БЮДЖЕТ “КӨРПЕСIНЕ ҚАРАЙ КӨСIЛМЕК”

БЮДЖЕТ “КӨРПЕСIНЕ ҚАРАЙ КӨСIЛМЕК”

БЮДЖЕТ  “КӨРПЕСIНЕ ҚАРАЙ КӨСIЛМЕК”
ашық дереккөзі
207

Былтыр үш жылға бiр-ақ жоспарланған бюджеттiң “шекпенi” биыл қайта “кесiлiп, пiшiлдi”. Бәрiне де әлемдiк қаржылық дағдарыс кiнәлi. Өзгертулер мен түзетулерден 2010 жылға арналған мемлекеттiк бюджет те шет қалмайды. “Әлiптiң артын бағуды” көздеген билiк қолда бар қаражатты үнемдеуге көшу керек деп отыр.

2010 жылға арналған республикалық бюджет Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын сақтай отырып, қарастырылуы қажет деген нұсқауды Президент өткен айда Министрлер кабинетiне қатаң тапсырғаны белгiлi. Сол кезде Премьер “Келесi жылы бiрақ салықты өсiрмеймiз, бюджет тапшылығын қамтамасыз етуде Ұлттық қорға да қол салмаймыз. Бұл Президенттiң жарлығы. Қаражатты қайдан алатынымыз әзiр белгiсiз” деп ағынан жарылған. Бурабайдағы 2010-2012 жылдарға арналған мемлекеттiк қаржы қазанының мәселесi талқыланған жиында Н.Назарбаев: “2010 жылғы бюджеттi құрастыру оңай шаруа емес, қаржылық дағдарыс ауыздықталған жоқ. Әлемдiк қаржылық жүйе түбегейлi жақсарды деп те айта алмаймыз. Күрт көтерiлiп кететiн өсiм мен негiзгi тауар бағасының төмендеуi тоқтамады. Сондықтан қаражатты барынша үнемдеу өзектi мәселе боп қала бермек. Бiз бюджеттi Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын сақтай отырып, жан-жақты қарастырамыз. Осыған байланысты мемлекеттiң барлық шығындарына қатысты түзетулер енгiзуiмiз қажет” деген едi. Президенттiң айтуынша, келесi жылдың алғашқы жартысында жағдай өзгеруi мүмкiн, ал екiншi жартыжылдықта Үкiмет бюджеттi қайта қарастырып, кейбiр бағдарламаларды бюджеттiк шығындар тiзiмiне қосуы мүмкiн. Былтыр 2009-2011 жылдарға арналған үшжылдық бюджет Қазақстанда алғаш рет қабылданған болатын. Алайда, әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарысқа байланысты 2009 жылдың бюджетi қайта түзетiлдi.

Сейсенбi күнгi ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен мәжiлiсiнде Президент алдағы онжылдықта мемлекет баса назар аударуы тиiс 5 басым бағытты Үкiметке айқындап бердi. Екi бес жылдыққа бөлiнетiн 2020 жылға дейiнгi кезеңде дағдарыс кезiнде ел экономикасын тұрақтандыру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабiлеттi адами қор құру, халықты базалық-әлеуметтiк тұрғын үйкоммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, ұлтаралық келiсiмдi қолдау, халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты ұстануға көңiл бөлiнуi тиiс.

“Дағдарыс кезеңiнде елiмiздi индустрияландыру жұмысына ешқандай балама болмайды. Өкiметке жыл соңына дейiн елiмiздi индустрияландыруды ынталандырудың 5 жылдық жоспарын аяқтауды тапсырамын. 2010-2015 жылға дейiнгi мемлекетiмiздiң индустриялану картасы, 2020 жылға дейiнгi өндiрiстiк қуатты оңтайлы орналастыру тiзбегi қалыптасуы тиiс” деп мәлiмдеген Н.Назарбаев күнi бүгiнге дейiн машина құрылысы, металлургия, фармацевтика, химия салалары бойынша 25 жобаның iрiктелiп алынғанын және аталған жобаларға 30 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалатынын айтты. Президенттiң тапсырмасына сәйкес, келешекте жоспарланып отырған жаңа 270 мыңға жуық жұмыс орны елдегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге сеп болуы тиiс. Сондай-ақ, алдағы 10 жылда Ұлттық қордағы шикiзаттық саладан түсетiн кiрiстердiң активтерi IЖӨ-нiң кем дегенде 30 пайызын құрауы мiндеттi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары