ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
ашық дереккөзі

18 науырыз. Станбол: Малтөбе. Кешегi “Күнделiктегi” ұзақ жазудың табы ма, ортан саусағым шанышқылап оятты. Арбадан бұзылған кәрi ат сияқты осындай бiр үйреншiктi жыны бар. Шүкiрәли мен Рамазан да орнымнан тапжылтпай басты. Дүйсекеңнiң ұсынысын айтып ем: “Алаңдамаңыз. Хасен аға қонағын Түркияның екiншi сайын башқаны Көксал Топтан мен екi бiрдей министр “тегiн” қабылдап жатса, әрине қуанады. Ал Ғалия апай нағашы жұрты үшiн мақтанады. Түсiндiремiз”, — дестi. Менiң осыдан жиырма бес жыл бұрын “мәтелге” айналдырып алған “тегiнiмдi” бұлар да тегiн меңгерiп алған екен. Оның өзi ащы шындықтан туған астарлы сөз едi. Ендi, мiне, “шайтанқұлақпен” (ұялы телефон) қоса бұл да халықаралық терминге айналды. Әттең, Оразгүл бегiм мен Шерубай iнiм мұны мойындамайды-ау! Мен: “Олармен дәл қазiр сөйлесейiк” — деп тұрғанда “пәледиелердi” шығындандырмай Хасекеңнiң өзi хабарласа қалды. Бұл не деген “тегiн” қамқорлық десеңшi әрi ел болудан дәмесi бар жиендерiне сенсе де қадағалап қойғаны! Бұл ендi қанша қазақпын десе де Хасакеңнiң де “немiстене бастаған” мiнезi болса керек. Адамды бәрiне қимайтын, бiрақ ұйқының алдында әкесiнiң де құнын кешiп жiберетiн қазақылық мiнез емес. Өйткенi, Мюнхенде қазiр сағат – таңғы алты. “Баптаушысы келiссе — шаппайтын ат жоқ, шақырушысы келiссе — бармайтын жолаушы жоқ.” — дедi. Айтты-ақ! Иә, екi шақырушыда мiн жоқ.. Хасекең айтқандай, ендi тегiн дүниенi есебiн табу ғана қалды. Бiрақ…. бүгiн iлесiп кете алмаймыз. Баяндама бар және әдейiлеп келген конференцияның қорытындысын естiмей кету — әдепсiздiк. Шүкiрәли мен Рамазанға: “Сендер де жұмыссыз қалмаңдар. Бiр араба жалдап, бiрге барайық.”, — деп ұсыныс айттым. “Ләппай” — деуiн дедi, бiрақ Шүкiрәли: “Онда мен сiздi шығарып сала алмай қаламын-ау. Жиырма жетi — жиырма тоғызында сайлау. Мен қалалық веледиеге (мәслихатқа) уәкiлдiкке “Ақ партияның” атынан сайлауға түсiп жатыр ем. Бұл Түркиядағы үкiметтiң тамыры. Қаражатты бөлетiн, саясатты анықтайтын, үкiметтiң мәселесiн шешетiн жер. Хасекеңнiң бұйрығымен ғана сiздiң жаныңызда жүрмiн.Ол кiсiнiң әмiрiн орындамасақ болмайды ғой”, — дедi. “Бәсе, менiң нағып беделiм асып кеттi десем. Бiз Салихлыға барған соң сен сонда қал. Түркияны дәл осындай тулақтай қағыстырып шығудың ендi сәтi түспес. Ал жүрiстiң кiрiс-шығысын Дүйсекең тапсырған Асқармен өздерiң ақылдасыңдар. Келiссе — ертең ертемен жайлы бiр араба дайындаңдар. Сен қайтарда сол Салихлыда қал. Мен де Хасекеңе айтып, сенi босаттыра аламын”, — дедiм. Табан астында шайтанқұлақпен сөйлесiп, ол тапсырманы да тындырымды аяқтады. Сөйтiп, Анкараны ғана емес, бүкiл Түркияның жетпiс пайызын арабамен аралап шығатын болдық. Қаншама тарихи жер көретiнiмдi ойлағанның өзiне аңсарымның сусыны қанып қалды.

Сонымен, конференцияның екiншi күнi басталды. Ұзынды-қысқалы, нұсқалы-нұсқасыз, түсiнiктi-түсiнiксiз, таныс-бейтаныс баяндамалардың мазмұны — мағлұмат жию сияқты көрiндi. Әйтеуiр маған беймағлұм тұжырым ұсына алмады. Мен соншама тереңдеп, аңғарланып кеткенмiн бе, әлде осындай “тегiн жүрiстерден” жиған-тергенiмнiң, естiп-бiлгенiмнiң, түйсiнiп-түйгенiмнiң әсерi ме? Алпыс жаста бiраз жердi шарладық қой, соның да салдары шығар… Индия, Пакiстан, Ауғанстан аймағындағы геосаясат, Ирандағы түркiлер тағдыры, Шығыс Түркiстан туралы археологиялық және саяси зерттеулер, усул жәдид ағымы, кеңестiк дiн мен тiл саясаты, Қазақстан, Гүржiстан, Украинадағы христиан түркiлер, Еуразиядағы Түркия ықпалы, оңтүстiк және күнгей қырғыздарының саяси жiгi, Орта Азиядағы кушандар өркениетi, Әнуар пашаның Орта Азиядағы азаттық майданы, Кеңес тұсындағы Орта Азия тарихына көзқарас, Орта Азиядағы НАТО ықпалы, Кавказдағы саяси жiк, Қарабақ мәселесi ғылыми талқыға салынды. Иә, көзқарастарды ортаға сап, екшеп, оны жүзеге асыру жолдарын ұсыну зәрулiгi сезiледi. Әттең, мұның барлығы өткен шақпен айтылатын талдаулар. Саясаткерлер оған дейiн тағы да бiр жаңа қақтығыстарды “ұсынып” үлгеретiнi анық. Бұл реттен алғанда ғалымдар тарихқа хаттамашылық қана қызмет атқаратыны өкiнiштi. Дегенмен де бiлу парыз. Басқаны бiлмеймiн, қазақ саясаткерлерiнiң қаперiне кiрiп шықпайтыны анық. Өйткенi, бiз өзiмiз саясат жасамаймыз, бiз өзiмiзге сызып берген саясатты қақпайлап қана отырамыз. Еуразия кеңiстiгiндегi саясаттың Астанада орындалуы туралы Ирина және Александр Селезневтердiң (Россия) жасалмаған баяндамасының мазмұнынан бұл анық аңғарылады. Гүлжанат түсiрген қырғыздар туралы фильммен және сыйлық алмасумен (мен университет кiтапханасына “Алашорда” мен ұлт-азаттық қозғалысы туралы кiтаптарды ұсындым) конференция жабылды. Шет елден келген қазақтар мен өзбектер де бiраз екен. Бiрақ олардың пiкiрлерi маған қондырғы, жай ғана көрсетiндi сияқты әсер қалдырды. Олардың ғылымға деген талабы бiзден гөрi жатық та жадағай көрсетiндi сияқты көрiндi. Баяндаманы адам емес компьютер жасап тұрғандай. Ал ғылым дегенiмiз – жеке тұлғаның көзқарасы емес пе? Қайдам, бiздiң студенттердiң, мысалы менiң өз шәкiрттерiмнiң магистрлiк жұмыстары олардың баяндамаларынан әлдеқайда жанға жақын, маңыздырақ сияқтанды. Мүмкiн, соларға ықыласым аумағаннан да шығар. Әттең, ертең солар шет елде пәленбай жыл жүрiп, пәленбай халықаралық конференцияда баяндама жасадым деп кеуделенiп келiп, бiздiң қойторы шәкiрттерiмiзге басына қарайтыны шамыңды келтiредi. Өзгенi қайдам, өз басым мынаны түйдiм. Кейде қолда тұрған дүниенi қиынсынатынымыз бар. Әйтпесе, баяндаманың мазмұнын компьютерге лайықтап безендiрiп апару деген де мәселе ме екен? Ағылшын тiлiне iлеспе аударма жасатып апару да мойынсалықты ғана тiлейдi. Үшiншi, ұлтыңның тұлғасын танытарлық тұлғаларға қат екенбiз. Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов әкесi туралы және менiң “Ұлттық идея және кеңестiк жазалау саясаты” атты баяндамамыз қатар оқылды. Сұрақтар қойылды. Бiздi бiр қырғыз қызы аударып отырды. Ойыңнан озып, тiлiңдi қоса суырып алатын iлеспе тәржiмашының өзi. Қазақтар ондай деңгейге жете қоймапты. Оған да талант керек-ау. Үзiлiсте Комацу менi нұсқап: “Жапон шпионы” — деп ишара жасады. Деректердiң түпнұсқасын сұрады. Өзi бұрын бұл тақырыппен айналыспапты. Түрiкше бiледi, қазақша, қырғызша түсiнедi, өзбекше сөйлейдi. Ал ендi осы төрт тiлге жапон акцентiн қоссаңыз екеуара сұхбаттың қалай өрбiгенiн өзiңiз де бiле берiңiз. Ерiксiз Гүлжанттың көмегiне жүгiндiк. Сонда Гүлжанат: “Сiзбен Заки Уәлиди Тоғанның қызы Есенбике бегiм танысқысы келедi”, — дедi. Не дейдi? Мұндай да күтпеген кездесу болады екен! Жүрегiмдi алақаныма уыстап тұрып Есенбике бегiмнiң алақанына салғандай ишара бiлдiрiп: “Мұның iшiнде сiздiң әкеңiз аңсаған алаш азаттығының демi бар”, — дедiм. Жылап жiбердi де: “Әкемдi және башқұрттарды сiз ғана есiңiзге алдыңыз”, — дедi. Бұл қысқа үзiлiстегi ұзақ әрi толқулы ұшырасу болды. Заки Уәлидидiң тергеу iсi және шет елге кете алмай қалған шешесiнiң тағдыры туралы мағлұмат бердiм. Биязы, қуыршақтай ғана сүйкiмдi адам екен. Көңiлi толқып тұрып: “Мен әкемнiң екiншi ноғай әйелiнен туған қызымын. Башқұртстан мен Қазақстан десе көз жасы ыршып кететiн. Сiз сөйлегенде сол мiнезi есiме түстi. Елде қалған әйелiн өлдiге санап жүрген. Алпысыншы жылдың соңында тiрi екенiн, баласының да бар екенiн естiгенде өкiсiп-өксiп жылады. Бiз хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Өзiм де оқытушымын”, — дедi. Заки Уәлидидiң тергеуi қамтылған “Ұраным — Алаш!..” атты кiтабыма: “Алаш азаттығының бiр тамшы көз жасы Есенбике бегiмге!” — деп қолтаңба жазып ұсындым. Суретке түстiк. Қалайда айналсоқтап шыға алмадым. Қимай қоштасып, көлiкке шығарып салдым. Тiршiлiкте талай тағдырдың иесiмен тосын кездестiк қой. Бiрақ дәл Есенбике бегiммен ұшырасқанымдай алабұртқан емеспiн. Әттең, кешеден берi бiлсемшi! Мәтқапылық деген осы. Асқар ағамыз әкесi Құдайберген Жұбановты ұстап берген ғалымның “мойындауын” көрсеттi. 1951 жылы өмiрбаяндық анкетасына: “халық жауларын анықтауға белсене қатыстым. Солардың қатарында Құдайберген Жұбановтың ұлтшыл теориясын әшкереледiм”, — деп жазыпты. Ал мұны Асқар ағамызға айтқан мен тазалығына сенбейтiн басқа бiр жойыт академик екен. Онымен Әлмира жеңешемiздiң қою шайына қана отырып таныстым. Ағамыздың өксiгi әлi де арылмапты. Толқып отыр. Жүрегi нәзiк жан екен. Жұбатқым келсе де жұбата алмадым. Менiң де есiме оқымысты Құдайбергеннiң алаш көсемдерi туралы бiр одағайлау пiкiрi түстi. Ендi оны пайдалана алмайтын шығармын. Малтөбедегi ғылыми пайымдаулар “Күнделiктiң” көтеретiн жүгi емес. Ертеңгi жолды ойлай отырып “Күнделiгiмдi” қолыма алдым. Таңғы ырыздық — тәңiрден. Тағы да “ортан терек” саусағым шанышқылап ұйықтатпас. 19 науырыз. Станбол — Анкара. Таңғы қоштасулардан кейiн бөлмеде жалғыз қалдым. Аспан ақ үлпектетiп қоя бердi. Кәдiмгi жерге түспей ерiп кететiн үлпек. Соның өзiн таледидардан: “Мұндай қар Станболға қыста да түспеп едi”, — десiп жатыр. Ал бiзде ғой бұл бесiктегi бала ғана қызықтайтын көрiнiс. Астанадағы алай-дүлейдiң ұшығы мұнда ендi жетсе керек. Көшедегi көлiктер кептелiсiп қалыпты. Шүкiрәли мен Рамазан да кешiктi. Сөйтсем, Станболда бiр көшенiң басында бiр араба тоқтап қалса, сол көшенiң екiншi басындағы жүргiншiлер де тоқтайды екен. Оның үстiне бiр қарақшы дүкен тонап, қашып кетiптi. Оны қуған қуғыншылар да көшеге бөгесiн бопты. “Пәледиелер” хабарласпаса да теледидардан көрiп тұрмын. Қойшы, олар әйтеуiр талтүсте жеттi. Осы төрт сағаттың iшiнде түйгенiм: ауа райының аласапыранында тұратын қазақтардың өмiр сүруге бейiмдiлiгi мен төзiмдiлiгi жоғары болғаны ғой. Бұрын: «Көшпелiлер тастан қорған салған, тұрақты әскерi бар Византия сияқты отырықшы жұртты қалай жаулап алды?» — деушi едiм. Оның сыры осы табиғат сынына төзiмдiлiк те болды ғой. Жылыжайдағы өмiр адамды бойкүйездендiрiп жiбередi. Олар бiр-ақ рет өлiмге шыдайды, ал көшпелiлер күнде өлiп-тiрiледi. Қасқыр сияқты жұлып-тартатын соғысқа тақыстығы да сонда жатыр. Осы жолы Түркияның төрт құбыласын түгел көрiп шығатын түрiм бар, соған назар салу керек екен. Екiншi түйгенiм: мынау алаөкпе ақпарат жүйесi. Таңертеңнен берi қар Станболдың қай бұрышына қалай жауды, қай жерде не ұрланды, қай жерде кептелiс, қай жерде арабалар қақтығысты, қай дүкен тоналды, соның барлығын бөлмеде отырып бiлесiң. Қонақүйдiң әр қызметкерiнiң ауызында да сол жаңалықтар. Футбол туралы айтуға да болмайды, оның жаңалығы секунд сайын хабарланып жатады. Осы жолдарды күнделiкке түсiрiп қойғанымда “пәледиелер” де келдi. Аялдамай жолға шықтық. Қашанғы әдетiмше, жанарыма iлiнген жер дидарын тарихи оқиғалармен қоса елестетiп, көңiлiме суретiн түсiрiп отырдым. Жер аттары таныс. Нағыз қазақы ескi атаулар. Бiздiң жолдардағы үйреншiктi — Покровка, Михаиловка, Киевка, Софиевка, Ильичевка, Алғабас, Риддердiң орынын — Қожаелi, Сақария, Бөле, Шанаққала, Қарамұрын, Қаражұрт, Аңғар, Сағызсу, Жаңақора, Көтсалар, Бұрыншық, Шандырлы, Бiрқамау, Зәйтүнтал, Ақшай, Ақсарай, Асантау, Тақыртау алмастырған. Осы көрсеткiштердiң өзiнен-ақ сол жердiң табиғаты мен тарихын аңғарасың. Мiне, рухани-тәуелсiздiк деген осы. Жол және жол аттары… Қазақтың аңсарын қаңсытып тұрған бүгiнгi шөл осы. Станбол мен Анкараның арасы алты жүз шақырымдай. Ойлы-қырлы, бұғазды-мүйiстi, қойнаулы-қолтықты, Басы биiк төбелердiң төсiн тiлiп өткен Тескентаулар (туннельдер) бiр деңгейлес көпiрлер арқылы жалғасып отырады. Өр, еңiсi бiлiнбейдi. Бiрақ теңiзге тұмсықтап келiп, қайта қайқайып, Анкараға қыратты жотамен зулаған майтабан жол жүрiстi қысқартып-ақ жiбередi екен. Шiркiн, бiздiң далаға керек-ақ, озып кеткен елу елмен бiздi теңестiрсе, осындай майтабан жолдар теңестiредi. Әйтпесе, осы текiректеп қалғанымыз — қалған. Жүрiс түзелмейдi. Станболдың етекқақты қора-қопсалары, теңiздегi айлақтар мен кемелердiң өзi сiздi жүз елу — жүз сексен шақырымға дейiн ұзатып салады. Жотаға шыққан соң табиғаттың тылсымына таң қалдық. Теңiз бен таудың аңғарын қуған бiр асудан асқанда жапалақтаған қар көз қарықтырады, тескентаудан не бұрылыстан өте қалсаң ендi қара нөсер құйып тұрады, ол қолтықтан бұлт ете қалғанда бұлтсыз аспан, шуақты күн, майсалы егiн қарсы алады. Келесi қолтықта найзағайлы бұлт ойнақ салып жүр. Сонда жарты сағаттың iшiнде жолаушы жылдың төрт мезгiлiн бiрдей басынан өткерiп шығады. Алдағы асуларда да сол көрiнiстер қайталанады. Жалпы, Түркия – таулы-қыратты, қойнаулы-қолтықты, қарды уағымен ерiтiп ала қоятын ылғалды жер екен. Әр қойнау сол жергiлiктi табиғатына бейiмдеп жемiс-жидек, ағаш, мал өсiредi екен. Қаланың маңында — қарасаңдар, таулы қыратта — кебенектер қадiрлi сияқты. ауыл адамдарының сауын желiнi — сүт пен түбiт екен. Менi таң қалдырғаны — әр ауылдың шағын ауласындағы бес саусақтай салалы, сондай тәртiппен егiлген, күтiмдi көктеректер болды. Жүзiм, зығыр, зәйтүн, арпа, бидай, қара бидай, қарамық, борми (жүгерi), көкөнiс тақталары да көз жауын алады. Бiрақ мына көктеректердiң күтiмi жөн сұрамасқа қоймады. Сөйтсем, нағыз саудалы өнiм боп шықты. Түркияның орманы — бұталы ағаш тұқымдары. Ал көктеректердi бойлата өсiрiп, сатады екен. Тегiн капитал. Қай қазақтың ауылы ағашқа жарып тұр. Абайдың: “Тым болмаса кеттiң ғой мал баға алмай”, — деген сөзi еске түстi. Әй, қайдам, сөз сауып, сөз қазып, сөз егiп, дау шығарып, дау сатып, құн алып, құн берiсiп, бармақ тiстеумен өтер ме екенбiз? Жоталы жолдарда тарихи жорықтардың iзi қалмапты. Скиф дәуiрiнен бастап Мұстафа Ататүрiктiң заманына дейiнгi жорықтардың бәрiн де шешушi майдан ашылған атақты бiр құз қысаңы бар едi. Содан қашан өтер екенбiз деп алаңдап келе жатқанмын. Сөйтсем, ол ескi жолдың танабында, тескен таулардың бiрiнiң үстiнде қалған екен. Ал мына тауларды атақты бiр сараң селжүк әмiршiсiнiң атымен (Бөле) атайды екен. Оның қызына бiздiң Балуан Шолақ, Мәди, Тәуке, Рысқұл, Иманжүсiп сияқты тентек жiгiт ғашық боп, ақыры әмiршiнi өлтiрiп тынады. Селжүктер: “Әдiлетсiз әмiрдi жазалағаның дұрыс. Бiрақ ол селжүк әскерi. Демек сен селжүк өкiметiне рұқсатсыз қол көтердiң”, — деп дарға асыпты. Ол туралы таусылмайтын тiзбелi төңкерiсшiл рухтағы фильмнiң бiрер үзiгiн “Малтөбеде” көзiм шалып қалғаны бар. Екеуiнiң де аттарын ұмыттым. Ұлы жорықтардың барлығы оңтүстiк шығыс пен оңтүстiк батысты басып өтiптi. Әзiлсiз жол қысқармайды. Шүкiрәли мен Рамазанға қасқырды аштан өлтiрген қошқардың әңгiмесiн айтып берiп қана бел суыттық. Майтабан жолда тұрақ аз екен. Сондықтан да әлгi жерге “Шанаққалған” деп ат қойып кеттiм. Асу-асу белдердiң арасын қосқан майтабан жол бiр сәтте еңкейе бастады. Алдымыздан, сонау алыстағы құлдидан жамырап қызылды-жасылды шам жарығы көрiндi. Сөйтсек бiз, аңғардың жотасымен жүрiп отырыппыз. Ал Анкара қарлы төбелердiң аңғарындағы аңғар-аңғарды қуалап, жолдары қолтық төбелердi орағытып, ал ғимараттары құс боп қалқиып салынған шаһар екен. Түрiктер үшiн шағын ғана, екi жарым-ақ миллион халқы бар мәдениет пен ғылым орталығы екен. Асуда тұрып қызарып бара жатқан күннiң астындағы Ақсақ Темiр мен Баязидтiң қызыл қырғыны өткен Есенбұға аңғарын iздедiм. Түркi елiнiң Батыстағы ықпалын ығыстырған, сол арқылы Ресей империясына Қара теңiздi билеткен, Доспанбет пен Шалкиiздер жырлаған Азаудан айырылған, Алтынорданың түбiне жеткен, сөйтiп мұқым түркi тектес жұрттардың бодандығының басы болған сорлы шайқас өткен Есенбұға аңғары… Өксiгi басылмайтын, түркi дүниесiнiң басынан бақыты тайған аңғар. Шiркiн, соғыс картасы бойынша аралап шығар ма едi. Бiрақ әуежайдың астында қалыпты. Бiз түсетiн аймақ “Қызыл ай” деп аталады екен. Орталық саналады. “Станболға қарағанда аудан орталығында жүрген сияқты көрiнген Рамазан жолдың шетiндегi елу метр (тура мағынасында) жердегi “Энержия” қонақ үйiне екi сағат айналып жүрiп барып жол тапты. Қоянның жымы сияқты бiр тұмса көше екен. Кештетiп барсақ та кешкi шайдың үстiнен түстiк. Өнерпаздар жаңа ғана Ғазвин университетiне концерт қойып, ендi асқа кiрiскен шағы екен. Дүйсекем — Дүйсен Қасейiнов көзiме оттай басылды. “Шора батыр” туралы диссертациясынның қорғауына қатысқан Асқар Тұрғанбаевтың тiкелей қамқорлығына көштiк. Дүйсекең: “Таңертең ерте мавзолейге барасың. Жұмысың содан басталады”, — деп қатаң тапсырды. Әуелi Мәдениет министiрi Атрул (Аттила) Гюнай, содан кейiн Ғылым мнистрi Құсайын Челик, содан кейiн Сенат төрағасы Көксал Топтан қабылдайды. Көксалы түсiнiктi, Көкжалдың баламасы. Ал Топтаны — топшыл, топ серкесi деген екен. “Пәледиелер” де жайлы орналасты. Ендi жуынып алып, қолға қалам алдым. Көршi әзiрбайжан әншiлерi кеңестiк кезден таныс ырду-дырдумен отыр. Кiбiрiстiк (кипрлiк) көршiм үнсiз. Онымен ертең ретiн тауып әңгiмелеспекпiн. Анкара қызылды-жасылды нұрлы шаһар екен. Неге екенiн бiлмеймiн, көз алдыма Ақсақ Темiрдiң аяғына бас ұрып тұрған “Иылдырым” — Найзағай — Баязид сұлтан, қарлы-боранды, нөсерлi-шуақты жоталар елестедi. Иә, мұндай әсер ұмытылмайды.  
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
Жалғасы бар