"ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ" ЖУРНАЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

"ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ" ЖУРНАЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

"ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ" ЖУРНАЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
ашық дереккөзі

Түбi бiр түркiнiң таңдаулысы Жүсiп Баласағұнидiң "Ақыл — Алланың сыйы" деген ұлағатын ұран еткен "Қазақ руханияты" қоғамдық һәм әдеби-мәдени журналы жақында Астанада тұсауын кестi. Бас редакторы — бiлiктi ғалым, ұлтжанды азамат Рақымжан Тұрысбек. Қазақ руханияты — мәңгiлiк шексiздiк! Және бұл журналдың қазақтың ортақ байтағы — Астана қаласында алғаш тұсауын кесуiнiң өзi де қазақ халқының, алаш руханиятының мәңгiлiк екендiгiн еске салары сөзсiз. "Қазақ руханияты" журналы беттерiнде ұлт мұраты, тарих пен таным тоғысы, бiлiм-ғылым жүйесi, дiн мен дiл, туған тiлдiң мүмкiндiктерi кеңiнен әрi бүкпесiз сөз етiлмекшi. Қазақ тарихының арғы-бергi кезеңдерiн, бiлiм-ғылым iсiнiң бел-белестi тұстарын, тәлiм-тәрбие iсiнiң келелi iстерiн, ұлт мұраты мен тағылымын жаңа уақыттың бағыт-бағдарлары тұрғысынан танып-талдау, зерделеу, жүйелi жеткiзу журнал ұжымының басты мақсаты. "Тарих", "Таным", "Бiлiм", "Ғылым", "Көзқарас", "Жәдiгер", "Жан азығы" т.с.с. айдарлар "Қазақ руханияты" журналының оқырмандарын жетелi ойға жетелеп, көңiл күмбезiн асқақтатып, көкжиегiн кеңейтерi күмәнсiз.

Жаңа тұрпаттағы "Ақ желкен"

"Ақ желкен" журналының тоғызыншы саны оқырманға жол тартты. Бұл санда әншi Бекболат пен Нұрлан, спортшы Серiк пен Дәулет, журналист Уәлихан, ұстаз Әлихандар мен министрлiктегi, әкiмдiктердегi ел аузына iлiккен шендi-шекпендiлердiң саясаттағы салмағын сырт ағайынның көзiмен "сүзгiден" өткiзген Жадыра Нармаханованың "Саясаткерлер әлемi: сырттай қызықтасақ" деген мақаласы қызықты оқылады. Жасөспiрiмдер арасында күннен күнге өршiп бара жатқан қылмыстың қаупi жөнiндегi Қуат Әуесбайдың да жанайқайы ешкiмдi бей-жай қалдырмайды. Уытты қалжың, ащы әжуәмен елдiң көкейдегiсiн дөп басып жүрген Көпен Әмiрбек те "Ақ желкенге" ағынан ақтарылыпты осы жолы. Лудомания дегенiмiз не? Оның қауiп-қатерi қандай? Мiне, осы сауалдарға Алтын Зиядақызы жауап iздейдi. Талантты қазақ жастарының шетел асып оқуға кетiп жатқандығы, әрине, алаңдатарлық жағдай. Мәскеуге кеткен мүсiншi қазақ қызы арқылы қазақтың жоғын түгендейдi журнал тiлшiсi Ж.Омар. "Белгiлi адамдардың белгiсiз қырын" зерделеген Нұргүл Жанқыдырқызының зерттеуiн де бiле жүрсеңiз артық етпейдi. Атланта, Сидней олимпиадаларының күмiс жүлдегерi Болат Жұмадiловтi халқы iздеп жүр. Осыны ескерген журнал тiлшiсi Серiкбол Хасан Болатпен байыпты сұхбат жүргiзiптi. Журналда бұдан да өзге қызықты оқылатын дүниелер бар. Олай болса, жаңа тұрпатта, жаңа серпiнмен шыға бастаған жасөспiрiмдер мен жастардың журналы "Ақ желкеннiң" жаңа санын оқуға асығыңыздар!

Ж.Баққондыұлы