ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
ашық дереккөзі
258

Аз уақытты қамтыған сапар нәтижелi болды деп есептеуге толық негiз бар. Сондай бiр қанағаттанған сезiммен екiнтi ауа Ғалия апайдың үйiне келдiм. Бүгiн кешке осы Станболдағы қазақтарды сәлемдесуге қонақасыға шақырыпты. Бiр-екi сағаттық тынысты пайдаланып жол жүгi мен “Күнделiгiмдi” реттедiм.

Негiзiнен Ғалия апайдың үрiм-бұтақтары, нағашылары, жиендерi жиналды. Қайнысы Сыдықан аға, Мәделiм қажы, оның күйеу баласы Рамазан Дөнмес қария, Құладай қажы, Мәди Шалышқан, Мәсәли Жәдiк, Айымхан Тасбике, Әли, Мұстафа, түрiк жеңгемiз Шатқар, түрiк күйеу баласы Махмұд, қызы, бiздiң жарылқаушымыз – Садет, ұлдары – тiс дәрiгерi Тұран, әуежай инженерi Ыбырайым жиналды. Ғалым Әбууақап Қара келдi. Азаттық көшiнiң жауынгерi, бұл дүниенiң тозағынан шыққан Мәделiм қажы мен осы үйдiң құдасы әзiлқой ағамыз Рамазанмен жалпылама қауқылдасып отырып, Мәделiм қажының әңгiмесiне ойыса бердiм. Көзiлдiрiктiң ар жағынан адамды өңменiңнен көздеп отырғандай сығалай бiр қарап алып, шынтақтай жастыққа сүйенiп отырып Алтайдан азаттық iздеп шыққан көштiң бiрер үзiгiн айтты. Соның үш үзiгiн жазбасам қиянат болар.

Мәделiм қажының әңгiмесi: – Қаруды қайдан алдыңдар, көш қалай басталды дейсiң бе? Қалибек хакiм аңғарлы, сақ адам едi. Шығыс Түркiстан республикасы қызыл қытайдың қарауына өтiп, армия таратылғаннан кейiн “Шығыс Түркiстан ислам республикасының халық батыры” деген атағы болса да кейiнгi коммунистiк мемлекет одан қауiптене бердi. Қалибек хакiм зерек, ширақ, мерген жiгiттердi маңына жинап, бiр ұлы сабылысқа дайындай бастады. Қолдағы қаруды жасыра бастадық. Қытай басшылары жиналыс ашса бiр сойқанның басталатыны анық. Қалибек хакiм сондай кеңестiң бiрiне кеткенде мен бұрын кеңес өкiметiнiң әскери полкi орналасқан маңды шолуға шықтым. Бiр шатқалдың басына өрлей бергенiмде жаңа көмiлген топырақтан шетi шығып жатқан тақтайды көрдiм. Аттан түсе қалып жалғыз өзiм әлгi ұраны аша бастадым. Сөйтсем, неғыласың, сол заманның ер жiгiтi армандайтын жап-жаңа бауы сарала винтовкалар шыға келдi. Жәшiк-жәшiк оқ қораптары да жатыр. Таңдап отырып бiреуiн алдым да қалғанын қия беткейдегi шыршалы шағылдың iшiне көмдiм. Ертеңiнде тағы бiр шолуға барсам бiр қора қытай әскерi шатқалды өрлеп келе жатыр. Тығыла қалдым. Тура жаңағы ұраның қасына келiп аттан түсiп, беткейде жатқан маған қарай жүрдi. Әлгi әскерлер отын жинауға келген екен. Шыршаларды түбiмен қопара бастады. Құдай қолдағанда шағылдың астындағы мылтықтарды байқамады. Олар кеткен соң атыма мiне салып, қой бағып отырған жездемiзге келiп, мән-жайды айттым. Тағы да бiр екi сенiмдi жiгiттi алып барып екi жүзге тарта мылтықты оқ-дәрiсiмен қоса түйеге тиеп алып келдiк те, қой қораның ортасынан ұра қазып, соған көмiп тастадық. Үстiнен қой жүргiзiп жiберiп ек, тегiстелдi де қалды. Үстi-басым сарыала топырақ. Әзер жуып кетiрдiм. Әкеме айтпасқа болмады. Ол кiсi Қалибек хакiмге айту үшiн менi алып барды. Мұны ести сала, Қалибек хакiм түнделете келiп әлгi мылтық пен оқ-дәрiнi қаздырып алып, сыбанған жiгiттерге бөлiп бердi. Мылтық атып үйреттi. Тағы бiр қарулы қойма табылды. Көп бөгелмей көштiк… Сөйтсек, әлгi жиналыста кеңес өкiметiнiң әскери кеңесшiсi, Әбдiрахман деген майор: “Әй, Қалибек! Осы бетiңде жөнiңдi таппасаң, сенiң басыңа қатер төнiп тұр”, – дептi.

Жол өте ауыр едi. Бiзден бұрынғы, отызыншы жылдардың аяғындағы көштердiң тәжiрибесi болмаса, бiздiң аман-есен Гималай асуымыз мүмкiн емес едi. Жанымхан Алтайдың үкiметке тапсыратын жұмысы боп әкесiн аманаттап кеттi. Ауғанстанға асуға қызылдар жолды тосады, Дунхуаң арқылы асуға қызыл қытай әскерiнiң тосқауылы бар, тура жүруге Такламакан шөлi жатыр. Тибет пен Гималай арқылы асудан басқа амал қалмады. Ерiксiз Тибетке бет алдық. Мыңғырған мал, созылған көш, бақырған түйе, кiсенеген жылқы, жылаған бала… Мың құбылған ауа райы. Ол азапты айтып жеткiзе алмайсың. Он сегiз жiгiттi таңдап жер шолуға жiбердi. Көштiң қонатын жерiн белгiлеймiз, жаудың өтiн тосамыз. Жолда ақ қытайдың да, қызыл қытайдың да қуғыншы жазалау әскерлерi алдымыздан тосты, бүйiрден қадалды, соңымызға түстi. Жаңғағы сарыала мылтық тұрғанда кiсi елiн жауға бере ме! Мылтығым – мылтық-ақ едi, шiркiн. Сөйтiп, жыл көштiк. Алдыңғы көштiң адамдарына жолықтық. Солар ақыл бердi.

– Қатты қиналған, елдiң күйзелген тұсы қайсы? Гималайды қалай астыңыздар?

– Әр күнiң – атыс, шабыс, бел шешiп жатқызбайды. Сонда да, қиынның қиыны және көштiң қатарын ойсырата сиреткенi Тибеттiң үстiртi болды. Мұндай сорақы жердi көрсемшi. Артқа оралудан үмiт үзiлген соң, Тибет жотасын кесiп өтуге тәуекел еттiк. Ол үшiн тек қана сол жердiң аңы мен малының етiн жедiк. Құлан қалың болады. Әлгi тақырды кесiп өттiк. Ат тiсiне басатын қылтанақ болсашы. Су дегенiңiз түске кiрмейдi. Он мыңдап қой, үйiрлеп жылқы, тоғанақтап түйе айдап келемiз. Бiрақ жеуге болмайды. Гималайдың ысына келгенде iшiңдi кептiрiп, кекiрiк аттырып, табанастында кекiректетiп өлтiредi. Есекбатқан деген сорға жолығып, талай жылқы сортаң құйға батып қалды. Сонда аңның етiн ақжем етiп жуып, астымыздағы атымызға беремiз. Тура жоңышқаша күйсейдi. Қан көрiнсе жемейдi. Бұған шыдамай өзiмiздiң малдан дәм татқандардың барлығы да ыста iшi кеуiп өлдi. Баласыз көшке айналдық. Аттың, баланың зәрi ем болды. Әйтеуiр құтылдық-ау. Дүнген мен тибет әскерi әбден титықтатты. Амал қайсы, тибет қосы кездессе, тұра шабамыз. Алдындағы малы мен асын тартып аламыз. Олардың дiнi бойынша жолаушыға тиiсуге болмайды. Соны да пайдаландық. Олар да бiздi аяған жоқ. Сулы жерге жолатпайды. Сөйтiп жүрiп Гималайдан өттiк-ау!, – деп бiр демiн алды Мәделiм қажы.

Ақсақал сәл тынықсын деп одан көрi жастау Мәди қартқа:

– Сiз не iстедiңiз сол кезде? Айта отырыңыз, – дедiм.

– Осылардың барлығын аман алып шыққан мына менмiн, – дедi.

Дастарқан басындағылардың бәрi де:

– Мұның айтқаны дұрыс. Иә, осының еңбегi зор болды, – деп қауқаулай күлдi. Бұл күлкiнiң мәнiн түсiнiңкiремей қалғанымды бiлiп:

– Мен онда мүшел жас мөлшерiнде едiм. Мыналардың барлығы шөңкелерiн тосып, бiр тамызшы деп жалынып жүретiн, – дегенде мен де барынша сүйсiнiп:

– Нағыз ел бастаған Едiге Сiз екенсiз ғой!, – дедiм шынымен риза болып.

Сөйтсем, бұл Мәди қариямыз әлгi зәрi – дәру, ысқа ем “әулие баланың” бiрi болып шықты.

– Сол сарыала мылтықтың және мыналардың зәрiнiң арқасында көкпеңбек мұздың үстiне киiз төсеп, жылқы мен түйенiң табанына байпақ кигiзiп, Гималайдан да астық-ау! Қой мұзды да тұяғымен алады. Алдымыздан Индия мен Пакистанның шекарашылары тосқауыл қойды. Артымызда қызыл қытайдың жасанған әскерi iзiмiздi басып келедi. Үш жiгiттi шолғынға жiбердi. Қалайда тiл табысып, саяси босқын екенiмiздi айтып, уақытша қабылдасын, содан кейiн мұсылман мемлекетiнiң бiрiне өткiзiп берсiн, бұл тiлегiмiздi үкiметiне жеткiзсiн – деген райда тiлдесу, тiл алу. Үндiлер жолатпайды. Баспақтап, оңтайын аңдып отырғанымызда үш әскер оңашаланып, намаз оқыды. Мұсылман екенiне көзiмiз жеткен соң бұқпантайлап барып әлгiлердiң ту сыртынан келдiк. Iшiнде командирi де бар екен. Бұйымтайымызды айтып, ана көштiң қатын-бала, шал-шауқан екенiн, артымыздан қызыл қытайдың өкшелеп келе жатқанын, бiз дiнiмiздi қорғау үшiн жапа шегiп келе жатқанымызды баса жеткiздiк. Олар бiздiң бұл бұйымтайымызды жоғарыға жеткiземiз, ертең осы уақытта тура осы жерге келiңдер – дедi. Сөйтсек, олар пәкiстандық әскерлер екен. Үндiлермен арасы дүрдараз көрiнедi. Жауап кешiгiп жеттi. Үндiлiктер: «бар қаруларыңды тапсырсаңдар, содан кейiн шекарадан өткiземiз» – дестi. Амалсыз мылтықты, оқ-дәрiнi тапсырдық. Сол кезде өкшелеген қытайдың әскерi де жетiп, қарусыз көштi қырып салуға беттедi. Бiз жағдайды түсiндiрiп, өзiмiздi өзiмiз қорғауға мүмкiндiк беруiн өтiндiк. Қалибек хакiм таңдап отырып 18 мергендi бөлiп алып, қару-жарақпен, оқ-дәрiмен жарақтап, қызыл әскердiң алдына тосқауылға жiбердi. Екi жүз елдей тұрақты армия, пулеметi, гранатасы, автоматы сайлы. Сарыала винтовкамыз қолға тиген соң 18 мерген екi аңғарға бөлiнiп, тас-тасты паналап, көздеп атуға кiрiстiк. Қытайлар пулеметпен, автоматпен сырылдатқанда қалқалаған жартастар уатылып кетедi, бұталарды баудай түсiредi. Орын ауыстырамыз. Көздеп атамыз. Үйiрiлген көш пен үндi әскерлерi алыстан бiзге қарап тұр. Неғыласың, бiр тәулiк атыстық. Екiншi тәулiкте қытай әскерi барлы-жоғын тастап түнделетiп шегiнiп кеттi. Белгi берген соң бiз шекарашыларға қайтып оралдық. Бұрынғыдай емес, қадiрiмiз артып қалыпты, қаруымызды алғанда олардың да сескенiп тұрғанын сездiк. Сөйтсек, бiздiң соғысымызды олар дүрбiмен бақылап тұрыпты. Әскери өнердi қайдан үйренгенiмiздi сұрап, табиғи мерген екендiгiмiздi бiлгенде таң қалыпты. Бiр батальонмен бiр тәулiк соғысқан 18 адамның бәрi тiрi, тек бiр адамның бетiн оқтың екпiнiнен ұшқан тас тiлiп кетiптi. Ал өлген әскердiң саны жүз елуден асыпты. Майдан даласын көрген үндiлiк генерал таң қалып, менiң әскерiм болатын-ақ жауынгер екенсiңдер десiп қолпаштап, көштi шекарадан өткiздi-ау ақыры. Мұның сыры мынада, бiз екi жыл қашып жүрiп соғысып, қума соғыстың тәсiлiне әбден тақыстанып алдық, ал мына қару-жарағына сенген әскерлер одан хабарсыз. Бiз орнымызды ауыстырып, әр тұстан алды-артын орап атыстық қой. Егер жергiлiктi дүнген мен тибет әскерi болғанда 18-ақ адам екенiмiздi бiлiп қоятын едi. Сарыала мылтықпен сол арада қимай қоштастым.

Шекарадан өткенiмiз болмаса, ел iшi тағы да осындай асу бермес асқар шыңның ар жақ астында екен. Егер оншақты күнде асудан асып үлгермесек, онда бүкiл көш осы аңғарда келесi жазға дейiн қалады да ерiксiз аштыққа ұрынып өледi. Сол арада Қалибек хакiм үкiметпен келiсiп, ұшақ жалдады. Үш мыңдай адамның бәрiн бiр аптада тасып үлгере алмайды. Бала-шаға, қариялар, аурулар ұшақпен бiрiншi боп аттанды. Көшпен келген үш мың қойдың айырбас құны бiздi ажал тырнағынан құтқарды. Сөйтiп, Үндi мен Пәкiстанның топырағын бастық. Мұсылман қауымы жақсы қарсы алды. Өзгелерi бауырға тартпағанмен, бөзек жасаған жоқ. Сол арада соңғы көш алдыңғы көшке қосылып, Американың елшiлiгi мен Бiрiккен ұлттар ұйымының көмегiмен Түркияға бет алдық. Ендiгi отырыс, мiне, осы, – деп әңгiмесiн бiр түйдi Мәделiм қажы.

Иә, азаттықтың азапты жолы қандай тауқыметтi болса да, азат рухты өмiр де сондай тәттi.

Осы арада Көксеген, Сыдықан, Мәлiк ақсақалдардың, Хадиша әжей мен Ғалия апайдың әңгiмелерiнiң басын қосып баяндап кетпекпiн. Алдыңғы көштегiлер мұсылман мемлекетiн таңдап, араб елiне назары түсiптi. Америка елшiсi қоштасарында долларды жыртып бiр жағын – көшбасшыға берiп, бiр жағын өзi алыпты. Егер сол белгi болса, бұл көш қайда барамын десе де, олардың орналасуына саяси босқын қатарында Америка кепiлдiк бередi екен. Америка өкiлi келiп, жыртық долларды беттестiрiп, қиюы келген соң, Бiрiккен ұлттар ұйымы арқылы қаржы бөлдiредi. Қалибек хакiм, Құсайын тәйжi, тағы да басқа көш көсемдерi: “Америкаға барсақ – жағдай жақсарады, бiрақ ұрпағымыз кәпiрленiп кетедi, араб елiне барсақ – қазақшылығымыздан айырыламыз”. Қаны бiр түрiк жұртына жүгiнелiк” – дептi. Түрiк елiнiң ол кездегi үкiметi қабылдамапты. Мендерес “сайын башқандыққа” сайланған соң арнайы өкiл жiберiп, бұлардың саяси босқын, тегi түркi, өздерi мұсылман екендiктерiн бiлген соң, мұхит арқылы кемемен алдырып, Станболға орналастырыпты. Хадиша апайдың Мендерестi құрметтейтiнi де сондықтан болса керек. Бiр жылдың iшiнде оларға жер таңдауды ұсыныпты. Үш жүз үй малға жайлы деп қазiргi Алтайкөйдi Қалибек хакiм бастатқандар кәсiпке қолайлы деп Салихлыны таңдапты. Недия өңiрi сазды, масалы екен. Егiннiң жайымен таныс қазақтар тракторды несиеге алып, батпақты құрғатып, борми салып, егiн егiп, үш-төрт жылда жонданып сала берiптi. Алғашында қазақ ұлтын естiп-көрмеген түрiктер қабағын шыта қабылдаса да (жерiн бiреуге әперсе, кiм жақсы көрер дейсiң) өкiметтiң қорғауында болғандықтан, бойжеткендер мен бозбалалардың ашық-машықтық машақатынан әрiге асқынбапты. Кейiн ғашықтар да мақсатына жетiп, бара-бара бауырласып, қыз алысып, қыз берiсiп, кәсiптесiп кетiптi. Недияның он мықты ауқаттысының бiрi қазақ деп естiдiм. Ал теңiзге жақын Салихлыдағылар салиқаланып-ақ қалыпты. Жасырмайын, қылмыс әлемiнде “беделге ие кәсiби” сотталман да бар екен. Ал саясатқа араласып, әскери диктатура кезiнде “Бозғұрттың” мүшесi ретiнде түрмеге жабылған Ғалия апайдың ұлы Тұранмен тәп-тәуiр әңгiмелестiм. Қазiр “Бозқұрт” үкiмет билiгiне араласып жүрген ашық партия. Тура осы күнi сайлау қарсаңындағы қарбаласта “Бозқұрттың” көсемi Түркеш Қайсаридiң солтүстiгенде тiкұшақтан апатқа ұшырап, үш күн бойы денесiн iздестiрумен болды. Ғалия апайдың үйiмен аралас-құраласы бар. Сол көсеммен бiр кезде бiрге саяси тұтқын болған осы үйдiң үлкен ұлы Тұран тiс дәрiгерi, қару-жарақ, оның iшiнде әлемдегi ең үздiк немiс пистолетiн жасайтын кiшiгiрiм шеркетi де бар екен. “Тәуелсiз мемлекеттiң өз қаруы болуға тиiс. Мен бұл жөнiнде Қазақстанның тиiстi мекемелерiне ұсыныс жасағанмын. Тәуелсiздiкке менiң үлесiм сол болар едi. Соны Сiз де жеткiзiңiз”, – деп өтiнiш еттi. Мiне, ол тiлегiн де орындап отырмын.

Ғалия апайдың түрiк күйеу баласы Махмұдпен әдебиет, оның iшiнде қазiргi түрiк ұлтының iшiндегi қозғалыстар мен ағымдар туралы пiкiр алыстық. Соның iшiнде ең алаңдататыны түрiк ұлтының iшкi өркениеттiк ағымдары. Батысқа бетбұрыстың рухани сипат алып бара жатқаны, түрiктiк құндылықтар мен тарихи оқиғаларға дөлмалық көзқарастың үстемдiк алуы, яғни, Айя София мешiтiн христиандық шiркеуге айналдыруға бейiлдiлiк сияқты беталысты тiксiне қабылдайтыны байқатады. Менiң ойыма, “қазақстандық ұлт” құрамыз деп жүрген, бiз түңiлген ғылыми коммунизмнiң утопиясын қайталағысы келетiн бiздiң “жас қазақ идеологтары” түстi. Өмiрiнде бодандыққа мойынсұнбаған Түркияның өзi “дөлмаланып” жатқанда, рухани тәуелдiлiктiң қамыты алынбаған бiзге не сорым десеңшi?!. Әбууақап Қараның жалғастыруымен Анкарадағы Мариям Қырымлымен сөйлесiп, үшеумiз “Шығыс Түркiстандағы ұлт-азаттық қозғалысы” туралы 5 томдық басылымды бiрiгiп дайындауға уағдаластық. Әбууақап осыдан үш-төрт жыл бұрын тура осындай уағда жасасқан Мәнсұр Тәйжiнiң де қолжазбасын дайындап жатқаны және оны бiзге ұсынуға ықтисатты екенiн бiлдiрдi. Бiзде дұғай сәлем айтып, нәтижесiн күтетiнiмдi жеткiзудi өтiндiм. Ал Әбууақап пен Мариям Түркия мен Еуропа, Америка саясаткерлерi мен ғалымдарының жазбаларын аударып беруге келiсiмiн бердi.

Сөйтiп, қойдың басы мен жамбасын мүжiп, құрт қосқан сорпа iшiп, қызыл қою шайды ұрттай отырып алты сағатқа созылған шүйiркелесу де тәмәм болды. Жастар жағымен жақын сөйлесудiң, әрине, ыңғайы келмедi. Бiрақ Рамазан мен Шүкiрәлиден, осы сапарда көрiп-бiлгенiмен, теледидардың хабарларынан аңғарғаныма сүйенiп, бүгiнгi түрiк қоғамы туралы: өркениеттер тоғысының бағдар шамы екен – деген ой санамда ұйып қалды. Мен бұл қонақтармен қимай қоштастым…

Отырыстың соңын ала Хасен ағамыз хабарласты. Сонау Мюнхенде отырып көрсеткен барлық сый-сияпатына, күтiмiне, назардан шығармағанына алғыс айттым. Сонымен қоса бiз туралы жақсы пiкiр бiлдiргенде: “Нағашылығынан басқа кемшiлiгi жоқ”, – деген екен. Ерулiсiне қарулысы сияқтандырып: “Жиеннен көрген бiр қызығым болды”, – дедiм астарлап. Шындығында да, Құдай қолдаған, ол кiсi де, бiз де риза болған бiр сапар болды.

Ертең кешкi сағат жетiде елге қайтамын. Кiтаптарды буып-түю, күнделiктi толтыру да қысқа түннiң бiраз уақытын алды.

28 науырыз. Түркияға келiп, әлемдiк сәулеттiң озық үлгiсi Топқапы сарайын, Айя София мен сұлтан Ахмет мешiтiн көрмей кету сауаттылыққа жатпайды. Бұрын да бiр армансыз аралағанымыз бар едi. Осы жолы жеделдете шолып шықтым. Бұл өркениеттер тоғысының орталығының саяси, дiни, ұлттық, тарихи, сәулеттiк маңызы туралы энциклопедия құрастыруға болады. Менiң бұл жолғы назарым, Айя Софияның қайта өңделуi болды. Христиан мен мұсылман, оның iшiнде түрiк дүниесiндегi бiр үлкен талас осы Айя Софияны жаңғыртып, әу басындағы шiркеулiк сипатқа қайта келтiру мәселесi қозғалған. Түрiктердiң де өзi екiге бөлiнген. Ақыры дүбаралық-дөлмалық шешiм қабылдапты. Иса пайғамбарға, Мариям анаға арналған қабырғаларда қырылмай қалған суреттер қалпына келтiрiлiптi. Бiрақ iшiндегi өрнектер, негiзгi ұстындар аят пен хадис мәтiндерi жазылған, мешiттiк қалпын сақтайтын, сөйтiп, мұсылман үшiн де, христиан үшiн де қасиеттi орын болыпты. Ал Топқапыдағы сұлтан тағына отырғаным бар едi. Сол әсерiм де жеткiлiктi болатын.

Базарлықсыз жолаушы болмайды. Еуропа мен Азияны асырап отырған Станболдың қара базарына Рамазан ертiп барды. Күн жүрiп тауыса алмайтын көлемдi және бiз кiретiн жер емес екен. “Жаннан өзгенiң бәрi бар” – дейдi. Бiзге сол жанымыздың өзi олжа болғандықтан да, жоқты iздеп сабылғымыз келмедi.

Ғалия апайдың қою қызыл және тегiн шайын қанып iштiк. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыздың үйiндегi Шатқар жеңгемiз бала-шағаға сәлем сауқытын бердi. Бас тартуға болмайды. Бұл да дәстүр. Мен үшiн немерелерiме арнап қазақтардың шеберханасына Рамазан тiккiзiп берген тоннан артық құнды базарлық жоқ едi. Қимай қиналып қоштастым. Ғалия апайдың мұңлылау жанарына көзiм түскенде анам мен апайымның көз қиығы есiме түстi.

Қош, Зәйтұнбұрын! Аман бол, Ғалия апай! Сау болыңдар аз күн дәмдес боп, қалған ғұмырға қимастық сезiмiн силаған ағайындар! Амандықпен көрiсецiк, осы сапарға мұрындық болған “жаман жиендiктi” жақсылығымен қайырған Мюнхендегi, Хасен аға! – деп арабаға отырдым.

Ой, Алла Тағала! Шетте жүрген қазақтардың қашан Қазақстанның топырағын басқанша тiлi де орыс, өздерi де орыс бола қалатынын түсiнбеймiн. Қазақша жөн сұрасаң да түсiнбегенсидi. Сауатыңа, мәдениетiңе болайын сол! Адам сүйсiнерлiктей келiстi екi қазақ жiгiтi жолығып, жүгiмдi бөлiстi. Екпiндi екен. “Осындағы казиноға кеп үш күн ұйықтамай ойнадық. Бiр жылдық рахат алып, айызымыз қанды. Костюм шақ келмей жүр едi, он-оннан алдық”, – дестi. Бажаларға сүйiнiп Алматыға да жеттiм.

Үш сағат болса да мұндағы Алма мен Назымды иiскеп, Астанаға аттандым. Сұңқар қарсы алды. Немерелерiмдi иiскеп, шөлiмдi қандырып, “жолы болған жолаушының” жазбасын осымен тәмәмдаймын.

Сәуiрдiң жаңбыры қарсаңында аяқталған наурыз құт-берекенiң басы болғай.

P.S. Астанаға келген соң сымсыз бiлгiсаяр арқылы жiберген осы сапардың мақсатына қатысты анкаралық доктор Мариям Қырымлының хатын да келтiре кетемiн.

“Аса құрметтi Тұрсын аға ЖұртбайI

Телефонда айтқаныңыздай, (1) Томас Лайырдың “Тибеттен бет алғанда” деген кiтабына қосымша, профессор Линда Бенсонның (2) “Iле көтерiлiсi”, (3) “Қытайдың соңғы көшпендiлерi” және Жамес Милвардтың (4) “Тоғыз жолдың торабындағы Еуразия” сияқты кiтаптарында атам жөнiнде (Қалибек хакiм) бiрсыпыра мәлiметтер баршылық. Бiрақ, әрине, одан да басқа ағылшын тiлiнде бұрыннан жазылған кiтаптар, диссертациялар, мақалалар да көп. Бiрақ батыста “COPYRIGHT” деген бiр пәле заң бар болғандықтан (және мен жоғарыда тiзiмделген кiтаптардың авторларын тiкелей танымағандықтан) сол кiсiлерден аударма үшiн ұлықсат ала бiлемiн деп ойлаймын. Ендi олармен хабарласу керек. Сол себептi өзiңiзден ресми хат күтемiн. Аудару онша қиын болмаса да заңды түрде жұмыс iстеу үшiн батыстық авторлардан ұлықсат алмаса сотқа берiп үлкен проблема шығарады.

Өзiңiзге телефон арқылы айтқанымдай, менде “Қазақ” газетiнiң бiрқанша саны баршылық. Әрине, және өкiнiшке орай, бәрi емес. Осы хатқа қосымша сiзге бiр данасының фотокөшiрмесiн жолдап отырмын (Басқаларын жiберуге mail-дiң көлемi ыңғайлы емес екен).

Сiзге зор денсаулық пен жұмыстарыңызға сәттiлiк тiлеп, қарындасыңыз Мариям Хакiм”.

Қарындасымыз да сәлмәт болсын. Осы мазмұндағы хатты станболдық ғалым Әбууақап Қарадан да алдым. Алла жазса бұл ғылыми жобаның басы қайырылса, онда қазақ руханиятының жел соғып тұрған бiр көбесi бүтiнделедi деп ойлаймын.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Станбол – Анкара – Недия – Алтай ауылы – Кония – Афина – Салихлы – Iзмiр – Селжүк – Эфес – Шанаққала – Троя – Станбол – Астана

Серіктес жаңалықтары