сол Ресейдiң ұлы жазушы-ақындарының шығармасын оқу арқылы ғана Еуропамен, бүкiл әлеммен терезесiн теңестiре ала ма? Бiле бiлсек, Кеңес үкiметi ыдырап, оның құрамындағы елдер өз тәуелсiздiгiн жариялаған кезден бастап мектеп бағдарламасынан «Орыс әдебиетi» пәнiн алып тастап, орнына «Әлем әдебиетiн» енгiздi. Бiрақ бiздiң баяғы санадан ажырай алмай жүргенiмiз өкiнiштi.

Ал, дәл осы сайтта орыс ұлтшылы Михаил Сытниктың сұхбаты жарияланыпты. Ол әңгiмесiнiң басынан-ақ қазақ тiлiне, қазақ билiгiне қарсылығын танытқан. «Мемлекеттiк органдардағы адамдардың 95 пайызы қазақ болғандықтан да қазақ тiлiне көшуi керек екендiгiн қазақтардан ең әуелi Қазақстандағы орыстардың нақ өзi талап етуге тиiстiмiз. Өйткенi, барлық мемлекеттiк органдарда қазақ тiлiн толық жүзеге асыра алмай отырып, қазақтар бiздердей орыстардан өздерiнiң ауылдық-тұрмыстық тiлдерiн бiлудi талап етуге қақылары жоқ» дептi. Қысқасы, Михаил Сытник: «Елiмiзде орыс тiлi қалуы керек. Неге десеңiз, орыс тiлi ешқашан да қазақ тiлiнiң дамуына кедергi келтiрген жоқ. Әрбiрден соң қазақтың кең сахарасына бiлiм мен ғылымды, экономика мен инфраструктураны орыстар әкелдi» деп түйiндептi.

Дәл осы iспеттес мақала «Русские в Казахстане» сайтында да өрiп жүр. Бiр кездерi осы сайттың ұйымдастырушысы болған, қазiр Қазақстан халық ассамблеясының төрағасы Юрий Захаров та кез келген басқосуда орыс тiлiне стратегиялық жағынан көңiл бөлу керек деп зар қақсайды. Оған қазақ билiгi жағынан кейбiр ұлт патриоттары қарсылық танытса да, үйренiп қалған ауызға бәрiбiр екен. ҚХА-ның судай жаңа төрағасы Юрий Захаров мырзамен тiлдескенiмiзде, ол: “Орыс тiлi, орыс мәдениетi мәңгi жасай бередi” деп қайталаумен болды. Оның қадағалауымен жарық көрiп жатқанына 5 жылдан асқан «Казачий курьер» газетiнiң де ұстанатын саясаты осы. «Бiздiң мұндағы мақсатымыз — жергiлiктi ұлт қазақтармен өзара түсiнiстiкте болу. Әсiресе, жастар казактар жайлы дұрыс мағлұмат алуы керек. Негiзiнен оқулықтарда казактар жайлы шындық ашылып жазылмаған. Тiптi, коммунистiк жүйенiң казактарды геноцидке ұшыратуына себепкер болғаны да айтылмайды. Кезiнде Орынбор да казактардың жерi болған жоқ па?» деп сарнай жөнелдi.

Ал, «Неге сiздер «Русские в Казахстане» сайтында қазақтарға қарсы ақпараттық соғыс жасай бересiздер?» деген сауалыма, «Қазiр сайт бiздiң қадағалауымыздан шыққан. Оны Ресейдiң елшiлiгi, тағы да басқа қаржылық көздер қаржыландыратын сияқты. Рас айтасың, бұл сайтта алауыздыққа әкелетiн материалдар көп жарық көруде. Оларға ескерту жасадым. «Бұл сайтты жабу керек» дейтiн қазақ ұлттық ұйымдарын қолдаймын» деп жауап бердi. Және ол «Қазақстанда қазақ мәселесi жоқ. Бiз үнемi бiр-бiрiмiзге принциптi түрде көмек бердiк, көмек беремiз де. Қазақтар өзiмен бiрге жүрген халықтың тiлiн бiлген, ұмытпаған. Сондықтан да қазақтар екi тiлдi халық» деген жаттанды пiкiрiн де бүгiп қалмады.

«Көпұлтты, көпдiндi, тату-тәттi Қазақстанда басқа ұлттар бiрлiкте өмiр сүрiп жатыр» деп мақтансақ та, олар қашан да өз мүдделерiн ойлауды ұмытқан емес. Олар мұндай ойларын жасырып емес, ашық түрде әлгiндей алауыздық туғызушы сайттарда айтумен келедi. Ал, оларға тосқауыл бола ма, жоқ па, ол жағын бiз бiлмеймiз. Бiр өкiнiштiсi, Қазақ билiгi мұндай арандатушы ойларға нүкте қоя алмай отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары