АРЫҚ АТҚА ҚАМШЫ ДА АУЫР

АРЫҚ АТҚА ҚАМШЫ ДА АУЫР

АРЫҚ АТҚА ҚАМШЫ ДА АУЫР
ашық дереккөзі
343

“ЕУРАЗИЯ” КАНАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСА МА?

Еуразия құрлығының дәл кiндiгiнде көсiлiп жатқан ұлан-ғайыр Қазақстан жер көлемi жағынан ұлы мемлекеттердiң қатарында жаһанда тоғызыншы орын алғанмен әлемдiк мұхит айдынына шығатын ұрымтал жолы жоқтықтан томаға-тұйық. Елiмiз, әсiресе, соңғы жылдары жаңа бағыттар — тасымал жолдарын iздеуге бiлек сыбанып кiрiсiп отыр. Өйткенi, мұнай мен газды сыртқы нарыққа шығару қиямет-қайым. Бiлгiр мамандар мен бiлiктi зерттеушiлер осы күрделi мәселенi шешудiң түрлi амалдарын ұсынуда. Сан-алуан ұсыныстардың арасында айрықша назар аударуға тұрарлығы — алып “Еуразия” каналының тиiмдi жобасы. “Еуразия” каналын жақтаушылар аталмыш жобаның Қазақстан ғана емес, Орта Азия аймағының дамуына зор ықпалы барлығын, әлемдiк экономикаға тиiмдiлiгiн айтып келедi. “Парасат” Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингiнiң төрағасы, белгiлi ғалым Нұралы Сұлтанұлы Бектұрғанов мырза “Еуразия” каналының келешегi кемел екенiне еш күмән келтiрмейдi.

— Нұралы Сұлтанұлы, арнасымен кемелер жүзе алатын алып канал арқылы Каспий мен Азау (Азов) теңiзiн жалғастыру туралы соңғы жылдарда көптеген пiкiрлер жарық көрдi. Оның iшiнде сiздiң де ойлы мақалаларыңыз бар. Зады, болашақ каналға “Еуразия” деген ерекше ат қойылып та үлгерген сыңайлы. Дегенмен бұл жобаға деген көзқарас әртүрлi: бiреулер күдiксiз қолдайды, ал бәзбiреулер ат-тонын ала қашуда. Бүгiнгi жағдай қалай қалыптасып отыр?

— “Еуразия” каналына қатысты қазiргi жағдайды сөз етсек: мен: “Еуразия” каналының арнасында Шығыстан соққан асау жел Батыстың тұманын ыдыратып келедi” дер едiм.

Тым әсiрелеп жiбердiм бе? Онда сөздiң ұшын тарқатып айтайын. Шығыстан Батысқа жүк тасымалдауға — оның iшiнде мұнай мен газ тасымалын ұлғайту үшiн Қазақстан теңiзге шығар жолдарға аса мұқтаж. Өйткенi, Каспийден Едiл бойымен, сондай-ақ Волга-Дон каналы арқылы Азау теңiзi және Қара теңiзге шығатын қазiргi жолдар бүгiнде елiмiздiң жүк тасымалы мұқтажын қанағаттандыра алмайтыны айдан анық.

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев бұл жөнiнде талай мәрте тiлге тиек еттi. Мәселен, 2007 жылы Санкт-Петербургте өткен ХI халықаралық экономикалық форумда: “Бiз түрлi тасымал бағыттарына мұқтажбыз: бұл тауарлар — мұнай мен газ өзiмiзге экономикалық жағынан тиiмдi маршруттармен тасымалданатыны табиғи нәрсе. Осыған байланысты Каспий теңiзiнен Қара теңiзге қарай салынуға тиiс “Еуразия” каналының құрылысы аса маңызды жоба болуы ықтимал… Бұл канал барлық Орталық Азия мемлекеттерi үшiн Ресей арқылы теңiзге шығар қуатты тасымал дәлiзi болар едi”, — деуi де жәйдан-жәй емес.

— Бұрынғы Волга-Дон каналы өз қызметiн талай жылдан берi жемiстi атқарып келедi. Ал Елбасының жаңа канал туралы мәселе көтеруiнiң сыры бар шығар?..

— Сiздiң сұрағыңызға толық жауап беру үшiн оны тарқатып айтуымыз керек.

Негiзгi жайт мынада, Волга-Дон каналы әу бастан-ақ тек Балтық теңiзiнен Қара теңiзге және керi бағытта тауарлар тасымалын көздеп салынған. Яғни, сол кездiң өзiнде-ақ Орталық Азия аймағының тасымал мұқтаждығын қамтамасыз ету қаперге алынған жоқ. Айта берсек, оны жобалау кезiнде Шығыс пен Батыс арасындағы жүк ағынының өсу мүмкiндiгi де ескерiлген емес. КСРО күйрегеннен кейiн Қазақстан және Орталық Азияның өзге де мемлекеттерiнде мұнай мен газ өндiру еселеп артты әрi қазiргi уақытта Волга-Дон каналы олардың қажеттiлiгiн өтеуге мүлдем қауқарсыз. Арық атқа қамшы да ауыр.

Бұған қосымша Шығыстан Батысқа қарай жалпы жүк тасымалының көлемi ұлғаюына Қытай да үлкен үлес қосып отырғанын ұмытпауға тиiспiз. Тасымал шығындары азаятын болса, Қытай өз тауарларының Батысқа ағынын Қазақстан арқылы күрт өсiруге даяр. Ал көлiк шығындарын су жолы тасымалының үлесiн ұлғайту арқылы ғана елеулi түрде арзандата аламыз. “Еуразия” каналының құрылысына байланысты нақты шешiм қабылданған жағдайда Қытай жобалау жұмыстарын өзiнiң қаржысымен жүргiзуге даяр әрi жобалау мен құрылыс шығындарының қомақты бөлiгiн өз мойнына алмақшы. 2009 жылдың 29 шiлдесiнде Қытайдың аса iрi мемлекеттiк корпорациясы “Синогидро” мен Қалмақ Республикасының Президентi Кирсан Илюмжинов өзара ниеттестiк туралы құжаттарға қол қойды.

Ол аз десеңiз, Қытай Қазақстанның шекарасына және одан әрi Каспийге дейiн бiздiң стандарттарға сай жаңа темiржол салуға әзiр. Бейнелеп айтсам, бұл Шығыстан Батысқа соққан жеңiл самал ғана емес, Қазақстан мен Ресейдi ұлы транзиттiк державаларға айналдыратын қуатты алтынкүрек десем келiсесiз бе?!

Менiң пайымдауымша, қазiр қалыптасқан жағдай Каспий аймағы мен Орталық Азиядан Батысқа тауар экспорты тек Қазақстан мен Әзiрбайжаннан тасылатын мұнай мен газдың есебiнен ғана ұлғаяды деген қасаң көзқарастарды түбегейлi өзгертуге жеткiлiктi. Әрине, аталмыш аймақтарда мұнай мен газ өндiру еселеп ұлғаятынына еш күмән жоқ. Елiмiздегi мұнай мен газ өндiру саласының қалыптасқанына 110 жыл болса, кейiнгi жылдарда аса зор табыстарға қол жеткiзгенiмiз де айдан анық. Бiрақ, бұған ғана тiрелiп қалуға болмайды. Қытайдың ауқымды экономикалық өсiмi және еуропалық елдермен сауда айналымын толық қамтамасыз ететiндей арзан тасымал, көлiк дәлiздерiне мұқтаж болатынын да ескерусiз қалдырмағанымыз мақұл.

Қазақстанның географиялық жағдайы белсендi ұсыныстар бiлдiруiмiздi және елiмiздiң территориясы арқылы тасымалды ұлғайту мен арзандатуға бағытталған нақты жобаларды қолдауымызды талап етедi. Яғни, Н.Назарбаевтың ЕуразЭҚ пен Шанхай әрiптестiгi ұйымына (ШОС) мүше елдердiң негiзiнде Еуразиялық тасымал орталығын құру жөнiндегi идеяны белсендi түрде қолдаушы болуы бекер емес. Аталмыш “Еуразия” каналы — осындай орталықтың болашақ буындарының бiреуi ғана.

— Қалмақ Президентi К.Илюмжинов мырза да “Еуразия” каналының салынуын белсендi түрде қолдаушылардың бiрi екенi белгiлi. Тектен-тек емес шығар?

— Азау теңiзiнен Каспийге қарай кеме жүзетiн Маныч каналының құрылысы сонау 1932 жылы қолға алынып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ерiксiз тоқтап қалған. Осы каналдың басым бөлiгi қалмақ жерi арқылы өтедi. Әуелгi жоба бойынша 700 шақырымға жуық канал қазылуы керек болса, 1941 жылы соның 329 шақырымдық бөлiгi дайын едi. Бұл каналдың кеме жүзуге жарамды арнасы. Ал тағы да 180 шақырым арнада кемелер жүзе алмайды, суы таяз. Осылайша каналдың су аңғары 500 шақырымға жетiп отыр. Ендi Каспийге дейiн небары 200 шақырымдық арнаны қазу ғана қалып отыр. Мiнеки, осының бәрiн және қазылған арнаны қоса есепке алғанда, болашақ “Еуразия” каналы қалмақ жерiн басып өтетiнi сөзсiз. Мұның өзi аймақтың экономикалық белсендiлiгiн арттырып, сансыз экологиялық түйткiлдердi шешуге мүмкiндiк әперумен қатар пайдалы қазба байлықтарды одан әрi тиiмдi пайдалануға кең жол ашатыны айқын.

— “Еуразия” каналына Ресейдегi қарсыларды есептен шығарып тастауға болмас.

— Бiрiншiден, кеме жүзе алатын бүгiнгi Волга-Дон каналы жүк өткiзгiштiгi тұрғысынан да, экономикалық көрсеткiштерi жағынан да қазiрдiң өзiнде-ақ бар мүмкiндiгiн сарықты. Тiптi, оны күрделi қайта жөндеуден өткiзген соң да Каспий аймағындағы жүк тасымалдаушылардың сұранысын толық өтей алмайды.

Ресей “Еуразия” каналының құрылысынан бас тартқан жағдайда Қазақстан да, Орталық Азияның өзге елдерi де, бұған қоса Қытай да Шығыс пен Батысты жалғайтын жаңа тасымал жолдарын iздеп, ол күретамырды ұлғайту мен арзандату амалдарын табуға тырысатыны айдан анық. Әзiрбайжан жерi арқылы Грузияның Қара теңiздегi порттарына тасымал бағытын ашу мүмкiндiгi бар. Оған қоса Каспий теңiзiнiң оңтүстiгiн ала, Ауғанстан мен Иран арқылы тасымал күретамырының құрылысы да басталуы ықтимал. Аталған мемлекеттер дәл қазiр-ақ болашағы зор тасымал дәлiздерiн дамыту үшiн қомақты қаржы бөлуге даяр. Бұл бағыттар арқылы аймақтың тауарлары Ресей территориясынан тыс жерлердегi дәлiздермен әлемдiк нарыққа жеткiзiледi.

Екiншiден, Ресейдiң тасымалдаушылары бүгiнде өздерi тасымалдап отырған Қытай тауарларының бiр бөлiгi Қазақстан арқылы өтетiн болады деп үрейленедi. Әйткенмен, бұл түбiрiмен қате пайымдау әрi мұны Қытай елiнiң басшылары да жоққа шығаруда. Қытай iшкi территориясында шығыстан батысқа қарай темiржол салып, шығыс жағалаудың жүктерiн осы жол арқылы және “Еуразия” каналымен Еуропаға жеткiзбекшi. Бұл аймақтағы жүктер қазiр Суэц каналы арқылы теңiзбен Еуропаға жеткiзiлуде.

Яки, дәп бүгiн болмағанмен, таяу уақыттың iшiнде “Еуразия” каналына табанды қарсылық танытушы ресейлiктердiң Шығыстан Батысқа соққан жаңа лептi елемеуi Ресейдiң экономикалық мүдделерiне қайшы келетiндiгiн мойындайтындарына айқын боларына еш күмән жоқ.

— Каспий теңiзi мен Қара теңiз бассейнiн жалғайтын кеме жүзуге лайықты каналдың техникалық-экономикалық мүмкiндiктерiнiң салыстырмалы бағасын Еуразиялық банк қолға алғаны белгiлi. Жаңа күретамыр құрылысы жобасының нәтижелерi қандай болады деп ойлайсыз?

— Бұл конкурсқа бiздiң холдингiмiз де белсене қатысып, екiншi орынды жеңiп алды. “Инженерный центр ЕЭС — Институт-Гидропроект” акционерлiк қоғамының Мәскеу бөлiмшесi жеңiмпаздар танылды. Ресейдiң көлiк ведомстволары елеп-ескергiсi келмей отырған Шығыстан соққан жаңа лептiң күшеюiн бұл ұйым ескере қояды деуге үмiт аз. Ал бұл леп күн сайын үдеп келедi және бұл Ресей көлiк ведомстволарындағылар ойлағаннан гөрi әлдеқайда екпiндi. Волга-Дон каналын қайта жөндеуден өткiзуге деген тар ведомстволық пайымдаулардан гөрi “Еуразия” каналының құрылысын бастаудың мемлекеттiк мүддесiн бөлiп қарау Ресейдiң өзiне тиiмдi.

— Турасын айтыңызшы, Каспий және Қара теңiздi жалғайтын жаңа канал арнасы өмiрге келерiне шынымен сенесiз бе?

— Екi канал бiрiн-бiрi толықтырары сөзсiз. Волга-Дон каналы өзiнше арна, ал “Еуразия” каналы басқа күретамыр. Сондықтан оларды қарама-қарсы қарастырудың жөнi жоқ.

— Жақсы, канал екеу болды дейiк. Ал бұл таяу жылдарда бiздiң Қазақстанға қандай пайда әкелмекшi?

— Бiрiншiден, мұнай өнiмдерiн өз жерiмiзде өңдеу тиiмдiлiгi еселеп артады. Өйткенi, оларды сыртқа тасымалдау айтарлықтай арзандайды. Бұл — Қазақстан үшiн аса маңызды мәселе.

Екiншiден, тасымалдың ұлғаюына байланысты бюджетке көбiрек кiрiс кiредi және жаңа жұмыс орындары ашылады. Үшiншiден, Қазақстанның геосаяси беделi әлемде биiктей түсетiнiн де естен шығармауымыз керек.

— Қызықты әңгiмеңiзге көп рахмет!

Әңгiмелескен Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары