ҚАҚПАҒЫ АШЫҚ ҚАЗАН МЕН ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

ҚАҚПАҒЫ АШЫҚ ҚАЗАН МЕН ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

ҚАҚПАҒЫ АШЫҚ ҚАЗАН МЕН ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС
ашық дереккөзі

Соңғы кезеңде қарапайым адамдарды әжептеуiр алаңдатып, абдыратқан жаһандану дейтiн қорқынышты “құбыжық” кейiнгi екi жылда қазандағы сүтке тиiп, сүйретiлген құйрығын бұтына тығып, ауладан безген ұры иттiң аянышты кейпiн көзге елестетiн сыңайлы, бейнелеп айтқанда. Әйтеуiр бұрын құлақты сарсылтқан бұл ұран кейiнгi кездерi онша көп естiлмеуге айналды. Әлде, бұл әу бастан өлi туған таяз ұғым болды ма, әлде қиын кезеңнiң өтуiн күтiп, бұта арасында бұғынып жатыр ма, әйтеуiр дүбiрi басылғандай. Әркiмнiң өз көйлегi өзiне жақын көрiнедi.

Әлемдiк қаржы, экономикалық дағдарыс басталғаны сол-ақ екен, әрбiр ел өз бетiнше әлгi буырқанған дүлейдiң құшағынан, қиындық пен тығырықтан шығудың түрлi тиiмдi жолдары мен амалдарын iздестiрiп, жанұшыруда. ТМД елдерi iшiнде қаржы жүйесi, банк саласы елеулi табыстарға қол жеткiздi делiнетiн Қазақстан осы бiр қатерлi дағдарысты көршiлес елдерден бұрын бастан өткерiп, посткеңестiк республикалар iшiнде қиындықтармен алғашқы болып бетпе-бет ұшырасқан. Турасын айтсақ, бiздiң мелекеттiлiгiмiз, тәуелсiздiгiмiздiң баяндылығы сынаққа түскен-дi. Осыған байланысты Қазақстанның нарықтық қатынастар мен экономикалық заңдылықтарға кереғар саналатын күрделi әрi батыл шараларды алғашқы боп қолдануы өз iшiмiзде ғана емес, алыс әрi туажат шетелдерде түрлi қауесет қоздатып, қатты сынға алынды. Батыс елдерi мемлекеттiк реттеу демократия талаптарына қайшы, нарықтық қатынас пен экономикалық реформаларды бесiгiнде тұншықтыру деп байбаламдағаны белгiлi. Ең сорақысы сол, әлгiлер өздерi белгiлеп, өздерi баршаға таңуға тырысатын үстем қағидалары үшiн кейiнiрек кешiрiм сұрауды қажет деп санамады. Мәселен, Қазақстан Үкiметi елдегi жетекшi банктердiң акцияларын өз уысына шоғырландыру үшiн батыл әрекет жасағанда Батыстың жетекшi елдерi бұл қадамды құптамайтынын мәлiмдеп, мемлекеттiк тұрғыдан ауыр сынға алған болатын. Алайда, көп ұзамай-ақ алдыңғы қатарлы Батыс державалары осы жолды таңдады. Тiптен, банк саласындағы жағдайды тұрақтандыру үшiн Қазақстанның түсiне де енбеген сомада (жүздеген млрд, триллиондаған доллар) қомақты қаржы жұмсағаны аян. Осының өзi Қазақстан ауыр кезеңде бiрден-бiр дұрыс жол демесек те, жағдайды одан әрмен ушықтырмайтын, мемлекет пен қоғамның қаратүнек құшағына батпауына септiгi тиетiн қолайлы әдiстi таңдай бiлгендiгiнiң дәлелi. Әрине, дәп қазiргi таңда мұны өркениеттi делiнетiн Батыс елдерi өздерiне тән өркөкiректiк, орынсыз тәкаппарлықпен мойындай қойғысы келмей отыр. Әйтсе де шындықты қазан түбiнде жауып қою да қиынның қиыны. Сондықтан да кейiнгi айларда Қазақстан таңдауының дұрыстығын амалсыздан мойындап, оң баға берушiлердiң қатары әлемде көбейе түскенi аңғарылуда. Бұған негiз болатын себептер жетерлiк. Қазақстанда жекелеген салалар, әсiресе, темiржол саласына ерекше көңiл бөлiнуде “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясы дағдарыс кезеңiнде айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiзiп отыр. Астанада жылына 150 американдық тепловоз өндiру қолға алынды. Жаңа бағыттарда аса маңызды темiржол жүйелерi салынуда. Өткен аптада Қазақстан Ұлттық банкiнiң төрағасы Григорий Марченко мырза баспасөз мәслихатын өткiзiп, журналистер қауымына жағымды жаңалық жеткiзген. 2008 жылы Қазақстанда инфляция деңгейi Ресейдегiден 1,5 есе, ал Украинадан осыған жетеқабыл жоғары болса, биыл бәрi де керiсiнше көрiнiс тауып отырғанын мәлiмдедi. Ресейде инфляция деңгейi Қазақстанмен салыстырғанда 1,5 есе, Украинада 2,5 есе жоғары болған. Өткен жылы 1-тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 20 пайызды құрап, көңiлдерге үрей ұялатса, биыл ол 6,9 пайызды ғана құрайды екен. Әрине, өзге елдердiң қиындықтары бiз, қарапайым жұртшылық, мойнымызбен көтерiп отырған дағдарыстың ауыртпалығын (әдетте экономикалық дағдарыстың барша ауыртпалығын қарапайым адамдар көтередi – Ж.Ш.) жеңiлдете қоймайтыны бесенеден белгiлi. Олигархтар мен асқан байларға дағдарыс әсерiн тигiзбейтiнi нарықтық қатынастардың басты заңдылығы. Сондықтан да олар қымбат коттедждерi мен көлiктерiн, яхта мен ұшақтарын сатпайды, елге түскен ауыртпалықты бөлiсуге талпынбайды да. Бiрақ, елiмiз таңдаған амалдың дұрыстығы дәтке қуат. Бұл тұрғыдан «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының елеулi iстер атқарғанын атап өткен жөн.

Сондықтан да Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасын бүге-шiгесiне дейiн талдаған Ресейдiң “РИА “Новости” агенттiгiнiң сарапшысы Владимир Мытарев пен танымал аналитик Николай Дзись-Войнаровскийдiң толғам-талдауларын “Түркiстан” газетi оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

ТМД: ҚАЙ ЕЛДIҢ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАУҚАРЛЫ?

Соңғы статистикалық деректер ТМД елдерiнiң экономикасы әлi күнге құлдырауда екенiн көрсетуде. Шыңыраудың түбi көрiнетiн емес. Осыған орай ТМД елдерiнiң басым бөлiгi өздерiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қалыптастырып, дағдарысқа қарсы мемлекеттiң аса қомақты қаржысын шығындауда. Осы бағдарламалар ғана емес, оны жүзеге асыру нәтижелерiн де талдаған сарапшылар аталмыш бағдарламалар Қазақстан мен Арменияда тиiмдi болғанын бiрауыздан атап өтуде. РИА “Новости” агенттiгiнде болып өткен “ТМД: экономикалық дағдарыстың қатал сынағы” атты “дөңгелек үстелде” ФБК компаниясының экономисi Игорь Николаев негiзгi басымдық қаржы секторын тұрақтандыруға бағытталған қазақ елiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасы жоғары деңгейде ойластырылғаны және қолжетiмдiлiгiмен ерекшеленетiнiн атап өттi. Сарапшының пiкiрiнше, Қазақстан мен Арменияның бағдарламаларында шағын және орта кәсiпкерлiктi, сондай-ақ бұл республикалар өлшемiмен айтарлықтай iрi кәсiпорындарды, оның үстiне инфрақұрылымдық жобаларды қолдау басты назарға алынған. Мұның өзi кейiн бүкiл тiзбек бойынша оң нәтижеге әкеледi.

“Мемлекеттiк инвестициялар сұраныс тiзбегiне жан бiтiредi. Егер мемлекеттiк инвестициялар көлiк және коммуналдық инфрақұрылымдар сияқты бағыттарға жұмсалса, бұл ең тиiмдi әсерiн тигiзедi — қаржы бүкiл экономиканың өн бойына тарайды, ең бастысы, бүкiл тiзбек бойына — металлургия, құрылыс материалдарын өндiру, т.б. салаларға тарайды. Бұл тәжiрибенi пайдалануымыз керек”, — дейдi белгiлi экономист. МГУ-дiң посткеңестiк кеңiстiктегi қоғамдық-саяси процестердi зерттеу Ақпараттық-талдау орталығының директоры Алексей Власов нарықтық қатынастар салыстырмалы түрде таяуда ғана қалыптаса бастаған елдердегi экономикалық дағдарыс кезiнде мемлекет пен мемлекеттiк инвестициялар оның салдарын жеңуде зор рөл атқаратындығымен толық келiседi.

“Дағдарыс құбылыстарымен күресте Қазақстан арнайы құрылымдардың үлгiсi болып табылатын “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттiң бiрiгiп күш жұмсауының нақты мысалы бола алады. Шұғыл түрде қаржылай көмектi қажет ететiн экономика секторларына осы құрылым арқылы қаржы бағытталуда”, — деп есептейдi Алексей Власов.

Ол “Самұрық-Қазына” жобасы төрт бағытта өз тиiмдiлiгiн танытты деп санайды: екiншi деңгейлi банктердi қолдау мәселелерiн шешу; ипотекалық несиелерге қатысты түйткiлдердi тарқату және шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдаудың арнайы бағдарламасын жүзеге асыруда өз тиiмдiлiгiне күмән қалдырмады. Сондай-ақ, “Төртiншi жұмыс бағытында — дағдарыс жағдайында дамумен тiкелей байланысты жобаларға инвестиция құюдың үздiксiз жалғасып отырғаны да осыған тiкелей байланысты”, — деп қорытады атақты саясаттанушы.

Бiрқатар ТМД елдерiнде дағдарысқа қарсы бағдарламалар түзiлмегендiгi, ал барының өзi түрлi мақсаттарға бағытталғанын ескерсек, мұндай тәжiрибенiң маңызы анағұрлым биiктей түсуде. Мәселен, Ресей мен Қазақстан дағдарыс уақытында өндiрiстi қайта құрып, шикiзатқа негiзделген экономиканы өзгерту үшiн қиындықтан шығудың биiк талаптарын қалыптастыруға ұмтылса, көп елдер аман-сау шығуға ғана қанағаттанбақшы. ТМД ауқымы бойынша өзара көмектiң мүмкiндiктерi қарастырылған, өзгелердiң тәжiрибесiнен үйренудi мақсат еткен, тоқтап қалған кәсiпорындардың қайта жұмыс iстеуiне түрткi болатын кооперативтiк жаңа тiзбекке жан бiтiретiн ешқандай ортақ бағдарлама жасалған жоқ.

Осыған қарамастан дағдарысқа қарсы тиiмдi механизмдер жасау жолындағы iс-қимылдың нақты тәжiрибесi бар. “Қоғамдық келiсiм шарт” Ұлттық жоба институтының президентi Александр Аузанның айтуынша, 2008 жылы Ресей сарапшылары жыл бойына “Самұрық-Қазынаның” қазақстандық әрiптестерiмен тiзе қоса жұмыс iстеген. Александр Аузанның айтуына қарағанда, осыған орай Қазақстанда шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мәселелерi жөнiнде биылғы жылдың маусым айында-ақ нақты жаңа тәсiлдер қолданыла бастаған. Бұл өз кезегiнде экономикадағы дағдарыс құбылыстарының ауыртпалықтарын елеулi түрде төмендетпекшi.

Мәселенi осылай шешу iзденiстерi ТМД-ның басқа елдерiн де қызықтыруға тиiс деп санайды Аузан. Осы жылдың аяғында-ақ ТМД-ның өзге елдерiне үлгi болатын нәтижелер бой көрсетерiне кәнiгi маман еш күмән келтiрмейдi.

Владимир Мытарев, Арнайы “РИА “Новости” үшiн

ҚАЗАҚСТАН ШЫҢЫРАУДАН АЛҒАШҚЫ БОП КӨТЕРIЛДI

Бiздiң көршiлерiмiз де дағдарыстан қатты зардап шегiп, Ресей секiлдi “шыңырау түбiнде жатқандар” (бұлар көпшiлiк) болып немесе экономика құрылымының ерекшелiгiне орай Әзiрбайжан сияқты, тiптi Өзбекстан секiлдi кенжелеп және томаға-тұйық қалуына байланысты әлемдiк дағдарыс әсерiн тигiзбегендер болып бөлiнедi. Уақыт өте мiндеттi түрде өзгелерге үлгi болатын үшiншi топ: дағдарыс шыңырауына құлап, қайта көтерiлгендер пайда болуы тиiс едi. Мұндай үлгi күткендегiден гөрi жылдам табылды. Қазақстанның Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов 2009 жылдың II тоқсанында елдiң IЖӨ-сi I тоқсанмен салыстырғанда 3 пайыздан сәл артқанын мәлiмдедi (бұл дегенiңiз жылдық 2,1 пайыз өсу). Экономика құрылымы, әлеуметтiк көрсеткiштерi және басқару жүйесi Ресейге аса ұқсас елдiң экономикасы көршiлерiмiздiң арасында алғашқы болып оңала бастады.

Бұған ол қалай қол жеткiздi?

ДАҒДАРЫСТЫҢ КӨМЕГI

Салыстырып көрейiк: Ресейдiң IЖӨ-сi бiрiншi тоқсанда 9,8 пайызға төмендедi, ал екiншi тоқсанда өткен жылдың осы мезгiлiмен салыстырғанда 10,4 пайызға құлдырады. Бiр таңқаларлығы, Қазақстанға көмектескен нәрсе дағдарыстың уақытынан “бұрын келуi”. Қазақстанда қаржы жүйесi Ресейге қарағанда тәуiр дамығандықтан мұнда дауыл ерте басталды және елдi бұрынырақ “қалтыратты”. Ең бастысы, Қазақстанда шетел қарыздарына тәуелдiлiк жоғары болатын. Сондықтан да несие дағдарысы дамыған елдермен бiрге — 2007 жылы қыспаққа алды.

Егер Ресейде капиталдың шетке қашуы мен мұнайға бағаның құлдырауы бiр мезгiлде басталса, ал Қазақстандағы осы екi келеңсiздiктiң арасын жарты жылдан астам уақыт бөлдi. Үкiметтiң дайындалуға уақыты бар едi. Және ол бұл мүмкiндiктi аса тиiмдi жолмен пайдаланғаны айқын.

Өткен жыл Қазақстан үшiн аса ауыр жыл болған. Егер 2001-2007 жылдар аралығында IЖӨ-нiң жылдық өсiмi 8,9 пайыздан төмендемей, қашанда Ресейден жоғары болса, алайда өткен жылы 5,6 пайыз өскен Ресеймен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 3,2 пайызға ғана өстi. Бюджетке де оңай тиген жоқ: Үкiмет мемлекеттiк қызметкерлермен қоса шығындарды азайта бастаған.

Дағдарысқа дейiн-ақ Қазақстан кейбiр маңызды реформаларды жүргiзуде Ресейдi басып озған едi: мұнайға негiзделмеген бюджет, тұрақтандыру қоры, бiздегiден iрi көлемдегi әрi тиiмдi салық амнистиясы, аз көлемдi мемлекеттiк сектор (Ресейдегi 40 пайыздың орнына IЖӨ-дегi 10 пайыздық деңгей), шикiзат саласын қоса алғанда түрлi бағдарламаларға шетелдiктердi тарту. Сонымен қоса мұнай саласына айтарлықтай төмен көлемде салық салу.

ҚАЗАҚСТАН ҮЛГIСI

Мұнай саласына ауыртпалық — маңызды мәселе. Бұл Қазақстанға Ресейдiң қолынан келмеген мүмкiндiк әпердi: дағдарыс уақытында салық салмағын IЖӨ-нiң 3 пайызына дейiн төмендеттi. Жалпы алғандағы экономикаға салмақ төмендедi, ал шикiзат экспорттаушыларға (мұнайшыларға ғана емес) ауырлық жоғарылаған.

Осыған орай салықтың төмендегенiне қарамастан (бұл 2011 жылға дейiн созылады), бюджеттiң дефицитi биыл IЖӨ-нiң 3,5 пайызын ғана құрайды. Салық қыспағының жеңiлдетiлуi — бұл Ресейдiң дағдарысқа қарсы бағдарламасымен салыстырғандағы тағы бiр басты айырмашылығы (Бiзде, керiсiнше, 2011 жылы салықтың ұлғайтылуы күтiлуде). Тағы бiр басты айырмашылық — мемлекет қаржылары жұмсалып отырған бағыттар.

Премьер-министр Владимир Путиннiң мәлiмдеуiне қарағанда, Ресей дағдарысқа қарсы бағдарламаға IЖӨ-нiң 12 пайызын жұмсамақшы. Ал Қазақстан дағдарысқа қарсы IЖӨ-нiң 14 пайызын жұмсауда. Алайда, Ресейде, шынын айтсақ, нақты салаларға ақша жетпей қалуда. IЖӨ-нiң 10 пайызы қаржы жүйесiн қолдауға жұмсалды, дегенмен, бұл қаржы өткен жыл мен биылғы жылдың аралығында банктерге қысқа мерзiмдi несие түрiнде ғана берiлгендiктен 7 пайыздан астамы Орталық банкке әлден қайтарылып берiлдi.

Қазақстан Үкiметi ресурстарды да басқа жолмен бөлдi. Пакеттiң қомақты бөлiгi (935 млрд. теңге) банк саласын тұрақтандыруға жұмсалды. Ресейде болмаған, болуы да мүмкiн емес күмәндi активтер қорын (“қиын жағдайдағы банктер” секiлдi) құруға 122 млрд. теңге жұмсау көзделуде. Дегенмен, нақты салаларды тiкелей қолдауға да қомақты қаржы бөлiнген. Жекелеген кәсiпорындар емес, тұтас экономикасын қамту жолы таңдалды. Осылайша агроөндiрiс саласын дамытуға 350 млрд.теңге, ал инфрақұрылымдық жобаларға 120 млрд. теңге жұмсалмақшы. Оған қосымша салықты жеңiлдетуге 550 млрд.теңге бөлiнiп отыр.

Экономикаға көмек шаралары мамыр айында ғана түбегейлi қарастырылған Ресейден айырмашылығы сол, Қазақстандағы алғашқы қаржы ағыны экономикаға 2008 жылдың IV маусымында түсе бастады, ал биылғы жылдың I маусымынан бастап салықтық жеңiлдiктер жүзеге асырылуда. Дағдарыстың ертерек басталғаны мен билiктiң оперативтiлiгi де iзсiз кеткен жоқ.

ҚЫТАЙДЫҢ ДӘРУI

Қазақстанда IЖӨ-нiң 6 пайыздан астамы нақты салаларды қолдауға жұмсалды. Ал Ресейде әлi күнге бiр пайыз да бөлiнген жоқ. Осының нәтижесiнде Қазақстанда жаз айларында өнеркәсiп өнiмдерi өсе бастады. Өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда биылғы маусымда 7 пайызға өстi. Бұл — мемлекеттiк инвестициялар мен салық жеңiлдiктерiнiң тiкелей нәтижесi. Ресейдiң шикiзат саласында сирек бой көрсете бастаған тiкелей шетелдiк инвестициялардың есебiнен пайдалы қазбаларды өндiру 11,3 пайызға ұлғайған. Сондықтан, Ресейде кен өндiру соңғы демiн алып жатса, Қазақстанда кен өндiру артып келедi.

Өткен жылы (Қазақстан үшiн шын мәнiнде дағдарыс болған жыл) пайдалы кен өндiруге бағытталған инвестициялардың 40 пайызы Қытайдан келген болатын. Биылғы жылы Үкiмет инфрақұрылымға Азия мен Таяу Шығыстан тағы да 3 млрд.доллар тартуды көздеуде. Қытайға жақын болу ресурстарға қол жеткiзудiң жеңiлдiгiнен ғана емес, сондай-ақ дағдарысқа қарсы саясатта да Қытай жолын — нақты салаларды қолдау басты орынға қойылғанынан көрiнедi. Нәтижелер де Аспанасты елiндегiдей аса жоғары.

Қазақстанның түйткiлдерi көзге айқын көрiнедi. Егер Ресейде желқуық тiкелей бюджет арқылы қампайса, ал Қазақстанда банктердiң арқасында қампайды. Банктердiң бұрынғы сән-салтанатынан Қазақстан аса зардап шегуде. Үкiмет банктердi мемлекет меншiгiне алуға мәжбүр болды. Ендi, егер несие берушiлер реструктуризацияның талаптарына келiспесе, қазақтың қаржылық алыптары банкротқа ұшыратылуы мүмкiн.

29 маусым күнi Қазақстан экономикасына өз бағаларын берген МВФ-тiң мамандары қаржы саласында сақталып отырған проблемаларға басты назар аударды. Бұл түйткiлдер жалпы алғанда Қазақстан IЖӨ-сiнiң жылдық көрсеткiшiнiң өспеуiне әсерiн тигiзетiн шығар. Бiрақ, бәрiбiр Қазақстанды посткеңестiк аурудан алғашқы айыққан ел деп санауымыз керек. Қытай дәрiсi көмектестi.

Николай Дзись-Войнаровский