АР СОТЫ

АР СОТЫ

АР СОТЫ
ашық дереккөзі
321

…Бауыржан ағаны алғаш бұдан төрт жыл бұрын Шымкент қаласындағы Сыпатаев атындағы орта мектепте көрген едiм. Ол кiсi бала кезiнде осы мектепте тәрбиеленiптi.

Залға шәкiрттермен бiрге үлкен кiсiлер, студенттер де жиналған. Ине шаншар жер жоқ. «Сөзiн жақсы естiмесек те, өзiн бiр көрiп қалайық» – дескен жұрт есiктiң сыртындағы дәлiзде, терезе алдында бiр-бiрiн итермелей сығылыса түрегеп тұр.

Кездесу салтанатын ат жақты келген, ашаңдау, ұзын бойлы мектеп директоры ашты. Ол кiсi сөзiнiң бiр жерiнде:

– Жауынгер жазушы, даңқты қолбасы ағамыз Бауыржан Момышұлы жақында «За нами Москва» деген роман жазып бiтiрдi. Қазақшалап айтқанда «Артымызда Москва» дей берген едi, президиум столында отырған әскери киiмдегi кiсi орнынан ұшып тұрып, мектеп директорын сұқ саусағымен нұқи көрсетiп, ашулы, бiрақ аса салмақты, зiлдi үнмен:

– Мен бiлсем, мына директор сауатсыз! «За нами Москва» қазақшаға аударғанда «Арқамызда Москва», дәлiрек айтсақ, «Москва үшiн шайқас» деп аударылады, – дедi жұлып алғандай нақ-нақ сөйлеп, жауырын тұсын қолымен көрсетiп. – Арқамыз мынау болады, артымыз оның төменiрек жағы. Түсiнiктi ме, жолдас директор?!

– Бауыржан ағаң осы, – дедi Әбiш ағай, алдыңғы партада қатар отырған маған сыбырлай үн қатып.

Екi иығына екi кiсi мiнгендей кең жауырынды, тiп-тiк өр кеуделi, ұзын бойлы, аса айбарлы, сұсты, сымбатты кiсiнiң оқыс мiнезiне бiз аузымызды аша таң қалып, ұзақ қол соқтық.

Бауыржан аға мiнбеде сөйлеп тұр. Жазық маңдайы, сәл етжеңдiлеу келген жоталы қыр мұрыны, жалт-жұлт еткен дөңгелек отты жанары, кейiн қайырылмай жалдана тiкiрейген қысқалау қара шашы әскери киiмiне керемет жарасады екен. Мен ол кiсiнi тап бiр кинодан көрiп отырғандай сезiнiп, қатты әсерлендiм.

Таңертеңгiсiн Әбiш ағай:

– Түс кезiнде Сыпатаев атындағы орта мектептiң залында полковник, жазушы Бауыржан ағаңмен кездесу болмақ. Сен ол кiсiнiң кiтаптарын оқыған ба едiң? – деп сұрады.

– Оқығанмын.

– «Арпалысты» ше?

– Оны да.

– Баукеңдi иiсi қазақ бiткен жақсы көредi, халқымыз оны шын жүрегiмен мақтан тұтады. Ол бiздiң бүгiнгi ұлттық туымыз, ұлттық ұранымыз, халқымыздың ынтымақ-бiрлiгiнiң, тұтас ерлiк өмiрiнiң символы тәрiздес. Оны бiз ғана емес, басқа елдер де құрметтейдi. Сондықтан сен батыр ағаңа арнап өлең шығар. Кездесу кезiнде саған да сөз беремiз.

Мен қуана-қуана келiскен едiм, ендi айнып қалдым. Мектеп директорының сабақ бiлмеген шәкiртке ұқсап сөзден жаңылып, терлеп-тепшiгенiн көрiп, бойымды үрей биледi.

– Мен мiнбеге шықпай-ақ қояйын, – деп қасымдағы Әбiш ағайға жалына сыбырлап ем:

– Жоқ, болмайды. Саспа, сенiң фамилияң тiзiмге жазылып кеткен, – дедi.

Бiр кезде кезек маған да келдi. Мiнбеге әзер жетiп, төмендегi өлеңiмдi оқыдым.

“Көңiлдiң жайып, аға, дастарқанын,

Өлеңнен алдыңызға бас тартамын.

Сiз десе – күлiм қағып байтақ далам,

Сiз десе – белiн жазған асқар тауым.

Туыс па ойларыңыз өзенiммен,

Туыстық iштей, аға, сеземiн мен.

Қиындық төнсе кейде сiздi еске алып,

Кетемiн қайраттанып өз өзiмнен.

Бас ием алмастай ақ арыңызға,

Мың шүкiр, аға, сiздiң барыңызға.

Ержеткен iзiңiзден өнеге алып,

Iнiңмiн әрi момын, әрi қызба.

Жеңдi деп ата жауын, ана жауын,

Риза өзендерiм, жағалауым.

Дауыстап мың мәртебе алғыс айтып,

Естимiсiз жанымның “ағалауын…”

Соғылған қол сатырлап кеттi. Мiнбе жанынан ендi ұзай бергенiмде:

– Берi кел! – деп Бауыржан аға орнынан тұрып, менi өзiне шақырды. Қатты қысылып, терлеп-тепшiген күйi қасына бардым. Ол кiсi дөңгелек отты жанарын жанарыма тiк қадап:

– Ертеңгi сағат дәл тоғызда қонақ үйге кел, – деп адресiн бердi.

Түнiмен жөндi ұйықтай алмадым. «Неге шақырды екен? Әлде жазғандарымды оқып көрмек пе?» Әбiш ағайға жолығып, «бармай-ақ қойсам қайтедi?» деп ақылдасқан едiм, ол кiсi: «Қорықпа, сөз жоқ бар. Менi шақырған жоқ, шақырса, қуана-қуана барар едiм» – деп менi қайрап болмады.

Ертесiне дәл айтқан мезгiлде есiк қақтым. Бөлмеде жалғыз өзi екен. Парадқа баратын адамдай киiнiп алыпты. Дөңгелек отты жанарымен үстi-басымды шолып шығып:

– Мына жерге отыр! – дедi бұйыра, қарсысындағы орындықты сұқ саусағымен нұсқап. Өлеңдi қай кезден бастап жазатынымды, институттың қай курсында оқып жүргенiмдi сұрады. Бiр байқағаным, қысқа да тұжырымды әрi тауып сөйлегендi ұнатады екен.

Телефон сыңғыр еттi. Тұтқаны көтере берiп, Бауыржан аға маған қарап:

– Жаңа ғана тамақтанып едiм, кешiгiп қалдың. Мына тарелкедегi май шелпектi жей отыр. Саған арнап тамақ алдыруға уақытым жоқ, – деп әлдекiммен сөйлесе бастады.

Қолыма май шелпектiң бiрiн алдым.

Телефон тұтқасын орнына қойып:

– Өмiрден тiлегiң не? – дедi менi қысылмай еркiн сөйлесiн дегендей жанарын төмен салып.

Мен сасқалақтап:

– Өмiрде-ен, – деп күмiлжи берiп едiм:

– Айтар ойыңды күмiлжiмей ашық айт! – дедi ашуланып.

– Өмiрден iшiм қуыс болмаса екен деп тiлеймiн.

Дауыстап күлiп жiбердi. Күлкiсi тау өзенiнiң ағысын еске салғандай екен.

– Мен сенен ақын болсам деген жауап күтiп едiм… Көп жазған да шығарсың. Олардың бәрi бiрдей алтын, күмiс емес шығар. Өзiң жақсы көретiн бiр өлеңiңдi жатқа оқы!

Мен қай өлеңiмдi оқырымды бiлмей абдырап қалдым.

– Оқы! – дедi қатты дауыстап, жанарынан от шашып. Жасқаншақтаған күйi «Көпiр» деген өлеңiмдi оқыдым.

Толастар емес ақ нөсер,

Жылаумен көзiн ашқан ба?

Жарқ ете қалып от семсер,

Қолымды создым аспанға.

Жағада тұрмын айқайлап,

Төбемде күн күркiреп.

Төменде толқын қайқаңдап,

Барады қашып дүркiреп.

Жартасты соғып басымен,

Долы өзен боздап, өкiрдi.

Атылып көкке ашумен,

Ағызды кенет көпiрдi.

Ертiп ап кеттi өзiне,

Толқындар тулап, қамалап.

Жас келiп қалды көзiме,

Жүгiрдiм өзен жағалап.

…Өмiрдiң тентек толқыны,

Ағызар бiр күн менi де.

Арманым жоқ со ғұрлы,

Көпiр боп өтсем елiме…

Баукең тiл қатпастан, қабақ шыта ойға ендi. Әлден соң басын көтерiп, отты жанарымен маған қадала қарап:

– Анаң бар ма? – дедi.

– Анам жоқ…Анам он жасымда қайтыс болған.

Даусым дiрiлдей, аптыға сөйлесем керек:

– Аспай-саспай еркiн сөйле! Сенi бiреу желкелеп қуып бара жатқан жоқ! – дедi қатты дуыстап. – Анаң туралы не бiлесiң?

Астыңғы ернiмдi тiстелеп, сәл бөгелiңкiредiм. Менi еркiн сезiнсiн дегендей iле жанарын төмен сап, үнсiз қалды.

– Анамның төсек тартып жатқаны көз алдымда. Наурыз айының басы едi. Далада жаяу борасын. Кiшкене тар бөлмеде, бұзау терiсiнен iстелген пөстек үстiнде екi тiземдi құшақтап, терезеден көз алмай жылап отырмын. Төр жақта, жер ошаққа жақындау тұстағы төсекте талай таңды ұйқысыз атырған, ауру әлегiнен әбден әлсiреп қажыған анам жатыр. Кеудесi сырылдай күрк-күрк жөтеледi. Жақ сүйектерi пышақ жанығандай, бет әлпетi бiр уыс. Көз нұры солғын тартып, қос танауы қусырылып, терiсi сүйегiне жабысып қалған. Саусақтары адам шошырлықтай жiп-жiңiшке.

Анамды аяймын. Сәл бiрдеме десе құрақ ұшып, көрпесiн қымтап, жастығын биiктетем. Анам кейде маған кiтап оқытады. Ұзақ тыңдап, боп-боз жүзiне қан жүгiргендей езу тарта жымиып: «Құлыным, күнiм, жақсы оқы. Жақсы оқысаң, қатарға қосыласың» – деп маңдайымнан мейiрлене иiскеп, сүйедi.

Сол жылы төртiншi сыныпта едiм. Анам ауырғалы берi мектепке баруым сирей бастады. Үйде екеумiз-ақ. Әкем алыс қыстауда салт жүрiп, колхоздың қойын бағатын. Келемiн деп хабар айтқан екен, әлi жоқ.

Анам тiгiп берген шапанымның түймелерiн қадап, әкемнiң ескi түлкi тымағын, қолғабын киiп, белiмдi қайыс белбеумен мықтап будым.

– Құлыным, қайда барасың?

– Үйде су жоқ, су әкелемiн.

Шелектi алып, тысқа шықтым. Далада ақ түтек боран. Ә дегеннен қарлы құйын аяғымнан шалып, алға аттатқысы келмей әлек салды.

Жалғыз шелектi иығыма асып, белуардан қар омбылап, өзен жиегiне әзер жеттiм.

Жарым белiне дейiн су толтырып, қисайта сүйреп, үйге әрең жеттiм. Iшке енсем, көршiмiз Зейнеп әже келiп отыр екен.

Далада шымшық шықылықтап, үйдiң iшi қараңғыланып, Зейнеп әже шам жақты. Мен жылынған соң ол кiсi әкелген тары көженi алдыма алдым.

Зейнеп әже соңғы күндерi, әсiресе, анам бiржола төсек тартып жатып қалғалы берi бiздiң үйге жиi келiп тұратын едi. Анамның тамырын ұстап: «Құдай сақтасын, келiн, тамырыңның соғысы жақсы. Уайым жеме, әлi-ақ тәуiр боп кетесiң» – деп жұбататын. Ол кiсi келгенде анам да, мен де сергiп, қуанып қалушы едiк.

Зейнеп әженi бiраз жерге дейiн шығарып салдым. Сыртқы есiктi мықтап бекiтiп, iшке енсем, анам төсегiнен тұрып, төр жақтағы үлкен сандықта сақтаулы жатқан сан алуан гүлдi өрнегi бар, жасыл дала түстес тұскиiздi қолына алып, кеудесiне басып, егiле жылап тұр екен. Менi көрiп кiлт тыйыла қойды.

– Апа, апатай! – Жанұшыра ұмтылдым. Анам менi бауырына қысып, әлсiз қолдарымен маңдайымнан сипады.

– Қайтейiн, пешенемде бар екен. Құдайдан сұрап алған жарығым ең, қайтейiн…

Анам менi жұбатпақ боп маңдайымнан сипай бердi. Мен ағыл-тегiл жылай бердiм.

– Жылама, құлыным, тiрi болсаң, бiр күнiңдi көрерсiң.

– Сiз шынымен өлесiз бе? Менi тастап кетесiз бе? Өлмеңiз, апа, – деп шырқырай, бұрынғыдан да қатты жыладым.

– Сенi тастап қайда барам, күнiм? Қорықпай-ақ қой, өлмеймiн, – дедi анам езу тартып. Менi жетелеп, төсегiнiң шетiне барып отырды да, бiр қолына ұстап тұрған түскиiзiн алдыма жайды.

– Мiне, көр, ұлым. Мұны мен сен үйленгенде төсегiңнiң тұсына iлiп қоямын әлi. Бұл әкеңе ұзатылғанда жасауыммен бiрге келген мүлiк. Әдейi сақтап жүрмiн…

Анамның жөтелi жиiлей түстi. Сүйемелдеп төсекке жатқыздым. Өзiм жерошақтың жанындағы төсекке қисайдым. Шамды өшiргем жоқ. Анам ертесiне күн шығар мезгiлде қайтыс болды.

Бауыржан аға тұнжырай ойға енген күйi:

– Анаң туралы тағы не бiлесiң? – дедi.

– Сол төсек тартып жатып қалатын жылы анам менi дүкеннен қант-шай, сiрiңке алып келуге жұмсады. Дүкен бiздiң үйден бiр жарым шақырымдай алыс, көшенiң бас жағында едi. Жалқаулығым ұстап, тiлiн ала қоймадым. Анам ешқандай қабақ шытып, ашуланған жоқ, құр сүлдесiн сүйретiп өзi кеттi. Сол жолы тiлiн алмағаныма әлi күнге өкiнем.

Аға қабағын түйе, отты жанарын терезеге қадап, ұзақ үнсiз отырды. Бiр кезде жүзiн маған бұрып:

– Анаң қанша жасында қайтыс болды? – дедi.

– Отыз алты жасында.

– Қандай аурумен ауырды?

– Соғыс жылдары күн-түн демей колхоз егiнiн суарамын деп өкпесiне суық тигiзiп алған.

– Ал әкең ше? Әкең туралы не бiлесiң?

– Әкем оныншы сыныпты бiтiрер жылы, қырық алты жасында қайтыс болды. Соғыстан жараланып келген едi.

Жетi-сегiздегi кезiм. Кешкi апақ-сапақта бет аузы, омырауы қан-қан әкем iшке ендi. Бiз шошып кеттiк. Соңынан бiлдiк, Әбiт деген құрдасы мас болып, әкемдi сабапты.

Ертесiне үйдiң ту сыртындағы көше бойында балалармен ойнап жүргем. Бiр қарасам Әбiт қара биесiне мiнiп, тұсымыздан өтiп барады екен.

– Ей, Әбiт!– дедiм айқайлап. Ол кiсi атын тоқтатып, маған мойнын бұра қарады.

– О, не, балам?

– Сен менiң әкемдi неге ұрасың? Осыдан көрiп тұр, үлкейген соң мен сенi ұрамын! – дедiм жұдырығымды түйiп.

Ол кiсi атынан қарғып түсiп, жүгiрiп кеп, құшақтай алды. Менi басынан асыра көтерiп:

– Кешiр, айналайын. Кеше сайтан азғырып, мас болып қалыппын. Кешiр? – деп жерге түсiрдi.

Өткен жолы ауылыма барғанымда, ол кiсiнiң:

– Менi қашан сабайсың, ұлым? – деп әзiлдей күлiп, ұялтқаны бар.

Телефон соғылып, тұтқаны Бауыржан аға көтердi.

– Ало, иә, иә. Келiстiк.

Бауыржан аға iле маған бұрылып:

– Менi қазiр қорғасын заводы жұмысшылары кездесуге шақырып жатыр. Сен Алматыдағы адресiмдi жазып ал. Хабарласып тұр, – дедi.

Есiк қағылып, iшке екi студент қыз ендi. Қолдарында «Москва үшiн шайқас».

– Жазушы аға, кiтабыңызға қолтаңба жаздырып алсақ деген едiк.

– Мен жазушы емеспiн!

– Ақын аға.

– Мен ақын емеспiн!

Бөлме iшiн үнсiздiк жайлады. Қыздар не iстерiн бiлмей қысылып тұр. Әлден соң Бауыржан аға қолдарындағы кiтаптарын үнсiз алып, қолтаңба жазуға кiрiстi.

Қыздар шығып кетiсiмен iшке егде келген екi кiсi ендi. Сәлемдескен соң:

– Бiз қорғасын заводы жұысшыларының атынан келдiк, – дедi. Мен қоштасып тысқа шықтым.

Бауыржан ағамен ертеңiне Шымкент қалалық партия комитетiнiң мәжiлiс залында өткен кеште қайта кездестiм. Ол кiсiнiң күтпеген жерден сөз тапқыш, аса аңғарғыш әрi әдiл баға бергiш қасиетiн бұл жолы терең сезiнгендей едiм. Лидия Пешкова деген орта жастағы ақын әйел:

– Бiзде кейде жақсы шығармалармен бiрге ортақол шығармалар да жарық көредi. Осы дұрыс па? – деп сұрақ қойды.

– Бұған сiз өзiңiз қалай қарайсыз?

Зал iшi тым-тырыс. Жұрттың бәрi сұраққа қарсы сұрақ қойылғанын қызық көрiп, елеңдесiп қалды. Лидия Пешкова аз-кем ойлана тұрып:

– Менiңше, ортақол шығарманың жарық көруi дұрыс емес, – дедi.

– Дұрыс! – дедi Бауыржан аға жұлып алғандай iле дауыстап, сұқ саусағын жоғары көтерiп. – Алдымен ортақол шығарма жарық көредi, онсыз жақсы туындының дүниеге келуi екiталай. Әрине, мен мұны жаңа жазып жүрген жас авторлар жөнiнде айтып тұрмын. Сiз бұған келiсесiз бе?

Лидия Пешкова ойланып тұрып-тұрып, әлден соң:

– Ие, келiсемiн, – дедi. Жұрт қошаметтеп ду қол соқты.

…Бауыржан ағадан күтпеген жерден хат алғаным да бар. Екiншi курста оқып жүр едiм. Қысқы семестр аяқталып, бiр апта демалыс алып, аулыма кеткенмiн. Ол кiсi Сарыағаш шипажайына бара жатып, жолай менi iздептi. Таппаған соң институттың оқытушысы Мүслiм Қожықовқа ,,балаға бер,, деп хат қалдырыпты. Онда төмендегi сөздер жазылған.

«Қарағым, Мамытбек!

Мен Шымкентте 2-3 күн болып, саған жолыға алмадым. Оған қатты өкiнемiн.

Көбеймен бiр жетi ел аралап қайттық. Оны өзi айтып берер. Мен кетердiң алдында Ғали маған телефон соқты.

– Әй, сен Мамытбектiң поэмасына қалай қарайсың? – деп сұрады.

– Менiңше, жаман нәрсе емес,– дедiм шалға.

– Сағынғали, Сырбай оқып шығыпты. Олардың да пiкiрi дұрыс. Мен өзiм де оқып шықтым, – дедi шал.

– Дұрыс екен, Ғалеке,– дедiм мен.

– Әй, балаға жолықсаң осылай деп сәлем айтарсың, – дедi Ғалекең.

Ғали Орманов поэзия секциясының бастығы, Жазушылар одағының хатшысы. Сенiң поэмаңның тағдыры сол кiсiнiң қолында. Бұдан былай қатынасты сол кiсiмен iстей бер.

Сау бол, қарағым.

Ағаң Б. Момышұлы.

I7.111. 60 ж. Сарыағаш» деп қол қойған.

Дзержинский көшесi, жетпiс алтыншы үйдi тез-ақ тауып алдым. Екiншi қабатқа көтерiле бергенiмде, қарсы алдымнан егде жастағы орыс әйел ұшырасты.

– Бауыржан Момышұлының пәтерi қайсы? – деп сұрадым. Ол дәл қарсыдағы «6» деген жазуы бар есiктi көрсеттi.

Шашымды тарап, киiмiмдi түзулеп, аз-кем жүрегiмдi басып алайын дегенiмше болмай, есiк ашылып, қырықтар шамасындағы реңдi келген, сұңғақ бойлы, қараторы әйел шықты. Мiнезi жайдары көрiндi. Сәлемдескен соң:

– Бауыржан аға үйде ме? – деп сұрадым.

– Үйде, кiр, шырағым.

Қымсына iшке ендiм. Төр жақтағы бөлмеде қара мұртты, шашы керi қайтпай тiкiрейген, басы қазандай сом денелi кiсi жазу машинкасын тырсылдата басып отыр. Көзiнде көзiлдiрiк. Үстiнде жеңi шолақ тор ақ майкi. «Ағаң анау отыр» деп сiлтемегенде, ол кiсiнi Бауыржан аға деп ойламас едiм. Мен ол кiсiнi бұрын тек әскери киiмде, полковник күйiнде көргендiктен дәл мұндай қарапайым, кәдiмгi қыр қазағының бiрi ретiнде кездестiремiн деп күтпеп едiм. Басын жоғары көтерiп, көзiлдiрiк астынан отты жанарын маған тiк қадады. Мен:

– Сәлеметсiз бе, аға,– дедiм. Ол кiсi созған қолымды алып, «кел, отыр» дедi. Өңi сұсты да суық, жылиын деген сыңай сезiлмейдi. Ұзынша столдың есiк жақ ернеуiндегi орындықтың бiрiне отыра берген ем, маған алара қарап, өзiнiң қарсысында тұрған орындықты сұқ саусағымен нұсқап: «Мына жерге отыр!» – дедi әмiр ете. Мен бұрынғыдан да қысыла түстiм. Iшке енiп, аяқкиiмiмдi ауызғы бөлмеге шешпек болғанымда, менi қарсы алған апай:

– Ештеңе етпейдi, едендi әлi жуғаным жоқ. Аяқкиiмiңдi шешпей-ақ қой, – деген. Аяқкиiмiммен именшектеп, шеткi орындыққа отырған себебiм де сол едi.

– Қатын! – дедi аға кенет қатты дауыстап. Менi қарсы алған апай ас үй жақтан «не?» дедi.

– Мына балаға тамақ әкел, тамақ iшсiн.

Аға жазу жазғалы алдында тұрған машинкаға үңiлдi.

– Аз ғана жазу бар едi, бiтiре салайын. Сен асықпай тамақ iш. Содан соң сөйлесемiн.

Алдыма үйме етiп үйрек етi салынған тарелка, шәйнек, кесе, қайнатылған жүгерiнiң собығы келiп қалды. Мен үн-түнсiз кесеге шай құйып iшiп, еттен дәм таттым. Жолай әбден тойып алған басым тамақтануды бiржола доғарып, үнсiз отыр едiм, Бауыржан аға маған:

– Неге тамақ жемей отырсың?! – дедi көзiн алартып.

– Жедiм, тойдым, аға.

Ол кiсi ашулана орнынан тұрып, сұқ саусағымен нұқи:

– “Же!” деймiн мен саған! – дедi бұйырып. – Мына еттi түгел тауысасың! Сенiмен тамағыңды тойғызбай сөйлеспеймiн!

Үн-түн жоқ жей бастадым. Тарелка толы еттi әзер жеп тауыстым.

Он, он бес минөттен кейiн ол кiсi жазуын бiтiрiп, көзiлдiрiгiн ап, көзiн сүртiп, маған бар денесiмен бұрыла қарап, сұрақ қоя бастады.

– Сiзге сәлем бергелi келдiм. Жазушылар одағындағы пленум жұмысына қатыссам деп едiм, кешiгiп қалдым, – дедiм.

– Қатынасқаның жақсы болар едi. Көп нәрсенi үйренер ең… Кеше көп мәселе сөз болды. Мына кiсi жеңгең…

Таныстық басталып, әңгiме тереңдей түстi. Мен институт бiтiргенiмдi, Жамбыл облысының Қордай ауданына мұғалiм болып келгенiмдi айттым. Апай қолымды алып құттықтады.

– Қордай болғанда Кенекең (Кенен Әзiрбаевтың) ауылының қай жағында?– деп сұрады аға. Мен бiлмейтiнiмдi, әлi ол жақта болмағанымды, ендi баратынымды айттым.

– Ол жерде кiмiң бар? Үйлендiң бе?

– Жоқ.

– Онда кiмнiң үйiнде жүрмексiң?

– Бiлмеймiн.

– Оның қиын екен, – дедi Бауыржан аға. – Айлығың қанша?

– Естуiмше, бiр штаты сексен сом.

– Ол аз ғой. Сенiң киiмiң, тамағың бар, монша, киноң бар. Қалай күн көресiң?

– Менiң ставкiм бiр жарым ставкi.

– Екi ставкi болса да аз.

– Күн көремiн. Студент кезiмде де күн көргенмiн.

– Мұның ойланатын екен, – дедi Бауыржан аға. Ол кiсi аз-кем үнсiз қалды. Қанша ставкiмен жұмыс iстейтiнiм маған әлi беймәлiм едi. Әйтсе де «қалай күн көресiң?» деген сөзге iштей намыстанған жайым бар.

– Сен кеше пленумға келгенiңде жақсы болар едi. Ақын ағаларыңмен таныстырар едiм. Бүгiн жұма ғой. Сенбi, жексенбi күндерi оларды табу да қиын. Сонда да iздеймiз.

– Жазғандарым жанымда жоқ едi, аға. Ол кiсiлерге әзiр жолықпай-ақ қояйын. Күзде келемiн, сонда жолығайын.

– Тәйт! – дедi қатты жекiрiп. – Ашуымды шығарма!

Мен сасып қалдым.

– Қатын! – дедi iле-шала дауыстап. – Салфеткi әкел! Мынау аузын сүртсiн.

Апай сықылықтап күлген бойда жұмсақ қағазды қолыма ұстата бердi.

– Аузыңды сүрт! – дедi Бауыржан аға орнынан қаһарлана тұрып. Мен айтқанын орындадым.

– Өй, ана сүтi аузынан кетпеген неме!

– Қой, баланы бекерге қысылтып қайтесiң? – дедi апай маған күлiмдей қарап.– Ағаң қазiр таныспай, күзде келемiн дегенiңе ашуланды. Қазiр танысып қойсаң, жақсы болады. Кейiн келгенде өзiң сөйлесе бересiң.

Бауыржан аға темекi тартып, бөлме iшiн ары-берi кезiп жүр.

– Әй, берi қара! – дедi кенет тоқтай қалып. – Қазақта «бiр көрген бiлiс, екi көрген таныс» деген мәтел бар. Бiлесiң бе?

Мен көзiмдi жыпылықтатып, естiлер естiлмес:

– Бiлемiн, – дедiм.

– Бiлсең, бүгiн танысып кет, ал күзде келуге қолың тимейдi. Тигенде де мен жоқ болсам қайтесiң?! Түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

– Түсiнсең, тамақ же, ұялма.

Мен үнсiз-түнсiз жүгерiнiң собығын жей бастадым. Тойып-ақ отырмын. Ұрсып бере ме деп зәрем жоқ.

Бауыржан аға апайға қарап, «он наивный» дедi орысшалап.

– Сенiң Алматыда жататын үйiң бар ма?

– Жолдас баламның әпкесiнiң үйi бар.

– Жолдас-полдасыңды қой. Жатам десең, мiне үй. Бiрақ ескертерiм, сенi төрге шығарып тайраңдатып қоймаймын. Мына жеңгең ауру. Қолың боста жеңгеңе көмектесесiң. Қашан үйленбексiң?

– Бiлмеймiн.

– Амандық болса үйленедi ғой. Асығыс не? Қыздардың өзi-ақ таласар бұған, – деп күлдi апай.

– Мына жеңгеңдi алмаймын десем де қоймай тиiп алды. Жабысып болмады, – дедi Бауыржан аға. Апай ашуланып қалған жоқ па екен деп, ептеп көзiмнiң қиығын салсам, ол кiсi жайдарылана күлiп тұр.

Бiраз үнсiз отырыстан кейiн Бауыржан аға менi кiммен таныстыру керегiн ойластырды.

– Үлкен ақындардан Әбдiлда, Ғали, Сырбай, Жұбан, Ғафу бар. Бiрақ бүгiн оларды табу қиын ғой…

Түс қиыса аға, апай үшеумiз көшеге шықтық. Ағаның қолында бас жағы имек, әдемi қара түстi, жылтыр таяқ. Үстiнде су жаңа сұр костюм.

Үй жиһаздары сатылатын дүкенге келдiк. Iшке енген соң «тағы бiрдемеге ашуландырып аламын ба» деп қаймығып, Бауыржан ағаның жанынан алыстаңқырап, сол қол шеттегi сатушы орыс қыздары тұрған жаққа кеттiм.

Дүкен iшi бос. Екi-үш алымсақтан өзге ешкiм жоқ. Сатушы орыс қыздар сыбырлап:

– Бұл кiсi қайда тұрады? Москвада тұрады деп естiп едiк, – деп бiр-бiрiмен таласа сұрақ қойып жатыр. Жауап берiп үлгере алар емеспiн. Қыздардың менi Бауыржан ағаның туысы деп санап, ол кiсi жөнiнде бiлгiлерi келiп құмартқандары еңсемдi көтерiп жiбергендей болды.

– Әй! – деген дауысқа жалт қарадым. – Мұнда кел! – Мен тез бардым. Аға бiр кiсiлiк жиналмалы төсек сатып алыпты.

– Мынаны көтер! Түнде өзiң жатасың, – дедi жиналмалы төсектi нұсқап.

Үйге келген соң аға апайға тапсырма бере бастады.

– Кешке қонақтар келедi, дайындал.

Бауыржан аға менi Жазушылар одағы үйiне ертiп бармақ болды. Екеумiз тысқа шықтық. Жүрегiм дүрс-дүрс соғып, буын-буыным босап, жол-жөнекей денем бiр ысып, бiр суыды. Маған салса, мүлде барғым жоқ. Жекiрiп, ұрса ма деп үндей алмай келем.

Одақ үйiнiң дәлiзiнде Сәуiрбек Бақбергенов аға жолықты. Бiрден таныдым. Институтта оқып жүрген кезiмде ол кiсiмен әңгiмелескенiм, суретке түскенiм бар. Аз-кем аялдап, кабинетiне ендiк. Пленум жайлы әңгiме болды. Пленумда белгiлi ақынымыз әйгiлi бiр жазушымызды жазушы емес деп сөйлептi. Бауыржан аға:

– Ол – жазушы. Жазушы болмаса бес-алты кiтапты қалай жазды? Ал кемшiлiктерi бар десе, сөз басқа, – деп төрелiк айтыпты.

Бiраз әңгiмелескен соң ол жерден шығып, түкпiр шеттегi бiр бөлмеге келiп кiрдiк. Бiр топ әйгiлi ақын ағалар отыр екен. Бәрi құрақ ұшып орындарынан тұрып, ол кiсiге сәлем бердi.

– Мынау iнiлерiң, өлең жазады. Ақын. Сендерге отыз минөтке қалдырып кетемiн. Әңгiмелесiңдер. Жатқа өлеңiн де айтып берер. Ағалық етiңдер, – деп Бауыржан аға шығып кеттi.

Жүрегiм аузыма тығылып, әбден састым. Төрт-бес өлеңiмдi жатқа айтып бердiм. Бiр-екеуiн мақтағансыды.

Менi қиындықтан құтқарған үстiмiзге енген өзiм құралпылас бiр «ақын» жiгiт болды. Ол келген бойда өзiнiң «талантты» жас екенiн жариялап, өлеңдерiн жатқа оқи жөнелдi. Алғашқы туындысына айтылған сынмен келiспей, даурыға дауласқан соң оны ақын ағалар өтiрiк мақтауға көштi. Сол сол екен, ол шабыттана, шалқи түсiп, өлеңдерiнiң бiрiнен кейiн бiрiн оқыды.

Дәл отыз минөт өткенде Бауыржан аға келiп, менi ертiп кеттi. Иығымнан тау сырғып түскендей қуандым. Кешке үйге қонақтар келе бастады. Арасында ұстазым Әбiш Байтанаев та бар. Ол кiсi менi көрiп таңданды.

– Мына жiгiт сенiң шәкiртiң, осында келiптi.

– Шәкiртiм болғанда ең жақын шәкiртiм, – дедi ұстазым.

Қазiр сол ұстазым Бауыржан ағаның алдында менен де бетер қысылып, ебiн тапса, «Баукелеп» мақтау сөз айтып отыр.

Қонақтар алғаш келе бастаған мезетте Бауыржан аға ұстазымды жуынатын бөмеге кiрмеймiн, жуынып келгем дегенiне қарамай отырған орнынан тұрғызып, жуынуға ерiксiз көндiрген едi. Ұстазым абдырап жүрiп, бiлегiндегi сағатын шешудi ұмытып кетiптi. Столға отырарда:

– Бауке, сiзден қаймығып, сасқанымнан сағатыммен жуынып жiберiппiн, – дедi.

– Где твая выдержка? Какой ты педагог? Педагог должен быть выдерженным. Шеш! – дедi Бауыржан аға бұйырып. – Берi бер! – Ұстазым сағатын шешiп, қолына ұстатты.

– Мә, ана қоқыс жәшiгiне апарып таста! – дедi сағатты маған ұсынып. Мен сағатты алғаныммен ұстазымның өзiне қайтарып бердiм. Ол кiсiлердiң бiр-бiрiмен құрдас екенiн алдында байқап қалған едiм.

Сол аралықта апай менi көк базарға жұмсады. Алма, алмұрт, тағы басқа да жемiс-жидек алып келдiм. Ас үйде жүрген апай корзинканы ашып, iшек-сiлесi қатып, сықылықтап күлмесi бар ма?

Сөлпиiп тұрған маған қарап, қолын сермей бередi. Сөйлеуге дәрменi жоқ. Кейiн ұқтым, қолын сермегенi «көз алдымда ербимей, кетiп қал, күлкiмдi тыйып алайын» дегенi екен. Бiр ақау iстiң болғанын iшiм сезiп, бетiмнен отым шықты. Әй, аңқау басым-ай, апай бұрыш әкел дегенде iшiне ет салып пiсiретiн көк, сопақша, қалта тәрiздес түрiн айтқан екен. Мен онысын бiлмей, Оңтүстiк Қазақстан қазақтарының сорпаға қосып iшетiн кәдуiлгi қызыл түстi ащы бұрыштың бiр килосын алып келiппiн.

– Мейлi, ештеңе етпейдi, – деп апай көзi жасаурап, күлкiсiн әзер дегенде тыйды. Мен жанынан шықпай, айналшықтап, ол кiсiге жәрдем берiп жүрмiн. Бiр кезде бөденеше жұмыр келген, орта жастағы сұлу әйел қарсы алдыма тұра қалып:

– Iнiшек, мына үстiмдегi киiмiм жараса ма? – десе бола ма? Қап, мына кiсiнiң қорлығы-ай, менi шынымен-ақ айнаға айналдырғаны ма?» – деп iштей намыстанғаныммен ас үйден айна таба алмай амалы таусылып, маған келiп тұрғанын түсiне қойдым. Ас үйде қайдан айна болсын. Ал зал жақта қонақтар бар.

– Жарасады, – дедiм мен зордан. Әлгi сұлу әйел езу тартып, еркелей күлiп қойды.

Отырыс басталды. Аға екеумiз босаға жақтан орын алдық. Қатар отырмыз. Өңшең ақын-жазушы, өнер адамдары, атақты адамдар. Менiң “iшпеушi едiм” дегенiме, Бауыржан аға: «Олай деп айтпайды. Есiңде болсын, шынымен iшкiң келмесе, рюмкенi қолыңа ал да, жұртпен былай соғыстыр. Ақырын ернiңе апар, сөйт те жерге қой, – деп рюмкесiн қолына алып, қалай iстеу керегiн асықпай көрсеттi. – Ал, егер аздап дәмiн татар болсаң, онда ақырына дейiн былай аппақ iш, – деп рюмкесiндегi коньяктi сiмiрiп салды.

Маған жатқа өлең оқытты. Мен әлгi сұлу әйелге ерегiсiп, «Айна» деген өлеңiмдi оқыдым. Ол төмендегi.

Айнаға сұлулар көп қаранады,

Алдында ұзақ тұрып таранады.

Сүрмелеп қасы-көзiн, ернiн бояп,

Таусылар талғамының бар амалы.

Оларға әлдекiмдей кiнә қойман,

Аулақпын, туған елiм, жеңiл ойдан.

Түзеймiн болса мiнiм саған қарап,

Өзiңсiң жаным сүйген менiң айнам…

– Өлеңiң жақсы, оқуың нашар, – деп Бауыржан аға өзi Мағжан ақынның екi-үш өлеңiн әртүрлi ырғақ-мақаммен оқып бердi. Тамаша оқиды екен. Даусының күштiлiгi сондай, үй қабырғасын жарып жiберердей сезiлдi.

Маған кезектi тост көтерiп, сөз сөйлеу тапсырылды. Үлкен, атақты ағалардың алдында сөз сөйлеу қандай қиын. Қысқа ғана бiрдеме деген болдым.

– Осында ернiн боямаған, бетiн опаламаған, тек өзiнiң табиғи сұлулығына сенген бiр сұлу отыр, – деп Бауыржан аға бiр кезде ас үйде менен «киiмiм жараса ма?» деп сұраған әйелге қарап сөз бастады. Алдында ғана ол әйелге келiн деп тiл қатқаны бар едi, ендiгiсi қызық.

– Сол сұлуға көңiлiм ауып отыр. Мына менiң қатыным ауырып жүр. Ертерек өлсе, жақсы болар едi, төсек жаңғыртатын.

– Олай болса, Бауке, орын ауыстырайық. Келiнiңiздi сiз алыңыз, жеңгейдi мен алайын, – дедi жiгiт ағасы болып қалған кiсi.

– Сау қатынын ауру қатынға айырбастаған кiмдi көрдiң? – деп күлдi Бауыржан аға. Кейiннен бiлдiм, келiн деп әзiл айтып отырғаны балдызы екен.

Қаукен Кенжетаев аға домбырамен терме айтты.

Жетпiске жеткенiңде тұрақтайсың,

Құдай қосқан жарыңнан жырақтайсың,– деген өлең жолдарын есiтiп, «шүкiр, оған әлi жиырма жылдай бар екен» дедi Бауыржан аға.

…Түн ауа қонақтар тарай бастады. Мен үш қабырғасын төбесiне дейiн кiтап сөрелерi жайлаған бөлмеде жаттым. Iшiне дәрi себiлген болса керек, бiр түрлi кермек, ащы иiс өкпенi қабады. Бiр ұйықтап оянсам, Бауыржан аға шамды жағып, есiктi ашып, турсишең қасыма келiп тұр.

– Балам, бұл жерге сенi кiм жатқызды? Уланып қаласың, – дедi ақырын сөйлеп. Апайды кiнәлап жүрер деп мен үндемедiм.

– Жатпа бұл жерге, уланасың. Басың ауырады. Тұр орныңнан! – деп менi ас үйге көшiрдi. Самал соғып тұрсын деп терезенi айқара ашып қойды.

Таңертең екеумiз ас үйде қатарласа отырып, сусын ретiнде ашымал бидай көже iштiк. Аға ұқыптылығын үлгi ете ыдысын шайып, төңкерiп қойды. Маған бұрыла қарап:

– Асықпай iш, саған тапсырма бар, – дедi. Бұл кiсiлердiң үйiнде күнде көк кострюль толы ашымал бидай көже дайын тұрады екен. Мен iшiп болған соң, ағаға ұқсап ыдысты жуып, төңкерiп қойдым.

– Көшеге шығып қыдырып кел, екi сағат уақыт беремiн. Қандай әсер алдың? Көрген-бiлгенiңдi, астанамыз Алматы туралы әңгiмелеп бересiң.

Көше кезiп келем. Табаным жерге тиер емес. Терезелерi таң нұрымен жарқыраған зәулiм үйлер, көкке бойлай өскен жасыл ағаштар, ерсiлi-қарсылы ағылған жұрт – бәрi-бәрi маған күлiмсiрей қарағандай. Алатау, оны асқақтатып, биiктете түскен ақбурыл бұлттар қиялымды алысқа алып ұшқандай.

Бауыржан ағаның туған-туысқаны емес, жалбыр тон жетiм маған бола атақты кiсiлердi үйiне қонақ етуiн қалай бағаларымды бiлмей, марқұм әке-шешем есiме түсiп, қуаныштан жылағым келдi…

Екi сағаттан кейiн қайта оралдым. Жеңгей дәрiгерге қаралуға кетiптi. Бауыржан аға екеумiз ас үйге өтiп, шай iшiп бола бергенiмiзде есiк қоңырауы қағылды. Мен орнымнан тұрып, тез есiк аштым. Iшке бiр жас жiгiт ендi. Екi бiлегiн сәндеп түрiп алған. Үстiнде ақ көйлек, ақ шалбар. Сымбатты дөңгелек жүзiне қияқтай қара мұрты жарасып-ақ тұр. Бауыржан ағаның денсаулығын, көңiл-күйiн түгелдей сұрап, әке-шешесiнiң сәлемiн айтты.

– Қалай, ол кiсiлер бақуат па?

– Бақуат. Сiздi құдайдың құтты күнi аузынан тастамай мақтап отырады.

Аға жақтырмай қабақ шытты.

Залға енiп әңгiмелестiк. Бiр кезде жас жiгiт мен жаққа бiр, сол бiлегiндегi алтын сағатына бiр қарап қойып:

– Аға, маған жәрдем беруiңiздi өтiнемiн? – дедi.

– Қандай жәрдем? Ақша жағынан жәрдем бе? – дедi аға тiксiне жақтырмай.

– Жоқ, – дедi мұртты жiгiт бiр сұмдықтың боларын сезгендей сасқалақтай сөйлеп.

Бауыржан аға қабағын тас түйдi. Көздерi ұшқын ата жалт-жұлт етiп, өңi түтiгiп кеттi. Жiгiт төмен қарады.

– Айт! Не айтпақ едiң?!

– Алматыға қызметке ауысуыма жәрдемдессеңiз екен?

Бауыржан аға сәл-пәл жұмсарғандай болды.

– Биыл жасың нешеде?

– Жиырма бесте.

Бауыржан аға аса зiлдi, кекесiндi үнмен Саттар Ерубаевтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Тұрар Рысқұловтың, Писаровтың, Добролюбовтың, тағы басқа да мен естiмеген екi-үш адамның есiмдерiн атап өттi.

– Көшке берген тайлағыңды қайтып алсаң да айтайын, сен ақымақ жiгiт екенсiң, – дедi орнынан тұрып. Бiрақ бұл жолы даусын көтерiп, жекiрген жоқ, жай салмақпен, сабырмен айтты. Анау жер шұқып, төмен қараған күйi үнсiз. Менiң қысылғаным сондай, маңдайымнан шып-шып тер шықты.

– Кешiрерсiз.

Жiгiт орнынан сүйретiле тұрып, бiрдеме деп қоштасқан боп, iлби басып есiктi жапты. Құлама құздың төбесiнен төменге көз салғанда жүрегiң дiр ете түседi ғой. Бауыржан ағаның мына мiнезiнен мен дәл сондай күй кешiп, қатты тiксiнiп қалдым.

Кешке аға мен жеңгей қонаққа кеттi. Үйлерiнiң үш кiлтi бар екен, бiреуiн маған бердi.

– Қонаққа қайнымды да ерте жүрейiк, – деген жеңгейге, аға:

– Жоқ, бұл қаланы араласын. Арғы күнi “шагом марш!” деп Қордайға қуып жiберемiн,– деп келiспедi. Маған салса, ол жаққа бүгiн-ақ жүрiп кетпек едiм, бiрақ ойымды ашық айтуға батпадым.

Мен бұл күнi Алматыны армансыз-ақ араладым. Ол кiсiлер қонақтан түнгi тоғыз жарымда оралды.

– Тамақ жедiң бе, қарның ашқан жоқ па? – деп сұрады Бауыржан аға. Жатарымда менiң қайда жатқанымды келiп көрдi. Бұл түнi тыныш, жайлы ұйықтадым.

…Үшiншi күнi Қордайға бет алдым. Кәмеш жеңгей:

– Алматыға келсең, бiздiң үйге келесiң ғой?– деп қоштасты.

– Келемiн, сөз жоқ келемiн.

Жол бойы: «Бауыржан аға сенiң киiмiң, тамағың, кино, моншаң бар, қайтiп күн көресiң? Мұны ойланатын екен» – деуi, м

Серіктес жаңалықтары