АСТЫҚ – АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА

АСТЫҚ – АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА

АСТЫҚ – АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА
ашық дереккөзі
255

Биыл бiтiк шыққан бидай ауыл шаруашылығын өркендетуге емес, керiсiнше, керi кетiруге ықпал етуi мүмкiн. Тонналаған астығы ашық аспан астында жатқан диқандар аязбен және арзаншылықпен күресiп әлек. Кейбiр шағын астық өндiрушi компаниялар банкротқа ұшыраудың сәл-ақ алдында тұр. Үкiмет дәндi-дақылды сақтайтын жердi дайындап алмай тұрып, егiс алқаптарын кеңейтуге неге асықты? Далада қалған егiннiң нақты көлемiне қатысты көрсеткiштер неге ала-құла?

Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi таңда отандастардың әрбiр бесiншiсi ауыл шаруашылығында нәпақасын тауып жүр. Мамандар қауымы КСРО құлағаннан кейiн аталған саладағы өндiрiс қарқыны мен сапасы 10 пайызға төмендеп кеткенiн көлденең тартады. Дүниежүзi бойынша астық өндiруде алтыншы орынды иемденетiн Қазақстанда бүгiнде дайын егiндi жинау, сақтау мен өңдеу мәселесi шешiлмеген. Сейсенбi күнi депутаттар алдында есеп берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев биылғы егiннiң бiр бөлiгi (650 мың тоннасы) қар астында жатқанын мойындады. Министрге шүйлiккен мәжiлiсмендер – Еркiн Рамазанов пен Жексенбай Дүйсебаев астықты сақтау, өңдеу мен таратудағы қиындықтардың жыл сайын қайталанатынын, түбегейлi шешiлмей отырғанына қынжылса, Владимир Нехорошев наразылығын қатты айтты: «Наурыз айында қайда болдыңыз? Аграрлық комитетпен бiрге жаз бойы қайда болдыңдар?! 7 миллион тоннаға жуық астық далада жатыр, пайдаға жарамайтын болды!». Қаһарға мiнген мәжiлiсмендi сабырға шақырған министр 7 млн. тонна емес, 650 мың тонна астықтың ашық аспан астында жатқанын көлденең тартты. Оның 400 мыңы элеватордың жанына жиылып, бiр-екi күнде өңдеуге дайындалып жатқан көрiнедi. Ал бiтiк шыққан егiндi қайда жiберерлерiн бiлмей дал болған диқандардың алдында «министрлiктiң түк кiнәсi жоқ». Яғни, А.Күрiшбаевтың пiкiрiнше, астықтың далада шашылып жатуы министрлiктiң болжамына қатысты емес. Қазiр Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң қызметкерлерi егiн бiтiк шыққан аймақтардан астықсыз қалған аймақтарға тасуды қолға алыпты. Яғни, қардың астында қалған 650 мың тонна астықтың тағдыры осы тасымалға байланысты. Бұл дегенiңiз – 80 млн. долларды желге ұшырмай, аман сақтап қалу (ҚазАгро таратқан мәлiметтерде астықтың 1 тоннасына 120-123 доллар деп белгiленген). Алайда, Күрiшбаев даладағы бидайды 650 мың тоннамен шектеуге тырысса да, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бiрқатарында жарық көрген ақпараттардағы мемлекеттiк элеваторларға сыймай қалған егiннiң жалпы көлемi – 14 млн. тоннаға жуық. Ақмола облысындағы бiтiк шыққан бидай аязға дейiн жиналып үлгермегендiктен, орасан зор көлемдегi алқапта астық мұрты бұзылмаған күйi тұрған көрiнедi. Оның нақты көлемiн бiлу мүмкiн емес, әрине. Өйткенi, жергiлiктi билiк егiн орағы аяқталғанын ресми түрде мәлiмдеп қойған. Мұндайда зиян шегетiн – тағы да диқандар. Павлодар облысындағы фермерлер биыл миллион тонна егiн жинапты. Облысқа тиесiлi 7 элеватордың үшеуi ғана астық қабылдаған, қалғаны – далада. Әр тоннаға 25 мың теңгеден уәде берген Азық-түлiк корпорациясы қазiр егiншiлерге 9 мың теңгенi қанағат тұт дейдi. Солтүстiк Қазақстан облысындағы ит-құсқа жем болып, алқапта шашылып жатқан бидайдың нақты көлемi – 6 млн. тонна. Оңтүстiк-Орал темiр жолы вагондар жетiспегендiктен, астықты қабылдаудан қашады. Ал құны үш есеге дейiн шарықтап кеткен ресейлiк вагондарды жалға алу – тиiмсiз. Мұндағы шағын астық өндiрушi компаниялар қолдағы астық қорын болмашы сомаға (тоннасына – 10-12 мың теңге, арпа – 7-8 мың теңге) сатып жатқандықтан, банкроттың аз-ақ алдында тұр. Мәжiлiсмен Петр Дмитриенко Үкiмет басшысынан бидайды сатуға лицензия алу мәселесiн жою және Азық-түлiк корпорациясына астықтың өзiндiк құнын «АгроФинанс» желiсi арқылы берiлген несиенi есептей отырып, қайта бекiту туралы ұсыныс айтты. Қаржыландыру мәселесiнде алынған қарыздың мерзiмiн ұзарту да аса маңызды екенi айтпаса да түсiнiктi. Өткен аптадағы үкiметтiк отырыста Мәсiмов қарамағындағыларға астық мәселесiне қатысты проблемаларды түбегейлi шешiп, темiр жол тасымалына қойылатын тарифтердi төмендетуге бұйрық бердi. «Азық-түлiк корпорациясы» АҚ астық өндiрушiлерден 5 млн. тонна көлемiндегi егiндi сатып алмақ. Оның iшiнде, 3 млн. тоннасын ұлттық компаниялар Ұлттық қордан бөлiнетiн қаражаттың есебiнен сатып алуы тиiс. Сондай-ақ, қосымша 2 млн. тонна бидайды (оның 1 млн. тоннасын жыл соңына дейiн 18,5 мың теңгеден) сатып алу да қарастырылуда. Ал ресейлiк территория арқылы тасымалдауға Үкiметтiң қолындағы қаржы қорынан биыл 5 млрд. теңге, ал келесi жылы 10 млрд. теңге бөлiнбек.

Жуырда ғана елiмiздiң солтүстiк бөлiгiндегi диқандар қауымы жиналған дәндi-дақылды сақтау және сату мәселесiнде қиындықтар туындап жатқанын айтып, Үкiметтен көмек сұраған болатын. Себебi, астық нарығындағы бәсекелестiк пен шығын ала жаздай тер төккен егiншi ағайынның еңбегiн еш етерi анық. Жергiлiктi билiк тарапынан астықты кептiруге және несиелердiң мерзiмiн ұзартуға уәде еткенмен, мемлекеттiк жәрдемнiң кешендi әрi жүйелi болуы керектiгiн айтқан диқандар тасымалдау қымбаттағандықтан, қазақ астығын сатып алу қазiр тиiмсiз. Биылғы түгiлi тiптi, былтырғы егiн түгел сатылып бiтпеген. Бұған дейiн дәндi-дақылдың әр тоннасын 200 доллардан астық алып келген Азық-түлiк корпорациясы қазiр оны 53 доллардан алып жатқан көрiнедi. Аспанасты елiне экспортталуы тиiс егiндi қалай және қандай жолмен тасымалдайтыны да белгiсiз. Депутаттардың бас қатырған басты сұрағы: «Егер Үкiмет астықты қайда жiберерiн бiлмесе, егiстi алқаптарды сонша кеңейтуге не себеп болды?». Мәжiлiсмендердiң дабылына құлақ асқан Азық-түлiк корпорациясындағылар тығырықтан шығудың бiрнеше жолын қарастыруда. Солардың бiрi: астықты қытайларға Ресей жерi арқылы тасымалдау (бiрақ алдымен транзит мәселесiн шешiп алған жөн). Жуырда ғана Премьер К.Мәсiмов құны арзандап кеткен қазақ астығын Қытайға экспорттау арқылы шешетiнiн, аспанасты елiнiң бiзден бидай импорттауға құлшынып отырғанын мәлiмдеген едi. Бiрақ бұл бiр-екi күнде, тiптi, бiр-екi айда шешiлетiн мәселе емес. Қытайға экспорттау процесi 2010 жылдың қаңтарынан бастап қана жүзеге асырылмақ. Ең алдымен, диқандар баға саясатын тез арада айқындап алуы тиiс. Министр Күрiшбаев әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен және астық сату белсендiлiгiнiң төмендiгiнен бидай бағасы соңғы 5 жылда болмаған бағаға арзандап кеткенiн айтады. АҚШ пен Австралия сияқты екi алпауыт бәсекелеске есе жiберiп алмас үшiн Қазақстан тез арада тасымал мәселесiн шешiп алуы керек. Бүгiнгi таңда қытайлар жасаған ұсыныс бiз үшiн өте тиiмдi. Өйткенi, қытайлар нанды аз жесе де, жыл сайын 10 миллион тонна астықты импорттайды екен.

Экспорт демекшi, кәрi құрлықтағы тұтынушылық сұраныстың бәсең тартуы себептi, биыл еуропалық нарықтағы қазақ астығының халi аса мәз емес. Күнi кешеге дейiн батыстық нарыққа дәндi-дақылды Ресей мен Украина арқылы тасымалдап келген Қазақстан ресейлiк билiктiң темiр жол бағасын 30 пайызға бiр-ақ шығандатуының кесiрiнен, экспорт мәселесiнде де ұтылып отыр. Алайда, Министрлер кабинетi диқандарды «бiздiң басты бағыт Еуропа емес, Орта Азия мен Таяу Шығысқа бұрылатын болды» деп жұбатуда. Ал «Ауыл» партиясының жетекшiсi Ғани Қалиев батыстықтардың бiздiң астықтан бас тартуын сапаның төмендiгiмен түсiндiредi. Сондай-ақ, оның айтуынша, егiннiң төрттен бiр бөлiгi өңдеу кезiнде желге ұшады, ал билiк астыққа қатысты ахуалды қадағалап отырған жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары