ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖЕМҚОРЛАРДЫ ҚОЛДАЙ МА?!.
ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖЕМҚОРЛАРДЫ ҚОЛДАЙ МА?!.
Тексеруден көз ашпайтын отандық шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi алдағы бiр жарым жыл iшiнде қабылдануы тиiс заң жобасына да күдiкпен қарайды. Өйткенi, аталған құжатта тексерушi органдардың жемқорлыққа жол беруiне жағдай жасайтын баптар бар көрiнедi.
Шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты туындаған пiкiрталастар мен дау толас табар емес. Бұған дейiн дөңгелек үстелдер басында кеңесiп, билiкке бiрнеше ұсыныс жолдаған отандық, шетелдiк iрi, шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi бизнестi тексеру мәселесiнде тиiстi органдар тарапынан жеке бастың қамын күйттейтiн заң бұзушылықтар мен тiптi, кейде қоқан-лоққы жасауға дейiн баратынын айтып, шағымданған. Бiрақ олар қаққан дабыл билiктiң құлағына жете қоймаған тәрiздi. Өйткенi, Алматылық кәсiпкерлер ассоциациясының жетекшiсi Виктор Ямбаев дайындалып жатқан жаңа заң жобасында тексеруге қатысты жемқорлыққа жол беретiн екi тармақ барын көлденең тартты: “Тәуекелдiктi басқару жүйесi мен тексеру қағаздары жемқорлыққа жол беретiн екi саңылау болып табылады”. Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық станса бастапқыда кәсiпкерлiктiң барлық түрiн қауiп-қатер деңгейi өте жоғары топқа жатқызып, кейiнiрек көңiлден шыққандарын қатерi төмен топтағылар тiзiмiне қосуға ұсыныс бiлдiрiп отыр. Яғни, адам өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатысы бар ауызсу құбырлары, тез бұзылатын азық-түлiк түрлерi (нан, сүт, ет өнiмдерi), дәрi-дәрмектi қаупi жоғары топқа енгiзуге әбден болады, ал шағын асхана, кафе, мейрамханалар мен дүкендердi ең соңғы топтың (аса қатерлi емес) құрамына жiберу керек. Сарапшылардың кейбiрi тексеру мен қауiп-қатер деңгейi жағынан алғанда, ең алдымен салмақ мемлекеттiк бюджетке түсетiн салықтың 80 пайызын құрайтын iрi кәсiпорындар мен компанияларға салу қажет деген пiкiрде. Ал тексеру қағаздарына келсек, бұл тексеру органдары тарапынан жекелеген кәсiпкерлерге қойылатын талаптар тiзiмi. Отандық кәсiпкерлер қойылатын талаптар арасында орындалуы қиын немесе мүлде орындалмайтын ережелер қарастырылуы мүмкiн деп күдiктенедi. Тағы бiр мәселе, сертификат алуға қатысты талаптар мен рұхсатнамалардың көптiгi де қазақстандық кәсiпкерлерге келетiн кедергi болмақ. Кезек күтiп, есiк тоздыратын шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнiң қазiр де шекелерi шылқып жүргенi шамалы ғой. Осы орайда, кәсiпкерлiк туралы заңды жетiлдiруге, кедергi мен кесiр тигiзетiн кейбiр баптардан мүлде арылуға мүдделi кәсiпкерлер қауымы билiкке айтар ұсыныстарын тынымсыз жолдауға бел буып отыр. Президент Н.Назарбаев 3 жыл бұрын (тексеруге мораторий жарияланбай тұрып) шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеретiн мемлекеттiк органдар санын шектеуге бұйрық берген едi. Арада айлар өткенде тексеру органдарының саны кемудiң орнына артқан болатын. Сонда дабыл қаққан халық қалаулылары тексеру органдарының атына бiраз сын айтумен шектелдi. Ал “баяғы жартас — сол жартас”…
Кәсiпкер ағайындардың қазiр үмiт артып отырағаны: алдағы 1,5 жыл iшiнде барлық бiрiн бiрi қайталайтын ескiрген заңнамалық құжаттардан арылу жұмыстары жүргiзiледi. ҚР “Заңдар туралы” заңның 5-бабына сәйкес, мемлекеттегi кез келген iшкi ведомстволық бұйрық заң шеңберiнде жүзеге асырылуы тиiс. Ал осындай барлық заңнамалық құжаттарды жiтi бақылауда ұстап, мүлтiксiз орындап отыруға кәсiпкердiң шамасы жетпесi анық. Бүгiнде дабыл қағып, Үкiметке ұсыныс айтудан шаршамай жүрген кәсiпкерлер барлық нормативтiк актiлер тек экономикалық тиiмдiлiк тұрғысында қабылдануына қол жеткiздi. Бұған дейiн тиiмдi не зиян мәселесiне ешкiмнiң неге бас қатырмағаны жұмбақ. Тағы бiр мәселе, дамыған, яғни, өркениеттi елдерде тексеру органдары тұтынушы тарапынан түскен арыз-шағымға орай әрекет етедi. Тексеру қорытындысын шығаратын сарапшы арнайы маман болуы шарт. Ал бiзде тексерушi органдар “келеңсiздiктiң алдын алу шаралары ретiнде” кәсiпкердi тексеруге құмар. Елiмiздегi кәсiпкерлер қауымы жаңа заң қабылданғанша шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге байланысты жарияланған мораторий мерзiмiн тағы да ұзартуды өтiнген едi. Алайда, ол өтiнiш қанағаттандырылмады. “Жығылғанға жұдырық” бiр жарым жылдық мораторийдi пайдаланған кейбiр кәсiпкер салықтан жалтарып келiптi. Тексерушi мекемелер мұны да ұсыныс айтушылардың бетiне салық қылуда. Бiрақ салықты уақытылы төлеуге уәде берген бизнесмендер мораторий мерзiмiн ұзарту мәселесiн бәрiбiр көтеруде. “Атамекен” Одағы” Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Үкiметке арнайы нұсқау бергенiне қарамастан, қазақстандық жекеменшiк бизнестi тексеруге қатысты баптарды жүйелейтiн жаңа заңда жемқорлыққа балта шабатын баптарды қарастыру назардан тыс қалып отырғанын көлденең тартады. Ал он жыл бойы кәсiпкер ағайынның шашын ағартумен келе жатқан бизнестi тексеру проблемасы шешiмiн табар емес. Бұл – шағын және орта кәсiпкерлiкке ғана емес, мемлекеттiк тұтастыққа, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатер. Өйткенi, қоғамның тiрегi шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнен құралатын орташа топ екендiгi айтпаса да түсiнiктi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ