МЕМЛЕКЕТ ЕСЕСIН ЖIБЕРМЕЙДI

МЕМЛЕКЕТ ЕСЕСIН ЖIБЕРМЕЙДI

МЕМЛЕКЕТ ЕСЕСIН ЖIБЕРМЕЙДI
ашық дереккөзі
238

Қазақ жастарының алғашқы тобының аса беделдi шетелдiк жоғарғы оқу орындарына бiлiм алуға аттанғанына биыл он бес жыл болды. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының бiр шоғыр тобы Ресейде оқып келдi, қазақ мәдениетiнiң дамуында бұл үрдiстiң өзiндiк iзi қалғаны анық. Ендi көпшiлiгi батыстық үлгiде бiлiм алған жастардың да қоғамдық дамуға өз үлесiн қосатын кезi алыс емес.

Елбасы бас болып, “Болашақ” халықаралық стипендиясы иегерлерiне үлкен үмiт артып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев “болашақтықтармен” бiр кездесуiнде былай деген болатын: “Бiз не iстесек те, соның бәрi – Қазақстанның болашағы үшiн жасалады. Ештеңеге қарамастан, 1993 жылы жастарды әлемнiң ең мықты университеттерiне оқуға жiберуге шешiм қабылдадым. Қателеспеппiн. Бүгiнде сендер бiздiң жастардың ең алдыңғы қатарлы бiлiмдi тобысыңдар. Дамудың жауапкершiлiгi сендердiң буындарыңның мойнына жүктелетiн күн алыс емес, халыққа осы мiндеттi адал атқаруға қазiр-ақ дайын екендiктерiңдi көрсетiңдер”.

Өткенде Республикалық комиссияның төрағасы, мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев былай дедi: “Он бес жыл iшiнде “Болашақ” президенттiк стипендия бағдарламасы тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешiм қабылдағанын дәлелдедi. Жүздеген қазақстандықтар шетелде жоғары сапалы бiлiм алды, олар қазiргi таңда өз бiлiмдерiн мемлекеттiк қызметте, ұлттық және жеке компанияларда ел игiлiгiне жұмсап жатыр. Жыл сайын стипендия алуға ұмтылған талапкерлердiң саны артып келедi. Бiздiң комиссияның мiндетi – бюджет есебiнен шет елдерге бiлiм алуға баратын жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар болатын жастарды iрiктеу, ал мемлекеттiк органдардың мiндетi – болашақтықтардың ақыл-ойын, қуатын ел игiлiгiне жұмсау, өйткенi мемлекет оларға үлкен үмiт артып отыр”.

Биыл 2009-2010 оқу жылына құжат қабылдау басталып кеткенiн газетiмiздiң алдыңғы сандарында жазғанбыз. Шiлде айында өткiзiлген байқау қорытындысы бойынша 587 талапкердiң құжаты қаралған. Олардың 386-ы шетелдiк оқу орындарына өз бетiмен түскендер, 201-i жалпы байқау бойынша қатысқандар.

Талапкерлердiң 218-ы бакалавр бойынша, 352-i магистратура, 6-уы- докторантураға, 8-i клиникалық ординатураға, 3-уi ғылыми тәжiрибе жинақтау бағдарламаларына қатысуға тiлек бiлдiрген.

Әлi де құжат тапсырушылардың денi Ұлыбританияда оқуға ниеттi. Шетелдiк оқу орнына түсу үшiн GRE GMAT сияқты арнайы емтихандар тапсыру қажет. Ұлыбритания ЖОО-лары бұл талапты қоймайды. Сондықтан да бұл елдi таңдағандар саны 400-ге жетiп жығылған, 92-i АҚШ, 16-ы Ресей, 8-i Қытай, 11-i Швейцария, 10-ы Чехия, 9-ы Канада, 7-уi Францияны таңдаған.

Осы жолы байқалған үрдiс – стипендия алуға үмiттiлер iшiнде техникалық мамандар саны басым. Менеджмент мамандығына 77, мұнай-газ iсiне – 55, ақпараттық технологиялар мен жүйелер мамандығына 44, экономикаға 43, құқық мамандығына 33, мемлекеттiк саясатқа 33, математикаға 27, статистикаға 25, медицина саласы бойынша 8 талапкер құжат тапсырған.

Сонымен, 10 тамызда өткен Республикалық комиссияның шешiмiмен 464 адамға стипендия берiлетiн болды. Дегенмен, бұл биылғы байқау аяқталды деген сөз емес. Тамыз айының он бесiне дейiн құжат қабылдау жалғасып, сынақтар жыл соңына дейiн өткiзiледi.

Соңғы жылдары “Болашақ” стипендиясын алу шарттарына енгiзiлген бiр жаңалық – “ауыл квотасының” белгiленуi едi. Ауылдық мектепте, колледжде, кәсiптiк-техникалық училищеде аз дегенде тоғыз сыныптық бiлiм алған жастарға шет тiлiн бiлу деңгейiне қойылатын талап жеңiлдетiлген, оған қоса техникалық мамандық иелерiн тiл үйрену курстарына жiберу мүмкiндiгi де қарастырылған. Стипендия алуға ниеттi талапкерлердiң денi шет тiлi емтиханынан сүрiнетiнiн ескерсек, ауыл жастары үшiн бұл мүмкiндiктiң маңызы зор екенi анық.

Дегенмен, кей жастар мемлекет тарапынан жасалған осы мүмкiндiктi ел игiлiгi үшiн емес, жеке басының игiлiгiне жасалған қамқорлық деп түсiнетiн сияқты. “Болашақ” атағы дардай Гарвард, Кембридж, Оксфорд, Ливерпуль сияқты жетекшi жоғарғы оқу орындарында бiлiм алуға мүмкiндiк бередi. Осындай оқу орындарында диплом алған қазақстандық жастарға шетелдiк алпауыт компаниялардан “құда түсетiндер” де көп болады. Жоғары жалақыға, шетелдiк өмiрдiң қызығына алданған жас Елiнiң үкiлеген үмiтiн естен шығаратын да кезi болады. Бұған дейiн жазғанымыздай, алғашқы жылдары отызға жуық жастар “Болашақ” арқылы шетел асып, Отанына қайтпай қалған. Кейiнгi жылдары жастардың мойындағы жауапкершiлiк жүгiн сезiндiру үшiн олардан жылжымайтын мүлiктi кепiлге қоюды талап ете бастады. Жылжымайтын мүлiк кепiлден стипендия иегерi оқуын бiтiргеннен кейiн, елiне келiп, бес жыл жұмыс iстеген соң ғана босатылады.

Дегенмен, кейбiр жастардың шетелде қалып қоюына бұл шарт та тұсау болмай отыр. Соңғы жылдары елге қайтпай қалған жастардың кепiлге қойған мүлiктерiн мемлекет тартып алып жатыр. Ендiгi уақытта мемлекет өз есесiн жiбермейтiн болды.

“Болашақты” насихаттауда оның мемлекет үшiн маңызын көбiрек айтқан жөн секiлдi. 2006 жылы мемлекеттiк бюджеттен осы мақсатта 9,78 млрд. теңге, ал 2007 жылы 11 миллиард теңге бөлiнген. Миллиондаған теңгенi құйғаннан кейiн оның өтеуiн сұрауға мемлекеттiң әбден қақысы бар.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары