«Казахское дело»

«Казахское дело»

«Казахское дело»
ашық дереккөзі
288

26. Амангелдi Бегiмбетов

Сөз басы

Сол күн әлi есiнде. Бәлкiм өмiрiнiң соңына дейiн ұмытпас та. 1985 жылдың 10 қазаны. Сол күнi ол қырық бес жасқа толған. Ағайын-туыс, дос-жаран тiлеулестерiнiң құттықтаулары бұрынғыдай көңiл жадыратардан гөрi, көңiл жұбатар сөздерi көп айтылды.

Ол деп отырғаным — Амангелдi Бегiмбетов. Алматы облысы Iле аудандық партия комитетiнiң бұрынғы бiрiншi хатшысы. Тағдырдың тәлкегiне не шара. Қызметтен биiктете көтерiп барып, айтақырға тастап жiберсе, қайта тұрып көр. Жүзден бiреу болмаса, басқалары байтал түгiлi бас қайғысын күйттеп кетерi кәмiл. Солай да болды. “Жазмыштан озмыш жоқ.”

Облыс басшысының ұрда-жық билiгiнiң залалы мен зардабын кiмдер тартпады. Қаншама жан қызметтен қуылды. Жазықтары – “қонаевщина”, “асқаровщина”, “аухадиевщина”, “жолдасбековщина”. Олар қуылып қана қойған жоқ, жаламен үстерiнен iс қозғалып, қайраңда қалған қайықтай шарасыз күй кештi. Ал солардың бiрi Амангелдi Бегiмбетов “басқа салды, мен көндiм” деген жоқ. Ар-намысы үшiн тағдырымен тайталасты. Шындық үшiн күрестi. Биiктен құласа да, жан күйзелiсiне берiлмей, бәрiн де төменнен қайта бастады. Нөсердiң тайғағынан, дауылдың бет қаратпас ызғарынан өттi. Осынау ақ пен қараның арасындағы сергелдеңнiң сын сағаттарында өзi арына адалдығын, намысы iскерлiгiн дәлелдеп шықты.

Әбекең естелiгiн бастады. Мен өмiрiнiң сол бiр қиын да қилы кезеңiн қағазға түсiрдiм.

1985 жылдың 24 қыркүйегiнде Алматы облыстық партия комитетiнiң кезектен тыс пленумы өттi. Пленум Алматы обкомының бiрiншi хатшысы Кеңес Мұстаханұлы Аухадиевтi қызметiнен негiзсiз босатып, орнына Марат Сәмиұлы Меңдiбаевты сайлады. Есiмi жалпақ жұртқа беймәлiм жан. Соған дейiн Солтүстiк Қазақстан облыстық Атқару комитетiнiң төрағасы болған екен. Суретiн облыстық газеттерден көрдiк. Аудан басшыларын шақырып таныса қоймады.

Мен 9 қазан күнi кеңседе әдеттегiдей жұртты қабылдап отырғанмын. Әрқалай шаруаларымен бiрi кiрiп, бiрi шығып жатыр. Жұмыс күнi соңына таман аудандық сауда мекемесiнде iстейтiн бiр орыс әйел келiп, кезектi еңбек демалысына жiберуiмдi өтiнiп, арызын алдыма қойды. Сол сәтте тiкелей жалғанған телефон шылдырады. Тұтқасын құлағыма тостым. Арғы жағынан Жамбыл аупарткомының бiрiншi хатшысы Бекайдар Егiнбаевтың жабырқау үнi естiлдi

– Әбеке, менi бүгiн обкомның бiрiншi хатшысы Меңдiбаев шақыртып, қисынсыз, жөн-жосықсыз кiнәлар тақты. Сiрә, қызметтен босататын шығар. Байқаймын, сiз туралы да пiкiрi алабөтен. Сiздi де шақыртады-ау шамасы. – Қатты қобалжып тұр. Сөз ауанына қарағанда жаңа басшы менi де жай танысуға шақырмайтын секiлдi. Мән-жайды тәптiштеп сұрауға, алдымда отырған бөгде әйелден ыңғайсыздандым.

– Шақырса көрермiз.

Ол қысқа қайырған жауаптан қабылдауымда кiсi барын сезiп байланысты үздi. Арыздың бұрышына “Қарсылығым жоқ” деп жазып, қолымды қойдым. Әйел кеңседен шығып кеттi. Ойға шомып мен отырмын. “Меңдiбаев қандай адам? Түр-басы, мiнез-құлқы, бiлiм-бiлiктiлiгi, парасаты қандай? Облысқа келгелi iргедегi аудан ғой, көрейiншi деп мұнда ат iзiн салған жоқ. Әзiрге ол менi, мен оны мүлдем бiлмеймiз. Сонда ол маған нендей кiнә артуы мүмкiн? Жалпы жүздеспей жатып бiз неден жазықты болып қалдық?..”. Ары ойлап, берi ойлап ұшығын тапқандай болдым. Содан екi-үш күн бұрын Егiнбаев екеуiмiз Аухадиевтiң қал-жағдайын сұрауға пәтерiне барғанбыз. Күнi кеше ғана қол астында қызмет еттiк. Ал бүгiн билiктен кеттiң деп танымайтын жандардай жон арқамызды көрсетiп жатсақ, қай адамгершiлiкке саяды. Есiктiң қоңырауын қақтық. Iштен бейтаныс әйел дауысы естiлдi.

– Сiздер кiм боласыздар?

– Кәкеңмен амандасуға келiп едiк.

– Аты-жөндерiңiз кiм?

– Бегiмбетов, Егiнбаев.

Есiктiң кiлтi сықырлап, сұңғақ бойлы, келбеттi әйел ашты. Бiз iшке енгенде қапталдағы бөлмеден Аухадиевтiң өзi де шықты. Есiктi ашқан әйелi екен. Ол:

– Кербез, дастарқаныңды жая бер, – дедi де бiзбен қол алысты. Сыр бергiсi келмедi ме, сәл жымиды. Алайда қоңырқай өңiнiң ар жағынан көңiлсiздiктiң табы қылаңытып тұр. Қонақжайға жайғасып, амандық-саулық сұрастық. Әлденендей зiл батпан кеуденi басып тұрғанда қайдан серпiлесiң. Мұндайда көкiрек кеудеңдегi жанашыр сөзiңдi қалай жеткiзсем деп қиналасың. Екеуiмiз кезектесе сөйлеп, бiрiмiздi бiрiмiз толықтырып, шын көңiлiмiздi бiлдiрдiк.

Аухадиевтiң қолында билiк тұрғанда: “Кеңес Мұстаханович, мынаны бүйте қояйын, ананы сөйте қояйын” – деп оң жағына бiр, сол жағына бiр шығып, көлеңкесiндей елбектеп, соңынан қалмайтындар аз болған жоқ. Ал солар қазiр қайда? Меңдiбаевтың қырына iлiккiсi келмедi ме, оның есiгiн ашып амандаспақ түгiлi, қараларын да көрсетпей кеткен. Тек жүрсе мақұл-ау. Жаңа басшыға жағынып қалу үшiн екеуiнiң осы пәтерде болғанын жарыса жеткiзiп, “Аухадиевтiң туыстары жасырын кеңесiп жатыр” деп сөз таратпасына кiм кепiл. Күнi үшiн жүргендердiң әдетке айналған жазылмайтын ауруы осы ғой. Өсек шiркiннiң кезбейтiн жерi, кiрмейтiн тесiгi бар ма. Ақиқатына жүгiнген жанның бәрi Аухадиев облысқа бiрiншi басшы болып сайланғанда, менiң Талғар аупарткомында екiншi хатшы болып iстеп жатқанымды бiлмейдi дейсiз бе. Бiлгенде қандай. Туыс адамдар отбасымен араласпай тұрмайды. Ал менiң Кербездi көрiп тұрғаным сол. Демек бiздiң бар айыбымыз Аухадиевтiң көңiл-күйiн сұрағанымызда екен ғой. Осы ойға табан тiредiм.

Неге екенiн қайдам жұмысқа қолым бармады. Қимас бiр затын жоғалтқан жандай көңiл шiркiн алаңдай берген соң, стол үстiндегi қағаздарды реттеп жинастырдым да, бүйiрдегi сейфтi аштым. Iшiнен екi “дипломды” алдым. Бiрi ЗооВет институттiкi де, екiншiсi Мәскеудегi Жоғары партия мектебiнiңкi.

Осыдан екi ай бұрын аудан орталығы Энергетиктер поселкесiнiң ВЛКСМ көшесiнен төрт бөлмелi пәтер берiлiп, Талғардағы отбасымды көшiрiп алған едiм. Көршiм зейнеткер З.Батталханов. Аупарткомның бұрынғы бiрiншi хатшысы.

Мен қызмет орнымда кешкi сағат сегiз-тоғызға дейiн отырғанға дағдыланған адаммын. Сол күнi алғаш рет кешкi алтыда қайттым. Үйге келсем жарым Амансұлу Ғалымқызы төсек тартып жатып қалыпты. Реңi боп-боз. Осы ауданға келгелi жиi ауыратын болды. Жерсiнбедi ме, ескiден серiк болып қалған бас ауруы қайта-қайта мазалай бередi. Сыралғы жан салыңқы қабағымнан әлдеқандай жайсыздықты аңғарды. “Ауырғаннан аяған күштi”. Көкейiмде кептелген күдiктi айтсам ба екен, айтпасам ба екен. Айтсам ауыр тиедi-ау. Көтере алмай қалуы да мүмкiн. Не де болса сәтiн күтейiн деп тұрғанымда телефон безек қақты. Тұтқасын көтердiм. Орыс тiлiнде екпiндей сөйлеген әйел дауысы құлағыма түрпiдей тидi.

– Телефонды тыңдап тұрған кiм?

– Бегiмбетов

– Бұл обкомның қабылдауынан. Меңдiбаев жолдас сiздi ертеңгi сағат тоғызда обкомға келсiн деп жатыр.

– Жарайды.

“Бұрын сыпайы сөйлейтiн әйелдiң үнiн лезде өзгертуiне қарағанда, ертеңгi кездесуден жақсылық күту, әй неғайбыл”. Күдiгiм күшейе түстi. Ақырын күрсiнiп әйелiмнiң жанына барып, төсегiнiң шетiне тiзе бүктiм. Ендi қанша ауыр тисе де айтпасқа амалым қалмады.

– Амансұлу, басыңды көтер. – Өзiм қолтығынан демедiм. Ол зiл тартқан басын төсектен зорға көтердi. – Обкомнан ғой… Ертеңге Меңдiбаев шақырып жатыр екен.

– Жайшылық па әйтеуiр? – Амансұлу қабағын шытып қинала сөйледi.

– Қайдам… – Бей-берекет шашылып кеткен ойымды жинақтайын деп, аз-кем үнсiз отырдым. – Осы Iле ауданына басшы болып келгенiм әлдекiмдердiң қызғанышын тудырып, қызыл итiнiң шабынуына себепшi болды ма деймiн. Ойлап отырсам қызмет бабымен он жетi рет көшiп-қоныппыз. Осы жерге ендi тұрақтайтын шығармын деп ойлаушы едiм. “Адамның айтқаны емес, Алланың дегенi болады” деген рас-ау, сiрә. Талғарға қайта көшетiн секiлдiмiз.

– Амансұлу үнсiз. Қолынан ұстап өзiме қарай жақындата тарттым. – Ертең маған қандай жағдай болғанда да, сен мықты бол. Белiңдi бекем буын. Талай қиындықты бастан кештiк қой. Азарлығы бұл да соның бiрi болар.

Амансұлу басын ақырын бұрды.

– Амангелдi, бiздi қойшы. Орта мектептi бiтiргелi отырған екi баланың жағдайын айтсайшы. Осындағы мектепке ендi ғана қалыптасып қалғанда, тағы да қоныс аударғанымыз оларға қиын соқпай ма?

– Жаман айтпай жақсы жоқ. Олар бiздi түсiнер.

Бөлме iшi жым-жырт. Құлаққа ұрған танадай. Iңiрдегi кiреуке алакеуiмнiң күңгiрт жарығы да сәт сайын қоюланып, оныз да жүдеу тартқан көңiл күймен астасып, еңсенi езiп бара жатты. Шамды жақтым. Жарқ еткен сәулемен тынысым да ашылғандай. Құр сары уайымға салынып, ұйығына шым батқаннан қорқынышты не бар. Онсыз да науқасы жанын жегi құрттай жеген асыл жарыма өз басымды күйттеп, жүрегiне салмақ салар сөзден гөрi, жанын жадыратар амал қылсамшы.

Тұйықтан шығар жол iздедiм. Ойыма екеуiмiздiң қол ұстасып, болашаққа қадам басқан жастық шағымыз түстi. Қызықты сәттерiмiз көз алдыма көлбеңдеп келе қалды. Сағынышқа айналған сағым жылдарды, жалын атқан жас дәурендi неге еске түсiрмеске.

Сол күнi екеумiз оңаша отырып, ұзақ сөйлестiк. Ұмыт бола бастаған өткенiмiзден көп қызықты жайларды, студент кезiмiздегi достарымыздың мiнез-құлықтарын еске түсiрдiк. Оймен оралған жастық шағымыз сүреңсiз құлазыған даладай көңiлiмiздi серпiлттi. Кезектесе сөйлеп, бiрiмiздi-бiрiмiз толықтырамыз. Амансұлу да есiне түскен құрбы қыздарының қылықтарын айтып, жүзiне күлкi үйiрдi. Өткендi еске алған да бiр ғанибет екен ғой. Бағанағы сансыраған санамыз серпiлiп, жауыннан кейiн ашылған күндей жадырап, уайымымызды бiр сәтке ұмытқандай болдық.

Өзiм түнде де көпке дейiн дөңбекшiп көз iлмедiм. Ой басып, ұйқы қашты.

Мен Талдықорған облысының Малайсары станциясынан, Амансұлу Ақтөбе облысынан Алматыға арман қуып келiп табыстық. Мен ЗооВет институтының, ол Қыздар педагогикалық институтының студентi. Дәрiс алудан бос кездерiмiзде әсiресе сенбi, жексенбi күндерi саябақтарға, театрға, кинотеатрға жұбымызды жазбай барып жүрдiк. Бiрiмiздi бiрiмiз бiр күн көрмесек сағынысып қалатынбыз. Бiзге курстас құрбы-құрдастарымыз қатты қызығатын. Екеумiздi соншалық жақындатқан тағы бiр жағдай тағдыр-талайымыздың ұқсастығы. Ол да, мен де жетiм өстiк. Әкем Мұқаш кезiнде Түрксибтiң темiржол құрылысына қатысыпты. Бозбала шағымда естiгенiм: “Түкрксиб болмағанда отызыншы жылдардың басында аштан қырылған көп қазақтың кебiнiн бiз де киер едiк”, – деп отырушы едi жарықтық. Бар өмiрiн темiржолға арнады. Атақты инженер Мұхамеджан Тынышбаевты көп мақтайтын. 1957 жылы өмiрден озды. Ал мен интернаттың қара нанын азық етiп, орта мектептi бiтiрдiм. Амансұлу да ата-анасынан ерте айырылып, жетiмдiктiң зардабын көп көрген. Ерге шыққан әпкесi Ғайшаның қолында өсiптi.

Бiз ендi үйленемiз деп жүргенде тосын жай болды. 1964 жылы Амансұлу бастан қатты ауырып Шмеилева көшесiнiң бойындағы неурохирургиялық ауруханаға түстi. Бiлiктi дәрiгерлер мида iсiк барын анықтады. Шұғыл операция жасау керек. Профессор-хирург Евгения Андреевна Назарова аса күрделi аурумен операция столында табаны күректей он сағат алысты. Қолы жеңiл екен. Операция сәттi шықты. Мен күн сайын ауруханаға барып Амансұлудың жанында болып, көңiлiн аулап жүрдiм. Назарова бiздiң бiр-бiрiмiздi ұнататынымызды аңғарған. Амансұлу ауруханадан шығарда менi де кабинетiне қоса шақырды. Үшеуiмiз оңаша отырып сөйлестiк. Назарова өз ойын ашып айтты.

– Қызым, саған ендi үйленiп, тұрмыс құруға болмайды. Сен жарымжансың. Бұдан былай саған толық тыныш өмiр қажет. Бiз сенiң еңбекке жарамсыздығыңа кепiлдiк беретiн дәрiгерлiк анықтама беремiз. Өз денсаулығыңды өзiң күтпесең, ауруың қайта асқынып кетуi мүмкiн.

Не iстеу керек? Осынау қиын сәтте Амансұлуды тағдыр теңiзiндегi тулақтай аралға жалғыз қалдырып, өз бақытымды басқадан табуым керек пе. Бұл iсiм қандай адамгершiлiкке жатады? Жанымды қинаған ой толқындары бiресе ана жағадағы жартасқа, бiресе мына жағадағы жартасқа соғып, есiмнен тандыра жаздады. Сонда да менiң алдымда екi таңдау тұрды. Не профессор Назарова мен сырлас достарымның жанашыр сөздерiне тоқтап, Амансұлумен бiржолата қоштасу. Не онымен бас қосып, тағдырдың салғанына көну. Ой таразының қай басы салмақ тартады деп жүргенде арғы бабам Ескелдi бидiң өнегелi сөзi есiме оралды.

“Екi жақсы бас қосса,

Бiрiн бiрi қия алмас…”

Ұлағатты сөзi ойдан шаршаған жүрегiме жылы қан жүгiртiп, қуат бердi. Соның әмiрiне жүгiнудi жөн көрдiм. Сонда ғана Амансұлудан айырылсам өмiр бойы өзiмдi-өзiм кешпейтiндей сезiндiм.

Бiз жеке отау тiгiп, түтiн түтеттiк. Институт ректорының рұқсаты бойынша Амансұлу күнделiктi дәрiске өз қалауымен қатысып тұратын болды. Солай жүрiп те ол өзге құрбыларынан кем бiлiм алған жоқ. Екеуiмiз де жоғары оқу орындарын ойдағыдай бiтiрдiк. Бiлiм министрлiгi маған Павлодар облысына жолдама бердi. “Боровка” совхозында екi жыл зоотехник болып еңбек еттiм. Сол екi жылда бiраз тәжiрибе жинап, 1968 жылы Алматы облысына қайта келдiм. Менi Талғар ауданының Фрунзе атындағы совхозға бас зоотехник етiп тағайындады. Ал Амансұлу орта мектепке мұғалима болып орналасқан.

Бойыңда қаның ойнаған жас кезiңде неден тартынасың, қай iске тәуекел етпейсiң. Екеуiмiз де қайнаған еңбектiң ортасында жүрдiк. Мал басы көбейiп, шаруашылық алға басты. Қызметте тасым өрге домалады. Санаулы жылдардан соң менi совхоз партия комитетiнiң хатшылығына сайлады. Күн артып, түн қатып жүрiп, жұртты еңбекке жұмылдырдық. Совхоздың табысы жылдан жылға өсе түстi. Арада тағы бiраз жылдар өткен соң, яғни 1972 жылы Талғар аудандық партия комитетiнiң пленумы маған екiншi хатшы қызметiн сенiп тапсырды.

Амансұлу да оқушыларға сапалы бiлiм, саналы тәрбие беруде аянып қалған жоқ. Мектептiң қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Пәндерi жаттанды болып қалса да әр сабағына мұқият дайындалып, жаңаша тәсiлмен өткiзудi күнделiктi дағдысына айналдырды. Шаңырақтың шын бақытын сәбилердiң қоңыраудай сыңғырлаған күлкiлерi толтырады екен ғой. Ал уақыт шiркiн заулап барады. Амансұлудың шыдамы таусылды. Әйел заты сәби үшiн бәрiне де барады екен-ау. Ол өмiрiн қатерге тiгiп, Назароваға берген уәдесiн бұзды. Оның жүктi болғанын көрген Евгения Андреевнаның ашудан екi көзi шарасынан шыға жаздады. Қанша ренжiсе де жүрегi жұмсақ жан екен. Амансұлудың денсаулығын өз бақылауына алуға келiстi. Айы, күнi толып, өмiрге тұңғышымыз Нұрлан келдi. Бөбегiмнiң iңгәсi шаңырағымды шаттыққа бөледi. Қуаныштан да көз жасы шығады. Сәбиiмiздi көруден, сүюден тоймадық. Нұрланым жалғыз болмасыншы деп Амансұлу содан кейiн де әупiрiмдеп жүрiп екiншi ұлымыз Ерланға жарық дүние сыйлады. Екi ұл берген Жаратқан иемiзге мың алғыс. Сол Иемiздiң арқасында мен әке, ол ана болу бақытына бөлендiк.

1979 жылы Халық депутаттары Талғар аудандық Советi атқару комитетiнiң төрағасы қызметiне сайландым. Қызмет өскен сайын жұмыс ауқымы да көбейедi, жауапкершiлiк күшейедi. Шаруашылықтан бөлек көптен көкейiмдi мазалап жүрген бiр iс бар едi. Ол жер және елдi-мекендердiң орысша атаулары. “Осы бiз қай елде өмiр сүрiп жатырмыз? Ресейде ме, Қазақстанда ма? Бұл жердi бұрын қазақтар мекен етпеген бе?”. Жат атауларды көрген сайын бүйiрiме әлдене шаншудай қадалатын. Аудандағы өзiм сенетiн басшы жiгiттермен ақырындап, ономастика мәселесiн қайта қарау жөнiнде кеңесiп көрiп едiм: “Әбеке, қазiр оның уақыты емес. Сау басыңа сақина тiлеп аласың”, – деп қолдаудан бас тартты. Мен: “Ау, мұның уақыты сонда қашан келедi? Сол уақытты қашанға дейiн күтуге болады? Мен өзiмнен кейiнгiлерге иек артсам, олар өздерiнен кейiнгiлерге сiлтей берсе, тiрлiк түлкi бұлаңға айналмай ма? Бүгiн, не ешқашанда!”,-деп нар тәуекелге бардым.

Сәтi түскен уақытта әр ауылдың тарихтан, ел мен жер атауларынан хабары бар сөз ұстар ақсақалдарды кеңсеме жинадым. Аудандағы елдi-мекендердiң тарихи атауларын қалпына келтiру керектiгiн алдарына мәселе етiп тартқанымда олар қуана құптады. Сонымен Мичурин колхозының орталығы “Веселое” селосын – Белбұлақ ауылы деп өзгертуге ауаткомның шешiмiн шығарып, бюджеттен қаражат бөлдiк. Жаңа атау жалпақ тақтаға жазылып, күре жолдың ауылға кiре берiсi мен шыға берiсiне тұрғызылды. Iс онымен бiтпедi. Көрiнбейтiн қарсыластар пайда болды. Олар түнде белгiнi қиратып не қарамай жағып, бүлдiрiп жүрдi. Мен қайта қалпына келтiртумен болдым. Аналар ақыры бiздiң дегенiмiзге көндi. Содан кейiн “Ближний Востокты” – Тұрар Рысқұлов ауылы, “Верныйды” – Еңбекшi ауылы, “Ремизовка” санаторийiн – Көктем шипажайы деп өзгерттiк. Аудандағы Қызыл Ту деген бiрнеше ауылдың бiреуiн Талдыбұлақ деп қайта атадық. Байқаймын, менiң бұл iсiм ауданның, облыстың бiраз басшыларына ұнамаған. Биiк мiнберлерден қарсы келмесе де: “Онсыз да жетпей жатқан бюджеттен бекер босқа қаржы бөлiп қайтесiң”-дегендердi құлағым шалды. Келiмсектер үшiн бекер шығар, бiз үшiн намыс. Бұл игi шараны әрi қарай да жалғастыруға болар едi, егер 1984 жылы Iле аупарткомына бiрiншi хатшы болып сайланбағанымда.

Ертеңiне жүргiзушi Александр Феглердi күндегi уақыттан ертерек шақырттым. Неше жыл қызметте жүрiп нақ осындай бiлiктi жүргiзушiнi кездестiрген емеспiн. От алған машинаның үнiнен-ақ қай бөлшегiнiң қалай жұмыс iстеп тұрғанын бiле қояды. Онымен жолда қалып, жиналыстарға кешiгiп барған емеспiн. Өзi де адам ретiнде жоғары бағалауға тұратын жан.

Меңдiбаевтың сонда алғашқы рет қабылдауында болып, кескiнiн бiрiншi рет көруiм. Баяғы Асекең, Асанбай Асқаровты айтамын, күнi кешегi Кеңес Аухадиев отырған қасиеттi кабинеттiң төрiнде, үлкен стол басындағы жұмсақ орындыққа қонжиыпты. Столдың арғы жағынан кеудесi ғана көрiнгенiне қарағанда бойы да бiртұтам-ау. Дөңқабақ, дорба ауыз. Сәлемiмдi салқын алды. Өзi қара, көзi көк екен. Қазақтар ондайды “ол адамның сұмпайы” дейдi ғой. “Түрiң қандай жиренiштi едi”. Адамдар алғаш ұшырасқанда бiр-бiрiне жылы қабақ танытпай ма. Ал бiз ежелден жау адамдардай бiр-бiрiмiзге ежiрейе қарап, езу де тартқан жоқпыз. Алдындағы тiлдей столға шынтағын сүйеп отырған көмекшiсi кабинеттен шығып кеттi.

– Сiз шақырған соң келiп едiм. – Мен көмекшi отырған орындыққа тiзе бүктiм. Бiр-бiрiмiзбен арбасқандай аз-кем үнсiз отырдық. Әдетте баяғы Асекең, кешегi Кеңес әуелi ел-жұрттың аман-саулығын сұрап, содан соң шаруашылықтың жай-күйiне көшетiн. Ал мынау “бiссiмiләсiн” бiрден өзiн-өзi дәрiптеуден бастады. Сөз мәнiне көңiл қойсам қайта құру саясатының жалғыз қайраткерi өзi iспеттес. Мәскеудiң барынша үрлеп, жарылатын жағдайға дейiн келтiре мақтап, әбден оқытып, шоқытып дайындап жiбергенi көрiнiп-ақ тұр. “Бар билiк өзiңде, қолыңнан ешкiм де қақпайды” деген-ау сiрә. Ол лепiрiп отыр. Сөзiнде жүйе жоқ. Ойы ойқы-тойқы. Әуелi облыс шарушылықтарын аралап, бәрiн де өз көзiмен көрiп, бiр тұжырымға келсе мақұл ғой. Көрмесе де бiлетiндей күмпиiп:

– Бәрiне кадрлар кiнәлi. Ұйымдастыру жұмыстарында қайта құру талаптарын орындай алмай жүр, – деп бiр қойды. – Тоқыраудың шырмауығына шырмалған. Сондай басшылардан арылмай iс алға баспайды, – дедi тағы. Тоқсан ауыз сөзiнiң тоқетерiне содан соң ғана көштi. Шегiр көзiн маған қадап:

– Сiз де бүгiннен бастап қызметтен боссыз, – деп қойып қалды.

Оның бұл пәрменi мен үшiн төбемнен жай түскендей тосыннан болған жоқ. Осыны айтарын iштей күтiп, дайын келгенмiн. Бiрақ менi ашындырғаны оның партия тәртiбiнен сауатсыздығы болды. “Партиялық жұмыстан мүлдем мақұрым екенсiң-ау, жазған. Солтүстiк Қазақстанда елдi қалай басқарғаның ендi түсiнiктi”.

– Сiз бiрден орнымнан ала салатын мен совхоз директоры емеспiн. Менi бұл қызметке аудандық партия комитетiнiң пленумы сайлады. Партияның Жарғысы бойынша менi орнымнан пленум ғана босата алады. Партиялық тәртiп пен заңдылықты сақтағаныңыз жөн шығар. Оның үстiне мен аудандық және облыстық Советтiң депутатымын, обкомның мүшесiмiн.

Керiсiнше, Меңдiбаев менен мұндай қарсылық күтпесе керек. Мысыммен басып, айқайыммен ықтырып аламын деген ойда болған-ау шамасы. Табан астында аузына сөз түспей тосылып қалды. Өзiнiң ыңғайсыз жағдайда қалғанын сездiргiсi келмей, алдында бей-берекет жатқан қағаздарын жинастырып, бiр ана жағына, бiр мына жағына қойды. Ол ойын жинақтай алмай жатқанда үзiлген сөзiмдi жалғадым.

– Марат Сәмиевич, сiз маған көктен түскендей етiп қызметтен боссыз демеңiз. Мәселеңдi обкомның бюросында қарап, кезектен тыс өтетiн аупарткомның пленумына сiздi қызметтен босатуды ұсынамын деңiз. Солай айтсаңыз құлаққа кiредi. Бiрақ менi орнымнан алу үшiн кiнәм болуы керек қой. Сол жағын да ойластырып қойған шығарсыз. Менiң қандай кiнәм бар? Соны бүкпей ашып айтыңыз. Қызмет бабымен шаруашылық басшыларынан тапсырмамның орындалуын талап еткеннен басқа, ешкiмнiң де әкесiн өлтiргенiм жоқ.

Ол баждиып қарап баж еттi:

– Обкомның бюросынан екi рет ауызша сөгiс алғансың. Сенi орныңнан алуға сол екеуi де жетедi.

Мен де тiк кеттiм.

– Ондай ауызша берiлген сөгiс кiмде жоқ? Аудан шаруашылығын құлдыратып жiберсем мақұл. Iле ауданына басшы болып барғаныма бiр-ақ жыл. Осы қысқа мерзiм iшiнде-ақ бiрқатар көрсеткiштер бойынша басқа аудандардан алда келемiз. Қолға алған қаншама жоспарлар бар. Соларды жүзеге асыруға қайта мүмкiндiк бермейсiз бе? Бәрiн бiр-ақ жылда жоғары көтеретiн менiң ертегiдегiдей сиқырлы таяғым жоқ.

Оның шегiр көздерi ақиланып:

– Бiрiншi хатшы сұрап алатын қызмет емес, – дедi.

– Мен мұны сiзден сұрап отырғаным жоқ. Әрбiрден соң әкемнен қалған қызмет емес. Бiрақ мен бастаған iстi соңына дейiн жеткiзуге әдеттенген жанмын. Менiңше сiз айтқан сөгiс сылтау ғана. Мәселенiң астары басқада. Ал сiз оны ашып айтпай тұрсыз.

Меңдiбаев сазарып, безердi.

– Мәселең ертең бюрода қаралады.

Сөз сонымен бiттi. Тағдырымның күнi бұрын шешiлiп қойғаны белгiлi болды. “Күштiнiң арты диiрмен тартады”. Тек көзiм жеткен бiр жай Меңдiбаевтың өресi өте төмен екен. Мұндайдың билiкке келуi тым қауiптi.

Ендi әлгi екi сөгiстiң жай-жапсарына келейiн. Маған обкомның бюросы бiрiншi сөгiстi не үшiн бердi? 1983 жылы мен Талғар аудандық Советi Атқару комитетiнiң төрағасы қызметiнде едiм. Аудан аумағындағы “Луч Восток” колхозының “Дзержинец” деп аталынған пионер-лагерi бар. Лагерь соңғы екi-үш жылдан берi колхоз қаражатының тапшылығынан қаңырап бос қалған. Алматыдағы мылқаулардың республикалық қоғамы сол лагерьдi миллион сомға сатып алмақшы болып, колхоз басқармасына ұсыныс жасайды. Басқарма төрағасы Кеңес Жандыбаев аудандық Атқару комитетiнiң келiсiмiн алуға маған келдi. Мен он үш адамнан тұратын комиссия құрдым. Лагерьдi сату мәселесiн талқыға салдық. Комиссия мүшелерi ақылдаса келiп, түгелiмен қарсы болды. Хаттамаға “Колхоз мылқаулар қоғамының ақшасын лагерьдi жөндеу жұмыстарына қолданып, бiрлесiп пайдаланғандарын құптаймыз” деп жазылған. Сол кезде бiздiң қоғамда екi меншiктiң түрi болды ғой. Алғашқысы мемлекеттiк, соңғысы колхозды-кооперативтiк. Колхоз басқармасы өз мәселелерiн өздерi шешуге толық құқылы. Жандыбаев колхоздың жалпы жиналысын жасап, лагерьдi сатуға шешiм шығарған. Кейiннен Жандыбаев пен бас экономистiң үстiнен қылмыстық iс қозғалады. Жандыбаев сотта айыпты деп табылып, он үш жылға кесiлген. Сондай-ақ бас экономист те бiрнеше жылға бас бостандығынан айырылыпты. Обкомның бюросында маған сол қылмысқа жол бердiң деп, ауызша сөгiс жарияланды.

Ал екiншi сөгiс не үшiн берiлдi? Содан он үш жыл бұрын аупарткомда бастауыш партия ұйымдары ұсынған кандидаттарды партия қатарына қабылдаппыз. Мүшелiкке қабылдауды сол кездегi аупарткомның екiншi хатшысы мен жүргiзiппiн. Солардың қатарында Г.Исраилов деген аудандық сауда саласында iстейтiн жiгiт те бар екен. Жыл сайын мыңға жуық адам қабылданады. Қайсы бiрiн есiңе сақтайсың. Арада бiрнеше жыл өткен соң, дәл айтсам 1984 жылы Исраиловтың үстiнен бiреулер обкомға домалақ арыз түсiрген. Онда “Исраилов дипломды сатып алған. Партияға мүшелiкке өтiп, қызметте қулықпен өсiп жатыр” деп жазылса керек. Сол арыз бойынша оны партия қатарынан шығарып, қызметтен қуып, iсiн сотқа өткiзiптi. Сот қатаң жазалайды. Ал менiң кiнәм, Исраиловты партия мүшелiгiне қабылдау кезiнде қырағылық танытпағаным екен. Сол үшiн обкомның бюросында ауызша сөгiс жарияланды. Бастауыш партия ұйымында бiр жыл кандидаттық мерзiмiн өтеп келген мыңдаған жанның қайсысына күмәнмен қарайсың. Кiмнiң кiм екенi маңдайына жазылып қойып па? Меңдiбаев бүйректен сирақ шығарып отырған сөгiстердiң жайы осы. Ау, ауызша екi сөгiстен басқа аса маңызды мәселе бар емес пе? Ауданның экономикасымен, әлеуметтiк жағдайымен ол неге таныспайды? Бегiмбетов кiм? Iскер басшы ма, жоқ әлде салпақтап жүрген бiреу ме? Оның әуелi осыған көзiн жеткiзуi керек едi ғой. Өкiнiшке орай Меңдiбаев әдiлеттiлiктi белден басты.

Ертеңiне обком бюросының мәжiлiсi болды. Күн тәртiбiне қойылған мәселе “Жамбыл аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Б.Егiнбаев пен Iле аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы А.Бегiмбетовтiң жұмыстары туралы”.

Бюро әуелi Егiнбаевтың мәселесiн талқыға салды. Содан кейiн менi шақырды. Төрде Меңдiбаев. Қалың қабағынан қар жауардай түнерiп отыр. Қалғандары соның екi жақ қапталына жайғасыпты. Салған жерден обкомның екiншi хатшысы Шулико сұрақ қойды.

– Амангелдi Мукашевич, “Луч Восток” колхозындағы оқушылар лагерiн неге саттыңыз? – Менi бiрiншi рет көрiп тұрғандай, үнi соншалық құлағыма жат естiлдi. Кеше ғана сыйласып жүрген дос-жаран, бүгiн мүлдем бөтен сияқты. “Өзi бәрiн бiлiп тұрып, неге сұрап отыр? Менi табалағаны ма, жоқ әлде Меңдiбаевқа жағынғаны ма?.. Менi ендi қайтып көрмейтiн секiлдi”. Тағдырым алдын-ала шешiлiп қойған. Тартынып именетiндей не қалды?

– Георгий Викинтьевич, сатқан кiм? Әуелi соның анық-қанығын бiлiп алыңыздар.

– Сiз сатылған лагерьден қандай пайда көрдiңiз?

Шуликодан тап осы сұрақты күткен жоқпын. Шымбайыма қатты батты. Қаным басыма шауып, ашу-ызаға ерiк бердiм.

– Георгий, сен ненi көкiп тұрсың? Жалпы сен менi кiмге санап отырсың? Сен менi бүгiн көрiп тұрған жоқсың. Бiз бiр-бiрiмiздi бұрыннан жақсы бiлетiнiмiздi ұмыттың ба? Егер одан пайда көргенiме сенiң көзiң анық жетсе, кел екеуiмiз осы жұрттың алдында бөлiске салайық. Қазақ: “Өле жегенше, бөле же”,-дейдi. Оны көзiммен ата қарап, сәл кiдiрдiм де. – Сенiкi ақылға сыймайтын сұрақ.

Шулико ары қарай аузын ашпады. Шикi сары өңi қызара бөртiп, үн-түнсiз отыр. Иә, бiз бiр-бiрiмiздi көптен берi бiлушi едiк. Дастарқанда дәм-тұздас та болдық. Мен Талғар аупарткомында екiншi хатшы кезiмде, ол Алматының Октябрь аупарткомында үшiншi хатшы болатын. Бiр жолы жақсы сыйластығымызды арқаланып, ауданнан саяжай алуына көмектесуiмдi өтiнген едi. Мен: “Георгий Викинтьевич, саяжай кезегiнде тұрғандар саны бастан асады. Соғыс және еңбек ардагерлерiнiң өздерi қаншама. Соларды айналып өтiп, саған саяжай бергiзуге ықпал жасай алмаймын. Өтiнiшiмдi орындамады деп ренжiме. Оның үстiне қитұрқы жолмен алған сол саяжайың, кейiн өз басыңа пәле болып жабыспасына кiм кепiл. Қысқасы, тәртiптi бұзғым келмейдi”,-дедiм. Түсiнгендей шырай танытып, кабинеттен шығып кеткен.

Облыстық Советi Атқару комитетiнiң төрағасы Беляков тамағын кенеп:

– Жолдас Бегiмбетов, маған пияз мәселесiн айтыңызшы. Ұрыққа деп жиналған пияз неге қайта сатылды? Сiз сол кезде аудандық Атқару комитетiнiң төрағасы едiңiз ғой.

Меңдiбаев елең ете қалды. Бұл жайдан бейхабар болса керек. Маған қос танауы делдиiп, едiрейе қарады. “Ал бұған не дейсiң?” – Кiрпiк қақпай қадалып тұрды да, кенет миығынан мырс еттi. “Тұтылған жерiң осы шығар. Ендi тордан шығып көр” – дегендей сұрғылт өңiнде ащы мысқылдың табы ойнады. “Жасқаған сыңайына болайын сенiң”.

Қызметте жүрiп жақсыны да, жаманды да бiр кiсiдей көрдiм. Өмiр мектебi менi талай қиын кезеңдерде сабырлы болуға да үйреттi. Жақсыдан тәлiм алдым, жаманнан жирендiм. Арым таза. Сондықтан жүзiм жарқын. Кеудем тiк. Неден жасқанамын. Осы Беляковпен де қызмет бабында талай араластым. Қаншама игi iстi бiрге атқардық. Кiм екенiн бiр кiсiдей бiлемiн. Байқаймын өз мансабы үшiн бүгiн менi жардан итере салмақшы. “Жоқ, досым, оның бола қоймас”.

– Владимир Павлович, сiз оны менен емес, Талғар аупарткомының бiрiншi хатшысы Терзманнан сұраңыз. Сондай-ақ осы пиязға тiкелей қатысты “Алматы” колхозы басқармасының төрағасы Смыков та сiзге толық мәлiмет берерi анық. Ал менiң бұл iске еш қатысым жоқ. Сол кезде Алматыдағы аупарткомдардың бiр айлық курсында оқыдым.

Бюро мүшелерi үнсiз. Беляков тағы да әлдененi сұрағысы келiп, ыңғайлана бергенде мен алдын орап кеттiм.

– Владимир Павлович, сол пияз ұрығы жөнiнде менiң де сiзге қояр сұрағым бар. Сiз облыстық Советi Атқару комитетiнiң төрағасысыз. Сол пияз саудасын сiз қалай бiлмей қалдыңыз? Терзман сiз қадiрлейтiн кiсi. Күн сайын Терзманмен хабарласып отырған сiз бiлмесеңiз, қаладағы курста жүрген мен қайдан бiлемiн?

Шындықпен бетпе-бет келген қандай қиын. Беляков жауап беруден тайқып шыға келдi. Өңi өрттей қызарып:

– Амангелдi Мукашевич, бұл саған жай қойыла салған сұрақ қой, – дедi тiлi күрмелгендей кiбiртiктеп.

“Сасқан үйрек артымен жүзедiнiң” керi. Ендi мен мырс етiп езу тарттым.

– Владимир Павлович, бұл әзiлдесетiн той емес, бюро. Қазiр менiң тағдырым шешiлiп жатыр. Бiле бiлсеңiз, мұндай мәжiлiсте жай сұрақ қойылмайды.

Ол маған тура қарауға дәтi бармай, басын төмен салды. Бюро мүшелерi үнсiз. Меңдiбаевтың тапырайған бетiнде әлгi мысқылдан жұрнақ та қалмапты. Есесiн тағы да жiберiп алғанына күйiнбегенде қайтсiн. Ендi кiмде сұрақ бар дегендей жан-жағына тұлданып көз тастады. Жұрт өзiне салып, әлiптiң артын баққан күйi жақ ашар емес. Үнсiздiктi мен бұздым.

– Жолдас бюро мүшелерi, сұрақтарыңыз болмаса өз қызметiме байланысты сөйлеуiме рұқсат етiңiздер. Ауданның экономикалық-әлеуметтiк жағдайын, жетiстiгi мен кемшiлiгiн сiздердiң де айтуларыңызға болатын едi, – деп бiр жылдың iшiнде атқарылған қыруар жұмыстарды, әлi де қолға алынбай жатқан iстердi қысқаша тiзiп шықтым.

Менiң сөзiм Меңдiбаевты қызықтырмады. Оң жақ, сол жағында отырғандарға басын алма-кезек бұрып, дүрдиген ерiндерi жыбырлап, әлденелердi күбiрлеп жатты. Мен сөзiмдi аяқтадым. Ол доқ көрсеткендей күшене лепiрiп, өзiн жоғары басшылықтың облысқа қайта құруды барынша батыл жүргiзуге жiбергенiн ескерте келiп, қызды-қыздымен сөз арасында Мәскеуден кадр саясаты жөнiнде ерекше тапсырма алғанын аңдамай тiсiнен шығарып алды. Сөз төркiнi қайда жатыр? Бюро мүшелерiнiң бiразы жайсызданып, ерiксiз қозғалақтағанда, астарындағы орындықтары сықырлады. Меңдiбаев осы қызметке сайланарда әуелi Мәскеудiң талғамынан өткен. Сол кездiң тәртiбi солай. КПСС ОК Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтiң Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа көзқарасы сол жылы тамызда Целиноград (қазiргi Астана) қаласына iс сапармен келгенде мәлiм болған жоқ па. Горбачев қырын қараған соң Меңдiбаев қабылдауларында болған КПСС ОК Ұйымдастыру бөлiмiнiң орынбасары Могильниченкодан, Орта Азия мен Қазақстан бойынша бөлiмше бастығы Мищенко, ОК хатшысы Егор Кузьмич Лигачевтан не қайыр күтесiң? Қазақстанда Қонаевтың ықпалын қалай да төмендету керек. Ол үшiн астана мен астаналық облыстан бастап, кадрларын басшылықтан ығыстыру қажет. Меңдiбаевтың “кадр саясаты жөнiнде ерекше тапсырма алғанының” астары сонда жатыр. Обком бюро мүшелерi бұл қитұрқы саясатты сонда аңғарған.

(Жалғасы бар)

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары