“МҰНАЙ: КЕШЕ, БҮГIН, ЕРТЕҢ”

“МҰНАЙ: КЕШЕ, БҮГIН, ЕРТЕҢ”

“МҰНАЙ: КЕШЕ, БҮГIН, ЕРТЕҢ”
ашық дереккөзі
371

“Қара алтынды” қазақ жерiнде өндiре бастағалы биыл — 110 жыл. Ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнайына арналған алғашқы энциклопедиялық-зерттеу еңбегi жарық көрдi.

Ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнайының өткенi, бүгiнi және ертеңi туралы толғаған басылым жарық көрдi. “Мұнай: кеше, бүгiн, ертең” деп аталатын бұл еңбектiң авторы – Равиль Шардабаев. Мың жыл мұнай саласында тер төккен әулеттен шыққан Равиль Тәжiқараұлы экономикалық ғылымдардың докторы, профессор, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының академигi, Халықаралық инженерлiк академия мен Еуразиялық экономикалық академияның академигi. Кезiнде Ресей мен Украинадағы Қазақстанның төтенше және өкiлеттi елшiсi, Атырау облысы әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болған. Тәуелсiз Қазақстанның ең алғашқы мұнай және газ өндiрiсi министрi лауазымын атқарған.

Елiмiздегi “қара алтынның” түп тамырын зерттеген алғашқы энциклопедиялық кiтапта көмiрсутегiнiң халықаралық саяси және экономикалық сахнадағы мәнi мен маңызын жан-жақты талқылаған. Мұнайдың шығу тегi, атауының мағынасы, ежелгi заманда көмiрсутегiнi өндiру iсi т.б. оқырманға жеңiл әрi түсiнiктi тiлмен жеткiзген “Мұнай: кеше, бүгiн, ертең” мұнайшы мамандығын игергендерге ғана емес, мұнай туралы бiлуге талпынған қарапайым халыққа таптырмас дүние. “Бiз көмiрсутегi қорлары дәуiрiнде өмiр сүрудемiз. Сол дәуiрдiң лайықты өкiлi болуымыз үшiн оның қайдан бастау алатынын, нелiктен “қара алтын”, “заманауи экономиканың қаны” деп аталатынын бiлуге тиiспiз деп ағынан жарылған автор бұл еңбекке бiр емес, бiрнеше жыл жұмсағанын көлденең тартады. Кiтапқа өз бағасын бергендер арасындағы Ресейдiң экс-премьерi Виктор Черномырдин: “Мұнай: кеше, бүгiн, ертең” ғылыми зерттеу болып табылатын құнды еңбек. Оның мұнай тақырыбына жазылған әлемдiк деңгейдегi ең танымал басылымдар қатарынан орын алатынына сенiмдiмiн” деген. Пiкiрiн бiлдiргендер арасында “ЛУКОЙЛ” компаниясының президентi В.Алекперов (“Маңызы жағынан алғанда, бұл өте керемет және өте сирек кезедесетiн кiтап”), Ресейдегi Мемлекеттiк мұнай және газ универститетiнiң ректоры В.Мартынов (“Орасан зор ғылыми-танымдық құндылыққа ие бұл зерттеу жұмысы кең ауқымдағы оқырман қауымды қызықтырады деген сенiмдемiн”), Украинадағы Ұлттық ғылыми академияның президентi Б.Патон (“Мұнай: кеше, бүгiн, ертең” кiтабы өте маңызды және адамдарға мұнай дегеннiң не екенiн қалай түсiндiру керектiгiне үлгi болады”), Ресейдiң Сауда-өндiрiстiк палатасының президентi Е.Примаков (“Бұл еңбек Жер шарындағы энергоқорлардың бүгiнгi таңдағы ең өзектi мәселесiн қаузайды және әлемдiк экономиканың бүгiнгi ғаламдық үрдiстерiне деген әдiл, шынайы көзқарасын бiлдiредi”), 1978-1993 жылдары ҚазақКСР және Қазақстан Республикасы Геология министрi қызметiн атқарған С.Шақабаев (“Бұл кiтап автор атқарған еңбектiң кәсiби бiлiктiлiгiмен, тереңдiгiмен, ауқымдылығымен ерекше және республиканың мұнай саласының 110-жылдық мерейтойы қарсаңында қазақстандық мұнайшылар үшiн жомарт сый болып табылады”) бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары