МҰНАЙЛЫ ЕЛДIҢ МҰҢЫ

МҰНАЙЛЫ ЕЛДIҢ МҰҢЫ

МҰНАЙЛЫ ЕЛДIҢ МҰҢЫ
ашық дереккөзі

Қазақстан бензин тапшылығына тап болды

Соңғы бiр ай көлемiнде Қазақстан бойынша жанар-жағармай тапшылығы орын алды. Ең әуелi бұл Шымкент қаласынан бастау алып, жылжып Алматыға да жеттi. Бүгiнде Алматы қаласының жанар-жағармай құю станцияларында ұзыннан-ұзақ созылған кезек.

Егерде, қолыңызда "Гелиос" және "Қазмұнайгаз", "Роял Петрол" жанармай станцияларының арнайы талоны болса ең өтiмдi АИ-93 бензинiн 72-76 теңге көлемiнде ала аласыз. Онсыз бұл маркалы бензиннiң бағасы 115 теңгеге жеттi. Демек, екеуiнiң айырмасы – 40 теңгеге жетiп тұр. Жанар-жағармай станциялары бұның сырын бензин тапшылығымен байланыстырады.

Ал, Премьер-министр және түрлi деңгейдегi әкiмдер бұның сыры мұнай өндiрушi компаниялардың өзара келiсiп, iшкi рынокты мұнаймен қамтамасыз етуден бастартуынан деген пiкiрде. Өйткенi, жақында ғана Үкiмет егiс жинау науқаны кезiнде мұнай өнiмдерiн сыртқа шығармау жөнiнде Қаулы қабылдаған болатын. Артынша мұнай өндiрушi зауыттар жанармай станцияларына бензин әкелудi тоқтатқан. Мәселен, қыркүйектiң аяғында бензин тапшылығына душар болған Шымкенттегi оқиғаға көз жiберсек, жалпы Оңтүстiк Қазақстан облысына "ПетроҚазақстан", "Торғай петролеум", "Қазгермұнай" – үш мұнай өндiрушi компания бензин тасымалдап тұрған болса, соңғы кезде тек "Торғай петролеум" ғана мұнай жеткiзетiн болған. Осының салдарынан жанармай бағасы бiрден 30%-ға қымбаттап кеткен.

Бүгiнде Шымкенттегi бензин бағасы бұрынғы қалпына қайта келгендiгi жайлы ақпарат бар. Елдегi жанармай бағаларына мониторинг жүргiзген Қазагро маркетинг Шымкенттегi мұнай өнiмдерiнiң бағасы 30-40 пайызға дейiн арзандағанын айта отырып, керiсiнше республиканың басқа өңiрлерiнде бензин бағасының шарықтап бара жатқанын жеткiзген.

Өткен аптада мәселеге Премьер-министрдiң өзi мән берiп, жағдайды бақылауды тапсырды. Премьер-министр жанармай бағасының өсуiн iрi мұнай өндiрушi компаниялардың өзара келiсiмi негiзiнде жүзеге асып отыр деген пiкiрде. Бұл мұнай өндiрушi компаниялардың бензиндi экспорттауға салынған тыйымына деген байкот секiлдi. Дәл осы мәселенi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов те қозғап, қаладағы жағдайды бақылауды құзырлы органдарға тапсырды. Алайда, Премьер-министрдiң де, қала әкiмiнiң де ескертпесi желге ұшты. Бiр қызығы, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi Алматы қаласына жанармайдың жеткiлiктi түрде жеткiзiлiп тұрғандығын айтады.

6-қазанда Алматы қаласында өткен "Мұнай және газ" көрмесiнде Энергетика және минералды ресурстар вице-министрi Ләззат Қиынов былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 5 миллион тонна артық мұнай өндiргендiгiмiз жайында мәлiмдеген едi. Ендеше былтырғы жағдайдың биыл қайта қайталануы нелiктен?

Дегенмен, соңғы екi апта көлемiнде бензин бағасының шарықтап кетуiне тек мұнай өндiрушi компаниялардың уақытша тоқтап тұрғаны ғана себепшi емес дегенде пiкiрлер айтылып жатыр. Соның бiрi елдегi бензин бағасының тым төмендiгi. Бұрын Қазақстанға iрi көлемде бензин әкелетiн Ресей мұнай өндiрушi компаниялары елдегi төмен бағаның салдарынан пайданың орнына зиянға батып жатқандығын, сондықтан Қазақстанға бензин тасудың тиiмсiздiгiнен оны тоқтатқандығын айтады. Елдiң iшкi рыногын қамтамасыз ету үшiн кем дегенде 30%-ы импортқа тиесiлi болып келген екен. Бүгiнгi таңда Ресейден әкелiнетiн бензин мен iшкi рыноктағы бензин бағасының айырмасы 20-25 теңгеге жеткен.

Бiрақ, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi елде өндiрiлiп жатқан мұнайдың iшкi рынокты қамтамасыз етуге еркiн жететiндiгiн мәлiмдеп отыр. Ендеше, бензин қайда? Осыдан бiр ай бұрын басталған ажиотаж неге күнi бүгiнге дейiн толастамай отыр. Бұған апам да аң-таң, мен де аң-таң!…

Тек ескеретiн бiр жайт, бiзден өзге мемлекеттердiң ең әуелi iшкi рынокты қамтамасыз етудi басты мақсат ететiндiгi. Ал, бiз iшкi рыноктан гөрi пайдаға шаш етектен батыратын экспорттың жайына көбiрек алаңдаулымыз.

Есенгүл Кәпқызы