БЮДЖЕТТIК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖАЛАҚЫНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП

БЮДЖЕТТIК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖАЛАҚЫНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП

БЮДЖЕТТIК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖАЛАҚЫНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП
ашық дереккөзі

Мойындарындағы жауапкершiлiк жүгi ауыр ұстаз бен дәрiгерге бюджеттен бекiтiлетiн жалақы болмашы. Бүгiнде қоғамдық пiкiр туғызған басты мәселелердiң бiрi – келесi жылдың басынан бастап, бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне төленуi тиiс үстемақы дауы. Министр Сұлтанов мерзiмдi жазға қарай шегерсе, ұстаз бен дәрiгердiң мұңын мұңдаған кәсiподақтар ұйымы жаңалықты жаңа жылдың басына қарай тартады.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы мұғалiмдердiң жалақысы орташа есеппен алғанда, 44 мың 130 теңгеден 55 мың 163 теңгеге дейiн, ал дәрiгерлердiң айлығы 66 мың 384 теңгеден 82 мың 980 теңгеге дейiн өсуi тиiс болатын. Алайда, қыркүйекте мәжiлiсмендер алдында 2010-2012 жылдың бюджетi туралы есеп берген ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов бюджеттiк мекеме қызметкерлерi – мұғалiмдер мен дәрiгерлер жалақысына қосылатын үстемақы 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап емес, 1 шiлдеден бастап жүзеге асырылатынын мәлiмдедi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде 25-30 жылдық еңбек өтiлi бар ұстаз 55-60 мың теңге жалақы алуы үшiн екi адамның жұмысын iстеуге мәжбүр. 2009 жылдың басындағы 25 пайыздық үстемақы – 3-4 мың теңге. Бұл ақша ауыз толтырып айтуға тұрарлық па? Бiр "әттеген-айы", сол күнi депутаттар алдында есеп берген Сұлтановқа қынжылған халық қалаулыларының саны саусақпен санарлықтай болды. Бәлкiм, ай сайын 300 мың теңге көлемiнде жалақы алатын депутаттардың кейбiрi "ұсақ-түйекпен" бас ауыртқысы келмеген болар… Қалталары онсыз да "тесiк" қамкөңiл ұстаз бен дәрiгерге араша түскен қазақстандық кәсiподақ ұйымдарының өкiлдерi Үкiметке өз наразылықтарын бiлдiрiп, ұсыныстарын жолдады. Кәсiподақтардың Үкiмет алдына көлденең тартатыны – Президенттiң халыққа Жолдауы. Ол құжатта Елбасы мемлекеттiң халық алдындағы әлеуметтiк мiндеттерiн қалтқысыз орындайтыны айтылған. Бақыт Сұлтановтың "Президент Жолдауында жалақы көлемiн арттыру мерзiмiн нақты көрсеткен жоқ" деп ақталуы да – қисынсыз. Жұрт жағымды жаңалықты жылдың басында күтедi әрi жаңа жыл есiктен енер-енбестен ентелеп кiретiн қымбатшылықты министр де, ешкiм де жоққа шығара алмайды. Елдегi азық-түлiк, күнделiктi тұтынатын тауарлар, ақылы қызмет көрсету мен жарық, су, газ сияқты басқа да коммуналдық төлемдердiң күнде өсiп бара жатқаны тағы бар. Есесiне, бюджеттен алатын болмашы тиын-тебенi инфляцияның жұмырына жұқ болмайтын мұғалiм мен дәрiгердiң мойнына артылған жауапкершiлiк жүгi ауыр. Былтыр жыл соңынан бастап, ұстаздар қауымы БАҚ арқылы нарызылықтарын бiлдiрiп, бiрнеше рет баспасөз мәслихаттарын өткiзген болатын. 2010 жылдан бастап айлықты көтеруге уәде берген Министрлер кабинетi ұстаздардың арқасынан қағып шығарып салған. Алайда, жыл соңына санаулы ай қалғанда билiк ескi "әләулайына" тағы басты. Яғни, дәрiгер мен ұстазға жалақыны келесi жылдың ортасында беретiнiн айтты. Үкiметтiң бұл шешiмiне қарсы шыққан Кәсiподақтар ұйымының мүшелерi Мәсiмовтiң командасына ұсыныстарын жолдаған. Апта басында Премьер олармен дөңгелек үстел басында кездесiп, қордаланған қиындықтарды, бюджеттiк сала қызметкерлерiне жалақы төлеу жүйесiн жетiлдiру жайын талқыға салды. Министрлер кабинетi, Қазақстан Кәсiподақтары федерациясы, денсаулық сақтау, бiлiм және ғылым, мемлекеттiк органдар, банк және қоғамдық қызмет көрсету саласының еңбеккерлерi мүшелiкке өткен салалық кәсiподақ ұйымдарының жалақыны дұрыстап таратумен бiрге 2010 жылы бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң айлығын көтеру мәселесiн де қаузады. Кәсiподақ өкiлдерi 2008 жылғы әлеуметтiк серiктестiк жөнiндегi үшжақты комиссия шеңберiнде жүргiзiлген шараларды жалғастыруға мүдделiлiк таныта келе, еңбектiк қарым-қатынастарға қатысты мәселелер мен қиындықтарды бiрлесiп шешудiң тиiмдiлiгiне тоқталды. Қазақстанның кәсiподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев Үкiметтiк дағдарысқа қарсы түзген бағдарламасы мен атқарып жатқан шаруалары оң әсерiн тигiзгенiн, әлеуметтiк ахуалдың жақсаруына сеп болғанын айтты: "Мен Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында болдым. Адамдардың көңiл-күйi көтерiңкi. Жол картасы бойынша атқарылған тiрлiк көп". Жұмыс қауырт жүргiзiлген жерде жұмыссыздықпен күрестiң де қарқынды жүретiнi белгiлi. Мемлекеттiк қазынадан бөлiнген қыруар қаржының халық қалтасына құйылуы әлеуметтiк ахуалдың жақсаруына, яғни, халықтың көңiл-күйi көтерiңкi болуына сеп.

Жуырда Президент Н.Назарбаев 2010 жылға арналған бюджетке Ұлттық Қордағы қаражатты тартуға Үкiметке тыйым салғаны белгiлi. Осы себептi, 2010-2011 жылдарға арналған мемлекеттiк бюджетте шығындар тiзiмi едәуiр қысқарды. Мемлекеттiк қаржыландыру тiзiмiнен әсiресе, мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк шығындары тыс қалды, 2010 жылдың бюджетiндегi iрi көлемдегi қаражатты қажет ететiн инвестициялық ұзақмерзiмдiк жобалар сәл кейiнге шегерiлдi. Билiк мемлекеттiк қаржыны әлеуметтiк жауапкершiлiктi талап ететiн жобаларға, мысалы, жұмыссыздық деңгейiн барынша төмендету, шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау, ауыл шаруашылығы кешенiн дамыту, "Жол картасы" шеңберiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесiлi жөндеу жұмыстарының тоқтап қалмауын қамтамасыз ету т.б. жұмсауға мүдделi. Ресми деректерге сүйенсек, "Жол картасының" жүзеге асырылуы елiмiздегi аймақтық еңбек нарығында 400 мыңға жуық жұмыс орнының құрылуына ықпал еткен. 2010 жылы мемлекеттiк бюджеттiң басым бөлiгi, анығында, жалпы шығынның 40 пайызы әлеуметтiк салаларға жұмсалмақ. Бұл көрсеткiш 2007 жылы – 31,5%, 2008 жылы 26,4% болған едi. Бюджеттiк мекемелердiң жалақы қорын есептегенде, әлеуметтiк салаға кететiн шығын бюджет шығысының жартысына жуық.

Сонымен, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшерi 25 пайызға өсiрiлмек. Мемлекеттiк әлеуметтiк және арнайы мемлекеттiк жәрдемақы орташа есеппен алғанда, 9%-ға көтерiледi. Бала күтiмi мен әлеуметтiк реңктегi жәрдемақы өсiрiлiп, мүгедек балаларды бағып отырған немесе асырап алған ата-аналарға мемлекет қазынасынан арнайы жәрдемақы тағайындау көзделуде. Кәсiподақ ұйымдарының мүшелерiмен өткен басқосуда Мәсiмов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықоваға бiр айдың iшiнде экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, бiлiм және ғылым министрлiгi, денсаулық сақтау министрлiгi, ақпарат және мәдениет министрлiгi, елiмiздегi кәсiподақ ұйымдары өкiлдерiнiң қатысуымен арнайы жұмыс тобын құрып, бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне төленетiн жалақыға қатысты барлық мәселелердi шешуге қатысты ұсыныстарды әзiрлеуге нұсқау бердi. Дауға айналған жалақы мәселесiмен ендi арнайы комиссия түбегейлi айналысуы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ