РЕСЕЙ СТАЛИНДI ДӘРIПТЕУГЕ КӨШТI

РЕСЕЙ СТАЛИНДI ДӘРIПТЕУГЕ КӨШТI

РЕСЕЙ СТАЛИНДI ДӘРIПТЕУГЕ КӨШТI
ашық дереккөзі

«Рационалды» мемлекет басшысы

Қазақстан көп жағдайда iргелес Ресейдегi оқиғалардан сабақ алып отырады. Ол жасыратын жәйт емес. Мүмкiн бұл көршiнiң қателiктерiн қайталамау үшiн қажет шығар..? Ресейлiктердiң де Қазақстанның тың бастамаларына тамсаныс бiлдiрiп, көп салада бiздiң тәжiрибеге арқа сүйеп отыратынын көрiп жүрмiз. Ал кейiнгi кездерi орыстар өткен тарихын қайта таразылай бастады. Дәлiрек айтсақ, кеңестiк кезеңдi дәрiптеуге көштi. Кеңес империясының заңды мұрагерi атанған Ресей үшiн бұл қалыпты құбылыс. Ал отарсыздануды (деколонизация) ендi ғана бастан өткере бастаған бiздiң республикаға бұл керi процесс. Өйткенi Қазақстанның өз жолы бар. Кеңестiк кезеңдi көксеу елдiгiмiздiң мұраты емес.

Бұған дейiн жоғарғы сыныптарда еркiн оқытылып келген тарих пәнiн ендi iргелес мемлекеттiң билiгi қайта өз бақылауына алуға тырысуда. Сондықтан алдағы уақыттарда Ресейдегi мектептерде тiкелей Кремльдiң нұсқауымен жазылған жаңа оқулықтар пайда болуы мүмкiн. Кеңес дәуiрiне жаңа көзқараспен қарай бастаған бүгiнгi Ресейде бiр қызығы (Жуырда ғана Мәскеу метросына жазылған «Сталин халыққа, еңбекке адал болуды үйретiп, бiздi ерлiкке баулыды» деген сөздерге қазiр ондағы көпшiлiктiң көзi үйренiп кеттi) тарих пәнi әлi де түрлiше оқытылып келедi. Орта мектептiң мұғалiмдерi министрлiктiң мақұлдауымен өткен 49 басылымның iшiнен өздерi қалаған оқулықты таңдап алады. Тiптi бұл тiзiмдегi кiтаптардан бас тартса да олардың өз еркi. Дегенмен кейiнгi кезде жалпыға бiрдей ортақ оқулық шығару керек деген ұсыныс көтерiп жүргендер көп. Сондықтан Кремль бұл саланы тәртiпке келтiруге талпына бастады. «Қазiр оқулықтың көптiгiнен бас айналатын жағдайға жеттiк. Тарихты әркiм өзiнше түсiндiргiсi келетiн тәрiздi. Өкiнiшке қарай, бұл кiтаптардың барлығын бiрдей сапалы деп айтуға ауыз бармайды. Бұл жақсы нәрсе емес. Себебi осының кесiрiнен оқушыларымыз ел тарихын тани алмай жатыр» деген едi Ресей президентi Дмитрий Медведев. 1999 жылы билiк басына келгелi берi Владимир Путин де кеңестiк кезеңге қатысты бiраз дүниелердi қайта жаңғыртты. 1999 жылы ол Сталиннiң туған күнiн мерекелеуге тiкелей келiп қатысқаны көз алдымызда. Ал 2000 жылы Сталиннiң әнұранын қалпына келтiрiп, (бұл жолы оны басқа сөздермен толықтырды) әскерге қызыл туды қайтарып бердi. «Мемориал» ұйымының басшыларының бiрi Арсений Рогинский бұл туралы былай деген болатын: «Владимир Путин Кеңестiк кезеңге деген мақтанышты қайта қалпына келтiрдi. Ол жұрт осыған мұқтаж екенiн түсiндi.. Көзге ыстық көрiнетiн өткен кезеңмен қайта қауышу бұқараға да сөзсiз ұнады. Әсiресе, 1945 жылғы жеңiске үлкен мән берiлiп отыр. Кеңес одағы мен өткен соғыстарды ұлықтау үшiн Сталиннiң культi дәл табылған тамаша тәсiл болды». 2007 жылы Ресейде «ұстаз оқулығы» деп аталатын екi томдық еңбек жарық көрдi. Бұл жаңа мемлекеттiк көзқарастарды қамтыған еңбек. Оның авторлары Александр Данилов пен Александр Филипов – Кремльдiң тапсырмасымен жаңа бiлiм стандарттарын жасап жатқандардың бiрi. Кiтаптың алғашқы бетiнен-ақ қойылатын жаңа талаптың қандай болатынын аңғаруға болады. Мәселен онда «тарихты таразылау жұмыстары «патриоттық тұрғыда тәрбиеленген азаматтарды қалыптастыру» мақсатын көздеуi керек. Әсiресе, ел шежiресiндегi екiұдай пiкiр тудыратын сәттер мүлде жаңа көзқараспен талдануы тиiс», – делiнген. Осылайша бұл басылым мемлекет тарихындағы аса бiр даулы кезеңдерге бiржақты баға берiп, тартыс тудыратын тақырыптардың бәрiне тосқауыл қойып тастады. Ал Сталиннiң саясатына кiтап авторлары қолдау бiлдiрiп, оған «рационалды» мемлекет басшысы деп баға берген. Бәрiмiз бiлетiн қызыл террорды «экономикалық проблемаларды шешудiң прагматикалық әдiсi» деп түсiндiрiптi кiтапта, яғни репрессия жұмыстан жалтарғандарды қорқытудың құралы болған» көрiнедi. Жаңа көзқарастағылар, 30-жылдардағы аштық қолдан жасалған жоқ, оған климаттық жағдай мен коллективтендiру процесiнiң уағында аяқталмай қалуы себеп болды, – деп жазыпты. Қалай десек те жоғарыдағылардың нұсқауымен жарық көрген кiтап жуық арада Ресей мектептерiне таратылып берiледi. Интернет сайттарында мұғалiмдер жағы тапсырыс бермесе де аталған еңбектiң қазiрдiң өзiнде қолдарына тие бастағанын баяндаған. Өйткенi кремльдiк партия «Единая Россияда» оқытушылар құрамы өте көп. Осыған арқаланған билiк олармен аса санаспай еркiн қимылдап отыр. Қалыптасқан жағдайға қазiр бұрынғы диссиденттер мен оппозициядағылар қатты алаңдауда. «Сталинизм мен большевизм мақсатқа жету үшiн етенеден тайынбау керек, адамдар тек жәй ғана тобыр деген екi ұстаныммен өмiр сүредi. Бiз бүгiндерi жаңа рәмiздерге ие болған сталиндiк дәуiрге қайтып оралдық. Екiбасты самұрық, үштүстi демократиялық ту мен сталиндiк әнұран осыған дәлел. Бұл үш негiз бiздiң өзiмiздi әлi тани алмай жатқанымызды көрсетедi»-дейдi саясаткер Григорий Явлинский. Ал Мәскеудегi Хельсинки тобының басшысы және бұрынғы ГУЛАГ-тың тұтқыны Людмила Алексеева: «Сталинизмдi жеңбей бiз ешқашан құқықтық мемлекет те, демократиялық ел де бола алмаймыз. Немiстерден үлгi алу керек. Олар Гитлердi ашық сынады. Германия осындай бастаманың арқасында қазiр әлемдегi ең өркениеттi елдердiң қатарына көтерiлдi» деген пiкiр бiлдiрген. Ал «Левада-центр» ұйымының қызметкерi социолог Борис Дубин бұл тақырыпты былайша қорытыпты: «Сталиндiк миф Ресейлiктер үшiн әлi де үлкен маңызға ие болып отырған ұлы державалық даңқ пен 1945 жылғы жеңiспен тығыз байланысты. Шындығын айтсақ, 1945 жылғы жеңiс пен Юрий Гагариннiң ғарышқа ұшқанынан басқа Кеңес одағының ауыз толтырып айтатындай өзге ешқандай жетiстiгi болған жоқ».. Дегенмен Ресейдiң Бiлiм министрлiгi жуырда ғана кезiнде Қазақстанның солтүстiгiне көзалартқан Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ-ын» жоғарғы сыныптардың әдебиеттi оқыту бағдарламасына енгiздi. Бұл жағдай құдай қосқан көршiмiздiң өткен тарихына қалай баға берерiн бiлмей әлi де дағдарып жатқанына анық дәлел бола алады.

Жолымбет МӘКIШЕВ