Жексенбі, 4 Желтоқсан, 2022

БАҚ-ТЫ АУЫЗДЫҚТАУ БАСТАЛҒAHЫ MA?..

Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының ХV сессиясында ұсынған «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасын талқылау жер-жерде жүзеге асуда. Астанада Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қолдауымен Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) һәм Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң мұрындық болуымен «БАҚ этносаралық төзiмдiлiктi нығайту жолында» атты тақырыпта семинар өттi. Бұл шара ЮНЕСКО көлемiнде аталып өтiлетiн Халықаралық төзiмдiлiк күнiне қарай орайластырылыпты.

Қазақстан мемлекетiнiң көпұлтты, көпдiндi ел екендiгiн жиi қайталаудан жалыққан емеспiз. “Ел бiрлiгi” доктринасының астарында да осы бүкпелi ой жатқаны мәлiм. Сол себептен де, дiнаралық, ұлтаралық қатынас тақырыбына қалам тербейтiн журналистердiң артық кетпей, төзiмдiлiк танытуы басты назарға алынды. Сол үшiн де оларға қоғам санасына халықты ұйыстырушы рухани-адами құндылықтар мен төзiмдiлiк мiнез-құлық үлгiлерiн қалыптастыру мен енгiзу бағытында аянбай еңбек ету мiндетi қойылды. Жалпы, БАҚ-тың қоғамда пiкiр тудыру ықпалының аса маңыздылығын және оның көпэтностық қоғамда этносаралық үйлесiм мен тұрақтылықты сақтауға жауапты екендiгiн, ұлттық және дiни тақырыптарға қалам тарту кезiнде ұқыптылық қажет екендiгiн ескертумен болды.

ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «Өткен сессияда Елбасы журналистермен бiрге, баспасөздiң нағыз қаламгерлерiмен бiрге арнайы клуб құрылса деген ойды ортаға салған болатын. Егер осындай клубты құратын болып жатсақ, ол жерде көкейде жүрген мәселелердi ортаға салып, талқылай алатын жағдайға жетемiз. Оның үлкен пайдасы тиедi деген ойдамыз», – десе, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрi Ғазиз Телебав жетекшi сарапшы журналистер клубын құру туралы жобасымен таныстырды. «Бұл бiрiншi. Екiншiсi, оның құрамы туралы жоба. Аталмыш клуб ең алдымен, ҚХА-ның ортаға салғысы келген мәселелерiн жұртшылық үшiн, барша қазақстандықтар үшiн барынша түсiнiктi етiп жариялау үшiн қажет. Бұл сондай-ақ, елiмiздiң ақпараттық алаңы үшiн керек дүние. Бiз бүгiн клуб ережесiн де, оның құрамын да қабылдауды ұсынбаймыз. Өйткенi, бұл мәселе ортаға салынып, жан-жақты талқыланылуы тиiс. Журналистер клубының маңызы зор», – деп атап өттi.

Ереже жобасында айтылғандай, аталмыш клуб ҚХА-ның жанындағы тұрақты жұмыс iстейтiн кеңестiк-сараптық және ақпараттық орган болып табылады. Клуб өз қызметiнде ҚР Конституциясын, «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңдарын және өзге де ҚР заңдары мен ҚР Президентiнiң актiлерiн басшылыққа алады. Осы тұрғыда М.В.Ломоносов атындағы ММУ Тарих факультетi деканының орынбасары Алексей Власов: «Бүгiнгi тақырып төзiмдiлiк пен этносаралық келiсiмдi құрудағы БАҚ-тың рөлiне арналған. Менiң ойымша, сөзден iске көшу қажет. Этносаралық келiсiмнiң қазақстандық моделi барынша бiрегей. Өйткенi, бұған Қазақстан халқының тарихи тәжiрибесi, осы елдiң бай тарихы әсер еттi. Қазақстандық дiлдiң генетикалық сiңген белгiлерi Қазақстан аумағындағы 130 этностың қарым-қатынас жасауына негiз болды», – дедi қазақстандық әрiптестерiнiң пiкiрiн қостай келе.

Халықаралық семинарға негiзiнен ресейлiк ғалымдар мен қоғам қайраткерлерi, этномәдени бiрлестiктердiң өкiлдерi қатысып, «Ел бiрлiгi» доктринасы мен төзiмдiлiк тақырыбына кеңiнен талқылау жасады. Олардың айтуынша, Қазақстанда тәуелсiздiк алғаннан берi этносаралық және дiнаралық қақтығыстар болған жоқ. «Бiздiң елiмiздiң Конституциясы нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнiне қарай кемсiтушiлiктiң кез келген түрiне тыйым салатын ереже қабылдаған болатын. Ол мүлтiксiз орындалуда». Әрине, құлаққа жағымды, жаттанды пiкiр. Алайда, билiк деңгейiне көтерiлмесе де, елiмiзде бiрқатар ұлтараздығын туғызған оқиғалардың орын алғаны рас қой. Бiрақ, мұндай ашық әңгiме халықаралық мамандар отырған жерде тұрмақ, өз ортамызда да айтылмайды. Өйткенi, бұл елiмiздiң ұстанған саясаты. Тiптi, БАҚ-ты байқатпай ауыздықтау шарасы басталған сияқты. Ресей халықтары ассамблеясының төрағасы Рамазан Әбдуләтiпов: «Қазақ мемлекетi – қазақ тiлiнiң арқасында дамиды. Кез келген ел ұлттық болмысынан ажырамау керек. Десек те, орыс тiлi мен мәдениетi ешқашан жоғалмауы тиiс» десе, ҚХА-ның төраға орынбасарлығына сайланған Юрий Захаров: «Орыс тiлiне заңдық тұрғыдан көңiл бөлу керек. Әскери одақ құру қажет. Әскери саланың бәрi орыс тiлiнде. Яғни, орыстандыру iсiн босаңдатып алмау керек. Құдай сақтасын, соғыс бiр мезетте тұтанып кетедi. Сондықтан әскерге орыс тiлiн нашар бiлетiн жастар келсе, не болады?» дей келе, «көптеген елде дiни жағдай өзара қақтығыстарға әкеп соқтыруда. Қазақстандық БАҚ та бұған мән беру керек. Және мұндай жиынға басқа дiни бiрлестiк өкiлдерiнiң қатысуы тиiс» деген ойын да бiлдiре кеттi. Қашан да, орыс тiлiн қызғыштай қорғайтын Захаровтың көздегенi осы. Оның осы мақсатта жұмыс iстеп жүргенi де белгiлi.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дiң профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Нәубат Қалиев: «Осы төзiмдiлiк деген не нәрсе? Оның мағынасы қандай? Төзiмдiлiк тармақтала келе, сабырлылық, сыпайылық, iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, ынжықтық болып кетпей ме? Сонда бұл ауызға келiп тұрған сөзiңдi айтпау ма? Өз тiлiмiздiң, ұлтымыздың мәселесiне төзiмдi болуымыз шарт па? Бәрiне көндiге берсек, бұларды кiм шешiп бередi? Жалпы, бұл тақырыпта мәселе қозғаудың қажетi шамалы сияқты» дейдi. Ал, заң ғылымдарының докторы Ж.Бұсұрманов: «Бiз ЕҚЫҰ-ға неге асығамыз? Олар бiзге татулық тiлей ме? 2004 жылы Парламент мәжiлiсiнiң сайлауы болғанда аймақтарда қызық тенденция байқалды. Орысқа орыс, қазаққа қазақ, ұйғырға ұйғыр дауыс бердi. Соған қарағанда бiз әлi күнге бiртұтас халық емеспiз. Және бiз ұлтпыз ба, әлде… Неге «қазақстандық ұлт» терминiне жабысып алдық. Бiле бiлсек, «Американдық ұлт» – этникалық емес, әлеуметтiк түсiнiк. Бұл ұғым бiр жақсы нәтижеден туындаған жоқ» деп салды. Ғалымның бұл пiкiрi кейбiреулердiң шамына тиiп кеттi ме, әйтеуiр, баяндаманы тезiрек бiтiруiн өтiндi.

«Мысль» журналының редакторы Сейдахмет Құттықадамның ойы орынды шықты. Ол: «Қазақстан – ұлттық мемлекет — деп бастады өз сөзiн. – Қазiр мешiт көп салынуда. Ал мектеп құрып жатыр. Бiр мықты мешiт салса, сондай бiр мектеп салсын. Әуелi қазақтың мәселесiн шешiп алмай, қазақстандықтардың мәселесiн шешу мүмкiн емес» дедi.

Үш күндiк семинарда сан алуан пiкiрлер айтылды. Осы мәселелердi талқылау негiзiнде келесi ұсыныстар жасалды. Бiрiншi, БАҚ-та этносаралық қарым-қатынастарды саясаттандырмау, этникалық, нәсiлдiк, дiни жағдайлар бойынша азаматтарды ашық немесе жабық қорлауға бағытталған материалдарды жариялауды болдырмау iс-қимылдарын кеңейту. Екiншi, қоғамдық санада рухани-iзгi құндылықтарды насихаттайтын және әртүрлi этностардың мұрағаттарын бiрiктiретiн жағымды ақпараттық өнiм жариялауға ықпал ету. Үшiншi, мемлекеттiк тiлде қаржыландырылатын 11 тiлде шығатын 35 басылым, 7 тiлде берiлетiн телехабар мен 8 тiлде таратылатын радиохабар ұсынатын этномәдени БАҚ дамуының қазақстандық тәжiрибесiн өрiстетуге жағдай жасау. Төртiншi, М.Ломоносов атындағы ММУ-мен төзiмдiлiктiң қазақстандық үлгiсi бойынша екi елдiң ЖОО арнаулы курсын енгiзу. Журналистика факультеттерiнде «Журналистикадағы толеранттылық» атты арнаулы курсын енгiзу. Осындай халықаралық семинарды тұрақты түрде өткiзу.

ҚХА төрағасы орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, сырттан ақыл айтудан гөрi нақты ұсыныстар мен кеңестердi ортаға салып, «бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарудың» қамын ойлау қажет. «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасына қатысты қоғамдық ұйымдар мен белгiлi қоғам қайраткерлерi тарапынан 30-дан астам нақты ұсыныс түсiптi. Себебi, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл құжатты Қазақстан халқы ассамблеясының соңғы сессиясында емес, халықтың талқысынан өткеннен кейiн барып, нақты ұсыныстар мен пiкiрiлердiң негiзiнде қабылдауды жөн көрiп отыр екен.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button