САНАНЫ САНСЫРАТҚАН СЕРИАЛДАР

САНАНЫ САНСЫРАТҚАН СЕРИАЛДАР

САНАНЫ САНСЫРАТҚАН СЕРИАЛДАР
ашық дереккөзі

Ұрпаққа жат идеологияны сiңiрiп жатыр

Ақпарат пен техниканың қарқынды дамыған кезеңiнде кез-келген дүние экран арқылы алдыңнан табылып отырады. Телеарналардан көрсетiлiп жүрген ұлттық болмысымызға жат әрекеттерге тоқтау салар кезең әлде қашан келсе де оған құлық танытып отырған ешкiм жоқ. Сондай сорақы сұмдықтардың бiрегейi ұлттық арналардың көрсетуге ешнәрсе таппағандай Түрiк, Латын Америка, Корея, орыс сериалдарын үстiн-үстiне дүбiрлеген дүниеден дүйiм жұртқа жеткiзiп отырғандығы.

Орыс сериалдарының негiзгi желiсi өз халқының дамыған қылмыстарын, орыс мафиясының өзiндiк болмысын көрсету. Бiр әулеттiң жеке кәсiбi мен оған бағынышты адамдар арасындағы бiтпес даумен, мәнсiз махаббатты арқау ететiн Латын Америка елдерiнiң сериалдарына елiктеп, қазақ жастарының арасындағы қазiргi таңда махаббатқа деген көзқарасы өзгердi. Дегенмен, көпке топырақ шашудан аулақпын, құмалақтың қарын майды шiрiтетiнiн ескерiп айтылар ой осы. Жастар болғаннан соң өзiнiң жанындағы құрбысына елiктеймiн деп жүрiп, от басып қалатыны — ол да осы сериалдардың желiсiндегi желiкпе ойдың жетегiнде жүргендiк. Ұлттық болмысы мен құқық қорғау қызметiнiң жоғары деңгейiн көрсету арқылы өзiндiк менiн сақтай отырып, қандай да болса қиындыққа шыдап, ең соңында бақытқа жетiп отыратын Корея сериалдарын көру кiмге де болса қызық. Ал өзiмiздiң түбi бiр түркi ағайындарымыздың шығарып жатқан өнiмдерi жоғарыда айтқан Латын Американың сериалдарымен сабақтас түсiп, екi қазақ әйелiнiң әңгiмесiне ұқсап кеттi. Ойдан шыққан әңгiмеге айналған туысқан халықтың сериалының берiп жатқан керi әсерiн талғам таразысына салып, елеп-екшеп көрелiк.

Бұл сериалдарда түркi дүниесiне сай келмейтiн жымысқы ойлар жымдасып, түрiк халықтарының сана-сезiмiн сел шайғандай астаң-кестең жағдайда қалдырып отырады. Дәл осы сағат аралығында намазға дайындалғандай ас-ауқатын iшiп, ойға сергелдең салар сериалды көруге дайын отырады. Барлық түрiк сериалдары — “Асау жүрегiнен” бастап “Отбасы тауқыметi”, “Ащы тағдыр”, “Қыналы қар”,”Бериван”, “Зерда”, “Маусым түнi” — өздерiңiз көрiп отырғандай аталған сериалдардың басым көпшiлiгi әйел есiмiмен байланыстырылып, сол нәзiк жандардың айтқаны бойынша кинодағы өмiр өрбiп отырады. Сериал желiлерi көбiнде шым-шытырық, адам баласының өз өмiрiнде болып жататын уақиғалар. Берер тәрбиесi аз, адам ойына құлдырау түсiретiн арзанқол дүниелердi қазақтың телеарналарына сатып, өздерiне жақсы қаржы түсiруде. Арзанқол дүниелер бiз сияқты рухани әлсiреген ел үшiн уақытты құр өткiзетiн амал. Махаббат машақаты деуге бұл сериалдар қай жағынан да келмейдi. Жаман адамнан қателiк кетсе қатенi басқа жаннан iздейдi дегендей, бiз “жастар бұзылған” деп бар кiнәнi елiмiздiң ертеңгi тұтқасы саналатын жастарға жабамыз. Бұл дұрыс емес, жастар қай кезде де өзiнiң албырттығымен дараланып тұрады. Атам қазақта “Бiр жылыңды ойласаң күрiш ек, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң ұрпақ тәрбиеле” деп ұрпақ тәрбиесiн өзiнiң болашақ өмiрiнiң тұтқасына балаған. Телеарналардан көрсетiлетiн осындай былығы бастан асатын жағдайларға толы дүниелердi берудi тоқтататын әрекеттер жасайық. Елiмiздегi түрлi арналардан берiлетiн кинолар мен сериалдарды қадағалап отыратын орталықтың қажеттiлiгi сезiлiп тұр. Әр ұлт сан ғасырлық мәдениеттерiн халқына ақпарат көздерi арқылы жеткiзiп отырса болды. Америка мен Еуропаның қолдан жасаған мәдениетiнiң әсерiн күнделiктi өмiрiмiзде көрiп отырмыз. Қоғамда болып жатқан түрлi келеңсiз жағдайларды жөндеуге салуға болады. Өзiңiз ойланып көрiңiз. Кiшкентай кезiнде ұяң, ешкiмге жаманшылық ойламайтын, үлкендi сыйлайтын бүлдiршiн, есейе келе бұл әрекеттерден ада болады. Мұнын барлығы тәрбиелi орта мен көгiлдiр экранның терiс ықпалынан.

Еркiнбек СЕРIКБАЙҰЛЫ