«НҰРЛЫ СӨЗ» – ТIЛ ЖАНАШЫРЫ

«НҰРЛЫ СӨЗ» – ТIЛ ЖАНАШЫРЫ

«НҰРЛЫ СӨЗ» – ТIЛ ЖАНАШЫРЫ
ашық дереккөзі
370

Өткен аптада Астана қаласында Қазақстан халқы тiлдерiнiң ХI республикалық фестивалi қарсаңында «Нұрлы сөз» транслингвистикалық қойылым-бағдарламасы халыққа ұсынылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң ұйымдастыруымен өткен бұл шара қазақ тiлiнiң мәртебесiн асқақтатқанын мақтанышпен айтуға болады.

«Тiл туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толуына сәйкес дайындалған бағдарламаның басты мақсаты жастардың өзара ана тiлiнде сөйлесiп, мемлекеттiк тiлiмiздiң қолданылу шеңберiн кеңейту. Халықты қазақ тiлiнде сөйлеуге шақырған бұл қойылымға елiмiздiң бiртуар азаматтары мен танымал әншiлерi Рамазан Стамғазиев, Қарақат Әбiлдина және тағы басқалары қатысты.

Аталмыш бағдарлама барысында қазақ тiлiнiң қалыптасып, осы күнге дейiн сақталуына елеулi үлес қосқан Махмұд Қашқари, Жүсiп Баласағұн және ұлы Абайдың тiлге қатысты айтылған қанатты сөздерi оқылды. «Өнердiң ең құдiреттiсi де, қасиеттiсi де — сөз. Сөз болмаса адамзат ашқан жаңалықтарын қалай таңбалап, қалай таныр едiк», — дедi өз сөзiнде министр М.Құл-Мұхамед. Бағдарламаның бiр ерекшелiгi, қазақ тiлiн үйренудi бiр сарынды құр айқаймен емес, жүрекке жылы тиетiн қойылымдар арқылы түсiндiре бiлдi. Жоба продюсерi «Жәдiгер» қоғамдық қорының директоры Б.Атығай алдағы уақытта шоу-бағдарламаны үлкен фестиваль ретiнде өткiзудi жоспарлап отырғандарын айтты.

А.БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары