ҰЛТТЫҚ КАРТА ЖАСАУҒА ҚОЛ ҚЫСҚА
ҰЛТТЫҚ КАРТА ЖАСАУҒА ҚОЛ ҚЫСҚА
Бұл жағдайды осымен барған жерлерiмнiң барлығынан дерлiк кездестiрдiм. Таңқаларлықтай алып-ұшқан дүние емес. Тек бар гәп — жұмыс бабымен кiрiп-шыққан кеңселердiң қабырғаларында iлiнiп тұрған картада. Жақынырақ үңiлсеңiз, орыс тiлiнде әлемнiң саяси (политическая) не Қазақстанның физикалық (физическая) картасы деген жазуды көресiз. Осылардың орнында қазақ тiлiнде сайрайтын «қазақтiлдi бiр карта тұрсашы?» деп бас шайқаумен шектелесiң. Дегенмен, мұны кеңсе иелерiнiң салғырттығы дей салуға да болады. Әйткенмен, мәселенiң мән-жайы да осында емес пе? Сонда кеңсе иелерi қазақ тiлiн бiлмей ме? Жоқ, бiле тұра қазақ тiлiндегi картаны оқи алмай ма? Әлде қазақтiлдi картограф мамандардың жоқтығы осындай күйге әкелдi ме? Мүмкiн Қазақстанда географиялық карта мүлде жасалмайтын шығар… Көкейдi тескен осы сауалдардың жауабын iздестiрiп көрелiк.
Қай заманда да адам баласының күнкөрiсi әрдайым бiрiншi орында болған. Осы мақсатта алғашқы карталар да дүниеге келген. Жалпы картаның дүниеге келуi де ұзақ мерзiмдi бастан кешiрген. Оған дейiн жер-су аттары ауызша жеткiзiлетiн. Ертедегi ертегiлерде кездесетiн «мұзды таудың ар жағында, отты таудың бер жағында, адам аяғы баспаған жерлерде» деген тiркестерi соның куәсi. Әйгiлi географ Семенов Тянь-Шяньскийдiң «Карта — ең түсiнiктi деген мәтiннен әлдеқайда анығырақ» деп айтқаны еске түседi. Ал ең бiрiншi карта, сенсеңiз, VI ғасырда жасалыпты. Жаңа жерлердiң ашылуларына байланысты жаппай карталар жасала бастады. Бертiн келе карталар саласына қарай климаттық, гидрологиялық, сейсмикалық, топонимикалық тағы сол сияқты болып бөлiндi. Ең жылдам жасалатын карта — ауа райының картасы. Ол 2-3 сағаттың iшiнде дайын болады.
Түрлi саладағы карталардың жетiспеушiлiгi соңғы жылдары қатты байқалды. Неге? Қазақстанда карта жасаумен кiм айналысады? Қазiргi таңда Қазақстанда топографиялық-геодезиялық және картографиялық өнiмдердi әзiрлеумен айналысатын 8 кәсiпорын жұмыс iстейдi. Солардың барлығын болмаса да бiразына барып шықтық. Ендеше, бiрiншi болып бас сұққан мекеме — Қазақстанның география институты болды. Осы күнге дейiн таулы аймақтардағы жер сiлкiнiсi, лай, сел, көшкiн жүрудiң алдын алатын карталарын жасап келдi. Институттың осы мақсатта әзiрлеген карталары қос тiлде шығып тұрады, әрине, таралым саны үлкен емес. Себебi арнайы мамандықтар үшiн жасалған карталар мамандардың қолында ғана болады.
«Карта жасайтын бiр орталық жоқ», «қазақша карта жоқ» деген қу айқайға құлақ та үйренiп қалды. Соған қарап елде географиялық карта да жасалмайды екен-ау деген сұмдық ой келедi. Бiрақ, мемлекетке қарайтын картографиялық орталық бiзде бар. Қазақстандағы географиялық карта әзiрлейтiн бiрден-бiр мекеме — Ұлттық картография және геодезия қоры. Сонау Кеңес үкiметi тұсында, яғни 1946 жылы құрылған мекеме жұмысын әлi тоқтатқан жоқ. Бүгiнге дейiн бұл қордан Қазақстанның облыстық, физикалық, саяси карталары жарық көрген. Сонымен қатар, елiмiздiң қалаларының сувенирлiк карталары үш тiлде ұсынылып отырады. Әдетте, сувенирлiк карталар туристерге арналып жасалады. Сондықтан Қазақстанның Географиялық институтымен бiрлесе отырып жасаған географиялық сөздiктер, каталогтар мен атластар жарық көрген. Ұлттық орталықтың картографиялық өнiмдерiн көре жүрiп, көкейдегi сауалдың жауабына қол жеткiздiк.
— Бүгiнде елде бiрнеше институттар картография және геодезия мәселесiмен айналысады. Соның өзiнде түрлi саладағы карта жетiспеушiлiгi байқалады. Әсiресе, қазақтiлдi карталарға сұраныс көп. Сондықтан бiз картографиялық өнiмдердi үш тiлде шығаруға тырысамыз. Ал қазақтiлдi карталар жоқ дегенге мен келiспеймiн. Себебi 90-жылдардың өзiнде Қазақстанның пайдалы қазбалар, гидрологиялық, ландшафтық, топографиялық карталары бiздiң мекемеде жасалған болатын. Мiне, сол үрдiс үзiлген жоқ. Қайта карта таралымын көбейттiк. Iшкi iстер қызметкерлерi мен мұғалiмдер өздерi iздеп келiп, алып кетедi. Айта кетерлiк тағы бiр жайт, елдегi кеңсе заттарын саудалайтын «Абди» компаниясымен келiсiмшарт жасасқанбыз. Бiздiң кез келген картаны сол жерден таба аласыз, — дейдi Ұлттық қордың директоры орынбасары Л.Н.Селезнева.
Ауыл мектептерiнде тарих, география сабақтарын өтуге көмекшi құрал болып есептелетiн карталардың басым көпшiлiгi кеңестiк кезеңде жасалған. Бүгiнде әр нүктесi жамалған карталар кейбiр қала мектептерiнде әлi де сақталған.
Картаны жасайтын картограф және геодезист мамандар дайындайтын факультеттер бiзде бар ма? Мұны айтып отырған себебiмiз, аталмыш мамандар да тапшы екенiн ескерсек, ҚР «Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шiлдеде (2004, 2005 жылдары өзгерiстер енгiзiлген) Заң қабылданған едi. Негiзгiсi — осы Заңда негiзделген «Ұлттық картографияны дамыту» тұжырымдамасы. Елiмiзде картографтарды бiрнеше жоғары оқу орнында дайындайды, олардың iшiнде — ҚарМУ, ҚазҰТУ, Атырау мемлекеттiк университетi, Қазақ сәулет институты және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi бар. География факультетiнен ашылған бұл мамандық 1988 жылдан бастап маман даярлайды. Сонымен қатар Семей қаласында арнайы картография және геодезия колледжi осы саланың мамандарын даярлап келедi. Мамандар жетiспеушiлiгi мәселесiн шешудiң бiрден-бiр жолы — картография факультетiнiң ашылуы. Бұл өз кезегiнде сапалы Ұлттық картаны құрастыруға, картографтар даярлауға негiз болады. Осы ретте Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор жанынан Ғарыштық қор құру мәселесi көтерiлiп жүр. Мұндағы басты мақсат — ғарыштан түсiрiлген суреттер мен мәлiметтер арқылы Жер бетiнде болып жатқан геологиялық, тектоникалық, географиялық өзгерiстерге баға берiп, талдап-сараптап отыру және жаңа деңгейде жасалатын карталардың бетiне тың мәлiметтердi енгiзу. Осы арқылы отандық карта өнiмдерiнiң сапасы мен саны артып, бәсекеге қабiлетi де өсе түспек.
Ең басты атап өтетiн бағыттар ретiнде ғарыштық мүмкiндiктердi пайдалану, Ұлттық Атлас бағытындағы жұмыс, сандық картографияның дамуы.
Мамандар жасаған ғылыми болжам әлемде жер көлемi жөнiнен 9-орын алатын, 2,7 миллион шаршы шақырым аумақты қамтып жатқан мемлекеттiң картографиясын дамытуға жыл сайын 1 миллиард теңгедей қаржы бөлiну керектiгiн дәлелдеп бердi.
Дамыған АҚШ, Канада секiлдi елдер өздерiнiң картографиялық қызметiне ерекше мән берiп, әр бес жыл сайын жаңа ақпараттармен толықтырып, барлық деңгейдегi карталарын жаңартып отырады екен. Ал бiз картаны қанша жылда қандай мәлiметтерге сүйенiп жаңартып отырмыз? Ендеше, картографтардың құлағына алтын сырға…
Ақниет ОСПАНБАЙ