ҚУЫРДАҚТЫҢ КӨКЕСI” НЕМЕСЕ ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ ӘЛI АЛДА МА?
ҚУЫРДАҚТЫҢ КӨКЕСI” НЕМЕСЕ ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУЫЛЫ ӘЛI АЛДА МА?
Қазiргi экономикалық дағдарысты алдын ала тап басып болжаған халықаралық экономистер пiкiрi “Әлем дағдарыстан қашан құтылады?” деген сауалға келгенде екiге жарылады. Мысалы, Рубини: “Күйреу мен тоқыраудың шарықтау шегiнен өтiп кеттiк” десе, Дент керiсiнше, “Алдағы екi жылда халықаралық экономика бұдан да ауыр соққыға тап болады” деген пiкiрде.
Франс пресс агенттiгiне сұхбат берген америкалық экономист Гарри Дент: “Дүниежүзiлiк экономика алдағы екi жылда қазiргi дағдарыстан да күштi тоқырауға ұшырайды” деп мәлiмдедi. 1990-жылдардағы Жапониядағы дағдарыс пен 2007 жылғы дағдарыстың тамырын тап баса бiлген Денттiң болжамына алаңдаушылар көп. Сарапшылардың кейбiрi қаржылық дағдарыстың Жер шары экономикасын тұралатып тастайтын екiншi толқыны қайталанады деп алаңдаса, кейбiр маман пiкiрiнше, екi жылдан астам уақыт дүниежүзiлiк экономиканы әбiгерге салған дағдарыс ендiгi еңсерiле бастады. Жуырда АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң экс-басшысы Алан Гринспен Америкадағы рецессия аяқталуға жақындағанын және экономикалық көрсеткiштердiң жоғарылауы мүмкiндiгiн көлденең тартқан. Оның сөзiн әлемге танымал экономист – Нуриэль Рубини де қостады. 2006 жылдың қыркүйегiнде, яғни, қаржылық дағдарыс басталмай тұрып, Халықаралық қаржы қорының семинарында АҚШ-тағы жылжымайтын мүлiк нарығындағы келеңсiздiктердi, ипотекалық несиелеудегi қаржылық қатердi, халықаралық қаржы жүйесiне керi әсер ететiн факторларды болжаған ол 2009 жылдың соңына қарай экономикалық дағдарыстың ауыздықталатынын, екi жылдан кейiн америкалық ЖIӨ көлемi шамамен, 1 пайызға көбейетiнiн айтты.
Әдепкiде Гринспен мен Рубинидiң оптимистiк көзқарасына кереғар пiкiрде болған Халықаралық қаржы қорының мамандары әлемдiк экономикалық көрсеткiштер биыл 1 пайызға өспейтiнiн, керiсiнше, 1,4 пайызға қысқаратынын мәлiмдеген болатын. Оған себеп, қаржылық дағдарыспен күрес мақсатында жұмсалған қаражат көлемi бүгiнде 11 трлн. доллардан асып түскен. Бiрақ үстiмiздегi жылдың 15 шiлдесiнде Халықаралық қаржы қорының басшысы Доминик Строс-Канн Астанадағы ресми кездесулерiнде экономикалық дағдарыстың дауасы табылғанын, ең үлкен қиындықтардың артта қалғанын және 2010 жылдың алғашқы жартысында әлемдiк экономика сауыға бастайтынын мәлiмдедi. Сонымен әлем арқасынан ауыр жүк түскендей ендi кең тыныстай бергенде Дент дабыл қақты. Оның айтуынша, әлемдiк экономикадағы жағдай 1990 жылы Жапониядағы секiлдi шығынды азайтып, жылжымайтын мүлiк нарығы мен акция нарығындағы жағдай күрт төмендейдi: “Осы онжылдықтың соңына қарай демографиялық дүмпу кезеңiнде дүниеге келгендер шығынның шарықтау шегiне тап келедi. Бұл шамамен, зейнеткерлiкке шығуға дайындала бастайтын 46 жас мөлшерiндегiлерге қатысты. Олардың ес бiлiп, етек жия бастайтын балалары ата-анасынан бөлек өмiр сүруге көшетiндiктен, әлемдiк экономика Жапониядағы секiлдi әлсiрей бастайды”. Яғни, халықаралық қор нарығында тұрақтылық орнап, өсу деңгейi байқалғанмен, жыл соңында керi кетедi. Бұл банк жүйесiндегi жаңа қиындықтардың қордаланып қалуына және 2011 жылы жағдайдың әбден шиеленiсуiне ықпал етпек. Жылжымайтын мүлiк нарығындағы күйреу мен ұрпақ шығынының шарықтау шегiне тап болған жапондардың қор нарығы бiрнеше жыл бойы төмендеп, жылжымайтын мүлiк нарығы шеккен зияны түсетiн кiрiстiң 60 пайызынан асып кеткен. Ел экономикасын дағдарысқа қарсы күрескен жапон үкiметiнiң шаралары да құтқара алмады. Денттiң айтуынша, дәл осы жағдайды алдағы екi жылда әлемдiк экономика қайталамақ.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ