ОҢТҮСТIК ӨЗГЕРIП ЖАТЫР

ОҢТҮСТIК ӨЗГЕРIП ЖАТЫР

ОҢТҮСТIК ӨЗГЕРIП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
224

ЖАРНАМАҒА ЖАНЫ ҚАС ӘКIМ

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов өзге әкiмдер секiлдi өзiн-өзi жарнамалап, сырнайлатып, кернейлетiп “лента қиып”, той думандатып жатқан жоқ. Сондықтан болар төртiншi билiктiң өкiлдерi “өзiн-өзi жарнамаламайтын әкiм” деп айдар тағып мақала жазып жатқаны. Оңтүстiкке келiп таққа отырған әкiмге қызмет жасау оңай шаруа еместiгiн бiз жақсы бiлемiз. Мырзахметовке Оңтүстiк өлкесiн басқару үлкен саяси сынақ десек те болады. Төртiншi билiк ел арасында жағымды да, жағымсыз да қоғамдық пiкiр тудыратын болғандықтан халыққа шынайы ақпарат жеткiзбей тұра алмайды. “Платон менiң досым, шындық одан да қымбат” деген қағиданы үнемi ұстануымызға тура келедi. Жаңадан тағайындалған әкiм туралы осы төрт ай көлемiнде артық-ауыз пiкiр айтуға асықпадық. Әлiптiң артын бағып, қоғамдық пiкiрге құлақ түрдiк. Мырзахметов қызметке келгелi берi не iстеп, не бiтiрдi? – деп сұрап жатқан оқырмандарымыз да жоқ емес. Бiз ендi қоғамдық пiкiрге сүйене отырып өз топшылауымызды қалың оқырманға жеткiзсек деймiз. Бұрынғы облыс әкiмдерi туралы аз сын жазбадық. Ақиқатты айтқан соң ба, бiрде бiр сынымызды терiске шығарған жоқ. Сын жаздық деп дәл қазiр Асқар Мырзахметовтың соңынан шу көтерiп, дабыра жасағымыз жоқ. Түймедейдi түйедей етудi мақсат тұтпадық. Бiрақ, “дос жылатып, дұшпан күлдiрiп айтады” демекшi, бұл әкiмге де сын базынамызды айтпай кете алмаймыз. Ынтымақ — бiрлiк, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кадр саясаты туралы жақсы бастамаларын қатаң бақылауға алса дұрыс болар едi. Бастаған iстi баянды ету кез келген басшының мiндетi. Сондай-ақ оның командасына елге әлi беймәлiм, жас буын кадрлар келдi. Олар өздерiн жауапты iсте жақсы қырынан танытар болса, нұр үстiне нұр. Егер тамыр-таныстыққа, сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, бұл Мырзахметовке үлкен “минустар” әкеледi. “Мырзахметовтың айналасына жинаған кадрлары мынау” — деп көзге шұқып көрсететiндер де табылады. Сенiм бiлдiрген кадрлар бұл әкiмдi ұятқа қалдырмай өздерiн iскерлiк, ұйымдастырушылық, адамгершiлiк қасиеттерiн танытса, қазiргi сын айтып жүргендердiң аузына құм құйылар едi. Бүгiнде Асқар Мырзахметов өз командасын толық жинап бiткен жоқ. Алда атқарылар iстер көп. Айналасындағы қара бастың қамымен, креслодан айырылып қалмайын деген Шымкентте кейбiр шенеунiктердi үрей билеген. Олар жақсы бастамаларды қолдаудың орнына гүбiр-гүбiр, сыбыр-сыбыр әңгiмелерден әрi аса алмай жатыр. Халыққа осылай әкiмнiң мақсаттары мен ойлаған iс-жоспарлары дұрыс жетпеген соң, ел де бiр жұдырыққа қалай жұмылады?

Оңтүстiк Қазақстан облысында “комиссар Катани” болып, әдiлеттiлiк орнату қиын шаруа. Жалғыздың үнi, жаяудың шаңы шықпас күй кешуiң әбден мүмкiн. Әрине, тұлпарлардың күш — қуаты тұяғы мен жалында десек те, оның күш-қуаты бар мүшесiнiң үйлесiмдi қимыл қозғалысында екендiгiн данышпан бабаларымыз айтып кеткен. Сондықтан, Асқар Мырзахметов жақсы команда жасақтай алса, Шыңғысхан секiлдi ел болашағы үшiн жасайтын жорықтары сәттi болары даусыз. Жақсы команда жасақтау — бұл әкiмнiң абыройы мен беделi.

Мырзахметов кадрларды өзi iрiктеп, өзi таңдайды дейдi. Оған ешкiм де ықпал жасай алмайтын көрiнедi. Соған қарағанда оның “жаулары” да аз болмайтын сияқты. Оңтүстiктiң белдi-белдi деген ру басшылары және Астана мен Алматыда отырған iрi-iрi шенеунiктер оған тiс қайрап жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Тiптi қазiр өз кадрларын жылы креслоға жайғастыра алмағандар өкпелi емес деп айта алмаймыз. Осы топшылауымызға қарағанда Мырзахметов әртүрлi тосын саяси шабуылдарға ұшырайды. Оған ол тас-түйiн дайын отырса да болады.

Ал, ел басқаруға келген Асқар Мырзахметов туралы жылы пiкiр айтпауға хақымыз жоқ. Бұл әкiм қарапайым халыққа өте жақын болғысы келедi. Дегенмен “турасын айтып туысыңа жақпайсың”, “шындық жолы — шырғалаң, ақиқат жолы — әлжуаз” деген бар. Әкiм ұстанған қағида халыққа, елге тиiмдi екенiнде дау жоқ. Алайда, жағымпаздар мен жарамсақтарға жемқорлар мен парақорларға, тамырын терең жайған коррупционерлерге, шырмауық секiлдi шырматылған шымкенттiк шенеунiктерге, ағайынның әңгiмесiнен әрi аса алмайтын тоңмойындарға жақпайтыны рас. Мырзахметов бай-манаптар мен шенеунiктерге емес, қарапайым халыққа бас игiсi келедi. Бұл принциптi ел-жұрт болып қолдау керек. Шеттеп қалу кез келген азаматқа сын сияқты.

Жарнамаға жаны қас әкiм туралы даңғаза, дақпырт, орынсыз мақтау, мадақтау әңгiме айтқанды жөн санамадық. Бұлай ұпай жинағымызда келмейдi. Оңтүстiктi басқаруға қандай әкiм келдi деген сұрақтың нақты жауабын ғана iздедiк.

Мырзахметов туралы қоғамдық пiкiрге құлақ түрсек, жылы пiкiрлер, алып қашпа әңгiмелер де естимiз. Тырнақ астынан кiр iздеп, қызметiне тағайындалғанына көп уақыт болмаған бұл әкiмге қара күйе жаққысы келетiндер де жоқ емес. Бұрынғы қызметiнен iлiк iздеп жүргендер де бар. Бұл әкiмге тасада тұрып, тас ататындардың шабуылына тойтарыс беруiне тура келедi. Әкiмнiң табандылығына қарағанда тойтарыста беретiн секiлдi.

Бұл өңiрдiң басшысы туралы қоғамдық пiкiр неге саяды? Ендi соған тоқталайық: Мырзахметов ақиқат жолынан адаспай, шындық жолында шырылдап жүрген турашыл азамат көрiнедi. Айналасына ағайын-туысын жинап, рушылдықтың жетегiнде кетпейтiнiн де аңғартты. Елдегi бар мәселенi халықтың талқысына салып, жалпақ жұртқа жариялық арқылы жеткiзбек ойда. Бұл оның демократиялық қағидаларды берiк ұстанатынын байқатады. Баз бiреулер бұл азаматты ұлтжанды дейдi. Және жоғарғы жаққа жалтақтамай өз бетiнше шешiмдер қабылдап, жаңа бастамалар көтеруге бейiм дегендi айтады. Бұл бiздiң емес, елдiң пiкiрi. Бұл пiкiрлердiң ақиқатына уақыт төрешi.

АҚИҚАТТЫ АЙТА БIЛУ ДЕ ЕРЛIК

Оңтүстiк Қазақстанда жасыратыны жоқ, рулық, тайпалық көрiнiстер белең алып жатады. Бұл жайында аз жазылып жатқан жоқ. Бұл келеңсiз көрiнiспен ашық күресу кез келгеннен табандылықты, жүректiлiктi талап етедi. Сондықтан ұлтаралық ынтымақ пен қоғамдық татулықты нығайту үшiн “Ырыс алды — ынтымақ” атты жиында бұрын-соңды болмаған келелi әңгiме қозғалды. Мұндай келелi әңгiменi қозғап, ақиқатты халыққа ашық жеткiзу қазаққа, елге шын жанашырлық деп түсiнуге болады. Бұл бас қосу түркi дүниесiнiң түп қазығы, екi дүние есiгi, ер түрiктiң бесiгi Түркiстанда өттi. Ащы шындық ашық айтылды. Қазақ қазақ болам десе бұл ұрпаққа тек ынтымақ пен бiрлiк қажеттiлiгi айтылды. Осы бас қосуда айтылған пiкiрлерге құлақ түрiп көрейiк: “… Облысымыздағы мешiттер саны 681-ге жетiп отыр. Әрине, мешiт көптiк етпейдi. Өкiнiшке қарай рудың, атаның, ананың атымен аталатын мешiттер бар. … тiптi бiр елдi мекенде екi-үш мешiт салынып, ру-ру, ата-ата боп бөлiнгендi қалай бағалауға болады? … Көп реттерде өзiмшiл, мақтаныш, бәсеке, мүдде басым түсiп, мешiт салдырушылар әкелерiнiң, руларының атын қойып жатады. Бұл бiрiктiруге, ұйыстыруға емес, бөлiнушiлiкке, түсiнiспеушiлiкке соқтырмай ма? Жұртты ренжiтiп, жас ұрпақтың тәлiм-тәрбиесiне керi әсер етпей ма? Ойландыратын осындай мәселелер аз емес. … Ең сорақысы — тiрi кезде бөлiнгенiмiз аздай кей ауылдарда ру-ру болып бөлiнiп ру-ру мазараттар тұрғызыла бастады. Әр ұлттың, әр рудың өмiрден озған өкiлiн “өз мазаратына” жерлеу белең алып бара жатыр. Қазақта “Өлiм — кемдiк емес, теңдiк” демей ме? Байдың да, жарлының да баратын жерi бiр жер. Арғы дүние де ру да, атақ та, қызмет те жоқ емес пе? … Өкiнiшке қарай, кейбiр елдi-мекендердiң, рулардың “президенттерi”, “көсемдерi” тар өрiстi, қысқа өрелi тiрлiктерге жол бередi.”

Оңтүстiкте мұндай даңғазалыққа салынып, мешiттер мен ескерткiштер салғаннан гөрi, халыққа қажеттi емханалар, мектептер, балабақшалар мен кiтапханалар, жолдар мен көпiрлер салудың сауаптылығы көпшiлiкке түсiндiрiлдi. Қазiргi кезде бұл жақтағы бай-манаптар, кәсiпкерлер, балабақша, мектептер салуға бет бұрды. Бұл да жақсы бастама. Дегенмен жақсы бастаманы ел болып қолдамаса аяқсыз қалатыны даусыз. Ел ағалары бiр жұдырыққа жұмылып, тiрлiк жасаса алынбайтын асу, бұзбайтын қамау болмас едi. Бүгiнде жақсы бастама өз деңгейiнде қолдау тауып жатқан жоқ. Елдiң ынтымақ-бiрлiгiнен гөрi рудың, топтың мүддесiнен асалмай жатқандар бар. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар өз деңгейiнде көрiнбей тұр.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА АЯУСЫЗ СОҚҚЫ БЕРIЛIП ЖАТЫР

Оңтүстiк Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргiзiлiп жатыр. БАҚ-тардың басты тақырыбына айналған ауыл шаруашылық саласына бөлiнген субсидия “жырын” айтсақ та болады. Субсидия қаржысының заңсыз жұмсалуына қол қойған ведомствоаралық комиссия мүшелерi тегiс жұмыстан босатылды. Заңсыз субсидия қаржысын босатуға қатысы бар азаматтар жұмыстан кетiп қана қоймай, олардың үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Облыс әкiмi құзырлы органдарга заңсыз жұмсалған субсидия қаржыларын мемлекет қазынасына қайтаруға қатаң тапсырма бердi. Осы жағдайға байланысты облыс көлемiнде iрi-ұсақты 26-ға тарта шенеунiкке тәртiптiк шара қаралып қызметiнен босатылды. “Нұр Отан” ХДП-сының мүшелерi партия қатарынан шығарылды. Көптеген аудан әкiмдерi сөгiс алды. Осы тiрлiкте жайбарақаттық танытқан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Қалыбек Алдабергенов алдымен сөгiс арқалап, кейiнен қызметiнен аластатылды. Бұл шенеунiктiң Төле бидi түрлендiрмей, Түлкiбасты шулатып, ауыл-аймақты айқай-шуға батырғанын жұрт жақсы бiледi. Бұл лауазым иесi әдiл жазасын алды дейдi жұрт. Бұрынғыдай сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер жеңiл-желпi жаза алып, құтылып кете алмады. Бәрiне қатаң, әдiл жаза берiлдi. Көңiлге қонымдысы да осы.

Ендiгi жерде субсидия бөлуге жергiлiктi атқарушы билiк тiкелей араласып, өздерi шаруа қожалықтары мен диқандарға жақыннан қамқорлық жасайтын болады. Бұрынғыдай “ит иттi жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды” деген тiрлiкке жол бермейiк. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы өз тiрлiгiмен, әкiмдер өз тiрлiгiмен айналысады. Бар жауапкершiлiктi өз мойнына алған аудан, қала әкiмдерi қызметiнен айырылып қалмау үшiн сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтiн болады. Жаңадан тағайындалған ауылшаруашылық басқармасының бастығы Қанат Ыдырысов жоғарыдағы кемшiлiктердi қайталамайды деген ойдамыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ендi бiлiм, денсаулық сақтау саласына жұмылдырылмақ. Себебi, бұл салада заң бұзушылықтар өте көп. Тендер төңiрегiнде де “бармақ басты, көз қысты” жағдайлар аз емес. Бiрiншi шiлдеден бастап кәсiпкерлiктi тексеруге жарияланған мораторийдың күшi жойылды. Ендi облыс әкiмiнiң тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, құрылыс компаниялары тексерiлдi. Облыста базасы бар 50-ден астам компания бар екен. Ал, базасы жоқтар одан бiрнеше есе көп. Аты бар да заты жоқ ондай компаниялардың лицензиясы қайтарылып алынып жатыр.

ДАҒДАРЫСТА ДАҒДАРМАҒАН ОҢТҮСТIК

Әлемдiк қаржы дағдарысына байланысты Оңтүстiкте оңды iс-шаралар жасалынды. Дағдарысқа қарсы жұмыстар төрт бағыт бойынша жүзеге асты. Бiрiншiсi — әр саланың жағдайы толық сарапталып, кемшiн тұстары анықталды. Облыста өндiрiлетiн өнiм көлемi мен оның түрлерi нақтыланып, iшкi рыноктағы тұтынушылардың сұранысын анықтайтын толыққанды зерттеу жүргiзiлдi. Екiншiден, әр аудан, қала көлемiнде сол өңiрдiң экономикасына оң әсерiн тигiзетiн жетекшi iрi және орта бизнес жобаларын белгiлеу мен оларды iске асыру тетiгi қарастырылды. Кезiнде түрлi себептермен тұралап қалған кәсiпорындарға салалық жұмысшы тобы көп мөлшердегi қаражатты қажет етпейтiн осындай өндiрiс орындарына көмектесу шараларын белгiлейдi. Мұнан соң мемлекеттiк деңгейдегi, облыс көлемiндегi түрлi қаржы институттарының атқарып отырған жұмысына сараптама жасап, бизнес — жобаларды қаржыландыру көздерiн анықтамақ. Облыста проблемасы бар нысандар зерттелiп оны аяққа тұрғызу үшiн нақты тапсырмалар берiлуде. Мәселен, Түркiстан қаласында көкөнiс өндiрудi арттырып, оны ұзақ мерзiмге сақтау қолға алынды. Төле би ауданы бойынша бiрнеше кәсiпкерлердi ұйымдастыра отырып, көп салалы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы өзгелерге тәжiрибе ретiнде таратылуда. Биыл облыста қайта сараптаудың нәтижесiнде бюджеттен күрделi жөндеуге жоспарланған 2 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделдi. Оңтүстiктер дағдарыстың дауасы — үнемшiлдiк, ұйымшылдық, ұқыптылық деп отыр.

ҚОЛЫ ТАЗА, АРЫ ТАЗА КАДРЛАР САНЫ КҮРТ КӨБЕЙМЕК

Оңтүстiк Қазақстан облысында кадр саясатына деген көзқарас мүлдем өзгердi. Кадрларды iрiктеп таңдауда өзгеше жүйе қалыптасып келедi. Ендi кадрлар резервi қағаз, сөз жүзiнде емес, iс жүзiнде жүйелi жүргiзiлмек. Кадрларды iрiктеуде, таңдауда топтардың, рушылдардың, тiрегi мықтылардың ықпалы жүрмейтiн болды. Қарапайым халықтың мүддесiне сай ары таза, iскер, ұйымдастырушылық қабiлетi бар жас кадрлар таққа отырады. Бұл облысқа жаңадан келген әкiмнiң кадрларға ұстанып отырған нақты позициясы. “Оңтүстiк Қазақстан облысындағы басқару кадрларының резервi туралы Ережесiнiң” жобасы жарияланды. Мұндай жобаның өмiрге келуi жағымды жаңалық болып отыр. Оңтүстiктегi шенеунiктердi резерв арқылы, халықтық қоғамдастықтың және мемлекеттiк органдардың ұсыныстарын ескере отырып тағайындау жөнiнде болып отыр. Бұл тың бастаманы халық та кең қолдауда. Облыс әкiмiнiң “туысқандары арқасында қызметке тұрғандар қызметiнен аластатылады” деп айтуында көп мән жатқан сияқты.

Оңтүстiкте кадрлық өзгерiстер ретiмен орын алып жатыр. Облыс әкiмiнiң үш орынбасары ат ауыстырып үлгердi. Жаңа қызметтерге Берiк Оспанов, Ерлан Айтаханов, Болатбек Әлиев сынды көпке бейтаныс кадрлар келдi. Әкiмнiң бiрiншi орынбасары Оспанов үш жоғарғы оқу орнын бiтiрген, экономика ғылымының докторы болып шықты. Ерлан елге белгiлi Қуаныш Айтахановтың ұлы. Ол да бiлiмдi жас көрiнедi. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әлиевтiң де өмiрбаянына үңiлсек бiлiктi, бiлiмдi, өмiр тәжiрибесi бар кадр. Олар облыстың әлеуметтiк — экономикалық салаларына оңды өзгерiстер, тың бастамалар әкеледi деген үмiт бар. “Жас келсе iске” деген өмiр қағидасына сүйенсек, бұл азаматтар сенiмге сай қызмет жасайды деген ойдамыз. Ат ауыстырған кадрлардың iшiнде ең тәжiрибелi, елде абырой-беделi бар, билiктiң бүге-шүгесiн жақсы бiлетiн Әуелхан Тұрғымбеков Төлеби ауданына әкiм болып тағайындалды. Бұл әкiм бұрындары облыс әкiмiнiң аппарат басшысы, Шардара, Сайрам аудандарының әкiмi және облыстық “Нұр Отан” филиалының бiрiншi орынбасары болып қызмет атқарған. “Түркiстан” газетiнде сын садағына iлiккен, өз туған жерiне қызметке барып, түк тындырмаған, не әлеуметтiк, не экономикалық өзгерiстер жасай алмаған облыста соңғы орында салпақтап жүретiн Қазығұрт ауданының әкiмi Н.Әжiметов тақтан тайдырылды. Бұл кадрдың орнына iс көзiн бiлетiн, тәжiрибелi шенеунiк Т.Әлиев келдi. Түркiстан қаласының әкiмi Б.Сыздықов Отырар ауданына ат ауыстырды. Түркiстан қаласының тiзгiнiн облыстық маслихаттың депутаты, бизнес саласында айтарлықтай табысқа жеткен iскер де, тәжiрибелi азамат Қайрат Молдасейiтов тағайындалды. Бұл азамат Түркiстанды түрлендiрiп, әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартады деген үмiт мол. Шымкент қалалық бiлiм саласы ақсап, бұл орынтақта бiлiмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мемлекеттiк тiлде мiңгiрлеп сөйлейтiн кәсiпкер Қайрат Сүгiрбеков қызметiнен аластатылды. Бұл көпшiлiктiң талабы бойынша жүзеге асты. Бұл орынға бiлiм саласында тәжiрибесi бар, мұғалiмдердiң мұң-мұқтажын жақсы түсiнетiн, ары таза, облыстық бiлiм басқармасының бөлiм бастығы қызметiнде болған Жанат Тәжиева келдi. Бұл азаматша қалалық бiлiм саласындағы былықтарды ретке келтiрiп, ата-аналардан ақша жинау, оқушылар арасындағы кең етек алған “разборка” секiлдi келеңсiз құбылыстардың түп-тамырына балта шабады деген сенiмдемiз. Облыстың туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына осы саланың қыр-сырын жетiк бiлетiн, даңқты спортшыларды даярлап, қазақтың атын әлемге танытқан Полат Қырықбаев өзi iстеген басшылық қызметiне қайта оралды. Бұл саланы Қырықбаев басқарған кезде Оңтүстiк Қазақстан облысынан Бекзат Саттарханов сынды Сидней Олимпиадасының жарық жұлдызы шықты. Және осы олимпиадада күмiс жүлденi қанжығасына байлаған тағы бiр былғары қолғап шеберi Мұхтархан Дiлдәбеков қазақ елiн әлемге танытты. Қырықбаевтың спорт саласын басқарған кезде талай әлем, Азия чемпиондары оңтүстiктiң даңқын шығарды. Оңтүстiк Қазақстан спортшылары Қырықбаевтың арқасында республикада командалық бас бәйгенi жиi алып жүрдi. Қырықбаевтың спорт саласына басшы болып қайта оралуы — ертең тағы да оңтүстiк өлкесiнен әлемге танылатын спортшылар шығып, көк байрағымыз талай рет көкке көтерiледi деген үмiттемiз. Тағы да бiраз тағайындаулар болып, жастар билiкке келiп жатыр.

Мырзахметовтың таңдаған кадрларына дәл қазiр сын айту орынды да емес. Өйткенi қай кадрдың қандай талап дәрежесiнде iстейтiнiне уақыт төрешi.

БЮДЖЕТТIҢ БҮЙРЕГI ӘЛЕУМЕТТIК САЛАҒА БҰРЫЛҒАН

2009 жылдың облыстың бюджетi түгелдей өзгерiске ұшырады. Бюджетке өзгерiстер енгiзуде Елбасының халыққа Жолдауы негiзге алынған. Жұмыссыздыққа жол бермеу, бюджет қаржысы арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу бiрiншi кезекке қойылған. Бұл арада түрлi жөндеуден өтетiн 1500-дей нысан құрылысы үшiн 43011 адам жұмысқа тартылмақ. Тағы бiр күрделi мәселе, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету ерекше назар аударылды. Облыстағы 900 елдi мекеннiң 488-де әлi ауызсу мәселесi шешiлмеген. Сол 488-дiң 230-ын қамтамасыз ету мәселесi алғашқы бекiтiлген бюджетте қарастырылыпты. Қалған 258 елдi мекен енбеген екен. 258 елдi мекеннiң 202-сiн ауызсумен қамтуды бюджетке қосымша кiргiзiлдi.

Бiлiм және денсаулық сақтау салаларында ауқымды мәселелердiң шешiмiн табуына қаржы қаралған. Мектептер жетiспейдi, көбi жөндеудi қажет етедi. Облыста 1013 мектеп бар. Соның барлығы биылғы жылдың бюджетi есебiнен (күрделi және ағымдағы) жөндеуден өтедi. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Одан бөлек 9 колледж, 17 кәсiби мектеп, 19 мектеп-интернат, 6 балабақша жөнделетiн болады. 40 мектептiң құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Балалар үйiне қаралған шығын қысқармайды, қайта 157 млн. теңге қосылып отыр. Облыстағы 1320 әртүрлi медициналық нысанның 209-ы жөндеудi қажет етедi екен. Оларды 2009-2011 жылдар аралығында жөндеуге байланысты үш жылдық жоспар жасалыпты. Биыл осы нысанның 71 пайызын жөндеу үшiн бюджетке кiргiзiлiп отыр.

Ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлердi тиiмдi пайдалану үшiн бюджеттен қаржы қарастырылған. Бұрын салынған су жүйелерiнiң көбi iстен шыққан, жөндеудi қажет етедi. Облыс меншiгiндегi 2335 түрлi су жүйелерiнiң 1722 биылғы бюджет есебiнен жөндеуден өткiзiледi. Нәтижесiнде 44620 гектар суармалы жер қайта айналымға енедi.

Бюджеттi қайта қарау арқылы әкiмшiлiк шығындар 2,6 млрд. теңгеге қысқарған. Бұрын қабылданған жобалық — сметалық құжаттарды сараптаудың нәтижесiнде 2,4 млн. теңге үнемделген. Шымкент қаласын көркейту-көрiктендiру жұмыстарына 1 млрд. теңге бөлiндi. Саябақтар көгалдандырылып, қала тазаланбақ. 21 гүлзар орнатылып, 9 iрi көше жарықтандырылады. Қоқыс төгетiн орындар жөнделiп, қосымша 1384 контейнер қойылады. 400 аялдаманың, 10 шақырым аяқжолдардың құрылыс жұмыстары қарастырылады. Дендропарк күтiмi қолға алынады. 1000 гектарға ағаш отырғызу да жоспарланған. Мөлтекаудандарға ерекше қамқорлықтар жасалынады. “Жол картасы” бойынша Шымкент қаласына облысқа бөлiнген қаржының 25,7 пайызы жоспарланып отыр. Үнемделген қаржы есебiнен облыстық филормонияның құрылыс аяқтау, “Қазақстан-Шымкент” телеарнасын көрсету үшiн 14 елдi-мекенде телетартқыш және спутник стансасын орнату көзделген.

ӨНДIРIСТI ДАМЫТУ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Оңтүстiк Қазақстан облысында өндiрiстi дамытуға ерекше көңiл бөлiнiп отыр. Облыста тауар өндiру мен тұтыну ұлғайып, жақсы нәтижелерге қол жетуде. Облыстық шағын өнеркәсiп кәсiпорындарында үш айда 4272,1 миллион теңгенiң өнiмi өндiрiлiптi. Кен, азық-түлiк, металлға жатпайтын минералдық өнiмдер өнiмi ұлғайған.

Жергiлiктi атқарушы билiк тек ғана бюджеттiң қаржысын бөлiп беру iсiмен айналыспай, ендi жергiлiктi жердегi өндiрiс ошақтарын iске қосумен айналысады. Өзiн-өзiн қаржыландыру, табыс көзiн табу әр әкiмге жүктелер iс болады. Әр ауыл аймақта тоқтап қалған қаншама өндiрiс ошақтары бар. Оларды iске қосу арқылы қаншама жұмыс орындарын ашуға болады. Атқарушы билiк қаржы жұмсаумен емес, қаржы табумен айналысатын болады.

Астана қаласының туған күнiне орай Шымкенттегi “Южполиметалл” АҚ-да iске қосылған аккумулятор зауытының кешендi өндiрiсi iске қосылды. Биыл оңтүстiкте шағын және орта бизнес саласында қолға алынған жұмыстарды айтпағанда, 7 iрi өндiрiстiк жоба iске қосылады деп жоспарланды. Осыған байланысты 2300 адам жұмыспен қамтылмақ. Соның бiрi — аккумулятор зауыты. Бұл өндiрiстiң бiр ерекшелiгi — орнатылған заманауи өндiрiстiк қондырғылар сапалы өнiм шығара алады. Бұл зауыттың тауарлары бәсекеге қабiлеттi. Бағасы арзан. Өнiмге жұмсалатын шикiзаттың 90 пайызы жергiлiктi жердiң өнiмi.

Аталмыш зауыт алғашқы кезде 123 адамды, жобалық қуаты толық iске қосылған кезде 220 адамды жұмыспен қамтымақ. Болашақ зауыт өнiмi тек облысты ғана емес, республикамыздың өзге аймақтарын, сондай-ақ ТМД елдерiнiң тұтыну рыногында қамтамасыз ете алады.

ОҢТҮСТIКТIҢ БОЛАШАҚ ЖОСПАРЛАРЫ АЙҚЫН

Бұл өңiрде көкөнiс, жемiс-жидек сақтайтын қоймалар салу жоспарланып отыр. Облысқа 70 мыңға тарта жаңа қоймалар қажеттiлiгi туды. Бұл қоймаларды салуға 700 млн. қаржы қажет. Осы тiрлiктердi жүзеге асыру арқылы 350 жұмыс орнын ашуға болады. Өнiм өсiретiн жылыжайлар да жетiмсiз. Небары 102 гектарға жуық жылыжайлар салынған. Жылыжайларда сақталынатын өнiмдердiң 50 пайызы оңтүстiкке басқа аймақтардан келедi. Егер де қосымша 44 гектар көлемiнде жылыжайлар салынса, 528 жұмыс орны ашылады. Бұл жылыжайларды салу үшiн 1,3 млдр. теңге қажет. Жүзiм өнiмдерiн өндiру арқылы 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға болады екен.

Тиiмдi кредиттiк жүйенi қалыптастыру мақсатында “РИЦ” Максимум” ЖШС құрылып, оның жарғылық қоры 3,3 млдр. теңгенi құрап отыр. Осы бастама бойынша қазiрдiң өзiнде 500-жуық өтiнiш — талаптар түсiп отыр. Оның жалпы көлемi 2,2 млдр. теңгенi құрайды. Бұл сұраныстың 94 пайызы ауыл тұрғындары болып отыр. Бұл ауылға деген бетбұрыс. Кредиттiң тиiмдi жақтары өте көп. Ауыл дихандары ауылдағы тұрғын үйлердi, жерлердi кепiлдiкке қойып қаржы ала алады. Кредиттiң пайызы да жоғары емес. 7 пайызды құрайды. Облыста орташа 18 пайыз көлемiнде. Бизнес-жоспар төлемi 10 мың теңге қана.

Оңтүстiкте мақта өнiмдерiн қысқарту арқылы ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген көзқарасты өзгеруге тура келiп тұр. Өйткенi жыл сайын мақташылар су тапшылығынан зиян шегiп, шаш-етектен қарызға батып жатқаны жасырын емес. Қысқарған егiстiк көлемiне картоп, көкөнiс, май, мал азығы дақылдарын өсiру жоспарланып отыр. Осы дақылдарды өсiру арқылы 558 млн. куб су үнемделедi. 2011 жылдары бұл өнiмдердi көлемi 20 мың гектарға жеткелi отыр. Суғармалы жерлердiң тиiмдiлiгiн артыру мақсатында қыруар жұмыстар атқарылмақ. Және де сүт, ет өнiмдердiң өңдеу, бордақылау жұмыстары қайта жанданбақ. “Жол картасы” аясында инвестиция тарту арқылы жол жөндеу, тұрғын үй шаруашылығында, әлеуметтiк саланың бiраз саласында қарқынды жұмыстар қолға алынбақ. Жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынып, 1536 жол қайта жөнделедi. Жаңадан 2 көпiр салынады. 9 елдi мекенге табиғи газ кiргiзiледi. Кентау мен Түркiстанда жылу жүйелерi iске қосылды. Облыста үнемшiлдiк, ұқыпшылдық, талапшылдық пайда болды. Осының нәтижесiнде 2,4 млдр. теңге үнемделгенi қарапайым халықты қуантып отыр. Бұл үнемделген қаржылар ең алдымен облыстық филорманияның құрылысын аяқтауға, қаланы көркейту мен көгалдандыруға, автобус аялдамаларын ретке келтiруге, 4 саябақ пен дендропарктi және Қошқарата өзенi маңайын гүлдендiруге жұмсалмақ. Сондай-ақ Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарының тұрғындарына теледидар хабарын таратуға бөлiнбек.

Оңтүстiк Қазақстанда оңды iстер көбейiп жатыр.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары