“ҚОРҒАСТАҒЫ” КЕЗДЕСУ

“ҚОРҒАСТАҒЫ” КЕЗДЕСУ

“ҚОРҒАСТАҒЫ” КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
273

Дәстүрге айналған «Журналистiк десант»

Кеденшiлердiң жұмысымен танысу әрi қызық, әрi оңай дүние емес. Алматыдан аттанған бiр топ тiлшiлердi ойландырған да осы мәселе. Алматыдан шалғай жатқан Қорғас кеден бекетiне жету үшiн кемi төрт-бес сағат жол жүруiң керек. Алматы облысына қарайтын кедендiк бақылау бекетiнiң жұмысымен танысу үшiн таңертеңгiлiк жол сапарға аттанғанбыз. Жол бастаушымыз – кеден бекетiнiң қызметкерлерi.

Тiлшiлер қауымы әуелi Алматы облысы бойынша Кеден бақылау департаментiне бас сұқты. Кедендiк бақылау департаментi төрағасының орынбасары Александр Александрович Малянов кеден мәселесi туралы ақпаратты толығымен беруге тырысты. Бұл департамент 4 басқармадан, 10 шақты жекелеген бөлiмнен, 7 кедендiк бекеттен тұрады. Оның үшеуi шет аймақтарда орналасқан болса, қалған төртеуi iшкi қалаларға тиесiлi. Сондай бекеттердiң бiрi – «Қорғас» бекетi.

Ендiгi бағыт – «Қорғас». Алматыдан түс ауа шыққан тiлшiлер мiнген автобус күн кешкiре Алматы облысы, Жаркент ауданына қарасты Головацкий ауылына келiп тоқтады. Жаркенттiң iшiмен емес, сырт айналып жеткен бiздердiң «Қорғасқа» жасаған сапарымыз алғаш рет. Бiзге бәрi таңсық, бәрi қызық. Кiшкентай ғана ауыл, жапырайған үйлердi елестеткенбiз көз алдымызға… Қайдағы? Өзгесiн қайдам, Головацкий ауылы өркениеттi ауылдардың қатарына кiредi екен. Орталықта орын тепкен ғимараттардың өзiн көрсең көз сүрiндiредi. Екi мәрте социалистiк еңбек ерi атағын алған Головацкий есiмiн иемденген ауыл бiр кездерi Молодежный атанған екен. Өзi iргетасын қалап, негiзiн салғаннан кейiн бе, жергiлiктi аймақ ауыл атын Головацкий деп атауды жөн көрiптi. Ауыл шетiне кiргеннен-ақ, мәдениет үйiнiң сыртына iлiнген Головацкийдiң портретi бiрден көзге iлiнедi.

«Қорғас» кеден бекетi Головацкийден жарты сағат қана жол. Шағын-шағын ауылдарды өткерiп, әнi-мiне дегенше «Қорғасқа» да жеттiк. «Қорғас» дегенде бiрiншi менiң көз алдыма келгенi шекараның арғы бетiндегi аспан асты елi болды. Аспан асты елi туралы талай рет оқып, талай рет естiп жүргеннен кейiн бе, маған бәрi таңсық. Шекараның түбiндегi Қорғасқа Қытайдың кеден бекетi де ап-анық көрiнiп тұрды. Арнаулы қондырғылардан өткен бiздер «Қорғастың» әкiмшiлiк ғимаратына келiп кiрдiк. Тiлшiлердi қарсы алған кеденшiлер бiздi әкiмшiлiк үйiнiң фойесiнде орналасқан «Қорғас» кеден бекетi сұлбасымен таныстырды. Алматы облысы бойынша КБД бастығының орынбасары – «Қорғас» кеден бекетiнiң бастығы Талғат Ноғаев мырза жаңа үлгiмен салынған бекеттiң iшi-сыртын түгелiмен таныстырып шықты.

Бекеттiң арғы жағы мен бергi жағының арасында күнiне қаншама қыруар жолаушылар келiп, «Қорғастан» өтiп жатыр. Онымен қоса, күн сайын келiп жататын жүк көлiктерiн қосыңыз. Бiрi анда, бiрi мында сапырылысып жатқан жолаушылар мен жүк тасымалын қадағалау да оңай шаруа емес. Мұның бәрiн кеденшiлер электронды қондырғылар арқылы тексеруден өткiзiп жатыр.

«Қорғас» кеден бекетiнiң жұмысын шартты түрде негiзгi екi бағытқа бөлiп қарауға болады. Оның бiрi – жолаушылар болса, екiншiсi жүк тасымалдау. Биылғы жылдың алғашқы 8 айының iшiнде Қазақстан Республикасы кедендiк шекарасынан барлығы 257 994 адам өтсе, оның 129714-i ел аумағына өтiптi. Ал, олармен бiрге әкелiнген тауарлар қаншама. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, 614,7 тонна рәсiмделiп, 7392,4 мың теңгеге 4 758 кедендiк кiрiс ордерi берiлiптi. Елiмiзден 128 280 адам бекет арқылы арғы жаққа өтiптi. Күндiгiнде бұл бекеттен орта есеппен 1000-1200-ге жуық адам өтедi екен. «Қорғас» кеден бекетiнде арнайы «бiркүндiк сапар» ұйымдастырылған. Бұл сапар бойынша жолаушылар бiр күн iшiнде ешқандай визасыз Қытайға барып-келуiне мүмкiндiгi бар.

Одан бөлек, осы айлар iшiнде елiмiзге «Қорғас» халықаралық өткiзу бекетi арқылы статистикалық құны 667 млн. АҚШ долларын құрайтын жалпы салмағы 392 235 тонна әртүрлi тауармен 20 985 автокөлiк құралдары өткiзiлген. Автокөлiктер арқылы өткiзiлетiн тауарлардың бiр бөлiгi толықкедендiк рәсiмдеуден осы «Қорғас» кеден бекетiнде өтедi. Күнiне орта есеппен алғанда 15 кедендiк жүк декларациясы рәсiмделедi екен. Оның оншақтысы көкөнiстер мен жемiстерге жасалады. Ал қалғандары арнайы техника мен құрылыс материалдары. Кедендiк рәсiмдеудi iске асыратын қызметкерлер тәуекел деңгейiне қарай жүк тасымалдау ағынын бөлiп, қолда бар ресурстарды тиiмдi пайдалану үшiн қызмет жасайды. Осы арада құжат рәсiмдеуге кеден брокерлерi араласады. Қытайдан келетiн тауарларға бағасы немесе салмағына қарай кедендiк төлемдер мен салықтар алынады. Сондай-ақ тауарлар мен автокөлiктердiң керектi құжаттарының толық болуы осы брокерлердiң мойнында.

Соңғы үш жыл iшiнде, яғни 2007 жылдан бастап, кедендiк органдарда iшкi кедендiк транзит процедурасы бойынша рәсiмдеу үшiн арнайы сейф-пакеттер қолданылатын болған. Сейф-пакеттер жөнелтушi кеден органынан белгiленген кеден органына тауардың iлеспе құжаттарын толығымен жеткiзу үшiн пайдаланылады. Осы орайда, соңғы сегiз айдың iшiнде «Қорғас» кеден бекетiнде 7 971 сейф-пакет рәсiмделiп, 12 063 электронды және 12 476 механикалық пломба салыныпты.

Сонымен бiрге «Қорғас» халықаралық өткiзу бекетiнде транспорттық, мал дәрiгерлiк, санитарлы-эпидемиологиялық және фитосанитарлық бақылау қызметтерi сияқты басқа мемлекеттiк бақылау қызметтерi де өз жұмысын атқарып жатыр. Осы орайда, «Қорғас» кеден бекетiнде басқа кеден бекеттерiне қарағанда iлгерiлеушiлiк байқалады.

Айтпақшы, «Қорғаста» елiмiзге кiргенде де, шыққанда да өткiзiлетiн электронды пункттер пайдалануға берiлiптi. Бұл электронды пунктте кеден саласына көп жеңiлдiктерiн тигiзiп жатқанға ұқсайды. Кеден саласы болғаннан кейiн, құқықбұзушылық та болмай тұрмайды. «Үстiмiздегi жылы қызметкерлерiмiз кеден iсi саласында 94 әкiмшiлiк құқықбұзушылық деректерiн анықтады. Сотта қарауға әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар туралы 12 iс жiберiлдi. Кедендiк орган және сотпен 1015370 теңге көлемiнде айыппұл салынды. Жүк пен қол жүгiн тексеру барысында Алматы облысы бойынша кедендiк бақылау департаментiмен қылмыстық және әкiмшiлiк iс қозғалған, кедендiк бақылаудан жасырған және декларацияланбаған тауарлар – 13 дана бейнекамералы қаламсап, 10 жасырын түрде тыңдайтын құрылғылар тәркiлендi», – дейдi бекет бастығы Талғат Ноғаев.

Жолаушылар демекшi, көшi-қон полициясының құрығына iлiнiп жататын мигранттар мәселесi туралы Талғат Ноғаевқа сауал тастағанбыз. Мұның виза мәселесiне келiп тiрелетiн дүние екендiгiн айтады бекет бастығы. «Кеден бекетiнен құжаттары дұрыс өткiзiлгенiмен, көп адамдардың визасы бiтiп кетсе де, елiмiздiң аумағынан шықпай жүре беретiндiгi, олардың визаны создыртуға асықпайтындығы ықтимал. Бұған халықаралық өткiзу пунктi қызметкерiнiң кiнәсi жоқ», – дейдi Талғат мырза. Расында, шекарадан өте салысымен өзге елдiң азаматы көшi-қон полициясына тiркелуi тиiс. Әйтсе де шекарадан аман-есен өткен жұмыс iздеушi шетелдiк азаматтар бұл мiндеттi ұмытып қалады.

Бұдан бөлек, жолаушылардың да, жүк көлiктерiнiң де елiмiзге қалай өтiп жатқандығын өз көзiмiзбен көрiп шықтық. Қазақстан кеденшiлерiнiң дәстүрiне айналған «Журналистiк десант» шарасының өткiзiлуi биыл бiрiншi рет емес. Былтырғы жылы да тура осы уақытта тiлшiлер қауымы «Қорғас» кеден бекетiне келiп, кеденшiлердiң жұмыс барысымен танысып қайтқан екен. Арада бiр жыл салып, қайта «Журналистiк десант» жасаудың тағы бiр сыры, бiр жыл iшiндегi өзгерiстер, кедендiк үштiк одақтың құрылу жоспарына бекеттердiң сай болуын тағы бiр рет қадағалау сияқты.

Қалай дегенмен де, кеден бекетi бұл жағынан жақсы жаңалықтарымен қуантты.

Гүлзина БЕКТАСОВА, Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары