Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті жалпы сомасы 4,4 млрд теңгені құрайтын 42 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл қаражат өндіріп алушыларға аударылмаған. Талдау көрсеткендей, көп жағдайда сот орындаушылары заңды қате қолданып, өндіріп алынған қаражаттан өз еңбекақыларын ұстап отырған.
«Мұндай тәжірибе заңнама талаптарына қайшы келеді. Заң бойынша инкассалық өкім тек бір рет және қарыз көлемінде ғана қойылуы мүмкін», – деді комитет.
Жіберілген заңбұзушылықтар үшін 699 жеке сот орындаушысы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 34 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша 2,4 млрд теңге қайтарылды. Сондай-ақ 279 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.
Қазір жаңа функционал әзірленіп жатыр, ол қаражатты «Қазпошта» АҚ инфрақұрылымы арқылы аударуды қарастырады.
«Бұл өндіріп алушыларға қаражаттың уақытылы әрі мақсатты түрде тікелей түсуін, сонымен қатар қаражат қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактор мен кідірістерді жояды», – деді комитет.