Амалбек ТШАНОВ: ЕШКIМНIҢ АЛА ЖIБIН АТТАҒАН ЕМЕСПIН

Амалбек ТШАНОВ: ЕШКIМНIҢ АЛА ЖIБIН АТТАҒАН ЕМЕСПIН

Амалбек ТШАНОВ:  ЕШКIМНIҢ АЛА ЖIБIН АТТАҒАН ЕМЕСПIН
ашық дереккөзі
286

Саясаттың да, оппозицияның да бiр кiсiдей дәмiн татқан Амалбек Тшанов бүгiнде шәкiрт тәрбиелеу iсiне бiржола бет бұрған сияқты. Республикалық спорт колледжiн басқарып отырған қайраткермен әңгiмемiздiң денi спорт тақырыбында болды.

БИЛIК ТЕ, ОППОЗИЦИЯ ДА IШТЕН ТЫНУДА…

— Ciздi саяси сахнадан көп көрушi едiк. Қоғамда болған түрлi оқиғаға қатысты жиын-терiнде төбе көрсетiп жүретiн едiңiз. Соңғы бiр жыл ауқымында сiздi жоғалтып алмасақ та, бұрынғыдай қарқыныңыз байқалмай тұрған сияқты. Мұны айтып отырған себебiмiз сiздi iздеген жанкүйер жұртшылық соңғы уақытта қандай қаракетпен айналысып жүргенiңiздi бiле бермейдi. Сұраған жұртқа не айтсақ екен…

— Cаяси сахна дегендi түсiнiп алайық. Кез келген нәрсенiң өзiнiң мезгiлi болады. Сол сияқты саясаттың да бiр қарбалас тұсы болады. Егер сол саяси науқанның қызған кезi болса, әлбетте саясатқа араласпай қарап отыру мүмкiн емес. Елде қазiргi уақытта саясатқа араласуға негiз боларлықтай, соған тiкелей кiрiсiп, белсендiлiк танытарлықтай саяси қозғалыстар болып жатқан жоқ. Билiк те, оппозиция да өздерiнiң iшкi жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондықтан да жарып шығып, өткiр пiкiр айтатын уақыт емес. Бұл — бiрiншiден. Екiншiден, қазiр мен жұмыста болғандықтан, көп уақытым сол жұмыспен кетiп жатыр. Алайда, саясаттан кеттi деген қауесет орынсыз. Қазiр Республикалық спорт колледжiн басқарып отырмын. Бұл оқу орны Спорт министрлiгiне қарайды. Бiр жылға таяу уақыт бойы Қазақстан спортының дамуына ат салысып келемiн.

Негiзi, мен Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мүшесiмiн. Партияның өзiнде бүгiнгi шамасына қарай жұмыстар жүргiзiлiп жатыр.

— Әсiлi, бiзге қай тарапқа болса да, билiк пен оппозицияны айтып отырмын, барды бар, жоқты жоқ деп айту әлi жетiспейтiн сияқты. Сiз қалай ойлайсыз?

— Бiздiң елiмiзде саяси жүйе қалай қалыптасқан? Алдымен билiк пен оппозицияның ара жiгiн, яғни қарым-қатынасын ажыратып алайық. Билiкте отырған партия — «Нұр Отан». Ал сайлауда жеңiлiс тапқан партия — оппозиция. Батыс елдерiнiң тәжiрибесiне көз жүгiртiп көрелiк. Билiкке қолы жетпеген партия оппозицияға айналады. Келесi сайлауда басқа партия үкiмет басына келедi. Ал бiзде ше? Егер де үкiмет тiзгiнiн екi партия кезектесе алып отырса, саяси жүйе бiр қалыпқа келер едi. Билiк басында бiр партияның отыра беруi әрберiден кейiн еш өзгерiс әкелмейдi. Билiк басында басым көпшiлiгi бiр партияның өкiлдерi болғандықтан, оппозицияны «халық жауы» қылып көрсеткiсi келедi. Ал түптеп келгенде, олар да ет пен сүйектен жаралған, елiм деп еңiреген қазақтың азаматтары. Алла екi көздi жаратқанда да, бiрiнiң-бiрi кемшiн тұстарын көрiп отырсын деп жаратқан. Сондықтан оппозиция жағы билiк тұтқасын ұстаған партия жұмысына талдау жасап, қажет болғанда өз ұсыныстарын енгiзiп отыруы керек. Мұндай саяси әдiс шетелде, яғни АҚШ-та жақсы қалыптасқан. Оппозиция — халықтың жауы емес. Мәселен, елде сыбайлас жемқорлыққа қатысты бiр оқиға белең алды делiк. Бұл оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдары да, халық та жария етедi. Әгәрәки осы жайтты оппозициялық партияның аузынан еститiн болса, бiр шидiң басы қылтидыға жориды. Халықтық сайлауда басқа партия билiкке қол жеткiзсе, «Нұр Отан» автоматты түрде оппозициялық партияға айналады. Солай емес пе? Кезекпен билiкке келетiн екi партиядан ешкiм зиян шеге қоймас. Қайта қазақта «сын түзелмей, мiн түзелмес» деген нақыл бар. Орынды айтылған сын кiмге болса да ауыр тимейдi. Кезiнде Кеңес үкiметi тұсында айдаладағы бiр кеңшар басшысының жұмысына қатысты мақала газет бетiне шықса, дереу түгел тексерiлетiн. Шындығында солай болып шықса, тиiстi шара қолданылатын. Ал қазiр ше? Халық өз дегенiн айта алмайды. Қарапайым халық жоғарыдағы бастыққа барып хал-жағдайын айта ала ма? Кiмнiң есiгiн қағады? Оған кiру үшiн қаншама тексерiс пен тiркелуден өту керек. Сонда халық кiм арқылы бiлдiредi? Әрине, партия арқылы. Екi жақтың мүддесi бiр — халықтың қамы емес пе?

«Көш жүре түзеледi». Ендеше әлi де ашық қоғам орнатудағы жетiстiктерiмiз алда деп ойлаймын. КСРО-ның соңғы бас хатшысы М.Горбачев «диалог» деп жүрiп, саясаттан ол да кеттi. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кебiн кидi. Жалпы, осы сөзде мән бар сияқты. Диалогтың мәнiсi үстел басына жиналып, екi жақтың пiкiрiн теңдей тыңдап, ұсынысы мен пiкiрiн ортаға сала отырып, бiр жеңнен қол шығару. Ал бiзде тиянақты диалог жоқ. Билiк өз шаруаларымен әлек. Қарсы жақ өз бетiмен шулап жатады. Мiне, сондықтан билiк пен оппозицияның қарым-қатынасы үзiлген. Сөйтiп, екi арадан жiк шығады. Негiзi түкке тұрғысыз нәрсеге бола қарама-қайшы пiкiр туындайды. Себебi бiрiнiң жұмысына бiрi араласып отырған жоқ. Тiптi делiк, Парламентке басқа партиядан жиырма бес-отыз адам қабылданса да, онда да ештеңе өзгере қоймайды. Бiрақ өзге атмосфера қалыптасады. Қабылданатын Заңдардың өзi пiкiрталасқа түседi, халықтың пайдасына шешiледi. Пiкiр алуандығының арқасында депутаттар халық алдындағы мiндеттерiн анық сезiнетiн болады. Әсiлi «Парламент» сөзi пiкiрталас деген ұғымды бiлдiредi. Ендеше екi жақты жақындастыру елiмiз үшiн пайда.

— Әңгiмемiздi ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа әкеп тiресек. Төрағалық бiзге не бередi?

— Әрине, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тақиямызға тар келмесi анық. Дегенмен, демократия мәселесiнiң мәз емес екенi тағы баршаға аян. Еуроодаққа төрағалық бiздiң мемлекетiмiздi өрге сүйремес, төменге де тартпайды. Себебi демократиялы елдерге үлгi көрсетiп, Еуроодақты уағыздау үшiн демократияны өзiмiзден бастау керек қой. Бұл мүмкiн нәрсе. Қалайша iшкi жағдайды қалыпқа келтiрмей, өзге елдерге ақыл айта алатын дәрежеге жетемiз? Демократиялы ел болу үшiн бұқаралық ақпарат құралдары барлығын бұқпантайламай, бұрмаламай айта алуы керек. Үкiмет басына түрлi партия өкiлдерi қабылданып, ал оппозиция өз ойын тайсалмай айта алуы керек. Ал қарапайым қара халық өз ойы мен құқықтарын бiлiп, әлеуметтiк, экономикалық жағдайын түзеткенде, егемендi, тәуелсiз, зайырлы, демократиялы ел атанамыз. Мiне, сонда өзге батыс қауымына үлгi боларлық елдер санатына кiремiз. Егер де осы айтылған жағдайлар қарастырылмаса, бiз ЕҚЫҰ билiгiн ала аламыз ба? Алсақ өзге мемлекеттер әр нәрсенi бетiмiзге баспай ма? ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бiздiң демократиялы ел болуға басқан қадамымыздың ең үлкенi. Сондықтан да төрағалыққа өтуiмiздi мен құптаймын. Бұл бiздiң қазақ халқы үшiн зор мәртебе.

— Спорт саласы сiзге жат емес. Бүгiнде қазақ спортының дамуына өз үлесiңiздi қосып келесiз. Спортқа бейiм балалардың басым көпшiлiгi ауылдан шығатынын мойындау керек. Ендеше болашақ чемпиондар қайдан, қалай iрiктеледi?

— Республикалық спорт колледжi болғандықтан, бiр ғана облыстан iрiктеледi деп айту әбестiк болар. Әлбетте, Алматыға жақын облыстардан балалар оқуға көптеп қабылданады. Бұл жерде айтпасқа амал жоқ, мынадай жайт бар. Республиканың шалғайындағы облыстар дарынды спортшы жастарын жiбергiсi келмейдi. Оларды сол жерден жоғары оқу орнында оқытып, жағдайын жасап, облыста ұстап отырады. Ондағы мақсат — сол облыстың мүддесi ғана. Әйтсе де дарынды спортшылар өздерi iздеп келiп, оқуға түсiп жатады. Спорттан нәтиже шығарам деген бала жазбай осында келедi. Себебi, мұнда спортпен қатар, сабақты меңгеру жiтi қадағаланады. Басқа жерде жүрсе, күнiне бiр рет жаттығу болады, болмаса ол да жоқ. Күнiне екi рет өткiзiлетiн кәсiби жаттығулар күн тәртiбiнен түскен емес. Осыны түсiнген ата-аналар балаларын осында әкеледi. Биылдан бастап колледж мектеп-интернат болып қайта құрылды. Бұдан былай балалар алыстан қатынамай, осында жатып оқи алады.

Бұрындары оқуға бала жинау өте қиынға соғатын. Соңғы жылдары бiр орынға бiрнеше адам таласатын жағдайға жеттi. Әсiресе, жеке сайыс түрлерi бойынша бiр орынға жетi адамнан келген кездер болды. Ал, бұл дегенiңiз, спортпен шұғылданып, жеңiмпаз атануға тырысқан жастардың санының көп болғандығынан. Олимпиадалық резерв дайындайтын оқу орны болғандықтан жеке сайыс түрлерi бойынша балаларды спортқа тартып жатырмыз. Ол үшiн Алматы қаласы бойынша бокс орталығына айналдырдық. Бұл iзгiлiктi iстiң жүзеге асуына Алматы қалалық бокс федерациясын басқарып отырған К.Х.Рақышев, Республикалық федерациясының төрағасы Т. Кұлыбаев сынды азаматтар барынша материалдық жәрдем жасап, жалпы спорттың, соның iшiнде бокстың дамуына аянбай үлес қосып отыр.

Қазақ спортында ақсап жатқан ойын түрлерiнiң бiрi футболды дамытуға барынша жағдай жасалуда. Жас спортшылардың күш-жiгерiн оңды жолға жұмсау үшiн 96х58 метрлiк футбол алаңы жасалды. Сонымен қатар волейбол, баскетбол залдары қайта жасалып, жеңiл атлетикаға арналған манеж қалпына келтiрiлдi. Халықаралық талаптарға сай манеж Қазақстанда екеу-ақ. Соның бiрi — бiзде. Жеңiл атлетикалық ойындар өткiзiлетiн манежде жиi-жиi жарыстар ұйымдастырылады. Ал қыстың күнi барлық спорт түрлерi бойынша жаттығулар сол жерде өтедi. Мiне, осындай жағдайдың арқасында спорт базасы жоғары сапаға көтерiлiп келе жатыр. Осының бәрi жас спортшылардың алаңсыз жаттығуына мүмкiндiк бередi.

БОКСТАҒЫ БҰРМАЛАУШЫЛЫҚ ӨКIНIШТI-АҚ

— Спорттағы жастардың ұлттық құрамы қандай?

— Биыл оныншы сыныпқа 60 бала қабылданды. Бұл көрсеткiштiң басым көпшiлiгiн аймақтардан келген жастар құрайды. Осы жылы қабылданған жастар жеке сайыс түрлерi негiзiнде iрiктелдi. Жеке сайыс түрлерi бокс, таэквандо, күрес болғандықтан, қазақ жастары таңдап алынды. Байқасаңыз, бiздiң ұлттық ойындарымыз жеке сайысқа жататын спорт түрлерiне бiр табан жақын. Сондықтан қазақ жастары жекелей сайысқа бейiм. Қанда бар қызбалық пен ұстамдылық қазақ жастарына жеке сайыс түрлерiн жылдам меңгеруге мүмкiндiк бередi. Әйтсе де қазақ балалары үздiк нәтиже көрсетiп, халықаралық кездесулерде төбе көрсетпеген спорт түрлерi бар. Мәселен, су спорты. Суда жүзудiң бiрнеше түрi бар. Қазақ жастары жүзу, малту, сүңгу сияқты су спортының түрлерi бойынша бiлiм алуына толық мүмкiндiк бар. Сол үшiн де колледж қабырғасында суға секiретiн трамплинi бар үлкен бассейн салынды. Бiздiң негiзгi мақсатымыз — су спортын дамыту. Болашақта қазақ балаларын суға жүзуге баулып, шетелдiк турнирлерден көрсете бiлу.

Сол сияқты жеңiл атлетикада да қара сирақтар аз. Жеңiл атлетикадан осы күнге дейiн атап айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзiп көргенiмiз жоқ. Жоспарда мектепке балаларды жетiншi сыныптан қабылдау идеясы бар. Себебi 12-13 жастан тәрбиелейтiн болсақ, болашақта жақсы нәтиже көрсетедi деп сенемiн.

Республикалық спорт колледжiнде спорттың 21 түрiнен дайындық жүргiзiледi. Олардың барлығы олимпиада ойындарына кiредi. Аталмыш оқу орнын бiтiрген жастар әрi мұғалiм, әрi жаттықтырушы бола алады.

— Қазақтарды спортқа тарту үшiн ауыл балаларына мектеп қабырғасынан жаттығу жүргiзу керек. Кезiнде ауыл спорт клубы iспеттi орталықтар жұмысы қайта жанданатын болса, қазақ спортының болашағына деген үмiт артар едi…

— Өте күрделi де, өзектi мәселе бұл. Шын талантты ауылдан iздеу керек. Жалпы спорт жанкүйерi ретiнде, ұжым басшысы ретiнде алдыма қойған мақсатым бар. Егер де жетiншi сыныптан бастап оқуға балалар қабылдайтын болсақ, алдымен жаттықтырушыларды шалғайдағы ауыл-ауылдарға жiберемiз. Не үшiн дейсiз ғой? Жаз бойы жергiлiктi жерлерде жарыстар өткiзiп, жарнама жасап, ауыл жастарын спортпен кәсiби түрде айналысуға тарту. Сол үшiн де келесi жылға арнайы қаражат көзделiп отыр.

Осы мақсатта белгiлi жүйрiк Әмен Тұяқов ағамызды шақырып, әңгiме құрған едiк. Осы бастаманы қолға алсақ, ол кiсi қол ұшын созуға әзiр. Сол сияқты Сидней олимпиадасының чемпион О.Шишигинаны жеңiл атлетика бойынша жаттықтырушы ретiнде колледжге шақырмақпыз. Естерiңiзде болса, Ольга Шишигина, Ермахан Ибраимов, Дәулет Тұрлыхановтар сынды чемпиондар осы оқу орнының түлектерi. Шын мәнiсiнде, Кеңес үкiметi қалыптастырған жүйемен жұмыс жасап тұрған шағында олимпиадалық жүлдегерлердiң көбi осында дайындалды. Колледждiң осындай мақтаныштары мен жетiстiктерi болашақ буын тәрбиесiне, өнеге алуына өз үлесiн қосып отыр.

— Спортшының бабы мен бағы жаттықтырушыға тiкелей байланысты. Жалпы спортта жаттықтырушылар шетелден алынады. Мәселен, Бернд Шторк Германиядан шақыртылды. Содан қазақ футболына келiп жатқан пайдасын көрiп отырған жоқпыз. Шетелден шақыртылған жаттықтырушылар қазақ спортына ықпалын тигiзе алды ма?

— Әлбетте, жәрдемi болатынына еш күмән жоқ. Әйтсе де, жеке басым жаттықтырушыларды сырттан тартуға қарсымын. Шет мемлекеттен алып келу сән емес, оған әуестенудiң қажетi шамалы. Дегенмен кейбiр спорт түрлерiнде жаттықтырушылардың бiлiмi таяз, тәжiрибесi жетiсiңкiремейдi. Мiне, осындай спорт түрлерi бойынша шетелден шақырса болады, я болмаса жаттықтырушыларының шетелден бiлiмiн толықтырып қайтсын. Әсiлi шетел жаттықтырушыларының да еңбегiн еш қалдыруға болмас. Ауыр атлетиканы санатқа алар болсақ, Пекиндегi олимпиадада ең жоғарғы жетiстiкке жетуiмiз — Түркиядан келген жаттықтырушының арқасы екенiн жоққа шығара алмаймыз. Ауыр атлетика елiмiзде бұрын аса дами қоймаған сала едi.

Бiз өзiмiздiң спорт жүйемiздi қалыптастыруымыз керек. Отандық жаттықтырушыларға материалдық, моральдық жағынан барлық жағдай жасайтын болсақ, ешкiмнен кем болмаймыз. Осының бәрiн бiр бағытта, бiр жүйеге жұмылдырып, жаттықтырушыны өзiмiзден шығару керек.

— Миланда өткен чемпионатта бокстан бiздiң құрама қатты сүрiндi. Нелiктен? Боксты қалайша ақсатып алдық?

— Мен ол жерде өзiм де болдым, көзiммен көрдiм. Өмiрдiң жалпы қозғалысы ылғи да өрлеуден тұрмайды. Өрлейдi, содан қайтып төмен түседi. Бұл «синусоида» ережесi. Қазақ былғары қолғап шеберлерi бұған дейiн халықаралық сындарға түсiп, өте жақсы өнер көрсеткенiн бiлемiз. Себебi бокс — бiздiң ұлттық спорттың түрi. Кейiнгi үш олимпиадада бiздiң спортшылар елiмiзге олимпиадалық алтын медальдар алып келiп жүрдi.

Соңғы олимпиадаға сенiм артқан жаттықтырушыларымыз босаң қарады. Сөйтiп, құраманы қалыптастырғанда дарынды жастарды емес, електен өтпеген балаларды қосты. Олар кiмдер? Мәселен, шенеунiктердiң, ықпалы бар адамдардың араласуымен бәленшенiң орнына басқа бiреу жарысқа барады. Өткенде 75 кг. салмақта кикбокспен айналысып жүрген жiгiт бокстан сайысқа барды. Бұл қалай болғаны? Сол сияқты 48 килодағы Азиада чемпионы атанған Жакуповтың орнына мүлде басқа бiреу кеттi. Алып барған жаттықтырушылардың ақталар айғағы бiреу-ақ: жаңадан қосылған жастарды сынап көрмекшi. Ау, дүниежүзiлiк, Еуропа, Азия бiрiншiлiгi бала сынайтын жер емес қой! Баланы сынау үшiн халықаралық турнирлер мен жеке кездесулер де жетедi. Таныстықтың мұнда қажетi жоқ. Балаларды жарысқа iрiктеуде алдыңнан шығатын мынадай мәселе бар. “Астанадан — пәлен, Алматыдан бес адам баруы керек” дейдi. Бұдан барып «Астанадан неге екi адам бармауы керек» деген даулар шығады. Осыны болдырмас үшiн ондай шектеудi алып, тек дарынды спортшылар ғана, яғни кiм талантты, кiм жеңiсiн дәлелдейдi сол баруы керек. Спортта оның туған жерi, облысы маңызды емес. Аты-жөнiнен басқа биографиясының керегi де шамалы. Басты құжаты спорттық нәтижесi мен аты-жөнi болуға тиiс. Мiне, сонда ғана спорттағы әдiлеттiлiк қалыпқа келедi.

Жарыста жеңiске жететiн баланың жолын байлайтын тағы бiр нәрсе бар. Ол — төрешi. Төрешiнiң бокстың дамуына ықпалы жоғары. Олай дейтiнiм, бокстың төрт түрi бар. Олар ең жоғарғы, жастар, кадеттер, қыздар командасы. Жас спортшылардың өз өркөкiректiгi мен амбициясы болады. Жеңiп тұрған балаға жеңiс бермесе, кедергi келтiрсең, жанып тұрған баланың қызуы тез басылады, ынтасы төмендейдi. Спорттан көңiлi қалады, жiгерi мұқалады. Спортта тек қызыл бұрыш пен көк бұрыш қана болу керек. Кейде төрешi мен жаттықтырушының қарым-қатынасына да байланысты бұрмалаушылық болып жатады. Бұл дегенiңiз – бокс қисайды деген сөз. Бокстан құрама команданың бас жаттықтырушысы ауыстырылды. Ендiгi мәселе ана бала оңтүстiктiкi немесе солтүстiктiкi дегендi қойып, тек қана көк пен қызыл бұрыш қана болу керек. Осыған жеткен кезде ғана спорттың қай түрi болса да жоғары дамитынына күмәнiм жоқ. Бiзде талантты жастар өте көп қой. Олар бiздiң ұлттық мақтанышымыз, елiмiзге бiткен жетiстiк.

— Бахтияр Артаев ауыл әкiмi болып кеттi. Серiк Қонақбаев депутат болып көрдi. Спортшылардың саясатқа араласуы дұрыс па? Қалай ойлайсыз?

— Саясат оңай шаруа емес. Десе де саясатқа кез келген адам бетбұрыс жасай алады. Спортшы, әртiс, мұғалiм саясатқа араласпасын деген дұрыс емес. Адамның қабiлетi мен өмiрлiк көзқарастары халықтың сенiмiн ақтаса неге мойын бұрмасқа? Бұл өз алдына бiр мәселе. Егер спортпен айналысып жүрiп, шегiне жеткiзбей тастап кетсе, оны айтуға болады. Әлбетте, айтпасқа амалым жоқ. Бахтиярдың спорттағы потенциалы өте жоғары. Спортты тастап әкiмдiк қызмет атқаруға әлi ертерек едi деп ойлаймын. Үкiметтiк қызметке, әкiмшiлiк қызметке де үлгередi ғой. Себебi, оның қазақ спортына берерi әлi көп.

Бахтиярдың ана сүтiмен берiлген дарыны ерекше. Осы мәселе турасында оны әдейiлеп шақырып, сөйлескенмiн. Спортқа қайта оралуы да мүмкiн. Себебi Лондон олимпиадасына дейiн әлi уақыт бар. Оның жасында 75 килолық салмақ жаман емес! Жақында ұлды болды, «бауы берiк болсын» дегiм келедi. Газеттi пайдаланып, айтар ағалық назым бар едi. Бахтияр ендi ұлына арнап, олимпиадалық жүлденi жеңiп алуы керек.

— Сiздi кезiнде бокспен айналысты деседi. Сондықтан болар, мiнез-құлқыңыздағы өтiмдiлiк пен өткiрлiктi спортпен байланыстырады. Спорт сiздiң мiнезiңiздi қалай қалыптастырды?

— Ана құрсағында жатқан нәрестенiң төрт айлығында оған жан бiтедi екен. Дiн тiлiмен айтар болсақ, осы кезден бастап оның өмiр кiтабы жазылады. Мiне, сол сияқты мiнез де ананың сүтiмен қалыптасады. Өмiр мен орта тәрбиесiнiң адам мiнез-құлқына қанша әсерi болғанмен, айтарлықтай өзгерте қоймайды. Шымкентте әкiм болған тұста қызметкерлердi таңғы алтыдан жұмыс iстеуге дағдыландырдым. Неге дейсiз ғой? Үкiметтiң тиiстi айлығын алады, тиiстi демалысын алады. Ендi осындай жағдай жасап отырған үкiметке аянбай еңбек етпегенде не iстейдi? Жамбылда да дәл сондай талап болды. Мен жұмысқа өте қаталмын. Осы жерде қаталдық пен қатыгездiктi шатастырудың қажетi жоқ. Негiзiнде мен нәзiк жанды адаммын. Оның дәлелi — жас күнiмде музыкаға әуестендiм. Адам жүрегiн тербететiн нәрсе — музыка. Кiшкентайымнан екi ананың тәрбиесiн көрдiм, шалғайда жүрiп жұмыс iстедiм. Бұл да кейде мiнезден байқалады. Жамбылда Бибi Ажар есiмдi режиссер «Ерте солған гүл» атты ауған соғысы туралы деректi фильм түсiрдi. Фильмнiң түсiрiлу барысында қолымнан келгенше көмек көрсеттiм. Сол фильмнiң презентациясына кейiпкерлердiң туысқандары, баласынан айрылған аналар келдi. Фильм барысында көзiмнен жас үзiлмедi. Бұрылайын десем, ұялып отырмын. Халық әкiмiмiз әлсiздiк танытты деуi мүмкiн ғой. Бiрақ осы әлсiздiк пе? Ал жұмыста тәртiп талап ету деген мүлде бөлек. Маған жүктеген сенiмдi ақтамай, өзiмдi аяп, халыққа қызмет етпесем не бiтiрiп жүрмiн?

Мен қызмет атқарған өңiрлерден «бiреудi ұрыпты, соғыпты» деген аңыздар ередi. Оның бәрi менiң бокспен айналысқанымнан шығады. Жас кезiнде кiм бокспен айналыспады? Өмiрiмде көшеде бiреумен төбелесiп көрген емеспiн. Ойыңдағыны тайсалмай айтып салу бокспен айналысқаннан емес. Әйтпесе спортшылардың барлығы тiкмiнездi болмас па едi… Бұл шамасы менiң бала кезден қалыптасқан мiнезiм.

— Билiкте түрлi қызмет атқардыңыз. Билiкке қарсы жақта да жүрдiңiз. Сол тұста бiрге жүрген жеке тұлғалармен адами серiктестiк, достық қарым-қатынасыңыз қалай?

— Сол кезде араласқан достарыммен әлi күнге дейiн жақсы қарым-қатынастамын. Өмiрдегi келеңсiздiктерге байланысты олардың пiкiрiмен келiспей қалатын тұстар болады. Оған бола байланысымыз бәлендей өзгермейдi. Кезiнде талай қиыншылықты бiрге бастан кешiрген азаматтардан неге мен ат-тонымды ала қашуым керек. Жиындарға қатысып, қалмай барып жүремiн. Саяси көзқарасым өз алдыма. Ешкiмнiң ала жiбiн аттаған емеспiн.

— Әрине, спорт саласы демеушiлiктi қажет етедi…

— Қолдарынан келгенше қазақ азаматтары көмегiн аяп жатқан жоқ. Күнi кеше жатақхана жиһазының тең жартысын алуға «Атакенттiң» президентi Х.Абдуллаев көмектестi. Ал қалған бөлiгiн алуға «АлматыГорСтрой» ұжымының басқармасы Д.Сұлтанбеков жәрдемдестi. Тағы да сол сияқты спорттың дамуына Қ.Рақышев сынды азаматтар қол ұшын созып отыр. Бiз қызметте мәңгi отырмаймыз, атқарылған жұмыстың қарымы осы жерде қалады.

Әсiлi адам жаратылысы өте қызық. Маған «билiк басында отырдың, депутат болдың, түрлi қызметтер атқарған адамсың. Осы қызметiңе көңiлiң тола ма?» деп сұрайды. Мен ата-анамнан шен-шекпенмен туылған жоқпын ғой. Керiсiнше жастарды тәрбиелеуден, жастармен жұмыс iстеуден үлкен қуат аламын. Жастар тәрбиесiнiң қызықты да тиiмдi екенiн бiлгенде осыдан он жыл бұрын осы iске сұранар едiм. Өз қызметiме құлшына кiрiсiп кеттiм. Командамен бiрге шет елде өтетiн жарыстарға жиi барып тұрамын. Менiң өмiрiмнiң барлық кезеңi жастармен байланысып келедi, негiзгi сенiмiм — жастар. Сондықтан да басты мақсатым — денi сау, мақсаты айқын жастарды тәрбиелеу.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары