ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН КIРГIЗЕТIН НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГIЗIЛУДЕ

ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН КIРГIЗЕТIН НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГIЗIЛУДЕ

ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН КIРГIЗЕТIН НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГIЗIЛУДЕ
ашық дереккөзі

Жуырда ғана өзiнiң 140 жылдығын атап өткен Талдықорған күннен күнге түрленiп, көрiктене түсуде. Өткен жылдары мұнда Достық үйi, Халық банкi, "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы ғимараттары пайдалануға берiлiп, бүгiнде олар қаланың сәулетiне сән берумен қатар әлеуметтiк-экономикалық, рухани-мәдени өсуiне өз үлестерiн қосуда.

Алдағы уақытта шаһардың архитектуралық ажары бұдан да сұлулана түспек. Олай деуге толық негiз бар. Себебi елiмiзде алғашқы болып Алматы облысында облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетовтiң бастамасымен Тiл сарайының құрылысы жүргiзiлуде.

Бұл жөнiнде облыс басшысы Серiк Үмбетов:

— Тiл сарайында атқарылатын негiзгi жұмыс Елбасы Жолдауында айтылған "Үш тұғырлы тiл саясатын" жүзеге асыруға бағытталатын болады. Республикада тұңғыш рет бой көтеретiн бұл ғимараттың ұлтаралық татулықты сақтауда да рөлi зор болмақ, — деген болатын.

Нысанның құрылысы үстiмiздегi жылдың көктемiнде басталған едi. Небары 8 ай көлемiнде 2 қабатты Тiл сарайының еңсесi көтерiлiп, облыстық тiл басқармасы мен мемлекеттiк тiлдi оқыту орталығы жыл соңына дейiн аталмыш ғимаратқа қоныс теппек.

Мұнда оқыту орталығының мамандары үлкендер аудиториясына қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнен дәрiс бередi. Жалпы саны 80 тыңдаушыға лайықталған сыныптардың барлығы да заманауи үлгiдегi құралдармен жабдықталатын болады.

Сарай құрылысына облыстық бюджеттен 237,7 млн. теңге жұмсалды.

Бүгiнде Талдықорғанда iргесi қаланып жатқан iрi нысанның тағы бiрi — Спорт сарайы.

Жалпы, спорт саласында бағы ғана емес, ең бастысы бабы келiскендер топ жарады. Ал жетiсулық спортшылардың республикада ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де оза шауып, олжамен оралып жүргендерiн ескерсек, облыста спортқа деген қамқорлықтың қомақты жасалып отырған жағдайдың жақсы екендiгiне көз жеткiземiз.

Талдықорғандағы спорттық шаралардың денi XX ғасыр құрылысы саналатын "Өркен" спорт кешенiнде өткiзiлiп жүр. Кеңестiк кезеңдегi сапалы салынған нысандардың бiрi болғанымен, күнi кеше ауыр атлетикадан өткен Азия ойындары секiлдi iрi додаларда кешеннiң тарлық ететiнi байқалған. Оның үстiне облыстағы спорттың қарқынды дамуы соңғы үлгiдегi спорт кешенiн салу қажеттiгiн туындатты.

Алматы трассасының оңтүстiк-шығысынан орын тебетiн Спорт сарайына республикалық бюджеттен 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiндi.

4 қабаттан тұратын бұл ғимаратта спорттың барлық түрлерiне лайықталған 14 зал, жаттығу мен жарысқа қажеттi қолайлы жағдайлар, сонымен қатар журналистер үшiн баспасөз орталығы да болады деп күтiлуде. Спорт сарайы жоспарланғанындай 2010 жылы пайдалануға берiлiп, жетiсулықтар игiлiгiн көретiн болады.

Облыс өмiрiндегi жағымды жаңалықтың бiрi — Жетiсудың кiндiк қаласы Талдықорғанда Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентiнiң дарынды балаларға арналған мектебiнiң құрылысы басталған болатын. Облыстың бiлiм саласындағы бұл айтулы жаңалық әлемдiк бiлiм беру жүйесiндегi ең озық үлгi бойынша түбегейлi жаңа оқу жобасы болып есептеледi. 900 оқушыны қамтитын интеллектуалдық мектептiң негiзгi құрамы мультимедиялық және смарт-сыныптардан тұрмақшы. Әр сыныпта 20 ноутбук, 1 жеке компьютер, проектор және интерактивтi тақта орналастырылады.

Мектепке кiру үшiн оқушылар мен оқытушылардың әрқайсысына жеке электронды карточка берiледi. Жеке карточкадағы ақпарат есепке алынып, ол орталық электронды серверге түседi. Бұл процесстер оқушылардың жүрiп-тұруын қадағалауға, сонымен қатар ғимараттағы және оқу аудиторияларындағы оқушылар мен мұғалiмдердiң санын ғана емес, олардың аты-жөнiне дейiн бiлiп отыруға мүмкiндiк бередi.

Смарт сыныптарда SMART classroom аудиожүйесi қолданылады. Соның нәтижесiнде мұғалiм сымсыз микрофонмен сынып iшiнде еркiн қозғалып, оқу процесiн бақылап, оқушымен сұхбаттаса алады. Мектеп WI-FI технологиясымен жабдықталатындықтан оқушының ғимараттың қай бөлiгiнде жүрсе де ғаламтор желiсiне кедергiсiз қосылуына мүмкiндiгi бар.

Сондай-ақ, алдағы жылы Талдықорғандағы мұсылман қауым мiнәжат ететiн мешiт үйiнiң саны тағы бiреуге артпақ. Дегенмен тек санын арттырып қана қоймай, бүгiнде құрылысы қарқынды жүргiзiлiп жатқан бұл ғимарат қаладағы 1200 орынға лайықталған ең үлкен, ең көрнектi мешiт болмақ.

Сағыныш Намазшамова,

Талдықорған қаласы