“МЫҢ БIР ТҮН” БIТТI
“МЫҢ БIР ТҮН” БIТТI
“Дүмше дубляж тiл бұзар” деп жазып едi бiрде “Жас қазақ” газетi бүгiнгi дубляж турасында. Рас, кейбiр телеарналардың аудармаларындағы тiлдiң мүкiстiгi жетерлiк. Шалажансар аудармаларымен таңертеңнен кешке дейiн өз уақыттарын толтырып жатқандарын несiне жасырамыз?! Латын, кәрiс, түрiк және көршi Ресей сериалдарының аудармаларындағы кемшiлiктердi тiзбелесеңiз, бүгiн айтып тауыса алмайтынымыз анық.
Соңғы уақытта дубляж саласын жақсартып келе жатқан арнаның бiрi – “Қазақстан” телеарнасы ғана. Әртүрлi елдiң сериалдарын қазақ тiлiне, қазақтың менталитетiне жақындатуға тырысып жатқан арнаның сериалдары өзгелерге қарағанда көш iлгерi. Оның бiр мысалы, күнi кеше ғана аяқталған “Мың бiр түн” сериалы. Шағын опералық дүниелер десе, iшкен асын жерге қоятын ауылдағы көрермен үшiн “Мың бiр түннiң” орны ерекше болды. Жұмыстың бәрiн жиыстырып қойып, еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн түрiктiң осы бiр сериалын тамашалады десек, артық айтқандық емес. Сенбесеңiз, кез келген көрермендi тоқтатып қойып, одан Онур мен Шехрезатты, Нәдида ханымды, Бурхан мырзаны сұрай жөнелсеңiз бiттi, олардың тоқтамастан түрiктiң сериалын жатқа айтып берерi сөзсiз. Бүгiнгi бiздiң айтқымыз келiп отырғаны да осы, яғни “Мың бiр түн” хикаясы. Хикая болғанда, шығыстың ежелгi “Мың бiр түнiн” айтайын деп отырған жоқпыз. Осы бiр хикаяны негiзге ала отырып, қазiргi заманның махаббат дастанын жазып шыққан түрiк сериалы туралы болмақ әңгiме. Күн сайын кешкiлiк сағат 8.15-те көгiлдiр экранға жиналатын көрермендi аталмыш сериал несiмен баурап алды? Тiрлiк атаулыны жиыстырып қойып, төрт бұрышты қорапшаға үңiлткен не құдiрет десеңшi?! Менiңше, мұндағы ерекшелiк, оқиғаның әртүрлi шиеленiске толы шым-шытырық сәттерi емес, дубляждың мықтылығы болса керек. Түрiк сериалының әрбiр кейiпкерiнiң қазақтың тiлiнде, қазақтың жанына тән ауызекi тiлiнде сөйлегенi, көрермендi өзiне тартты, өзiне баурады. Баурағаны сол, әрбiр адам Бурхан мырзаға, Нәдида ханымға, Шехрезатқа, Онурға, Бануға, Керiмге жаны ауырды, соған қиналды. Мұның бәрi сол бiр сериалдағы түрiк кейiпкерлерiн қазақы қалыпқа алып келуге тырысқан топтың арқасы болса керек. “Қазақстан” телеарнасында дубляжды жасайтын арнайы бөлiм бар. Сол бөлiм тiлдiң шұбарланбай, қазақы қалпында қазақ көрерменiне жетуi үшiн тiрлiк етiп жатыр. Ал, бiздiң бүгiнгi қонақтарымыз да сол бөлiмнiң актерлерi. Оның бiрi — Жанар Нұрболатқызы. Ол жалғыз өзi — Нәдида, Фусун, Каан, Бурджу, Бану, Аху сияқты бiрнеше кейiпкердiң дауысын алып шықты. Ал, Қайрат Әбдiгерейұлы болса, бiрден екi бiрдей басты кейiпкердi екi түрлi дауыста дыбыстап шығыпты. Ол — Онур, ол — Бурхан мырза. Бiрi — егде тартқан шал болса, екiншiсi — жалындаған жас жiгiт. Ал, басты кейiпкер Шехрезаттың үнiн дыбыстаған Гүлнәр Рысбай, Мелектi де, Фердевстi де, Онурдың анасын бiр өзi алып шығыпты. Барлығын бiр сәтте, бiр студияда жас ерекшелiктерiне қарай, әртүрлi дауыста дыбыстауға тырысқан топты көргiмiз келдi, олар туралы бiлуге құмарттық. Жас ерекшелiктерi бiр-бiрiнен аса алшақ емес, дубляжды жасаған актерлермен телеарнаның алдында жолықтым. Жанар Нұрболатқызы, Гүлнәр Рысбай, Қайрат Әлдигерейұлын көргенiмде, әуелi олардың бойынан сол сериалдардағы кейiпкерлерге ұқсастықты iздегiм келдi. Бiрақ, Онур-Қайратта болмаса, Гүлнәр мен Жанардың дауыс ерекшелiктерi байқалмайды. Қалыпты дауыс. Әсiресе, Жанардың дауысынан Нәдиданы iздеп едiм, таба алмадым. — Өзге елдiң фильмiн ұлтқа жақындатуда дубляждың ролi басымырақ болары сөзсiз. Осы тұрғыдан келгенде сiздер сомдаған “Мың бiр түн” сериалы көздеген межеден шыққан сияқты. Сiздерге бiр сериалда бiрнеше дауысты дыбыстау қиындығын тудырған жоқ па? Жанар Нұрболатқызы: Әр елдiң кинолары болып жатады. Түрiктiң, ағылшынның, жапонның, кәрiстiң фильмдерiн жазып жатамыз. Әр елдiң тiлi де, дiлi де, менталитетi де басқа. Бiр-бiрiне ұқсамайды. Бiздiң мақсатымыз — сол елдердiң киноларын қазақы қалыпқа жақындатып, ұлттық болмысымызға әкелу. Түрiк халқы жалпы, қазақ елiне жақын. Ал кәрiстердiң салттары, биязылықтары бiздiң менталитетке жақындайды. “Мың бiр түнге” келсек, осыншама телефон арқылы хабарласып жатқанына қарағанда, сериалдың көрерменнiң көңiлiнен шыққанын ұғамыз. Өйткенi, күнделiктi сериалды өзiмiз де қадағалап отырамыз. Бұл өзiмiзге өзiмiз баға беру үшiн, өзiмiзге өзiмiз сын көзбен қарау үшiн қажет. “Мына кейiпкердi мен жеткiзе алдым ба, неден кемшiлiк жiбердiм” деп тағы бiр рет ойланасың. Егер ол кейiпкер саған келмей жатса, одан бас тартуға тырысасың. Бiрақ бiздiң режиссерiмiз Тоқтарбек Қамшыбай роль бөлген кезде сенiң табиғатыңа келетiн кейiпкердi бiлiп, сенiп тапсырады. Бiз ол кiсiнiң ойынан, көңiлiнен шығуға тырысамыз. — Жалпы дауыс қайталануы мүмкiн бе? Жанар Нұрболатқызы: Бiз қайталатпауға тырысамыз. Нәдиде мен Фусунды немесе Бану мен Севаль ананы ұқсатпауға тырыстым. — Ал, кейiпкерлердi бөлгенде, мына бiр рольдi шығара алмаймын ба деген қорқыныш болмай ма? Жанар Нұрболатқызы: Мәселен, Нәдида ханымды дыбыстаудың алдында ұзақ дайындалдым. Қағазға жазып алдым. Нәдида ханым. Жасы үлкен. Iс-қимылы, болмыс-бiтiмi, мiнез-құлқы, соның бәрiн анықтап, зерттеп аламыз. Кейде бiр фильмде жиырма шақты әйелдердi дыбыстайтын кезiмiз де болады. Оның бiреуi ұрысқақ, бiреуi жуас. Кейде екеуi де бiр жастағы адамдар. Соны айыру қажет емес пе? Нәдиданы алғаш алған кезде, бiрiншi сериалды жазғаннан кейiн, “осы кемпiрге дауысым келiңкiремейдi-ау” деп қорыққаным рас. Қазiр елдiң пiкiрiне қарағанда, менiң дауысым арқылы Нәдида Нәдида болып шыққан шығар деп ойлайтын болдым. Көрермен ұнатты. Көрерменнiң ұнатқанына қарағанда, Нәдиданы жүз пайыз жеткiзе алмасам да, отыз-қырық пайыздай жеткiздiм ғой деп ойлаймын. — Дубляждың мықты болуы аудармаға байланысты ма, әлде дубляжды жасайтын актерлерге ме? Жанар Нұрболатқызы: Аудармашымыз бар, редакторымыз бар, режиссерiмiз бар, бәрiмiздiң илегенiмiз бiр терiнiң пұшпағы. Бiр-бiрiмiзге тәуелдiмiз. Әрине, аудармашының еңбегi де зор. Режиссердiң берген бағыты да дұрыс болуы керек. Осының бәрiн меңгерген актер сериалды мықты алып шығады. — Бiр сағаттың iшiнде бiрнеше рольдiң кездесуi мүмкiн. Сондай сәттерде ше? Жанар Нұрболатқызы: Ондай сәттер кездесiп жатады. Мәселен, Бану мен Севаль ананың кездесуi. Кейде бiр сериалда мен дыбыстаған рольдердiң қатарынан төртеуiнiң кездесiп қалатын сәттерi кездеседi. Егер жас аралықтарында айырмашылық болса да жақсы. Кейбiр кездерде жас айырмашылығы бiрдей, мiнез-құлқы да сондай. Сондай сәттерде өзгертуге тырысамыз. Әр адамның түрiне, мiнезiне қарап, өзгертуге тырысамыз. Кiшкентай Каан, Бурджуды сомдағанда баланың бейнесiне түсемiз, соның психологиясын меңгеруге тырысасың. Бiз бұл сериалды қазақы қалыпқа алып келуге тырыстық. Қазақы ұғымға сыйдырдық. Мүмкiн, сериалдың да ұтқан тұсы осы болса керек. Егер олардың ағымымен жазсақ, бұлай болып шықпас па едi. Қайраттың дауысы айнымаған Онур. Күнделiктi таныс дауыс жаныма келiп амандасқанда, Онур келiп тұрғандай әсер қалдырды маған. Құлағыма жатталып қалған үн. — Онур мен Бурхан мырза. Екеуi екi бөлек тұлға. Бiрi — егде адам, бiрi — жас. Дауысты екi бөлек өзгерту сiзге қиын болған жоқ па? Қайрат Әлдигерейұлы: Кейде төрт-бес адамның дауысын салатын кезiмiз болады. Төрт-бес жылдай уақыт болып қалыпты, осы салада жүргенiме. Тәжiрибемiз де бар. Бастаған кезде қиындау тиетiнi рас. Уақыт келе үйренiп кетедi екенсiң. — Дауысты меңгеру кезiнде қалай ыңғайлайсыз? Қайрат Әлдигерейұлы: Бiрiншiден, дубляжда дауысты салумен ғана шектелмейдi. Сол кiсiнiң мiнезi, жүрiс-тұрысы бәрi сенiң көз алдыңда. Ол байсалды ма, қуанса қалай қуанады, мұңайса қалай мұңаяды? Осының бәрiн есептейсiз. Жеңiлтек адамның дауысы байсалды болмайды. Өйткенi, оның мiнезi оған келмейдi. Алғашқы үш-төрт серия танысу болады. Кейiнiрек, сол рольге дендеп енiп аласыз. Театрда рольдi қалай сомдаса, бұл жерде де солай. Дауысты беру арқылы, сол кiсiнiң iшкi жан-дүниесiн, мiнез құлқын ажыратасыз. — Сiздiң туа бiттi дауысыңыз жуан болса, жiңiшкеге келмесе не iстейсiз? Қайрат Әлдигерейұлы: Ол да өнер. Кез келген адамда үш дауыс болады. Ол үшiн дауыс берудiң техникасын меңгеру керек. — Алғашқы сериядағы Бурхан мырза мен кейiнгi сериялардағы Бурхан мырзаның дауыс ерекшелiгi байқала ма? Қайрат Әлдигерейұлы: Айырмашылық бар. Бiртiндеп келiп, кейiпкерiң өз дауысын табады. Сосын сол дауысты қалыптастырып алғаннан кейiн, соған қарай ыңғайлайсыз. — Көшеде қарапайым адамдармен араласып жүргенiңiзде, Бурхан мырзаның дауысын салып бере аласыз ба? Қайрат Әлдигерейұлы: Салуға болады. Бiрақ, дәл сол студиядағыдай болып шықпауы мүмкiн. Ол кiсiнiң бет-бейнесiн, пошымын көргенде басқаша болады. Таныстарым, достарым, Онурдың дауысы арқылы мен екенiмдi бiледi, бiрақ, Бурхан мырзаны ойламайды. Өйткенi, Онурға өз дауысымды алдым. Бурхан мырзаның дауысын көбiсi орта жастағы адам салып жатыр деп ойлайды. Менен оны күтпейдi. — Кiшкентай ұл балалардың дауысын көбiне актрисалар салады екен. Сiздерге кiшкентай баланың дауысын салу қиын ба? Қайрат Әлдигерейұлы: Кiшкентай баланың дауысына кiшкентай дауыс керек. Оны жiгiттер сала алмайды. Он екi-он үшке келген бозбаланың дауысын салуға болады. “Менiң атым Қожа” фильмiнде Қожаның дауысын Фарида апай Шәрiпова салған жоқ па едi. Фарида апай емес, басқа ер адам салса, Қожа солай болып шықпас едi. — Дауысты кейiпкерге ыңғайлаған да бiр-бiрiне ұқсамау үшiн көп iздену қажет бола ма? Қайрат Әлдигерейұлы: Iзденуге тура келедi. Режиссер бiзбен бiрге жұмыс iстейдi. Бағыт-бағдар бередi, бiрақ, көбiне сол адамның мiнез-құлқын ашуда өзiң көп iзденiске барасың. — Жазу үстiнде қателескен сәттер болды ма? Қайрат Әлдигерейұлы: Болды. Ондай сәттерде тоқтатып қоямыз. Сосын тоқтаған жерден қайта бастаймыз. Шехрезатты сомдаған актриса Гүлнәр Рысбай өзiнiң iскер әйелдiң бейнесiн жасап шыққанын айтады. Режиссер де актрисаға бұл кейiпкердi берерде, оның қарапайым адам емес, iскер әйел екендiгiн айтып түсiндiредi. “Бұл рольдi осы қыз алып кете алады-ау, деген мақсатпен берген шығар. Бұл бейнеге лайықты дауыс алып шығуға тырыстым. Әрбiр кейiпкерiмнiң өз дауысы болғанын қалаймын. Көптеген фильмдерде басты кейiпкердiң дауысын салғанда, әрқайсысына өз мiнезiне қарай дауыс беруге тырысам”, — дейдi Гүлнәр. Фильм бiттi. Фильмдегi әр кейiпкер өз ролiн сәттi ойнап шыққан шығар, бiрақ, сол рольдi дыбыстаған актерлер одан да сәттi ойнап шыққанын мойындауымыз керек. Қалжың ретiнде болсын, сериалды шын ұнатқандықтан болсын, елдiң арасында бiрiн-бiрi “Бурхан мырза”, “Нәдида ханым”, “Нәдидаш” деп әзiлдейтiндер көбейдi. Мұның өзi сериалдың аудармасының жақсы болғандығын дәлелдейдi.
Гүлзина Бектасова