«БАТЫР БОЛАР МА ЕКЕНСIҢ?!.»

ҚАҺАРМАНДЫҚ РУХЫМЕН ҚАНАТТАНҒАН БАЛАЛАР ПОЭЗИЯСЫ ХАҚЫНДА

Бүгiнде әдебиетiмiздiң маңызды буындарының бiрiне айналып үлгерген балалар поэзиясының ұлттық көркемдiк дәстүр мен өзге халықтар әдебиетiндегi жаңашыл құбылыстарды қаншалықты деңгейде игерiп, өз тарапынан қаншалықты жаңарта қолданып, көркемдiк-шығармашылық кәдеге асыра алғанын пайымдау үшiн оған екi тұрғыдан назар салып, соған сәйкес ой тиянақтамақ жөн.

Оның бiрiншiсi – көркемдiк мазмұн да; екiншiсi – көркемдiк пiшiн мәселесi. Ал өз кезегiнде аталмыш екi мәселе өзара ұштаса келiп, әдебиеттегi түр, жанр ұғымдарын айқындайтыны мәлiм. Бұл жағдай, түптеп келгенде, балалар поэзиясындағы көркемдiк мазмұн мен пiшiн мәселелерiн тұтастықта ала отырып, түрлi кезеңдер еншiсiндегi түрлi шығармаларда көрiнiс тапқан ортақ сипат-белгiлердi айқындауға және оларды тақырып, проблема, мазмұн, идеялық үндестiгi тұрғысынан жинақтай топтастыруға, соның нәтижесiнде бүгiнгi балалар поэзиясының өзiн iшкi түрлерге саралай жiктеп, сол негiзде ондағы көркемдiк дәстүр мен жаңашылдық мәселелерiнiң деңгей-дәрежесiн талдай тануға мүмкiндiк бередi.

Бұл орайда бiздiң мақсатымыз Р.Нұрғалидың жанр проблемасына байланысты айтылған: “Даму процесiнде жанрлар өзара ықпал етедi, бiрiн-бiрi байытады; кейбiр жанрлар жаңғырып өссе, кейбiреулерi өшедi, өледi. Жанр құбылысы дегенде – табиғи, диалектикалық өзгерiстердi айтамыз, әйтпесе шекарасыз, жағасыз, арнасыз жанрлық форма жоқ. Бұл талап ескерiлмесе, шығарма босаң, болжыр тартып, көркемдiк аяққа басылады, эстетикалық қасиет жойылады”, – деген пiкiрiндегi негiзгi теориялық ойлармен орайласады. Өйткенi қазақ балалар поэзиясын iшкi түрлерге жiктей топтастырғанда, ол түрлердiң әрқайсысына типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория ретiнде назар салдық.

Бұл тұста ескеретiн жәйт – теориялық әдебиеттануда қалыптасқан “жанр” ұғымы мен бiздiң қолданысымыздағы “iшкi түрлер” ұғымының бiрдей мәндес, теңдес ұғымдар болып табылмайтындығы. Себебi аталмыш ұғымдардың өзара ұштасатын тұстары болғанымен, iрге ажыратар тұстары да баршылық. Бұл жәйттердiң қай-қайсысын да қазақ балалар поэзиясының iшкi түрлерiне жекелей тоқталған кезде аңғаруға болатыны анық.

Iшкi түрлерге бөле қарастыру қазiргi балалар поэзиясының бiртұтас поэтикалық мазмұнын құрайтын тақырып, проблема, идея мәселелерiмен қатар, әрқилы көркемдiк элементтерi мен құбылыстардың пайда болу, даму яки жаңғыру, жаңару себептерi мен уақыттық кезеңдерiн де мүмкiндiгiнше дұрыс бағамдауға септеседi деп бiлемiз. Сондай-ақ, бұл түрлердiң бiр-бiрiнен мүлдем бөле-жарылып кетпейтiнiн де көңiлде ұстау қажет. Өйткенi қандай да бiр көркем шығарма мазмұнында бiрнеше мәселе қамтыла көрiнiп жататынын ескерсек, негiзгi мазмұнына сәйкес аталған түрлердiң бiрiне жатқызылған шығармада өзге түрдiң яки түрлердiң элементтерi кезiгуi де заңды құбылыс.

Қазақ балалар поэзиясының шығармашылық қазынасын құрайтын үлкендi-кiшiлi туындылардың бiр легiн балаларға арналған қаһармандық (патриоттық) поэзия ретiнде топтастыра тануға болады.

Балаларға арналған қаһармандық (патриоттық) поэзия халқымыздың ел болу, ел қорғау жолындағы ерлiк дәстүрiн, күрес-тартыстарын, Отан қорғау жолында, сондай-ақ, ел амандығы жолында қаһармандықтың өшпес өнегесiн танытқан батырлардың асқақ бейнелерiн арқау еткен туындылардан тұрады. Қаһармандық поэзия – ұлттық балалар поэзиясының әдеби дәстүрi бағзы замандардан тамыр тартып жатқан арналы тармақтарының бiрi әрi төл әдебиетiмiздiң даму жолындағы жаңашыл iзденiстерден өнеге ала қалыптасқан, сонымен бiрге өзге халықтар әдебиетiндегi озық үлгiлерден де шығармашылықпен үйренiп, оларды жас ұрпақтың ұлттық жаратылысына бейiмдей жаңғырта бiлген түрi.

Ел қорғау, елдiк тұтастықты сақтау, ел амандығы жолындағы ерлiк тақырыбы – ұлттық әдебиетiмiзде халқымыздың күрес-тартыстарға толы тарихымен етене тұтастықта қалыптасқан дәстүрлi тақырып. Ерлiк, қаһармандық тақырыбының алыс-жақын дәуiрлерде туған фольклорлық және жазба әдебиет үлгiлерiнде маңызды орын иеленуiнiң басты себебi де халық тарихының өмiрлiк шындығымен тығыз байланысты. Халқымыздың бесiктегi балбөбектiң өзiнен:

Айыр қалпақ киiсiп,

Ақырып жауға тиiсiп,

Батыр болар ма екенсiң?!

Қарағай найза қолға алып,

Жауға тиер ме екенсiң?!

Қашқан жауды артынан

Түре қуар ма екенсiң?!, – деп үмiт ете жырлауының себебi де сондықтан.

Байқалып тұрғандай, балаларға арналған қаһармандық поэзияның дәстүрлi тамыры көне дәуiрлердегi Күлтегiн, Оғыз ерлiктерiн дәрiптеген ежелгi жәдiгерлерде, қазақ батырларының қаһармандығын жырлаған толғаулар мен тарихи жырларда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс батырларының ерлiгiн арқау еткен өлеңдер мен дастандарда, сондай-ақ, халық ауыз әдебиетiндегi батырлық эпостардан бесiк жырына дейiнгi үлгiлерде жатыр. Қаһармандық тақырыбы, тақырыпты ашуға қызмет ететiн ерлiк күрестер мен ел игiлiгi жолындағы жанқияр әрекеттердi бейнелеген көркемдiк мазмұн, ел қорғауға даяр ұрпақ тәрбиелеу мiндетi уақыты жеткен мезгiлде ұлт әдебиетi аясында жеке арна түзген балалар поэзиясында заңды жалғастық тауып, шағын тақпақтан ауқымды поэмаға дейiнгi үлкендi-кiшiлi жанрлардағы шығармаларда балалардың таным-түсiнiгiне, жас ерекшелiгiне лайықтала жырланды.

Ерлiк, қаһармандық, елжандылық тақырыбын түрлi жастағы балалардың түсiнiк-бiлiмiне лайықтай, бейнелi де әсерлi жырлаудың сәттi үлгiлерi ретiнде Ө.Тұрманжановтың “Ғажайып бағбанның алтын алмасы мен Асан бала туралы ертегi”, “Алып кетпен”, Ә.Тәжiбаевтың “Толағай”, Ә.Ахметовтiң “Халықбек” ертегiлерiн, Н.Баймұратовтың “Қанды жорық”, “Ер Төлеген”, Н.Байғаниннiң “Ер туралы жыр” дастандарын, М.Хакiмжанованың “Мәншүк”, Ә.Сәрсенбаевтың “Ұлым туралы ой”, “Намыс ұлы”, Д.Әбiлевтiң “Жас азамат”, Ғ.Ормановтың “Бөбек жүрегi”, Қ.Аманжоловтың”Ақын өлiмi туралы аңыз” поэмаларын, Қ.Бекхожиннiң “Таң алдында”, “Партизандар”, “Партизан анасы” балладаларын, Ө.Тұрманжановтың “Батыр ата”, “Атаң қаны — қып-қызыл қызғалдақтар”, Ә.Сәрсенбаевтың “Сен құрметте оны”, Д.Әбiлевтiң “Қазақ қызы”, Ғ.Ормановтың “Аманкелдi атамыз”, Қ.Бекхожиннiң “Жиырма сегiз”, “Жiгiт”, Ж.Өмiрбековтiң “Нүркен батыр”, М.Әлiмбаевтың “Мәншүк апай”, М.Жаманбалиновтың “Батыр”, I.Мәмбетовтiң “Менiң көршiм”, Ә.Дүйсенбиевтiң “Балдақты адам”, “Еске сақта”, “Ер Төлеген”, “Жеңiс туы”, Ж.Смақовтың “Ғани ата”, Т.Молдағалиевтiң “Дубосеково разъезiнде”, “Бауыржан батыр”, “Партизан”, “Жаса, Жеңiс!”, “Зоя қыз”, Қ.Баянбайдың “Белгiсiз жауынгер”, Е.Өтетiлеуұлының “Тоқтар – тұңғыш ғарышкер”, Ж.Әбдiрашевтiң “Махамбет” т.с.с. өлеңдер мен тақпақтарды атауға болады. Аталған жанрлардағы шығармалардан тұратын балаларға арналған қаһармандық поэзияның басты ерекшелiгi тақырып пен көркемдiк мазмұнның бала болмысына, жасына сәйкес ашылуымен және әр жанрдың талабына лайықты жауап беруiмен байланысты. Әр жанрдың өз мүмкiндiгi, өз ерекшелiгi болатындықтан, тақырып пен көркемдiк мазмұн да сол ерекшелiкке сәйкес ашылатыны, сюжет пен композиция да жанр мүмкiндiгiне лайықтала түзiлетiнi, басқаша айтқанда, поэма, баллада яки өлеңде бейнеленген көркемдiк мазмұнды тақпақ жанрында сол деңгейде жеткiзу мүмкiн еместiгi белгiлi.

Мәселен, жаттап айтуға қолайлы жеңiл тiл мен әуездiлiкке, ырғақтылыққа бейiмдiлiк танытатын тақпақта қандай маңызды тақырыптың өзi жанрдың осы аталған негiзгi талаптарына жауап беруi тиiс. Сонда ғана тақпақ балаларға арналған поэзиялық туынды ретiнде де, тәрбие құралы ретiнде де өз мiндетiн атқара алады. Бұл тұрғыда жанр үдесiнен табылған жақсы үлгiлердiң бiрi – М.Әлiмбаевтың “Мәншүк апай” тақпағы. Өйткенi бұл тақпақта қаһарман қазақ қызының бейнесi де жасалған, сол арқылы тәрбиелiк мақсатқа да қол жеткiзiлген.

Ал балалар поэзиясындағы өлең, баллада, ертегi, дастан, поэма жанрлары да үлкендер поэзиясындағы сияқты, әрқайсысының көлемдiк ерекшелiктерiне қарай көркемдiк мазмұнды жан-жақты бейнелi жеткiзу тұрғысынан да мүмкiндiк ауқымы ұлғая бередi.

Балалар поэзиясы үшiн, әсiресе жалпы түсiнiк аясы кеңейе бастаған, қандай да бiр мәселе туралы өзiнше ойланып, өзiнше қорытынды жасауға ұмтыла бастаған жастағы балаларға арналған поэзияда, әсерлi бейнелiлiктiң мәнi әркез жоғары. Балалардың жас өзгерiсiне орайласа пайда болатын осы ерекшелiктi ескергендiктен, балалар ақындарының ерлiктi арқау еткен өлең, баллада, ертегi, дастан, поэма жанрларындағы шығармаларында ой-идея ұсынуда үгiт-насихат, ақыл-кеңестен, көркемдiк мазмұнды жеткiзуде әңгiмелеу, баяндаудан бой тартып, сюжет өрiстетуде, кейiпкердiң болмыс-бiтiмiн айқындауда бейнелiлiкке басымдық беруi оқырман баланың көркемдiк-эстетикалық талғам-танымын қалыптастыруда да, тәрбиелiк әсерлiлiгi тұрғысынан да маңызды роль атқарады.

Бейнелiлiк бала бойында отансүйгiштiк сезiмiн қалыптастыруға қызмет ететiн қаһармандық поэзия үшiн тiптен мәндi. Осы тұрғыдан келгенде, әдеби ертегiлердегi – Асан бала мен Бала (Ө.Тұрманжанов), Толағай (Ә.Тәжiбаев), Халықбек (Ә.Ахметов), дастан-поэмалардағы – Төлеген (Н.Баймұратов), Нарсұтбай (Н.Байғанин), Мәншүк (М.Хакiмжанова), Абдолла (Қ.Аманжолов) т.б., Қ.Бекхожин балладаларындағы партизандар сияқты кейiпкерлер және олардың ел қорғау яки елге қызмет жасау жолындағы ерлiк әрекеттерi мен мiнездерi, әр алуан сезiм күйлерi бала жанын баурап, қиялын жетелеп әкетер әсерлiлiгiмен дараланады. Бұл тұста әсерлiлiк бастауында әсiре бояу, жылтыр сөз емес, көркем суреттiлiк, бейнелiлiк тұрғанын ескермек абзал.

Сонымен бiрге бүгiнгi қаһармандық поэзияда ескерiлуi тиiс жәйттердiң бiрi – бүгiнгi ұрпақтың көзқарасы мен дүниетанымында, ақпараттық бiлiмiнде, айналадағы қандай да бiр құбылыстарды қабылдауы мен бағалауында уақыт дамуына байланысты пайда болған өзгерiстер. Жас ұрпақ санасындағы, өмiрiндегi өзгерiстер балалар әдебиетiнiң кез келген тармағынан заманға лайық жаңалықтар, жаңашыл iзденiстер күтуi де заңдылық. Бұл жағдай бүгiнгi балалар поэзиясына жүктелер мiндеттiң еселене түскенiн айғақтайды.

Аманжол ӘЛТАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button