614
ҚАЛИХАН ЫСҚАҚОВ
ҚАЛИХАН ЫСҚАҚОВ
Жиырмадан жаңа асқан шағында «Қоңыр күз едi» повесiмен Бейiмбеттiң «Шұғасын» қайта тiрiлткендей болған Қалағаң, Қалихан Ысқақов, содан бергi жарты ғасырдан астам шығармашылық қызметiнде не жазса да тек таңдай қаққызып, тамсантып келе жатқан қаламгер. Ол жөнiнде Қадыр Мырзалиев:
«Жалғыз өзiң шираттың Прозаның арқауын. Және жалғыз қираттың Жұлдыздының «алтауын». Сценарист Қалихан, Драматург перғауын», — деп әзiл айтса да тым асырып айтпаған. Асқан талантымен, аса табиғи мiнезiмен о бастан көптiң зор құрметiне бөлене бiлген Қалағаң бүгiнгi күнi де өзi сүйген жұртының абыройлы, ар-ұятты ақсақалы болып отырғаны анық. – Қалихан аға, сiздiң қазақ әдебиетiне қара сөзден ою салған хас шебер екенiңiздi жақсы бiлемiз. Драматургиядағы орныңыз да ерекше, аудармаларыңыздың жөнi бөлек. Бұл турасында бiраз айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, дәл бүгiн сiзбен әңгiмемiздi «Менiң ағаларымнан» бастасақ… Очерктi сырып тастап, деректi прозаның көркемдiк шыңын жасадыңыз. «Менiң ағаларымды» қалай жазып едiңiз? Әрине, деректi жанрды оқырман жылы қабылдағанмен, жазушы үшiн үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн адамгершiлiктiң еңбек жемiсi ғой ол. Өзiңiз көз көргендер турасында айтпай жүрген тағы қандай жайларыңыз бар? – Мен өз арманымның шыңына шыға алмай келе жатқан адаммын. Жазған дүниелерiмдi мақтайды, сынағаны жоқ. Бiрақ олардың шаруасы өзiнде ғой. Мен өзiмнiң бүкiл мүмкiндiгiмдi толық пайдалана алмай келемiн. Сөз қадiрi деген нәрсенi мен өзiмнiң қалыбымнан ғана үйренген адаммын. Бұған себеп болғаны – ең бiрiншi рет төртiншi класта оқып жүргенде қолыма Бейiмбеттi түсiрдiм. Менiң әкем «халық жауы» болып ұсталып кетерiнде, көп кiтапты жерге көмiп кетiптi. Соның iшiнде қолыма тигенi Бейiмбет қана. Оның iшiнде Сәкен, Iлиястардың бәрi бар едi. Бiз қудалауды көп көргесiн, шешем бәрiн өртеп жiберiптi. Бейiмбеттi оқып, латын әлiпбиiн үйрендiм. Бейiмбеттi оқып, сөз қадiрiн түсiндiм. Әншейiн жаза берiп те, жазушы болуға болатын шығар. Бiрақ, менiң бiрiншi қадағалайтыным – тiл. Бұл – бiр. Екiншiден, орыс әдебиетiн оқып жүрiп, Толстойды, Чеховты, Куприндi аудардым да, содан кейiн Бунинге тоқталдым. Бунин – әрi ақын, әрi прозаик. «Жаль что самной вместе умрет русский язык» деген Буниннiң сөзi бар. Бұл 83 жасында Парижде қайтыс боларында жазған хаты. Бунин орыс әдебиетiнде тұңғыш рет Нобель сыйлығын алған адам. Буниндi аудару арқылы үлкен мектептен өттiм. Жазатын нәрсе көп. Бiрақ, әңгiме оны қалай жазу керектiгiнде. Бiрiншi – тiлдi меңгеру және стилистика. Жазған кезде бiр сөздi қосуға немесе алып тастауға жеткiзбей жазу керек. Басың айналып, миың ашып кеткенше, солай жаса. Он сөз ойласаң, соның бiреуiн-ақ қалдыру керек. Сондықтан, мен тiлге аса көп мән беретiн адаммын. «Менiң ағаларымды» 1963 жылы жаздым. Оны жазу себебiм, жайсаң жанды ағаларды сағыну едi. Соның аяғы келе-келе жалғасып, «Жұлдыз» журналының биылғы 6-7 сандарында «Келмес күндер елесi» деген атпен шықты. Ел туралы, елдiң азаматтары туралы, сосын 24 жыл Жазушылар одағында, оның ар жағына 15 жыл газет-журналда, 8 жыл киностудияда қызмет iстедiм. Мiне, сол уақытта менiң санама, өмiрiме әсер еткен қымбат-қымбат шалдарым болды. Оларды сағынамын. Сапарғали Бегалин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсiрепов, Әбу Сәрсенбаев, Тәкен Әлiмқұлов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, т.б. Бiрнеше редакторлардың алдын көрдiм. Қабдоллин деген ұйғыр жазушысы болды, бiрақ, табиғатымен қазақ болып кеткен. Қазақ мектебiн, қазақ университетiн бiтiрдi. өзi соғысқа қатысқан. Ұйғырша жазғанмен, қазақтың мүддесi тұрғысынан сөйлейтiн. «Бiз ұйғырлар нашар халықпыз ғой, қызғаншақ, өзiмшiлмiз. 1881 жылы Цинь империясы бiздi қырып жiбере жаздағанда, сонда қазақ бiзге жерiн берiп, аман сақтап қалған едi. Ендi сондай жақсылық жасаған халыққа өзеурейтiндер табылды» дейтiн. Мiне, осындай-осындай көптеген зиялыларды сағынамын. Кемел (Тоқаев), Жұмекен, Ахан (Нұрманов), Зейнолла (Серiкқали), Асқар секiлдi замандас достарымның орны бөлек едi… – Қазақтың қос Ғабеңiнiң, Тәкенiнiң, Шәкенiнiң шарапатын көрдiңiз. Ол марқасқаларды бәрiмiз сағынамыз, iздеймiз. «Iздеймiз» деген сөзiмiздiң астары қалың. Әркiм-әркiмнiң естелiгiн оқып түрлi ойға қаласың. Осы кiсiлер турасында сiзбен бiрге тағы да сағыныш тиегiн ағытсақ… – Бiрiншiден, бұл кiсiлер рухани таза адамдар. Орысша айтқанда, «бытовой» мәдениеттен, қара басының қамынан аулақ болған, ел үшiн күн кешкен тұлғалар едi. Бiз оларды шал дейтiнбiз. Сөйтсек, олар бар болғаны елу жаста екен. Олар жиырма жасынан бастап, өмiрiнiң соңына дейiн бүкiл ғұмырын ел үшiн, ұлт үшiн берiп кеткендер. Әрқайсының бiлiм дәрежесi әртүрлi болуы мүмкiн. Бiрақ, олар шамасы келгенше, адал болуға тырысты. Олардың әдебиеттте де, өмiрде де тек өнегелi iздерi қалды. Бiр сөзбен айтқанда, Тәкеңдер, жаңағы барлық кiсiлер кешегi өткен «Алаш» партиясының бағдарламаларын iштей сiңiрiп, ашық айғайламаса да ұлт үшiн күрестi. Бiрде мен айтып едiм, қазақ-совет жазушысы болмай кеткен екi-ақ адам бар: бiреуi – Мұхтар Әуезов, бiреуi осы Тәкен Әлiмқұлов деп. – Алайда, Тәкен ағамыз көп жылдар Мәскеуде тұрды ғой… – Иә, 25 жыл Мәскеуде ғұмыр кештi. Онда ол Әдебиет институтында сабақ бердi, бiр жағы Орта Азия мен Қазақстан әдебиетi жөнiндегi кеңесшi болып қызмет атқарды. Мәскеуде оқығанымда, қасында үш жыл жүрдiм. Тәкең Алматыға оралғаннан кейiн, өмiрiнiң аяғына дейiн бiрге болдық. Ол ғажап адам. Абайды, Пушкиндi, Лермонтовты түгел жатқа бiлетiн. Орыстың кез келген ақындарынан сөз арасында әңгiмесiн дәмдеу үшiн, үзiндiлер алып айта бiлетiн. Өмiрiнде, ең болмағанда, киiп жүрген аяқ киiмiне қарамаған. Қыстың күнi Мәскеуде жазғы туфли киiп жүретiн. Қысы-жазы бiр киiм, пальто, бөрiк киген емес. Басында шляпа, костюмнiң iшiнде бiр қабат жалаң көйлектен басқа түк болмайтын. Көшеде келе жатамыз. Аяғы тайып, құлап қалса: «Қасымда жүрмеймiсiң» деп наз айтып қоятын. Қолтығынан демесең: «Әй, менi шал көремiсiң, өзi?» дейтiн. Оны алғаш рет елу жасында көрдiм. – Тәкен ағаның жиырма бес жыл Мәскеуде тұруының себебi неде? Ол кiсi неге елге қайтуға асықпады? – «Тәкен деген жазушы бар. Оның «Ақ боз ат» деген романы бар» дегендi бұл жерде ұмыттырды. Оны саяси-идеология жасады. Партияның данышпандарына ұнамады. Жасыратыны жоқ, кейбiр замандастары Тәкеннiң ойының да, бойының да өздерiнен биiк екенiн бiлген соң, оны шеттетуге тырысты. Ол Мәскеуге кеткеннен кейiн оны ешкiм iздемедi. «Тәкен Әлiмқұлов осында екiншi хатшы болып келсiн» дегендi Мәскеу айтқанда, осындағылар әдейi қолдан өсек-аяң ұйымдастырды, оны келтiрмеу үшiн. Ол өсек-аяңды, ырду-дырдуды ұнатпайтын. Сондықтан, қашықта жүргiсi келген болар. Бiрiншi әйелi немiс қызы Музадан ажырасып, Алматыға келдi. Осында үйлендi, бiр ұл, бiр қызы бар. Бiрақ, ол өмiрiнiң соңғы күдерiнде шығармашылық үйiнде тұрды. Тiршiлiкте күй талғамайтын. Ал мiнезiнде аристократ болатын. Өзi жақсы көрген, өзiн жақсы көрген адамдармен бiр-ақ күн әңгiмелесетiн. Екiншi күнi әңгiмелеспейтiн. Себебi, оның не айтатынын бiлетiн, сосын екiншi қайтара сөйлесуге құмартпайтын. Бiз Асқар Сүлейменов, Әкiм Тарази, Төлеген Тоқбергенов және мен жанында жүрдiк. Бiз Тәкеңмен үнемi әзiлдесiп жүретiнбiз. Шалдарымды сағынамын. Жақында Әлжекеңнiң (Әлжаппар Әбiшев) тұрған үйiне ескерткiш тақта орнаттық. Ол үйге кiм кiрiп, кiм шықпады? Талай-талай келелi әңгiмелер айтылған отырыстар болған едi. Ғабит, Ғабиден, Әлжекеңнiң өзi, Сәкен Жүнiсов бәрiмiз бiрге отырушы едiк. Олардың бiр қасиетi – газетте тiлшедей дүниең шықса, соны қалт жiбермей оқып отыратын. Сонда бiздi бала екен, жас екен деп кемiтпейтiн, өздерiмен тең көретiн. Кейiн себебiн iздедiм. Сөйтсек, бiрiншi, «осылар не ойлайды екен, уайымы не екен?» дейдi екен ғой. Екiншi, жазған, сызғандарыңа қарап, қамқорлықтарына алуды мақсат тұтыпты. Газет-журналда жазылмайтын, ауызбен айғайлап айтылмайтын, КГБ-ның ғана архивiнде жатқан көптеген дүниелер бар. Кешегi репрессияға ұшыраған Алаштың азаматтары туралы бiзге ақталмай тұрғанда, ақпарат берiп, олардың қайраткерлiгiнен хабар еттi. Мұндай әңгiменiң көпшiлiгi Сапарғали Бегелиннiң үйiнде айтылушы едi. Кешкi шайға бiздi шақырып алатын Сапарғали ағамыз. Сол үйге «күтпеген қонақ» болып, жоғарыда аты аталған ағаларымыз келетiн. Сәйдiл Талжановты сен бiлмейсiң. Керемет бiлiмдi болған. Ол “халық жауы” атанып, Мұхамеджан Қаратаев екеуi лагерьде бiрге отырып қайтқан. Сол өткен күндер туралы көп ақпарат беретiн. Бiз кейiн 56-жылы Алаш зиялылары ақтала бастағанда, олар бiздi осы күнге алдын-ала дайындаған екен. Ондай әңгiмелердi кез келгенге айтпайды ол кезде. Тек қазақтың болашағынан үмiт күттiредi-ау дегендерiне айтатын. Қазақтың алдыңғы толқын аға әртiстерiмен бiраз араластым. Олар таза өнер адамы едi. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, драматург Шахмет Құсайынов, оның бәйбiшесi Бекен Римова, Жүсiпбек Елебековтердiң үйiне кәдiмгiдей барып отыратынбыз, етiн жеп, сорпасын iшiп дегендей, соғымын босқа жiбермейтiнбiз. Аймановтың жанында сегiз жыл жүрдiм. – Ол кiсi өнерде керемет әртiс болғанымен, өмiрде барынша шынайы болған деседi ғой… – Иә, ол өмiрде әртiс болмаған. Фантазер едi. Кейiнгi кезде режиссерлықпен айналысып, қазақ режиссурасының шоқтығын биiктеттi. Фантазер деп отырғаным, онда кәдiмгiдей жазылған режиссерлық нұсқа жоқ болатын. Бәрiн заматта, түсiру алаңында қиялдан шығарып отыратын. Актерлардың ойынын құбылтып жiберетiн. Оның қалтасында ешқашан көк тиын ақша болған емес, ақшасын шашып жiбередi. Қарызға берген ақшасын қайтып сұрамайды. Ол мейрамханаға барса, артынан аңдып тұрып, пәленбай адам шұбырып бiрге кiретiн. Ол өте қалжыңбас болды, айналысындағы адамдарды қыран-топан күлкiге бөлейтiн. Бiрақ, арзан әзiл емес едi оның бәрi. Ескерту жасайтын, бiреудiң бiр орынсыз қылығын көрсе, соны мазақ ететiн. Жиырма жыл бойдақ жүрдi. Үш бөлмелi үйде жалғыз тұрды. Киностудиядағы шаруа бiткесiн соның үйiне қарай тартамын. Ылғи мен оған күнiге екi бөтелке кiлегей таситынмын. Ол менi Калхаун дейтiн. Есiктi ашып кiрiп келедi де: «Әй, Калхаун, қайда жүрсiң? Шай iше алмай отырмыз ғой» дейтiн. Сол үйде Мәжит Бегалин, Олжас Сүлейменов, мен бар, бәрiмiз бiрге отыратынбыз. Әкiм Тарази ғана шыдамай кетiп қалатын. Өйткенi, ол карта ойнамайтын. Бiз таңға дейiн әңгiмелесiп, карта ойнаймыз. Мәскеуге келгенiнде, бiр жұма бола ма, бiр ай бола ма, қашан елге қайтқанша, бiздi қасынан жiбермейтiн. Қызық жағдайлар болды. Бiрде ақша жоқ, бәрiмiзде таусылған. Сәбит Мұқанов келдi дегеннен кейiн қонақ үйге iздеп бардық. Бiздi көрдi де, Сәбең: «Ойбай, мен бiр кездесуге асығыс кетiп бара жатыр едiм» деп киiне бастады. Мен алдында айтқан едiм: «Әй, Дәушал, (мен Шәкеңдi осылай атайтынмын Қ.Ы.) бармай-ақ қояйықшы. Ол кiсi менi жақтырмайды. Мен де ол кiсiнi жақтырып жатқаным жоқ» дедiм. «Әй, қойшы, баяғыдағы өкпеңдi. Барамыз» дедi. Сосын Сәбеңнен шыққасын, таңдай тықылдататын әдетiмен, тық-тық, сырт-сырт еткiздi де: «Мына Калхаун, бәрiмiздi ақымақ қылды» дедi. Мәжит Бегалин, Әкiм Тарази бәрiмiз тұрғанбыз. Олар: «Неменеге?» дестi. «Бағана осының тiлiн алып келмей-ақ қоюымыз керек едi» дедi. Горький көшесiмен қайтып келе жатырмыз, жаяу. Метроға да ақша жоқ. Бiр мейрамхананың тұсынан өтiп бара жатқанда: «Әй, осының iшiнде ең болмағанда менi танитын бiреу табылар. Жүрiңдер, кiрейiк. Болмаса шығып кетемiз ғой, тонымызды шешiп алмас» дедi, Дәушал. Кiрiп барсақ, бiр топ грузиндер отыр екен. Олар орындарынан тұрып: «О, Шакен Кенжетаевич!» деп жүгiрiп келiп, дастарқанға шақырды. «Я не один» дегенде, грузиндер: «Ну и что?» деп бәрiмiзге дәм татқызды. Сағат төртте маған Алматыдан, киностудиядан қаламақы келу керек болатын. Соны ескерткенiмде, Дәушал: «Мыналарды сендерге садақаға тастап кетемiн. Ал, мынау Калхаун екеумiздiң тығыз шаруамыз боп тұр» дедi грузиндерге. Олар «Ол не шаруа?» дейдi шулап. «Бiр кездесуiмiз бар, қыз-қырқыннан ұят боп жүрер» дедi де, маған ерiп қаламақыны алуға барды. 1500 сом түсiптi. Қырғын ақша. Бiразын қалтасына салып алды да: «Мен саған Алматыға барғанда қайтарамын. Қарындасыма беремiн. Немесе бiлемiн ғой, сенiң қалтаңда болса, бұл ақша бiр күнге де жетпейдi» дейдi. Ұшақтан түсе сала аэропортта тұрып маған жатақханаға телефондайды: «Әй, Калхаун, мен ғой. «Украина» қонақ үйiнен табатын шығарсың» дейдi. Ол таудай, мен бармақтай болып екеумiз бiрге жүретiнбiз. Кейбiреулер қызғанатын. Өйткенi, ұлы кiсi көрiнген адаммен жүре бермейтiн. Жақсы көретiн де, жек көретiн де адамдары болатын. Жақсы көретiнiн мақтап, жек көретiнiн сыртынан даттап жамандаған адам емес. Бойында тектiлiгi мықты едi. Айта берсек, осындай адамдар көп. Ендi осының бәрiн қағазға түсiрсем деймiн. – Аға, үлкен ағаларыңыздың көбiсi сiздi «Кетiк бала» атап кеткен екен. Осы лақап атыңызды кiм қойған? – Анау жүрген апаң (зайыбы Дәмеш апа жүрген тұсты нұсқады. Ж.Н.). Бiр тiсiм жоқ едi, соған қарап менi «Кетiгiм» дейтiн. Мұны естiгесiн бәрi менi «Кетiк бала» атап кеткен. «Кетiк бала» әлi де сол кетiктiгiнен құтыла қойған жоқ. (Күлдi) – Өзiңiздiң бiрге жүрген қатарлас жақын достарыңыз Ахан аға да (Нұрманов), Асқар аға да (Сүлейменов), Тельман аға да (Жанұзақов) бақилық болғанына бiршама уақыт болды. Әкiм аға (Тарази) Астанада, өзiңiз Алматыда. Замандас достарыңызсыз қиын емес пе? Сағынасыз ба? – Жұмекен де, Сайын да, Рамазан да кеттi ғой… Әкiм анда-санда телефонмен хабарласып тұрады. Сағыну деген бiр басқа, қымбат деген нәрсе тағы бiр басқа. Олардың бәрi маған қымбат адамдар. Жылда елге барып екi-үш ай демалып қайтамын. Онда барғанда ешқашан қалам ұстамаймын. Ел туралы, елдегi азаматтар туралы алыстан сағынып отырып жазамын. Туған жер – жұмақ қой. Жұмақтың ортасында отырып ештеңе жаза алмайсың. Ол не деген сөз? Ол табиғатты көшiру. Менiң түсiнiгiмде ағаш та, орман да жанды болуы керек. Көшiрсең жансыз болып шыға келедi. Ең алдымен, сурет, сосын суретке жан бiтiру керек. Мен өмiрi күнделiк жүргiзген адам емеспiн. Үш жасымнан бергiсiнiң бәрiн жатқа бiлемiн. Ал кейiнгi кезде ұмытатын болдым, кәрiлiк пе, қайдам? Мысалы, бiреумен таныссам, оның түр-түсiн бiлгенмен, атын ұмытып қаламын. – Алайда, сiздiң деректi прозаңызды оқып отырсақ, күнделiк жазатынға ұқсайсыз… Бәрi нақ-нақ, қолмен қойғандай… – Жазбағаныма өкiнемiн. Кейде қай күн, қай ай, қай жыл дегенге келгенде қатты қиналамын. 60 жасқа дейiн есте сақтау қабiлетiм мықты болды. Ал қазiр қиындау. Нұрзағила деген әпкем 97-ге келiп қайтыс болды. Төсекте жатып маған айтқаны: «Қалихан, сен де ақымақ болдың, мен де ақымақ болдым. Сенiң ақымақтығың сол – мән бермедiң, салғырт болдың, салақ қарадың. Сен бiлмейтiн нәрселер көп едi. Менiң ақымақтығым – бiлетiн нәрсемдi саған айтпай» «кейiн, кейiн» деп жүре берiппiн. Ендi мiне, сөйлеуге, айтуға шамам жоқ» дедi. Ол кiсiнiң есте сақтау қабiлетi керемет едi. Тiлi жаңа шыққан баладан «Кiмнiң баласысың?» деп сұрап алады да, жетi атасын жiктеп, шағып беретiн. – Жалпы отбасында нешеу едiңiздер? – Үш қыз, бiр ұл. Нұрзағила, Зағи, Қырмызы деген үш әпкем болды. Әлгi «халық жауы» болып айдалып кететiн Қырмызы ғой. Ең үлкенi осыдан он екi жыл бұрын 97 жасында, ортаншы әпкем ертеректе өмiрден өткен. Үлкен әпкем өмiрден өтерде: «Мен түс көрдiм. Түсiмде ақсақалды шал келiп айтты: Сен менi танимысың?» «Танып тұрмын. Бiрақ есiмiңiз есiмде жоқ» дедiм. «Ендеше мен саған менiң жасыма жет деп бата берiп едiм ғой. Күнiң таяп қалды» дедi. Мен ендi кететiн шығармын. Әке-шешемнiң жанына апарып жерлерсiң немесе екi ауылдың ортасына. Әрi-берi өткенде құраныңды оқып, бет сипап жүрерсiң. Маған бата берген шал тоқсанның үшiнде ме, әлде тоқсанның төртiнде кеттi ме? Әйтеуiр, бiздiң шалдардың бәрi не тоқсан үште, не тоқсан жетiсiнде кететiн жаман әдетi бар едi. Тоқсан жетiге дейiн сүйрелетпей-ақ қойса жарар едi» дедi. Ақыры 97-де кеттi. Бiрақ, ақылынан алжасқан жоқ. – Қабдеш ағамыз (Жұмадiлов) «Әдебиет айдыны» газетiнде 60-жылдары әдебиетке келген белгiлi «Бес тапал» жөнiнде жазған едi, назы бар сияқты көрiндi. Алып-қосарыңыз бар ма? «Бес тапал» турасында өзiңiз көп айтпайсыз ғой… – Негiзi осы «Бес тапал» деген атты бiзге студенттер қойған. Демалыс күнi газет-журналдар шығады. Сонда студенттер «Әй, қара кешке дейiн аш қалмаспыз. Алдымен, анау «Бестапал» бiрнәрсе шығарды ма екен? Соны көрейiк» дейдi екен. Қабдеш соңғы кездерi «отчаяник» болып кеттi. Қабдештi бiз көп сүйредiк. Қабдеш жалғыз өзi Мемлекеттiк сыйлық алды. Тiзiмде жалғыз қалды. Сонда бiз тактика жасадық: бәрiмiз құжат тапсырдықдағы, ертең бiтедi дегенде, бәрiмiз құжатымызды қайта алып алдық. Асқар Сүлейменов, басқамыз Қабдештiң «Соңғы көшiн» насихаттау үшiн Шымкентке дейiн бардық. Бiрақ, өзi бiрте-бiрте бiзден алыстап кеттi. Кешегi «Бестапалдың» iшiнде байланысымыз үзiлмеген Әкiм (Тарази) екеумiз-ақ қалдық. Қабдештiң бiзбен араласы да жоқ, хабары да жоқ. Бiрақ, бiз оны «Бестапалдың» қатарынан тастамаймыз. – «Жұлдыз» журналының биылғы жылғы бiрнеше санында «Келмес күндер елесiн» жарияладыңыз. Ең алғашқы бөлiмiнде түркi тарихы турасында аз-кем ой қозғайсыз. Бiр жазушы ағамыздың «әдебиетшiлер тарихты айтып, жазады. Ал тарихшылар оларға мiндеттi түрде қарсы пiкiр айтады» деген сөзi бар едi. Алайда, осы тарихи тұлғалар турасында екi жақ болып бөлiнiп алу «дәстүрге» айналып кеткен сияқты. Әсiресе, Шыңғысханға келгенде шыж-быж боламыз да қаламыз. Ғұмырнамалық романыңызда сiзде осы жайттың тиегiн ағытып өтiпсiз… Мен өзiм осы тұрғыда кейде қарапайым оқырманды аяп кетемiн, қай жазушысына немесе қай тарихшысына сенедi деп. – Қарсы бiр сұрақ: осы тарихшылардың iшiндегi Гумилев неге бөтен, неге басқа? Өзгелерден оның қандай айырмашылығы бар? – Өйткенi, ол ресейлiк бола тұра бiздiң түркi тарихына көп мән бердi. – Оның да жөнi бар. Бiрақ, оныкi көркем очерк, құрғақ сан, сылдыр су емес. Оның халыққа ерекше әсер етуiнiң себебi осы. Бұл – бiр. Екiншi, шындық. Шындық болатын себебi, ол пролетарлық заманға қарсы болған адам. Сол үшiн де ол лагерьде болды. Ол қыпшақ. Шешесi қыпшақ князiнiң қызы. Бұ да қыпшақ князiнiң тұқымы. Әкесi Николай Гумилевтi «халық жауы» деп атып жiбердi. Анасы Анна Ахматова үй тұтқынында отырды. Дворяндар деген кiм? Олар кешегi қыпшақ княздерi. Кезiнде Русь бес мың қыпшақ князiн iшке тартып алған. Оларға үш мың құл берген. Сөйтiп Русь үш мәселенi шешкен: бiрiншi, қыпшақ княздерiн iшке тарту арқылы сол елдiң жаугершiлiгiнен құтылған. Екiншi, аштықтан өлейiн деп жатқан шаруаларына қожайын тауып берген. Бұл экономикалық жағынан тиiмдi болды. Үшiншiсi саяси мәселенiң оң шешiмi. Ал дворяндар не iстедi? Олар орыстың тарихына, әскери тәртiбiне, өнерiне, мәдениетiне революция жасады. Сенатқа шығатын декабристер кiмдер? Барлығы сол кешегi қыпшақ княздерiнiң тұқымы, Бунинiң де сол, Чеховiң де сол, Купринiң де сол. Тарихқа келгенде әдебиетшiлер мен тарихшылардың екiге жарылатын себебi мынада – тарихшылар архивтен не тапты, соны тiзе бередi, ол дұрыс па, бұрыс па, бәрiбiр. Оған деген өзiндiк көзқарас жоқ. Ал жазушылар соның ар жағында не жатыр, соғыс неден болды, қайдан шықты деп үңiледi, сараптама жасайды. Тарихшыларда ұлтқа деген жанашырлық жоқ. Олар келедi де, шикi дүниенi ақтара салады. Ар жағын өзiң түсiнiп ал дегендей. Тарихшыларымызда ең бiрiншi түйсiк жоқ. Тарихқа этнографиялық тұрғыдан қарау керек. – Түркi әйелдерiнiң тарихтағы орынын өзiндiк логикаңызбен айшықтағыңыз келетiн сияқты. Әдебиет пен тарихқа аса мән бере қоймайтын бiр құрдасымыз сiздiң осындай жазбаларыңызды оқып, тәнтi болған едi… – Қазақтың жерiнiң, суының, көлiнiң қарап отырсақ, көпшiлiгiнiң аты әйелдiң атында. Менiң ауылымның аты Қатынқарағай. Қатынқарағай – Қара орманым, Отаным, Атамекенiм деген сөз. Ар жағында Қатынсу деген үлкен өзен бар. Одан әрi Енесу – Лена – Ұлы ене деген сөз. Бұл жердiң бәрiн кезiнде Шыңғысханның төртiншi атасы Қайдохан билеген. Шыңғысханның моңғолға да, қытайға да үш қайнамақ түгiлi, үш жүз қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бiздiң ата-бабамыз аналарын қатты құрметтеген. Қатын сөзiнiң қазiр қадiрiн қашырып алғанбыз. Керiсiнше, әйел деген сөз – бөтен деген сөз. (Әй, ел ғой дегеннен шыққан Қ.Ы.) Қатын деген хандар мен сұлтандардың зайыптарына берiлетiн титул болған. Iшкi тәртiпке әйелдер жауап берген. Екi елдiң арасын татуластыру және араздастыру сол аналарымыздың қолында болған. Түркi халқындай әйел халқын қадiрлеген ешбiр халық жоқ. Қалай болғанда да дүния әйелге деген сағыныштан басталады. Сағыныштан қымбат не нәрсе бар?! – Сiздiң аудармаңыздан кейiн, қазақша жазған Бунинмен қауышқандай болдық. Қазiргi кезде көп аудармалардың кемшiлiктерi көзге бiрден көрiнiп тұрады. Сiздiңше, аудармашыға ең бастысы не керек? – Прозада үн болмаса, ырғақ болмаса, оны қазақ оқи алмайды. Қазақтың өңешiнде өлең тұрады. Буниндi қазақшалау өте қиын нәрсе. Өйткенi, ақынмен де, прозаикпен де, суреткермен де бетпе-бет келесiң. Бiр абзацтың iшiнде осының бәрiн әкелеп түйiп жiберу керек. Мәселен, Абайдың «Сегiз аяғы» секiлдi. Абайдан кейiн «Сегiз аяқты» жарытып ешкiм жаза алған жоқ. Шәкәрiм де, Мағжан да жазып көрдi. Олардан да шықпады. Абай философиясы мықты. Шәкәрiм мен Мағжан техникасын жасағанмен, философиясын бере алмады. Сол сияқты позаның өз ритмi, өз үнi бар. Аудармада да ең бастысы – соны меңгере бiлу керек. – Жеке архив қорыңыз бар ма? Онда не жинайсыз? – Мен архив жинамаймын. Жас күнiмде жинаған талай дүниелерiм шашылып әр жерде қалды. Ал кiтаптарымның өзi үйге сыймай жатыр. Бiрақ, санап көрмеппiн. Кiтаптарымның көбiсiн жүйелеп берген кiшi ұлым Әлихан. Үлкен ұлымның аты Абылай. – Есiмдерi қандай жақсы. Айбатты, әрi рухты естiледi екен… – Әлихан ақталмай тұрғанда, Кеңестiк жүйенiң сеңi әлi тарқамаған кезде үлкен ұлымды Абылай, кiшi ұлымды Әлихан атағанда, үйге келген жұрт: «Немене үйiңе кiлең төре тұқымын жиып алыпсың ғой» дейтiн. – Күнделiк жазбайды екенсiз. Ал, хат жазысып тұрасыз ба, әлдекiмдермен? – Хаттар келiп тұрады. Оған жауап жаза бермеймiн. Ерiнемiн. Қазiр тiптi, қаламсап ұстауға ерiнетiн болдық. Темекiнi көп тартамын. Осы пәленi азайтайын деп, қаламды тастап, машинкамен жазатын болдым. Машинка шақылдай бергесiн, компьютерге отырдық. – XXI ғасыр дегенiне көндiредi екен ғой… – Қосып, өшiрiп, әрiп тергенiм болмаса, онысы, мұнысын бiле бермеймiн. – Аға, дәл қазiргi күнi не жазып жүрсiз? – Ең соңғысын оқып берейiн, компьютерде тұр. P.S. Осылай деген Қалағамыздың сөзiнен соң, бiртуар талант иесi, жазушы Нәсiреддин Серәлиев жөнiндегi кезектi естелiк-әңгiменiң алғашқы оқушысы, әрi тыңдаушысы атанып, Дәмеш апамыздың қолынан дәм татып, жылы қоштастық. Бiр өзi бiр академияға татитын қазақтың қазыналы қарттары аман жүрсiншi. Олардан алар өнегемiз, үйренер тектiлiгiмiз көп қой бiздiң әлi.
Сұхбаттасқан Жадыра НАРМАХАНОВА